Жаңалықтар

СҚО-да су тасқынының жағымсыз салдарын болдырмау шаралары күшейтілді

13 сәуір 2016

Қазақстан Республикасының ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин өңірдегі су тасқыны жағдайына баға беру үшін Солтүстік Қазақстан облысына келді. Жұмыс Ақмола облысының Көкшетау қаласындағы әуежайда басталды.
Облысқа жұмыстарды жүргізу үшін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Жасұлан Жұмашев пен Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД басшысы Павел Филиппов келді. Жұмыс тобының құрамына сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов енді.

«Аэровизуалды барлау жүргіземіз, бірқатар мәселелер бар, кейбір елді мекендерге қарым-қатынас қиындаған, елді мекендер арасындағы көлік жолдарын су басып қалған. Бөгет салу жұмыстары жүргізіліп жатқан елді мекендер бар, атап айтқанда, Рублевкада жүргізілуде, бірақ аумақтың бір бөлігінің су астында қалу қатері төніп тұр. Қазір біз Сергеев су торабында тұрмыз. Жағдай ушыға түскен күнде бұл су тасқыны Петропавл қаласына дейін жетуі мүмкін. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысында 31 үй су астында қалып отыр. Барлық қажетті ресурстарды пайдаланумен инженерлік шараларды жүргізу арқылы еріген қар суын бұру жұмыстары қолға алынды. Билік және басқару органдары, облыстағы азаматтық қорғаныс қызметтері, тартылған ұйымдар тәулік бойы жұмыс істеуде», - деп хабарлады ҚР ІІМ министрінің орынбасары Юрий Ильин.

Еске сала кетейік, күрделі су тасқыны жағдайына байланысты Петропавлда сегіз аудан мен қала аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны аймағында барлығы 403 үй қалып қойған. Ондағы 372 үйден су шығарылды. Өңірдегі 20 елді мекеннің тұрғындарын апат қаупінен сақтау үшін аумағы 16 770 метрге созылған үйінділер салынды, 50 шақырымнан астам су бұрғыш арықтар, сондай-ақ жайылмалы суды тезірек сіңіру үшін автокөлік жолдарының 11 учаскесі қазылды.

Су астында қалған елді мекендерден 797 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді, олардың 700-і үйлеріне оралып, 97 адам эвакуациялау пункттері мен туған-туыстарының үйлеріне жайғастырылды. 1884 ірі қара мен ұсақ мал қауіпсіз жерлерге айдап апарылды.

ҚР ІІМ ТЖК ақпараты бойынша, су тасқынының орын алуына Каспий теңізінен келген жылы циклондар айтарлықтай әсер еткен. Ауа температурасы 2-7 градусқа дейін көтеріліп, соның салдарынан жердің бетінде қабыршық мұздар пайда болған.

Табиғи апаттан жапа шеккен барлық аудандарда келтірілген материалдық шығынды бағалау бойынша комиссиялар құрылды. Тайынша ауданы Донецк аулының тұрғындарына өлім-жітімге ұшыраған мал шығындарын өтеу үшін облыстық бюджеттен 1 млн. 94 мың теңге көлемінде мақсатты трансферттер бөлінді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі алдағы уақытта мұндай апаттардың алдын алу үшін шамамен 2,5-3 млрд. теңгеге бөгеттер мен қоршаулар құрылысын жүргізу қажет екенін атап өтті.


+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат