Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматыда болды

20 желтоқсан 2016

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы қаласында болды. Сапар барысында Мемлекет басшысы өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен көрсететін ірі ғылыми әрі мәдени орталық болып саналатын Алматының жаңа мұражайының экспозициясымен танысты. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Музей қорында 40 мыңға жуық экспонат, соның ішінде бейнелеу өнерінің туындылары, қазақ этнографиясының үздік топтамасы, түрлі дәуір мен мәдениетке жататын тұрмыстық заттар, нумизматика жәдігерліктерінің жиынтығы және басқа мұралар бар.

Мұражай экспозициясы 11 залдан тұрады, онда мультимедиалық технологияларды қолдану арқылы Алматының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихы бейнеленген.

Сонымен қатар қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Аманжол Қалықовпен кездесті. Қазақстан Президентінің Алматыдағы резиденциясында өткен әңгіме барысында Мемлекет басшысы А.Қалықовқа ел игілігі жолындағы еңбегі үшін алғыс айтып, оған денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Өз кезегінде, Ұлы Отан соғысының ардагері де республикамыздың тәуелсіздігін нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру ісіндегі Елбасының баға жетпес еңбегін атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбаевпен де кездесті. Президенттің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу кезінде Ө.Айтбаев Мемлекет басшысына «Қазақ тiлi» халықаралық қоғамының жұмысы туралы баяндап, мемлекеттің қазақ тілін қолдау саласындағы маңызды рөлін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді дамытуға қосқан зор үлесі үшін қоғам қайраткеріне алғыс айтты.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат