Жаңалықтар

ҚР Премьер-Министрі Қостанай облысында мал шаруашылығын дамыту бойынша тапсырмалар берді

12 шілде 2016

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының қатысуымен мал шарушылығы саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығының қазіргі ахуалы туралы, агробизнес өкілдері аталмыш саладағы өзекті мәселелер туралы баяндама жасады.

Талқылау барысында отандық кәсіпорындардың толық қуатымен жұмыс істеуіне, шығарылатын өнімдердің сапасын арттыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Премьер-Министрдің пікірінше елімізде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге және қайта өңдеуге әлеует жеткілікті. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындардың толық қуатымен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы орайда К.Мәсімов шаруаларды шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстарын күшейтуге, заманауи технологияларды белсенді түрде меңгеріп, маркетинг қызметін жолға қоюға шақырды.

Талқылауды түйіндеген Премьер-Министр ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне осы жиында көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстарды, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланып ауыл халқын жұмыспен қамту шараларын қарастыруды тапсырды.

Биылғы жылдың 1-қаңтарындағы есеп бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда республиканың барлық санаттағы шаруашылықтарындағы сиыр саны 2,5%, жылқы 6,8%, қой 1,0%, құс 1,7% өскен. Сондай-ақ ет өндірісі 3,4%, тауық жұмыртқасын өндіру 10,4% және сиыр сүтін өндіру 2,3% артқан.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат