Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың мемлекеттiк бағдарламасы

Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен  қабылданды.

Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тiлдерiн сақтай отырып, ұлт бiрлiгiн нығайтудың аса маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететiн үйлесiмдi тiл саясаты.

Бағдарламаның өзекті міндеттері мыналар болып саналады:

  • мемлекеттiк тiлдi оқытудың әдiснамасын жетiлдiру және стандарттау;
  • мемлекеттiк тiлдi оқытудың инфрақұрылымын дамыту;
  • мемлекеттiк тiлдi оқыту процесiн ынталандыру;
  • мемлекеттiк тiлдi қолданудың мәртебесін арттыру;
  • мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;
  • қазақ тiлiнiң лексикалық қорын жетiлдiру және жүйелеу;
  • тiл мәдениетiн жетiлдiру;
  • коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi орыс тiлiнiң қызмет етуi;
  • Қазақстандағы тiлдiк әралуандықты сақтау;
  • ағылшын және басқа да шет тiлдерiн оқып-үйрену

Қазақстанда Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілуге тиіс:

  • мемлекеттiк тiлдi меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн («Қазтест» тапсырудың нәтижесi бойынша 2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95%);
  • мемлекеттiк тiлдi В1 деңгейiнде меңгерген мектеп түлектерiнiң үлесiн (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);
  • мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тiлiндегi контенттiң үлесiн (2014 жылға қарай -  53%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 70%);
  • тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешiм қабылдау процесiн талқылау кезiнде қоғамдық қолжетiмдiлiк пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесiн (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);
  • қазақ тiлiнiң реттелген терминологиялық қорының үлесiн (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);
  • республикадағы орыс тiлiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн (2020 жылға қарай - 90%);
  • ұлттық-мәдени бiрлестiктер жанындағы ана тiлдерiн оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесiн (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);
  • республикадағы ағылшын тiлiн меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 15%, 2020 жылға қарай - 20%);
  • үш тiлдi (мемлекеттiк, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 12%, 2020 жылға қарай - 15 %-ға дейiн) ұлғайту.

Бағдарламада көзделген барлық iс-шаралар ұлт бiрлiгiн нығайтудың маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдi дамытудың басымдығына негiзделген және азаматтардың рухани-мәдени және тiлдiк қажеттiлiктерiн толық қанағаттандыруға бағытталған.


+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат