Вы зашли с мобильного устройства. Перейти на мобильную версию сайта?
info@ortcom.kz
+7 (7172) 55-93-38
Тел./факс: +7 (7172) 55-93-36 Кеңсе
kense@ortcom.kz
Валюта бағамы:
RUB 5,56 EUR 342,43 USD 321,95
Мұнай:
Brent $55,59 WTI $52,93
Золото:
$1228,4
Ауа райы:
Астана .. Алматы .. Ақтау .. Ақтөбе .. Атырау .. Жезқазған .. Караганды .. Көкшетау .. Қостанай .. Қызылорда .. Павлодар .. Петропавл .. Семей .. Талдықорган .. Тараз .. Өскемен .. Орал .. Шымкент ..
 

Біздің Twitter

Біз Facebook-та

Жаңа индустрияландыру

Қазақстан Республикасының үдемелі

индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған

мемлекеттік бағдарламасы

Бағдарламаның паспорты

Бағдарламаның атауы

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама

Әзірлеу үшін негіздеме

1) Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы
2 маусымдағы № 326 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2009 жылғы
15 мамырдағы кезектен тыс ХІІ съезінде берілген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 1-тармағы;

2) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының 2009 жылғы 19 қыркүйектегі № 01-30.27 бұйрығымен бекітілген 2009 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Парламенті төртінші шақырылымының ІІІ сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті берген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 3 және
4-тармақтары.

Әзірлеуші

  Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі

Бағдарламаның мақсаты

  Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету

Міндеттері

   Экономиканы әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттігінің өсуін қамтамасыз ететін басым секторларын дамыту 

   Экономиканың басым секторларын дамытудың әлеуметтік тиімділігін күшейту және инвестициялық жобаларды іске асыру

   Индустрияландыру үшін қолайлы орта жасау

   Экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу орталықтарын құру

  Экономиканың басым салаларын дамыту процесінде мемлекет пен бизнестің өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету

Іске асыру мерзімі

  2010 – 2014 жылдар

Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздері

  Мемлекеттік бюджет және ұлттық компаниялар мен мемлекет қатысатын ұйымдардың қаражатын қоса алғанда, кәсіпорындардың, ұйымдардың қаражаты. Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландыру көлемі жоспарланатын кезеңге арналған тиісті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады. 

Нысаналы индикаторлар

  Мыналарды:

ЖІӨ-ні кемінде 7 трлн. теңгеге, 2008 жылғы ЖІӨ-нің шамамен 50 %-на, нақты мәнде ЖІӨ-нің өсімі 
15 %-ын құрайды;

   ЖІӨ құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 12,5 % деңгейіне дейін;

   шикізаттық емес экспорт үлесін экспорттың жалпы көлемінің кемінде 40 %-ы деңгейіне дейін;

   шикізаттық емес экспорт көлемін өңдеуші өнеркәсіптің жиынтық өндіріс көлемінің кемінде
43 %-ы деңгейіне дейін;

   өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін кемінде 
1,5 есеге;

   агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға 3000 АҚШ долларынан бастап кемінде 2 есеге;

  мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, ұлттық басқарушы холдингінің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың тауарларды сатып алуда қазақстандық қамту үлесін – 60 %-ға дейін, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда 90 %-ға дейін;

   инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының 10 %-на дейін ұлғайту;

   Мыналарды:

   шикізаттық емес сектордың өзіндік құнының құрылымындағы көлік шығыстарының үлесін кемінде
8 %-ға;

   ЖІӨ-нің энергия қажетсінуін 2008 жылғы деңгейден кемінде 10 %-ға азайту.

Кіріспе

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – Бағдарлама) Мемлекет басшысының «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2009 жылғы 15 мамырдағы кезектен тыс ХІІ съезінде берген тапсырмасын, Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін, сондай-ақ Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асырудың екінші кезеңі болып табылатын Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының түйінді бағыттарына сәйкес әзірленді.

Бағдарлама экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бағдарлама экономиканы әртараптандырудың жүргізіліп отырған саясатының қисынды жалғасы болып табылады әрі құрамына Индустриялық-инновациялық дамудың 2003 – 2015 жылдарға арналған стратегиясының, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасының, сондай-ақ индустрияландыру саласындағы басқа да бағдарламалық құжаттардың негізгі тәсілдерін біріктірді.

2015 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық қамтуды мақсатты дамыту арқылы шағын және орта бизнес, кейінгі қайта бөлу және қайта өңдеу үшін жаңа бизнес-мүмкіндіктерді мультипликациялаумен экономиканың дәстүрлі экспортқа бағдарланған секторларында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үдемелі индустрияландыру саясатының негізгі басымдығы болмақ. 

Ірі жобаларды ілгерілетудің бастамашысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ), экономиканың отын-энергетика және металлургия секторларының ірі жүйе құраушы компаниялары, сондай-ақ стратегиялық шетелдік инвесторлар болып табылады.

Шикізат секторымен байланысты емес және ішкі, ал кейіннен өңірлік нарықтарға бағдарланған (Кеден одағы, Орталық Азия елдері) экономика салаларын қалыптастыру және/немесе күшейту қатар жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет озық технологиялар трансфертіне, кейіннен олардың экспортқа бағдарлануын дамыта отырып, қазіргі заманғы импорт алмастырушы өндірісті құру үшін шетел инвесторларын тартуға бағытталған қазақстандық орта және шағын бизнес бастамаларын қолдайды.

Индустриядан кейінгі экономиканың негіздерін қалыптастыру мақсатында ұлттық инновациялық инфрақұрылымды дамыту және коммерцияландыру перспективалары бар ғылыми-технологиялық негіздерді қолдау жалғасады.

Жалпы алғанда, экономиканы әртараптандыруды мемлекеттік қолдау макро және секторлық деңгейлерде экономикалық саясаттың жүйелі шараларын, сондай-ақ экономиканың нақты секторларын және жобаларды қолдаудың селективті шараларын іске асыру арқылы жүзеге асырылатын болады.

Экономикалық саясаттың жүйелі шаралары қолайлы макроортаны және инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, ұлттық экономиканың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі шараларға шоғырланатын болады.

Селективті шаралар басым секторлар мен жобаларды қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларының құрамдастырылған пакеті негізінде жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет өзінің бизнеспен өзара іс-қимылын республикалық және  өңірлік деңгейде де тиімді ынтымақтастық институттарын қалыптастыру негізінде жүйелі түрде құрады.

Экономиканың объективті жағдайына барабар болатын 2015 жылға дейінгі индустрияландыру саясатының траекториясы ресурстық, инфрақұрылымдық, институционалдық және технологиялық шектеулермен ішкі келісушілікте болады. Бағдарламаға енгізілетін экономиканы әртараптандыруды және  технологиялық жаңғыртуды ынталандыратын тетіктердің жүйелік сипаты:

қолайлы макроэкономикалық жағдай жасауды;

бизнес-ахуалды жақсартуды және инвестициялар ағынын ынталандыруды;

жаппай технологиялық жаңғыртуды және ұлттық инновациялық жүйені дамытуды;

адами капитал сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.

  Экономиканың басым секторларын дамытуға мемлекет пен бизнес ресурстарын шоғырландыру мемлекет пен бизнес шешімдерін келісудің интерактивті процесімен, мониторингтің қазіргі заманғы ақпараттық жүйелері мен іске асырудың нақты құралдарын пайдаланумен бірге жүреді.

Ағымдағы жағдайды талдау

2000 жылдың басында негізі салынған индустриялық-инновациялық даму бағыты Қазақстан экономикасының негізгі тәуекелдерінің стратегиялық дұрыс екенін көрсетті: экономиканы әртараптандырудың және шикізатқа тәуелділіктен кетудің баламасыз бағыты таңдалды.

Бұл кезеңде индустрияландырудың базалық институционалдық негіздері:

экономиканың орнықтылығын қамтамасыз ететін Ұлттық қор;

серпінді бағыттарды іске асыруға мемлекеттің әлеуетін шоғырландыратын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ;

әртараптандыру процесін қамтамасыз ететін даму институттары;

мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы мен әрекеттерін үйлестіру үшін келіссөз алаңдары құрылды.

Инвестициялық саясат шеңберінде инвестицияларды ынталандырудың құқықтық және экономикалық негіздерін анықтайтын заңнамалық база жетілдірілді.

Бұл шаралар мұнай-газ өндіру секторының өсуімен байланысты экономиканың белсенді өсуі кезеңінде экономиканың мұнайға қатысты емес секторының да барабар өсуін қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнестің одан әрі қалыптасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Белгілі бір нәтижелерге қарамастан, әртараптандыру  және инновациялық даму саясаты дамушы нарығы бар елдердің объективті ресурстық  экономикаларына тән бірқатар жүйелі әсерлердің бар болуына байланысты толық түрде іске асырылған жоқ:

ресурстарды (инвестициялық, еңбек) шикізат секторларына қайта бөлу әсерін жаңғыртуға ықпал ете отырып, экономиканың «голланд ауруы» белгілерінің көрінуі;

бұл кезеңде нарықтық тетік экономиканың жекелеген секторларының «қызып кетуін» болдырмайтын белгі беруге мүмкіндігі болмады және мемлекетке экономиканың «дұрыс» құрылымын құруға көмектесе алмады;

әртараптандыру саясаты оны ілгерілету үшін қажетті шекті көлемнің болмауына кезікті.

Әртараптандыруға бөлінген мемлекеттік инвестициялардың көлемі жеткіліксіз  әрі шашыраңқы болды, ол қандай да бір маңызды құрылымдық ілгерілеушілікке әкелмеді.

Нәтижесінде экономика құрылымы шикізаттық бағытын сақтап, ал жұмыспен қамтылу құрылымы еңбек әлеуетін пайдалану тиімділігінің төмендігін сипаттайды. 2008 жылы ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін халық саны 31,5%-ды, осы сектордың ЖІӨ құрылымындағы өнімнің үлес салмағы небәрі 5,8%-ды құрады. 2000 – 2008 жылдар кезеңінде ЖІӨ-де өңдеуші өнеркәсіп үлесі 16,5%-дан 11,8%-ға дейін қысқарды, ал кен өндіру үлесі 13%-дан 18,7%-ға өсті.

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы – өнімділік бойынша, соңғы жылдардың оң серпініне қарамастан Қазақстан дамуы жағынан орта деңгейлі елдерден де артта қалды: 2008 жылдың деректері бойынша сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша Қазақстандағы еңбек өнімділігі бір адамға 22,6 мың долларды құрайды, ал бұл көрсеткіш Ресейде – 33,4, Жапонияда – 68,2, АҚШ-та – 98,1.

Шикізат экспортынан тез пайда алуға бағдарланған ірі қазақстандық бизнес өсуінің қарқынды сипаты әлемдік конъюнктураның өзгеруі кезінде  барынша жоғары қайта бөлулерге және ішкі нарыққа ауысуға мүмкіндік бермеді.

Мемлекет бастамалары бизнес-қоғамдастықтан қажетті қолдау таппады, өйткені жас ұлттық бизнес әртараптандырудың белсенді ойыншысы болып  көрінетіндей және Қазақстан үшін жаңа инновациялық бизнесті құру, әлемдік нарыққа шығу және бәсекеге түсу үшін стратегиялық әріптес ретінде әлемнің жетекші компанияларын тарта алмайды.

Дағдарысқа дейінгі кезеңде Қазақстанның нарықтық экономикасы эволюциялық түрде құрылды. Өткен циклдік даму экспорттық шикізат секторы өсуінің серпінімен және сыртқы қаржылық нарықтарда арзан инвестициялық ресурстардың қолжетімділігімен көрінді.

Қазақстанда орта және шағын бизнестің ұлттық ерекшелігі инвестициялардың тез қайтарымына кепілдік беретін бос тауашаны алу мүмкіндігімен анықталды (сатылмайтын ішкі экономика секторлары: жылжымайтын мүлік, сауда, жергілікті құрылыс индустриясы, сауда-делдалдық сектор мен қызметтер саласы).

Тиісінше, бизнес басымдықтары, қосылған құны жоғарғы өңдеу өндірістерін дамыту жөніндегі мемлекет басымдықтарына сәйкес келген жоқ. Бұл үрдістер даму институттарының, сонымен қатар екінші деңгейдегі банктердің инвестициялық жобаларының тиісті портфелінде көрінді. Бұл ұлттық бизнестің қалыптасуының объективті эволюциялық үрдісін көрсетеді. «Көбікті» үрлеген дағдарыс жаңа нарықтарды және инновациялық өнімдерді іздетеді. Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуының оңтайлы жолына жеделдете индустрияландыру жатады.

Әлемдік тәжірибе индустрияландыруға қатысты әртүрлі әдістердің бар екенін көрсетіп отыр: «қуып жетуші даму», «дәстүрлі мамандандыру», «индустрияландырудан кейінгі даму» стратегиялары. Ұлттық экономика құрылымына сүйенетін болсақ, Қазақстан экономикасының ең қолайлы индустрияландыру стратегиясына шикізаттық өндірістерді жоғары бөліністерге ауыстырумен шикізат секторына сүйене отырып «дәстүрлі мамандандыру» стратегиясы болып табылады.

Дәстүрлі мамандандыру секторлары мен қалған экономика арасындағы тұрақты байланыстар сервистік қызмет арқылы дамуға мүмкіндік беретін бірқатар қосымша салаларды құрайды. Бұл сонымен қатар, шикізаттық емес сектор кәсіпорындарының жанында шағын және орта бизнес кластерлерін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасайды.

Бүгінгі таңда, дамушы нарықтардағы бәсекелестік күшейгенде, ішкі және әлеуетті сыртқы нарықтарда тез орнығып, 170 млн. адамдық қолжетімді нарығы бар Кеден одағының әлеуетін барынша іске асыру қажет. Бұдан басқа, Қазақстанның бірегей географиялық орны Азия мен ТМД елдерінде (Ресей, Орталық Азия, Қытай, Иран, Үндістан) тиімді жаһандық серіктестік ұстанымын жүзеге асыру және иелену мүмкіндігін жасай алады. Қазақстан Республикасы кәсіпорындарының белсенді болуының қолжетімді нарықтарын кеңейту мақсатында агроөнеркәсіптік кешеннің, тоқыма өнеркәсібінің және туризмнің шикізаттық емес экспорттың белсенді қолдауын қамтамасыз ету.

Қосымша «болашақ экономикасы» секторларына селективті қолдау жасау қажет, олар келесі 15-20 жылда әлемдік экономикадағы басым рөлге ие болатындар.

Индустрияландыру саясатының табысты іске асырылуының негізгі шартына өндіріс факторлары өнімділігінің өсуі және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету жатады.

Алда тұрған индустрияландыру өңірлерді бірқалыпты даму саясатынан өсудің жоғарғы әлеуеті мен жоғарғы экономикалық белсенділікке ие қалалар мен аумақтарды дамытудағы дәлме-дәл әдіске ауысуды талап етеді.

Индустрияландыру саясатының тиімділігі бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін экономиканың басым секторларын дамытуға шоғырландыру, сондай-ақ олардың тиімді институттары мен өзара әрекет ету тетіктерін қалыптастыруға байланысты болмақ.

Бағдарламаның мақсаты, басымдықтары, міндеттері мен принциптері

Мақсаты – әртараптандыру мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы экономиканың орнықты және теңгерімделген өсуін қамтамасыз ету.

2015 жылға нысаналы индикаторлар:

мыналар:

ЖІӨ-ні кемінде 7 трлн. теңгеге, бұл 2008 жылғы ЖІӨ-нің шамамен  50%-ға ұлғайып, нақты мәнде ЖІӨ-нің өсімі 15%-ын құрайды;

ЖІӨ құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі кемінде  12,5 % деңгейіне дейін;

экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорт үлесі кемінде  40 % деңгейіне дейін;

өңдеуші өнеркәсіптің жиынтық өндірісі көлемінен шикізаттық емес экспорт көлемінің үлесі кемінде 43 % деңгейіне дейін;

өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі кемінде 1,5 есеге;

агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға шаққанда 3000 АҚШ долларынан бастап кемінде  2 есеге;

мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың тауарларды сатып алуда қазақстандық қамту үлесі – 60%-ға дейін, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу 90%-ға дейін;

жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санынан инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі 10 %-ға дейін ұлғаяды.

Мыналар:

шикізаттық емес сектордың өзіндік құн құрылымындағы көлік шығындарының үлесі кемінде 8% деңгейіне дейін;

ЖІӨ қуат сыйымдылығы 2008 жылдың деңгейінен кемінде 10 %-ға төмендейді.

Басымдықтар:

ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі өсуінің маңызды шарты ретінде өндіріс факторларының өнімділігін арттыру;

экспортқа бағытталған жаңа жоғарғы технологиялық өндірістерді жасауға басым тікелей шетел инвестицияларын тартуға екпін беру;

ұлттық инновациялық жүйені дамыту мен нығайту;

экономиканың шоғырландырылу деңгейін төмендету және индустрияландыру процесінде шағын және орта бизнестің рөлін күшейту;

экономикалық әлеуеттің ұтымды кеңістігін ұйымдастыру.

Міндеттер:

Әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттілік өсуін қамтамасыз ететін экономиканың басым секторларын дамыту;

Экономиканың басым секторларын дамытудың әлеуметтік тиімділігін күшейту және инвестициялық жобаларды іске асыру;

индустрияландыру үшін қолайлы ортаны құру;

экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру;

экономиканың басым секторларын дамыту процесінде мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әрекетін қамтамасыз ету.

Бағдарлама мынадай принциптерге негізделеді:

бизнес-бастамаларға бағдарлану;

шикізаттық емес секторда «серпінді» жобаларды және кластерлік бастамаларды қолдау;

мемлекет пен жеке меншік сектор арасындағы тәуекелдерді оңтайлы бөлу және  индустрияландыру процесінде олардың рөлдерін нақты айқындау;

жаңа бизнес-мүмкіндіктерді мультипликациялау;

итеративтік, Бағдарламаны іске асыру барысында қатысушылар құрамынан жобаларды пысықтау деңгейі бойынша перманентті нақтылаумен байланысты;

транспаренттік – Бағдарламаға қатысушылардың, мастер-жоспарлардың мазмұнының, өтініш берушілердің сұрауларының, мемлекеттік қолдау шараларының, Бағдарламаны іске асыру мониторингінің нәтижелерінің ашықтық принципі;

тең қолжетімділік – Бағдарлама қатысушысы отандық, сонымен қатар шетелдік компания да, ірі және орта, шағын кәсіпорындар да болуы мүмкін;

бәсекелестік – тиімді жобаларды ілгерілету және экономикалық емес әдістерді пайдаланудың алдын алу негізі ретінде;

трансферттік (қолданылу әсері) – нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық базаны жетілдіруге қатысты (бизнес-ортаны жақсарту) мемлекеттік қолдау шаралары, экономикалық қызметтің барлық субъектілеріне қолданылады;

сабақтастық – іске асырылып жатқан бағдарламалық құжаттарда көзделген мемлекеттік саясаттың аса тиімді шаралары осы Бағдарламаны іске асыру кезінде қолданылатын болады.

Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары

1.  Экономиканы әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттігінің өсуін қамтамасыз ететін басым секторларын дамыту

Алдағы кезеңде индустрияландыру саясаты индустриялық-инновациялық процестердің жеделдетушісі болатын «дәстүрлі мамандандыру» салаларын  дамыту арқылы басым шикізаттық емес секторды озыңқы дамытуға бағытталған болады.

Мемлекеттің күш-жігері экономиканың мынадай басым секторларын дамытуға топтастырылады:

дәстүрлі: мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия кешені, шикізат өндірістерін кейіннен аса жоғары қайта бөлулерге ауыстыратын атом және химия өнеркәсібі;

жер қойнауын пайдаланушылар, ұлттық компаниялар және мемлекет сұранысына негізделген: машина жасау, құрылыс индустриясы, фармацевтика;

шикізаттық сектормен  байланыстырылмаған және экспортқа басым бағдарланған өндірістер: агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп, туризм;

келесі 15-20 жылда әлемдік экономикада үстем рөлге ие болатын «болашақ экономикасының» секторлары: ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, биотехнологиялар, баламалы энергетика, ғарыш қызметі.

Көрсетілген секторлардың тізбесі толық емес әрі Бағдарламаның іске асырылу барысында толықтырылып отырады.

Экономиканы сәтті әртараптандыру  республиканың тұрақты дамуымен, соның ішінде тұрақты дамуды басқару жүйесін оңтайландыру және  көмірсутегі төмен экономиканың, сондай-ақ инвестициялыр тарту, экологиялық проблемаларды шешу, табиғи экожүйелерге антропогендік  жүктемелердің кері әсерін азайту, табиғатты пайдаланушылардың қоршаған ортаға эмиссиясын азайту, қалдықтарды кешенді қайта өңдеу мәселелерінде «жасыл» саясатты енгізу жолымен республиканың тұрақты дамуымен үздіксіз байланысты.

Экономиканы әртараптандыруды жеделдету процесінде мемлекет тиімсіз жобалардың іске асырылуына қарсы тұратын болады, сондықтан жобаларды қолдаудың негізгі өлшемдерін таңдауға ең алдымен Кеден одағының әлеуетін іске асыру мүмкіндігімен байланысты өнімділік, энергия тиімділігі және экспортқа бағдарлану жатады.

 

1.1 «Дәстүрлі индустриялардағы» өндірісті әртараптандыру

Мұнай-газ секторы

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

2009 жылы республикада мұнай мен газ конденсатын өндіру шамамен 76,5 млн. тоннаны құрады, газ өндіру 35,6 млрд. текше метрді құрады. Мұнай мен газ конденсатының экспорты 68,1 млн. тоннаны құрады.

Мұнай өңдеу зауыттары (бұдан әрі – МӨЗ) 2009 жылы 12,1 млн. тонна мұнай өңдеді.

Мұнай өндіруді одан әрі дамыту теңіз жобаларымен, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын кеңейту жобаларының нәтижелерімен өзара тығыз байланысты.

Негізгі міндеттер

1. Мұнай мен газ конденсатын өндіру және оларды қайта өңдеу жөніндегі белгіленген көрсеткіштерді орындау. 

2. Ішкі нарықтың мұнай өнімдері мен газға қажеттілігін қамтамасыз ету.

3. Мұнайды тасымалдаудың экспорттық бағыттарын әртараптандыру.

Нысаналы индикаторлар

1. 2014 жылы мұнай өндіру көлемінің өсуі 85,0 млн. тоннаға (2008 жылы 120,4 %) дейін, шикі газ 54 млрд. текше метрге дейін (2008 жылға 61,4%) жетеді.

2. 2014 жылға қарай мұнай экспорты 75 млн. тоннаны құрайды  (2008 жылы 119,4%).

3. 2014 жылы қазақстандық МӨЗ-де мұнайды өңдеу көлемінің өсуін мұнайды өңдеу тереңдігін 87% – 90%-ға дейін ұлғайта және отандық мұнай өнімдерін Еуро сапа стандарттарына дейін жеткізе отырып, 15,0 млн. тоннаға дейін (2008 жылға 122,1%) қамтамасыз ету. 

4.«Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ» газ құбыры бойымен газды тасымалдауды:

2012 жылы – жылына 3,6 млрд. текше метрге дейін;

2013-2014 жылдары – жылына 5,0 млрд. текше метрге дейін;

2015 және одан кейінгі жылдары – жылына 10 млрд. текше метрге дейін қамтамасыз ету.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

2010 – 2014 жылдардың ішінде республикадағы мұнай мен газ конденсатын өндіру Теңіз, Қарашығанақ кен орындары жобаларын іске асыру есебінен 1,5 млн. тоннаға, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторында (Қашаған және т.б.) кен орындарындағы өндірудің басталуы есебінен 3,5 млн. тоннаға ұлғаятын болады. Мұнай өндіруді ұлғайту тиісінше  газ өндірудің өсуіне алып келеді, өйткені республикадағы газдың бәрі ілеспе болып табылады.

Саланы дамытудың негізгі операторы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ болады, ол ірі жобаларға тікелей қатысу, жаңа кен орындарын жайластыру мен іске қосу, геологиялық-барлау жұмыстарын қаржыландыру мен жүргізу арқылы мұнай және газ өндіру саласындағы отандық әлеуетті өсіруге шоғырландыратын болады. 

Елдің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз етуге ықпал ету және Каспий теңізінің казақстандық секторында көмірсутек ресурстарын тиімді әрі қауіпсіз игеру жолымен Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсарту және 2010-2014 жылдары кезеңінде ел индустриясының ілеспе салаларын дамытуға қол жеткізу мақсатында өндіруді кешенді игеру және тұрақтандыруға жағдай жасау қажет, оның шеңберінде тиісті міндеттерді іске асыру жоспарланды.

Мемлекеттің саясаты өндірістің барынша қосылған құны жоғары өндірістерін дамытуды ынталандыруға, ірі жобаларда аутсоринг және жергілікті құраушыны нығайту арқылы шағын және орта кәсіпорындарда көмекші, қызмет көрсетуші және өңдеуші блоктарды қалыптастыруға, сондай-ақ  қызмет көрсетуші және қайта өңдеуші кәсіпорындардың бірігуі есебінен ірі жүйе құраушы компаниялар кластерлерін қалыптастыруға бағытталатын болады.

Мұндай тәсіл мұнай-газ секторын дамытуды оның ұлттық қайта жаңғырту процесіне белсенді ендіру арқылы ішкі экономиканың  салаларына ұштасқан кең мультипликативтік әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұл мақсаттарда мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді:

  ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғысының ваккумдық блогын және вакуумдық блогының қуаты жылына 1,8 млн. тонна болатын Атырау МӨЗ (Атырау облысы) баяу кокстау қондырғысын, жылына 1,0 млн. тонна болатын баяу кокстау қондырғысын қайта жаңарту;

Мұнай өңдейтін қуаты жылына 6,0 млн. тонна Шымкент МӨЗ (Оңтүстік Қазақстан облысы) жаңғырту және қайта жаңарту.

  Мұнайды бастапқы өңдейтін қуаты жылына 6,0 млн.тонна болатын Павлодар МӨЗ (Павлодар облысы) жаңғырту және қайта жаңарту.

  Мұнай компанияларының өңдеу деңгейін арттыру және сатып алуында қазақстандық қамтуды кеңейту үшін мынадай шаралар көзделеді:

мұнай-газ саласындағы ұлттық компаниялар жаңадан құрылатын өндірістерге тікелей қатысу немесе отандық кәсіпкердің өнімді ұзақ мерзімде өткізуіне кепілдік беру арқылы шикізатты өңдеу деңгейі мен қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуды қамтамасыз ететін жаңа өндірістерді құруға бастамашылық ететін болады;

жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттарда өңдеуші және ілеспе өндірістерді ұйымдастыру және отандық тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу басымдығын қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер енгізілетін болады.

Шикізатты өңдеу және отандық тауар өндірушілерден сатып алу деңгейін ұлғайтуға бағытталған ірі жеке жүйе құраушы кәсіпорындармен меморандумдар жасалатын болады.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалау шаралары

Көлік  инфрақұрылымымен қамтамасыз ету

Сыртқы нарықтарға шығатын көмірсутек ресурстары экспортының бағыттарын әртараптандыру, сондай-ақ ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мынадай жобалар іске асырылатын болады:

Қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесі (ҚКТЖ)

Мұнайдың Қашаған және Теңіз кен орындарынан Каспий теңізі және Баку – Тбилиси – Джейхан жүйесі және/немесе басқа мұнай тасымалдау жүйелері арқылы халықаралық нарыққа экспортауға арналған ҚКТЖ мыналардан құралатын болады:

1. Ескене – Құрық мұнай құбыры;

2. Транскаспий жүйесі/жобасы (ТКЖ), оған кіретіндер: Каспий теңізінің қазақстандық жағалауындағы мұнай құю терминалы; мұнай тасымалдауға және көмекші операцияларға  арналған танкерлер мен кемелер; Каспий теңізінің әзірбайжандық жағалауындағы мұнай ағызу терминалы; Баку – Тбилиси – Джейхан жүйесімен қосу құрылыстары.

Каспий құбыр жолы консорциумы (КҚК)

Жалпы ұзындығы 1510 км болатын КҚК мұнай құбыры «Теңіз» кен орны мен Қара теңіздің ресейлік жағалауындағы Новороссийск портына жақын мұнай терминалын біріктіреді.

Мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 67,0 млн. тонна мұнай айдауға дейін ұлғайту көзделіп отыр.  

Қазақстан – Қытай мұнай құбыры

Қазақстан – Қытай мұнай құбыры Атасу – Алашанькоу және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырының жобасын іске асыруды қамтиды. Қазақстан – Қытай мұнай құбырының қазіргі қуатының өткізу қабілетін жылына 20 млн. тоннаға дейін кеңейту көзделіп отыр.

Атырау – Самара

Атырау – Самара мұнай құбыры мұнайды Қара теңіз немесе Балтық теңізі бағытында Ресей Федерациясының аумағы арқылы тасымалдаудың басым бағыттарының бірі болып табылады.

«Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ» газ құбыры

Елдің оңтүстік өңірлерінің газға деген қажеттілігін қамтамасыз ету және газ импортына тәуелділігін жою мақсатында «Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ» газ құбырын іске қосу кешендері бойынша пайдалануға беру көзделіп отыр:

1-кезектің 1-іске қосу кешені – 2011 жыл;

1-кезектің 2-іске қосу кешені – 2013 жыл;

2-кезек – 2019 жыл.

Сервистік инфрақұрылымды қалыптастыру

Мұнай-газ өнеркәсібінің біліктілігі жоғары кадрларға және ғылыми-зерттеу ресурстарына, сондай-ақ техникалық, басқарушылық және коммерциялық қызметтерге сұранысын қанағаттандыруға арналған озық технологиялардың (Каспий энергетикалық хабы) интеграцияланған көпфункционалды орталығын құру мәселесі пысықталатын болады.

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Мұнай-газ саласының 16 мамандық бойынша кадрларға мұқтаждығы Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін (бұдан әрі – ТжКБ) 18 оқу орнында даярлау шеңберінде өтелетін болады.

2011 жылы мұнай-газ саласы үшін Атырау қаласында 700 оқушы орынға арналған Өңіраралық кадрлар даярлау және қайта даярлау орталығы пайдалануға беріледі.

 Мұнай-газ саласындағы кәсіптік білім жүйесін одан әрі табысты дамыту үшін саладағы оқытудың әлемдік стандарттарына көшу:

1) жастарға кәсіптік білім беру және қазақстандық кадрларды даярлауда компаниялардың жауапкершілігін көздейтін нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу;

2) әлеуметтік әріптестермен: оларды кадрлар даярлауға тарту, қазақстандық кадрларды оқыту процесінде мұнай компанияларының оқу орталықтарын бірлесіп пайдалануды қамтамасыз ету жолымен өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылатын болады.

Мұнай-газ саласы үшін мамандар даярлау мемлекеттік тапсырыс және шетелдік ірі мұнай компанияларының мақсатты білім беру гранттарының шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Техникалық регламенттерді енгізу

Мыналардың:

1) бензинге, дизель отыны мен мазутке;

2) бензинге қоспаларға;

3) көлік құралдарына арналған жағармайларға және арнайы сұйықтықтарға;

4) мұнай-газ кәсіпшілігі, бұрғылау, геологиялық-барлау және геофизикалық жабдықтарға;

5) магистральдық мұнай құбырларына;

6) суасты құбырлар мен кәбілдердің  қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейтін техникалық регламенттер қабылданатын болады.

Мұнай химиясы

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Көмірсутек шикізатын өндіру көлемінің ауқымына қарамастан, бүгінгі күні Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім ала отырып, көмірсутек шикізатын тереңдете өңдеудің толық технологиялық тізбегі жоқ.

 Көмірсутек шикізатын өңдеу мұнай мен газды айырумен шектеледі. Елде кеңес уақытында салынған әрі қазіргі заманғы стандарттарға сай келмейтін 3 мұнай өңдейтін және 3 газ өңдейтін зауыт жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның қатысуымен мұнай-химия өндірістерін құру жөніндегі базалық жобалар іске асыру кезеңіне дайындалуда.

Өзара байланысты мұнай-химия өндірістерін іске асыру үшін Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

Негізгі міндет

Отандық көмірсутек шикізатын (мұнай/газ) өңдеудің тереңдігі және  көлемін ұлғайту және қосылған құны жоғары өнім экспортын өсіру.

Нысаналы индикаторлар

1. 2012 жылға қарай жылына 500 мың тонна көлемінде битум өндіретін қуаттарды енгізу.

2. 2014 жылдан бастап хошиісті көмірсутектерін – бензолды жылына
133 мың т., параксилолды – жылына 496 мың т. көлемінде өндіруді қамтамасыз ету.

3. 2015 жылдан бастап базалық мұнай-химия өнімін – жылына 800 мың т. полиэтилен және жылына 500 мың т. полипропилен өндіруді қамтамасыз ету.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Мұнай-химия өндірістерін құру екі бағыт бойынша көзделіп отыр.

Бірінші бағыт – МӨЗ, ГӨЗ-мен бірге бастапқы өңдеу өнімдерінің тереңдете өңдеу өнімдерімен өзара әрекеттесу технологияларын пайдалана отырып, базалық және қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімін шығару үшін көмірсутек шикізатын тереңдете өңдейтін мұнай-химия өндірістерін құру.

Осы мақсатта мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр:

Базалық мұнай-химия өнімін өндіретін, қуаты жылына 1,3 млн. тонна болатын, Теңіз кен орнының көмірсутек газын өңдеуді көздейтін интеграцияланған газ-химия кешені (Атырау облысы). Жобаны іске асыру мерзімі: 2009 – 2014 жылдар.

Ақтау пластмасса зауытының базасында Қазақстанның климаттық жағдайына сәйкес келетін, жол битумын өндіретін, қуаты 500 мың тонна (Қаражанбас ауыр мұнай  өңдеу) битум зауыты (Маңғыстау облысы). Жобаны іске асыру мерзімі: 2010-2011 жылдар.

Жылына 133 мың тонна хош иісті  көмірсутек - бензол,  496 мың тонна  параксилола өндіретін Атырау МӨЗ кешенін салу. 

Екінші бағыт – базалық мұнай-газ өнімін қосымша өңдеу саласында шағын және орта бизнес кәсіпорындарын салу мен өнеркәсіптік және тұтыну мақсатындағы (құбырлар, үлдір, аяқ-табақ, ыдыс, өндірістік және тұрмыстық мақсаттағы басқа да бөлшектер) қосылған құны жоғары инновациялық өнім шығару.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

АЭА аумағында инфрақұрылыммен қамтамасыз ету

Интеграцияланған газ-химия кешені инфрақұрылымының объектілерін (нақты 11 объект) салу мемлекеттің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылатын болады.

Шағын және орта бизнестің мұнай-химия кәсіпорындары орналасатын «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА (Атырау облысы) инфрақұрылымын салу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады.

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Техникалық мамандықтар бойынша 700-ге дейін білікті кадрлар даярлау.

Ресурстық қамтамасыз ету

Газ жеткізу туралы ұзақ мерзімге арналған келісімге мемлекеттің қолдауымен қол қойылды.

Кен металлургиясы саласы

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлеміндегі кен металлургиясы саласының үлесі – 17,5%-ды құрайды. Металл кендерін өндіру үлесі – 3,8%, темір кендерін өндіру – 1,5%, түсті металлдар кендерін өндіру үлесі – 2,3%, металлургиялық өнеркәсіптің үлесі – 11,8%, дайын металл бұйымдарын өндіру үлесі – 1,2%. Металлургия өнеркәсібінің үлесіне өңдеуші өнеркәсіптің барлық көлемінің 35 %-ы тиесілі. Елде өндірілетін металдар мен металл өнімдерінің барлығы дерлік экспортқа шығарылады, ал барынша жоғары бөліністі өнім өндіру шетелде орналасқан. 2008 жылдың қорытындылары бойынша 13,21 млрд. АҚШ долларының өнімі экспортталды.

Кен металлургиясы кешенінің негізгі проблемалары: шикізат базасының сарқылуы, пайдаланылатын шикізат кешендігінің төмендігі, негізгі өндірістік қорлардың тозығының жетуі, қоршаған ортаның аса ластануы және технологиялық артта қалу, өндіруден бастап тауарлық дайындығының дәрежесі жоғары өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс тізбегі бар интеграцияланған кешендердің болмауы, ішкі нарық сыйымдылығының аз болуы және бытыраңқы болуы, өнімнің энергияны, еңбекті және материалды көп қажетсінуі.

Кен металлургиясы саласының технологиялық дамуының перспективалы бағыттары: 1) қара металлургияда – болат алу үшін жоғары сапалы шикізат өндіру (түйіршіктелген шойын және брикеттелген темір, түсті және сирек металдар қосылған ферроқорытпалар өндіру), сапалы болат өндіру (құбырға арналған және тотығуға төзімді, ыстыққа төзімді және ыстыққа берік, аспаптық, шарикті-подшипникті, рельстік және рессорлық-серіппелі) және жоғары легирленген болаттың сорттарын кеңейту; 2) түсті металлургияда – таза металдар (алюминий, мыс, алтын, титан) және олардан жасалатын бұйымдар (созбасым, сымдар, прокат, профиль және құймалар, сондай-ақ зергерлік бұйымдар) өндіру.

Негізгі міндет

Машина жасауды, құрылыс индустриясын және басқа да өнеркәсіп саласы және экспортты дамытуды қамтамасыз ететін мынадай бөліністегі металлургия өндірістерін құру.

Нысаналы индикаторлар

1. Металлургия саласының жалпы қосылған құнын минералдық шикізатты тереңдете өңдеу және жаңа бөліністер құру негізінде кемінде
107 %-ға ұлғайту.

2. Жоғарғы технологиялық бәсекеге қабілетті өнім өндіру және экспорттау көлемін 2008 жылдың деңгейіне қатысты 2 есеге ұлғайту.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Елдің кен металлургиясы кешенін дамытудағы мемлекеттік саясаты мынадай бағыттарды іске асыруға бағытталады:

ірі кәсіпорындардың негізгі (базалық) металдар өндірісін ұйымдастыруы;

шағын және орта бизнес кәсіпорындарының базалық металдар негізінде жоғары бөліністі түпкілікті өнім өндіруін ұйымдастыруы.

Сонымен қатар минералды шикізаттың кешенді өңделуін қамтамасыз ету үшін кендер мен концентраттар экспортының үлесін азайтуды ынталандыратын шаралар кешені қабылданады.

Жаңа бөліністерге бағытталған, экспортқа бағдарланған дамытылуға жоспарланып отырған өндірістер:

қара металлургияда болат өндірісінің қуатын жылына 6 млн. тоннаға дейін арттыру бойынша ірі жоба іске асырылады және жылына 4 млн. тоннаға дейін болат өндіретін қосымша зауыттың құрылысы басталады (Қарағанды облысы). Сонымен қатар бесжылдық кезеңде ферросиликомарганец өндірісінің жылдық көлемі 64,8 мың тоннаға, феррохром жылына 440 мың тоннаға дейін  артады.

түсті металлургияда бастапқы алюминий өндірісі 125 мың тоннаға артады. Сонымен қатар жылына 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіретін жаңа зауыт құрылысы басталады (Павлодар облысы). Сирек кездесетін және жерде сирек кездесетін металдар кіші саласында 2014 жылға қарай жоғарғы технологиялық өндірістер саласында ірі әлемдік көшбасшы корпорациялармен кем дегенде екі біріккен кәсіпорын құрылады. Бұдан басқа, мыс концентратының шығарылымын 500 мың тоннаға (Шығыс Қазақстан облысы), катод мысын 95 мың тоннаға, кеуекті титанның шығарылымын 16 мың тоннаға, саф таза кварц өндірісі 16,5 мың тоннаға, мыс-молибден кенін шығару  2 500 мың тоннаға ұлғайтылатын болды.

2015 жылға қарай тантал өндіру 297 тоннаға, бериллий өндіру 2000 тоннаға дейін ұлғайтылатын болады.

Сыртқы нарықтарға кезең-кезеңімен шығумен ішкі нарыққа бағытталу:

Қара  металлургиядаҚарағанды облысындағы Индустриялық аймақта жоғары қосылған құнмен өнім шығаратын кем дегенде 3 жоғары технологиялық аз тоннажды өндірістер жасалады. Қостанай облысында жылына кем дегенде 200 мың тонна арнайы болат шығаратын аз тоннажды өндіріс жасалады. Сонымен қатар, Қостанай облысындағы болат прокатының жылдық көлемі 450 мың тоннаға артып, жылына 500 мың тонна түйіршіктелген шойын, 1,4 млн. тонна ыстық брикетті темір, 100 мың тонна рельс өнімінің өндірісі игеріледі.

Түсті металлургияда Павлодар облысында Индустриялық аймақ құрылады, онда жыл сайын 15 мың тонна алюминий илемі, 20 мың тонна прокат, 10 мың тонна профиль және 50 мың тонна құймалар өндіретін кем дегенде 6 аз тоннажды өндірістер орналасады. Бұдан басқа, катодтық алтынның шығарылымы 15 тоннаға жоғарылап, байыту және алтын бөліп шығару фабрикалары бар қуаты жылына 25 тонна алтын аффинажының өндірісі артады. Жоғары бөліністегі металлургия өнімін өндіру саласында Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында 25 шағын және орта кәсіпорындары құрылады.

Мынадай жобаларды іске асыру көзделіп отыр:

Қостанай облысы – ыстық брикетті темір – жылына 1,4 млн. тонна;

Қостанай облысы – сұрыптық прокат – жылына 75 млн. тонна;

Қостанай облысы – металл прокаты – жылына 450 мың тонн;

Жамбыл облысы – ферросиликомарганец – жылына 64,8 мың тонна;

Ақтөбе облысы – феррохром – жылына 440 мың тоннаға дейін;

Ақмола облысы – кен өндіру – жылына 8 млн. тонна, алтын өндіру – жылына 15 тонна;

Павлодар облысы – мыс концентратын өндіру – жылына 500 мың тонна;

Павлодар облысы – бастапқы алюминий өндіру – жылына 125 мың тонна;

Шығыс Қазақстан облысы – мыс концентратын өндіру – жылына 500 мың тонна, мыс балқыту өндірісі – 25 мың тонна;

Шығыс Қазақстан облысы – кеуекті титан өндіру – жылына 16 мың тонна;

Шығыс Қазақстан облысы – катод мысын өндіру – жылына 70 мың тонна.

Қарағанды облысы – болат өндіру – жылына 10 млн. тоннаға дейін;

Ақтөбе облысы – түйіршіктелген шойын – жылына 500 мың тонна;

Павлодар облысы – рельстер – жылына 100 мың тонна.

Бұл ретте жобалар портфелі осы саланың даму басымдықтары негізінде кейінірек өзгеруі мүмкін.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Энергия инфрақұрылымымен қамтамасыз ету

ГРЭС-2 (Екібастұз қ.) және ЖЭО (Павлодар қ.) жаңғырту және қуаттарын арттыру жүргізіледі.

Көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету

Мынадай станциялардағы темір жолдардың өткізу қабілетін арттыру мәселесі пысықталады: Ақсу-2 (Павлодар облысы), Дөң (Хромтау, Ақтөбе облысы), Жіңішке (Ақтөбе облысы).

 Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарындағы металлургия саласындағы 15 мамандық бойынша кадрлар тапшылығы ЖОО-да және ТжКБ-ның 10 оқу орнында мамандар даярлау есебінен өтеледі.

 Металлургия мен металл өңдеудің орташа техникалық буын мамандарын шығаратын кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қалпына келтіріледі және жұмыс орнында жеке жетекшілерді бекітіп, өндірістік кәсіпорындарда 3 ай мерзімге өндірістік тәжірибеден өту жүйесі енгізіледі.

Әкімшілік кедергілерді алып тастау

Қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі тау-кен жұмыстары жоспарын бекіту мәселесі жөнінде Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне өкілеттіліктер беру бөлігінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізіледі.

Қымбат бағалы металдарды және қымбат бағалы тастарды геологиялық зерттеу және барлау, оларды табу, өндіру, пайдалану мен айналымға шығару, сондай-ақ бағалы металдар мен тастардың сынықтары мен қалдықтарын дайындау саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру үшін бағалы металдар мен тастар туралы заң әзірленеді.

Техникалық регламенттерді енгізу

Техникалық реттеу саласын жетілдіру мақсатында металлургия саласында: металлургия мен металл өңдеу бойынша 4 техникалық регламент, халықаралық талаптармен үйлестірілген Қазақстан Республикасының 
311 мемлекеттік стандарты, оның ішінде зерттеу әдістеріне 162, өнімге 148, сондай-ақ менеджмент жүйесіне 1 стандарт  әзірлеу мен енгізу бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады. Қабылдауға ұсынылатын: металдарға – 156; металл материалдарына – 85; менеджмент жүйесіне – 1; металл материалдарын өлшеу және сынау әдістеріне – 58 стандарт бағытталатын болады. Бұдан басқа, металдар мен металдан жасалған бұйымдардың сапасын өлшеуді метрологиялық қамтамасыз ету үшін қаттылықтың жоғары дәлдікті шараларын өндіру мақсатында қаттылық шәкілдері бойынша мемлекеттік эталондарға жаңғырту жүргізу қажет.

Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу

Саланың ғылыми-техникалық дамуы мақсатында 2012 жылға қарай Шығыс Қазақстан облысында Металлургия және жоғары  технологиялар орталығының жанында тұрақты магниттер, көмірсутекті шикізатты өндіруге арналған катализаторлар, турбиналар күрекшесі, автокатализаторларды, кварц шикізаты, тантал, ниобий, бериллий, молибден, вольфрам негізінде дайын өнімді зерттеуге маманданған зертхана құру мәселесі пысықталады.

Кәсіпорындарға жүйелі мониторинг, металлургия мен металл өңдеу өнімдерінің қосылған құнын қалыптастыру процестерін талдау және бақылау жүргізіледі.

Бизнестің инновациялық белсенділігін арттыруға инновациялық гранттар: еңбек өнімділігін қазіргі деңгейден 20 %-ға және одан да жоғары арттыруды қамтамасыз ететін металлургия мен металл өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту үшін;  өндірістердің энергияны және ресурсты қажетсіну азайтуға, сондай-ақ жабдық лизингін жеңілдікті қаржыландыруға бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибе-консрукторлық жұмыстар (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) жүргізу үшін бөлінетін болады.

Тікелей инвестициялар үшін тартымды жағдай жасау

Корпоративтік табыс салығы бойынша салық салынатын базаны ҒЗТКЖ нәтижелерін енгізу шығыстарының 150 %-на қысқарту жолымен ҒЗТКЖ дамытуды ынталандыру.

Мемлекет қатысатын жобаларды іске асыру кезінде жергілікті қамтуды дамыту мақсатында осы жобаларды іске асыру үшін металл өнімін жеткізудің басым құқығын отандық өндіруші қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, металлургия мен металл өңдеудегі отандық өңдеушілердің шикізатты Қазақстан Республикасының тауар биржасы арқылы сатып алуға, ал ірі шикізат өндірушілердің шикізатты тауар биржасына квотамен жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндігі болады.

Осы саланың дамуын қолдау жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялардың және мемлекеттік органдардың сала кәсіпорындарының тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін басымдықпен сатып алуы жолымен жүзеге асырылатын болады.

Жоғары бөліністі өнім алу мақсатында ішкі нарықта металдар сатуды ынталандыру үшін шаралар қабылданады.

Шикізатты ел ішінде өңдеу мақсатында да кен және концентраттар экспортын ынталандырмау шаралары қабылданады.

Ресурстық қамтамасыз ету

Жұмыс істеп тұрған кен өндіру кәсіпорындарының шикізат базасы кеңейтіледі. Түсті металлургия үшін кен орындарын іздестіру мен барлауға ерекше көңіл бөлінеді. Шығыс, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы пайдалы қазбалардың стратегиялық түрлеріне барлау жасалады. Ресурстық базасы шектеулі отандық компанияларға шетелде кен активтерін сатып алу үшін жәрдем көрсетіледі.

Теңгерімделген, қиын байытылатын кендер мен концентраттарды және үйінділерді өндірудің тиімді технологиялары әзірленеді және енгізіледі, сондай-ақ қайталама шикізатты – қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтары пайдаланылады.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ кен металлургиясы  кешенінде жер қойнауын пайдалануға иеліктен шығарылатын құқықтарды сатып алу бөлігінде мемлекеттің мүддесін  қамтамасыз етеді және пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге және дайындауға қатысатын болады.

Химия өнеркәсібі

Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау

Әлемдегі химия өнеркәсібі өндірісінің жалпы көлемі шамамен 2 трлн. АҚШ долларын құрайды. Әлемдік өндірістегі қазақстандық өндірістің үлесі – 0,04%, елдің өнеркәсіптік өндірісінің көлемінде – 1,61%, елдің өңдеуші өнеркәсібінің көлемінде – 4,84%-ды құрайды.

2008 жылдың қорытындылары бойынша сала өнімі экспортының көлемі 101 млрд. теңгені немесе шамамен 0,84 млрд. АҚШ долларын, ал импорт –92 млрд. теңгені немесе 0,76 млрд. АҚШ долларын құрады.

Саланы дамытудың проблемаларына мыналар жатады: шикізатты өңдеу деңгейінің төмендігі; өнімнің халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеуі; саланың технологиялық және техникалық артта қалуы; негізгі қорлардың тозуы (80%-дан жоғары); негізгі қорларды жаңарту коэффициентінің төмендігі (жылына 1-1,5%); одан әрі бөлу өнімдерін өндіру үшін бірқатар базалық өндірістердің болмауы; білікті кадрлар тапшылығы.

Қазіргі уақытта бәсекеге қабілетті химия өндірістерін жобалау жөніндегі инжинирингтік қызметтердің (талдамалық зерттеулер, жобаалды, жобалық құжаттама, жабдықтарды, технологияларды жобалау, құрылысты бақылау, қызметті сүйемелдеу) толық кешенін жүзеге асыруға қабілетті инжинирингтік компаниялар жоқ екені рас.

Негізгі міндет

Қосылған құны жоғары жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған және инновациялық өнім шығаруға бағытталған химия өнеркәсібінің бәсекеге қабілетті басым өндірістерін дамыту.

Нысаналы индикаторлар

1. Химия өнімін өндіру көлемін 2 есеге ұлғайту.

2. Жоғары бөліністі химия өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Жоғары бөліністі химия өнімін өндіру мақсатында шикізатты кешенді өңдеуді мынадай бағыттар бойынша ұйымдастыру:

органикалық химия өнімдері: Атырау облысында жылына қуаты 800 мың тонна полиэтилен және жылына қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіруді,  сондай-ақ жоғары бөліністі өндірістерді ұйымдастыру («Мұнай химиясы» бөлімінде көзделген);

органикалық емес химия өнімдері: минералдық, оның ішінде: азот-фосфорлы тыңайтқыштар – жылына кемінде 1 млн. тонна, калий тыңайтқыштарын (оның ішінде хлорсыз) – жылына кемінде 250 мың тонна, кешенді тыңайтқыштар – жылына 200 мың тонна, мембраналық әдіс бойынша каустикалық сода – жылына кемінде 30 мың тонна шығару жөніндегі өндірісті, күкірт қышқылының өндірісін ұйымдастыру;

арнайы химикаттар мен тұтыну химиясы:  жарылғыш заттар – жылына кемінде 15 мың тонна, синтетикалық жуу заттары – жылына кемінде 60 мың тонна, биопрепараттар мен гуматтар – жылына кемінде 600 тонна, қышқылсыз технология бойынша құрамында фосфоры бар туктер – жылына кемінде 100 мың тонна шығаратын өндірістер ұйымдастыру.

Сол сияқты полимерлі конструкциялық материалдар, агрохимия заттары, антипирен, флотороагент, тұрмыстық химия, отынға арналған телімдер және құрылыс, химия, тоқыма өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, машина жасау мен экономиканың басқа салалары үшін басқа да шағын және орта тонналы жоғары технологиялық өнімдер өндірісі ұйымдастырылатын болады.

Мынадай жобаларды іске асыру көзделіп отыр:

мембраналық әдіс бойынша жылына 30 мың тонна каустикалық сода және өзге де өнімдер -  хлор, натрий гипохлоритін өндіру (Павлодар облысы);

күкірт қышқылын өндіру (Ақмола облысы)

жылына кемінде 1 млн. тонна азот-фосфорлы тыңайтқыштар өндіру, Үшбас және Герес кен орындары (Оңтүстік Қазақстан облысы);

жылына қуаты 650 мың тонна болатын кен байыту фабрикасын және күкірт қышқылы цехын салу (Жамбыл облысы).

Жобалардың көрсетілген тізбесі түпкілікті емес. Келесі кезекте саланы дамыту басымдықтарына сәйкес жобалардың қосымша портфелі қалыптастырылады.

Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жоғары бөліністі өнімдер өндіруін ұйымдастыру үшін мүмкіндік ашады, саланың ғылымды қажетсінуін ұлғайтуға, қолда бар ғылыми ізденістерді пайдалануға және сыртқы және ішкі нарықтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету

Оңтүстік Қазақстан облысында азот-фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауыты құрылысының жобасын энергетикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі  пысықталатын болады.

Жамбыл облысында кешенді минералды тыңайтқыштар өндіру зауытын,  Оңтүстік Қазақстан облысында азот-фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытын  салу жобаларын көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесі  пысықталатын болады.

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Химия өнеркәсібінің 12 мамандығы және  «Фармация» мамандығы  бойынша кадрларға деген қажеттілік  жоғары оқу орындарында және 13 ТжКБ оқу орындарында дайындау есебінен өтелетін болады.

Ақмола, Павлодар облыстарының оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылатын  болады.

Жергілікті жерлерде жеке басшыларды бекіте отырып, 3 ай мерзімде өндірістік кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өту жүйесі енгізіледі.  Осы жүйенің шеңберінде оқу орындарының кем дегенде 1000 маман-түлегі дайындалады.

Отандық химия кәсіпорындарының технологиялары, өткізу, жабдықтау бойынша менеджерлерін жетекші шетелдік химия компанияларында тағылымдамадан өткізу жөніндегі бағдарлама іске асырылады. Осы бағдарламаның шеңберінде кем дегенде 200 кадр дайындалады.

Әкімшілік кедергілерді алып тастау

Өндірісті реттеу мен прекурсорлар айналымының химия өнімінің құнын қалыптастыруға және  қажетті рұқсаттар алу уақытын үнемдеуге  әсерін  азайту мақсатында  осы саладағы  рәсімдер жеңілдетілетін болады.

Шетелдік инвесторлар – ірі жер қойнауын пайдаланушылармен ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде көмірсутек шикізаты мен мұнай өңдеу өнімдерін одан әрі қайта бөлудің отандық химия өндірістерінде пайдалану мақсатында оларды экономикалық қолайлы баға бойынша ішкі нарыққа сату мәселесі  пысықталатын болады.

Техникалық регламенттерді  енгізу

Халықаралық талаптарға сәйкес 9 техникалық регламент енгізіледі, 225 мемлекеттік стандарт әзірленіп, енгізіледі;  қазіргі заманғы әдістермен физика-химиялық, оптикалық-физикалық және микробиологиялық өлшемдер жүргізу үшін  хроматография мен  спектрометрияның үлесті электр өткізгіштігінің рН-метриясы жөніндегі мемлекеттік эталондар жаңғыртылады.

Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу

Еңбек өнімділігі мен өндірістің энергия тиімділігінің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді әзірлеу мен енгізуге гранттар бөлінеді.

Жаңа химия өнімдерін жасау, химия кәсіпорындарының технологиялық проблемаларын шешу, басқа сала кәсіпорындарында химия өнеркәсібін пайдалану бойынша қолданбалы ғылыми-зерттеу бағдарламалары іске асырылады.

Қызметі қазақстандық мамандар арасынан кемінде 30 білікті инженер даярлауға, өндірістерді жобалау жөніндегі қазіргі заманғы әдістемелер мен халықаралық стандарттар енгізуге, саланың инжинирингтік қызметтеріндегі қазақстандық қамтуды кемінде 40 %-ға дейін ұлғайтуға, сала кәсіпорындарының қызметін ғылыми-инжинирингтік сүйемелдеу жүйесін қалыптастыруға бағытталатын мамандандырылған инжинирингтік компания құрылатын болады.

Тікелей инвестициялар үшін тартымды жағдай жасау

«Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның «Біріккен химиялық компания» ЖШС химия өнеркәсібіндегі Бағдарламаны іске асырудың негізгі операторы болады және жер қойнауын пайдалануға арналған иеліктен айырылатын құқықтарды алу, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру мен әзірлеуге қатысу, халықаралық қаржы нарығында қажетті қарыз капиталын тартумен және стратегиялық инвесторларды іздеумен айналысу бөлігінде мемлекеттің мүддесін қамтамасыз етеді.

Республикалық  инвестициялық  жобаларды,  жоғары бөліністі өнімдер өндіру мақсатында отандық химия өндірістерінің өнімін тұтынатын шағын және орта бизнес кәсіпорындарына жеңілдетілген кредит беру ұйымдастырылатын болады  («ҚДБ» АҚ мен екінші деңгейдегі банктер – Бағдарламаның әріптестері арқылы):

Отандық өндірушілердің минералды тыңайтқыштарын тұтынуды ынталандыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді субсидиялау көлемдері ұлғайтылады; жаңа химия өндірісі өнімін қоса отырып мемлекет мұқтаждығы үшін отандық әлеуетті жеткізушілерден сатып алынатын тауарлар (қызметтер, жұмыстар) номенклатурасын кеңейту бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.

Сауда саясаты

Мемлекеттік тапсырыс нысанында қазақстандық химия өнімінің танымал имиджін қалыптастыру мақсатында химия кәсіпорындарына (жоғары бөліністі өнім экспорттаушыларға) мамандандырылған көрмелерге, отандық өнімдер брендингіне қатысу, интернет-ресурсты жасау және  шетелдерде тарату үшін баспа өнімдерін дайындау жөніндегі іс-шараларға арналған шығындарын лимитті өтеу көзделетін болады.

Химия өнімдерін экспорттауға лицензия алу рәсімі жеңілдетіледі, әрбір министрлікте  келісімдер беру мерзімі азайтылатын болады.

2011 – 2018 жылдар кезеңінде ЕО елдері аумағында сары фосфор  тасымалдау үшін цистерналардың жүрісіне арнайы рұқсаттар алу мәселесі (2011 жылдан бастап ЕО елдерінде оларға тыйым салынуына байланысты) шешілетін болады.

Ресурстық қамтамасыз ету

Химия өнеркәсібі үшін шикізат кен орындары бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Атом өнеркәсібі

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Қазақстанда әлемдегі экспортқа бағдарланған және бәсекеге қабілетті  атом саласын дамыту үшін барлық алғышарттар бар.

Оларға:

барланған уран запастарының едәуір санының және уранды өндіретін және уран өңдейтін дамыған өнеркәсіптің болуы;

 «Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «ҮМЗ» АҚ) отын құрамдауыштарын өндіру кәсіпорындарының және ядролық энергетикалық реакторлар үшін конструкциялық материалдардың болуы;

елде ядролық реакторларды пайдалану тәжірибесі бар жоғары білікті мамандардың болуы;

ядролық физика, физика және ядролық реакторлар техникасы, ядролық энергетикалық құрылғылар қауіпсіздігі саласында зерттеу жүргізетін зерттеу реакторларымен және бірегей электрофизикалық  құрылғылар мен стендтермен жарақтандырылған ғылыми кәсіпорындардың болуы.

Негізгі міндет

Әлемдік нарықта қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған, бәсекеге қабілетті өнім алу үшін толық ядролық отын тізбегі бар тігінен интеграцияланған кешен құру.

Нысаналы индикаторлар

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне сәйкес уран өндіру көлемін ұлғайту.

  2. Ядролық отын тізбегінің жаңа өндірістерін құру – қуаты 12 000 мың тонна уранның гексафторидін (UF6) өндіретін конверсиялық зауыт салу, Үлбі металлургия зауытында жылу бөлетін құрастырмалар шығару жөніндегі қуаты 400 тонна ядролық отын болатын зауыт салу.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Қазақстан Республикасы уранының минералды шикізат базасын тиімді пайдалану және ядролық отын тізбегінің кейінгі кезеңдерін дамыту мақсатында мыналар көзделеді:

1. Уран минералды шикізат базасын қалпына келтіру, сондай-ақ жаңа кеніштерді іске қосу мен көптеген елдер жоспарланып отырған жаңа АЭС ауқымды құрылысын жүргізу аясында өнімді өсіру мақсатында Шу-Сарысу және Сырдария уран кендері провинцияларының шеңберінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу.

    2010 жылдан бастап жұмыс істеп тұрған кеніштерде өндірістік қуаттарды кеңейту және жиынтық жобалық қуаты жылына шамамен 6 000 тонна уран болатын жаңа өндіру кешендерін пайдалануға беру жұмыстары жалғасады.

Уран өндіру көлемі уран нарығындағы жағдайға қарай Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.

Бұл ретте уран өндіру есептері Қазақстанда ядролық отын өндірудің кейінгі тізбектерінің  дамуына байланысты болады.

  2. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран конверсиясы бойынша қызмет көрсетуге қатысуы және озық конверсиялық технологияларға қол жеткізу арқылы ядролық отын тізбегінің осы кезеңіндегі өз тауашасын алуы.

Осы мақсатта Үлбі металлургия зауытының базасында Cameco канадалық компаниясымен біріге отырып өндірістік қуаты жылына 12 000 тонна уран гексофторидін (UF6) шығаратын конверсиондық зауыт құрылысының жобасын  іске асыру көзделуде (шамамен конверсия бойынша әлемдік қуаттардың 17%).

3. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның байыту қызметтерін көрсетуге қатысуы.

Байыту қуаттарына қол жеткізу міндетін шешу үшін Ресей Федерациясының аумағында Ангарск қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және  «Техснабэкспорт» ААҚ (Ресей Федерациясы) паритеттік негізде «Уран байыту орталығы» ЖАҚ бірлескен кәсіпорны құрылды. «УБО» ЖАҚ қызметі жылына 5 млн. ЕРР қуаты бар уран байыту зауытын салу мен пайдалануға беруге бағытталады.

4. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ядролық отынды дайындау бойынша қызмет көрсетуге қатысуы.

Жылу бөлетін құрастырмалар өндірісін құру және нарықтарда ядролық отын мен жылу бөлетін құрастырмаларды ілгерілету үшін 2008 жылы AREVA компаниясымен Үлбі металлургия зауытында жылу бөлетін құрастырмалар шығару жөніндегі қуаты 400 тонна ядролық отын болатын зауыт салу туралы келісімге қол қойылды. Осы өндірісте француз дизайнындағы және басқа өндірушілер дизайнындағы реакторлар үшін негізінен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің нарықтарына және өзіндік атом энергетикасының отынға қажеттілігін қамтамасыз ету арналған  құрастырмалар шығарылады.

5. Жоғары технологиялық жаңа жобаларды іске асыру.

«Ядролық технологиялар паркі» АҚ базасында ядролық технологиялар саласында жоғары технологиялық әзірлемелердің нарыққа ілгерілеуін және олардың өнеркәсіп өндірісіне енгізілуін, сондай-ақ жаңа ғылымды қажетсінетін өндірістердің дамуын қамтамасыз ететін қазіргі заманғы инфрақұрылым қалыптастырылады.

ЭЛВ-4 электрондарды өнеркәсіптік жеделдеткіш базасында көбікті полиэтилен және судан қорғағыш шатыр материалын өндіру бойынша технологиялық желілерді іске қосу жүзеге асырылды, радиациялық технологиялар кешеніне кіретін және медициналық бұйымдар мен препараттарды стерилдеуге, дәрілік препараттарды синтездеуге арналған ИЛУ-10 өнеркәсіптік жеделдеткіш базасында радиациялық стерилдеу корпусының құрылысы бойынша жұмыстар басталды.

Мынадай жобаларды іске асыру көзделіп отыр: мұнай және газ құбырлары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа арналған жылу сақтау манжеттері мен желілер өндіру, мұнай-газ жабдығын радиобелсенді ластанудан тазалау және белсенді етпеу жөніндегі ұтқыр кешен, темір жол көлігіне арналған автокөлік жабдығының өндірісі, тұрпатты сорғы қондырғыларын енгізу.

Тігінен интеграцияланған атом-өнеркәсіптік кешенді қалыптастыруға бағытталған жобалардан басқа, энергетиканың балама және аралас бағыттарын және салаларын дамытуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялы жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

1.2 Ішкі сұраныс негізінде салаларды дамыту

Экономиканы «дәстүрлі индустрияларда» қарқынды дамыту, қазақстандық қамтуды дамыту экономиканың жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен мемлекеттің сұранысына негізделген секторларын, ең алдымен машина жасауды, құрылыс индустриясын және фармацевтика өнеркәсібін дамыту үшін ынталандыру шарасы болады.

Бұл ретте ішкі сұранысты қамтамасыз етуден отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндіріс факторлары өнімділігінің өсуі, инновациялық технологиялар енгізу есебінен олардың экспорттық әлеуетін өсіруге кезең-кезеңімен көшу осы салаларды дамыту стратегиясы болады.

Машина жасау

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Машина жасау кешеніне 13 кіші сала кіреді: темір жол, мұнай-газ, кен-шахта және металлургия, автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы, электр жабдығы және т.б. Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі машина жасау кешені өнімінің үлесі 1990 жылы 15,9%-дан 2008 жылы 2,9%-ға төмендеді. 2008 жылы нарық  сыйымдылығы 16 663 млн. долларды құрады, оның ішінде негізгі үлесті 15 475 млн. доллар импорт құрайды, бұл тауар импортының жалпы құрылымында 41%  құрайды.

Саланы дамытудың негізгі проблемалары: кәсіпорындардың технологиялық артта қалуы; өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі; әлемдік өндірушілермен байланыстың болмауы; конструкторлық құжаттамаға қолжетімділік; инвестиция көлемінің аз болуы; зауытаралық кооперацияның болмауы; жабдықтың тозу деңгейінің жоғары болуы (43-80 %); білікті кадрлардың тапшылығы; машина жасау өнімінің сатудан кейінгі сервисі деңгейінің төмен болуы.

Мұнай-газдағы, кен шахтасындағы және металлургия машиналарын жасаудағы проблемалар: машина жасау кәсіпорындарының жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуының перспективалы жоспарлары, техникалық қайта жарақтану жоспарлары, кен орындары, өңірлер бөлінісінде мұнай-газ машиналарын жасау өнімдерінде қажеттілік, өнім импорты бойынша жоспарлар туралы хабардар болмауы болып табылады.

Ауыл шаруашылығы машинасын жасаудағы проблемалар: импортталатын құрамдас бөліктер мен материалдарды пайдалану; ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің төлем қабілеттілік сұранысының төмендігі; кредиттік ресурстарға қол жеткізудің қиындығы; отандық машина жасау өнімін өндіруді лизингтік компаниялардың қаржыландыру мүмкіндігінің заңнамалық шектелуі болып табылады.

Көлік  машинасын жасаудағы проблемалар: ірі габаритті құймалардың болмауы, импортталатын құрамдас бөліктер мен материалдарды пайдалану болып табылады.

Мыналар  қорғаныс өнеркәсібіндегі проблемалар болып табылады: ғылыми зерттеулердің мүлдем болмауы;  өндірістің толық циклінің жоқтығы (негізінен жинақтауыштары шығарылады); басты тұтынушылар – Қазақстанның Қарулы Күштерімен,  басқа да әскерлерімен және әскери құрылымдарымен тиімді өзара қарым-қатынастың жоқтығы; әлеуетті тұтынушылар (негізінен Қазақстанның әскери өнімдері ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерді ғана қызықтыра алады) санының шектеулі болуы; өндіріс рентабельдігінің төмендігі, мемлекеттің жеткіліксіз қаржыландыруы.

Негізгі міндет

Ішкі нарықтың қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру және қосылған құны жоғары түпкі өнім өндіруді ұлғайту есебінен экспортты кеңейту.

Нысаналы индикаторлар

1. Жалпы қосылған құнды 74%-ға өсіру;

2.  Саладағы еңбек өнімділігін бір адамға шаққанда жылына 52 мың долларға дейін ұлғайту.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Шығарылатын ассортиментті кеңейту жөніндегі икемді өндірістер құру мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және машина жасау өнімінің жаңа түрлерін игеру.

 Бөлшектер мен құрамдас бөліктер өндірісін игеру арқылы жергіліктендіру деңгейін ұлғайта отырып, ірі құрастыру өндірістерін ұйымдастыру.

Қосылған құны жоғары машина жасау өнімін өндіру бойынша қазіргі заманғы жаңа кәсіпорындар құру.

Көлік машинасын жасауда  2014 жылға қарай жергіліктендіру деңгейін 30%-ға дейін жеткізе отырып, жеңіл автомобильдер мен құрамдас бөліктерді құрастырып өндіру ұйымдастырылады. Жылына 200 бірлік көлемінде жол-құрылыс техникасын өндіру жолға қойылады.  Темір жол машинасын жасауда локомотивтер, жүк вагондарын жасау ұлғаяды. Қуаты жылына 1200 бірлікке дейінгі мамандандырылған платформа, жылына 5000 бірлік темір жол арбасын, жылына 4000 бірлік хоппер-вагон өндіру игеріледі. Темір жол машинасын жасаудың мұқтажы үшін жылдық шығару көлемі 30 мың тонна болатын ірі габаритті құйма өндіру ұйымдастырылады.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда 2014 жылға қарай өнім шығару 2 есеге, оның ішінде комбайн жасау жылына 800 бірлікке дейін ұлғаятын болады, жылына 1 мың бірлік көлемінде трактор құрастырып шығару және аспалы жабдық жасау ұйымдастырылады. Елдің ірі облыстарында ауыл шаруашылығы техникасын сату және қызмет көрсету бойынша тоғыз сауда-сервистік орталықтан тұратын желі құрылады.

Мұнай-газ машиналарын жасауда 2014 жылға қарай отандық өнім үлесін 22%-ға арттырып өнім шығару 2,5 есеге артады. Құбыр арматурасы, сұйықтық сорғыштары мен ұтқыр бұрғылау қондырғылары өндірісі дамиды, жылына 8 бірлік газ айдайтын агрегат және жылына 6 бірлік газ-турбина электр станциясын өндіру игеріледі. Газ-құбыр қондырғылары мен жабдығын жөндеу мен сервистік қызмет көрсету жөніндегі зауыт іске қосылады.

Кен машиналарын жасауда 2014 жылға қарай өнім шығару көлемі прокатты орнақ, рольганг, шахталық гидробағандар, гидрожылжытқыштар өндірісін дамыта отырып, гидравликалық және пневматикалық перфораторлар, өздігінен жүретін бұрғылау және тиеу-көлік жабдығын игере отырып, 2,7 есе артады.

Электр техникалық машиналарын жасауда 2014 жылға қарай өнім шығару 1,7 есеге артады. Аккумулятор, трансформатор және оқшаулағышпен оралған сым жасау артып, қуаты 220 вольт және одан да жоғары трансформаторлар шығару игеріледі.

Мынандай инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр:

Локомотив құрастыру зауыты, Астана қ. – жылына 100 локомотив және  Астана қаласының АЭА аумағында бөлшектер мен құрамдас бөліктер өндіру.

Автомобиль құрастырып шығару, Шығыс Қазақстан облысы – жылына 120 000 автомобиль және бөлшектер мен құрамдас бөліктер шығару жөніндегі технопарк.

Комбайн құрастырып шығару – жылына  800 бірлік, жол-құрылыс техникасы – жылына 200 бірлік және  автобус – жылына 300 бірлік, Қостанай облысында, бөлшектер мен құрамдас бөліктер шығару.

Магистральды электровоздар құрастырып шығару, Ақмола облысы – жылына 50 электровоз және бөлшектер мен құрамдас бөліктер шығару жөніндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту.

Қорғаныс өнеркәсібінде 2014 жылға қарай қазіргі бар проблемаларды шешуге және республиканың мемлекеттік қорғаныс тапсырысындағы  қазақстандық қамтудың үлесін барынша ұлғайту үшін  нақты әлеует құруға бағытталған  бағдарламалық шаралар іске асырылатын болады. 

Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарын дамытудың негізгі бағыттары  мемлекеттің Әскери ұйымының әскери мақсаттағы тауарларына деген барынша перспективалы қажеттіліктермен айқындалатын болады. 

Мемлекеттік органдар мен қорғаныс кәсіпорындары қазақстандық әскери мақсаттағы өнімдердің экспортын ұлғайту жөнінде  тиімді, келісілген шаралар қабылдайтын болады.

Мемлекет пен қорғаныс кешенінің қорғаныс өндірісі саласындағы  ғылыми-зерттеу жұмыстарының саны мен сапасын  ұлғайтуға бағытталған  өзара іс-қимылы жанданатын болады.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету

Өскемен қаласының сол жақ жағалауында автозауыт құрылысын және автоқұрамдауыштар өндіру жөніндегі технопаркті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету мәселелері  пысықталады.

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Машина жасау саласы үшін 16 мамандық бойынша кадрларға деген қажеттілік жоғары оқу орындарында және Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында 19 ТжКБ оқу орнында кадрлар даярлау есебінен өтелетін болады.

2012 жылы Өскемен қаласында 700 оқушы орынға арналған машина жасау саласы үшін Өңіраралық кадрларды даярлау және қайта даярлау  жөніндегі орталық салу басталады.

Жергілікті жерлерде жеке басшыларды бекіте отырып, 3 ай мерзімге  өндірістік кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өту жүйесі енгізілетін болады.

Дамыған елдердің алдыңғы қатарлы машина жасау кәсіпорындарында басқару кадрларының біліктілігін арттыру бағдарламасын бірлесіп қаржыландыру қамтамасыз етіледі.

Өз қызметін ел аумағында жүзеге асыратын шетелдік инжинирингтік компаниялар үшін (жылына персонал санының кемінде 30 %) қазақстандық кадрларды оқыту және біліктілігін арттыру мақсатында компаниялардың жанында оқу орталығының болуы жөніндегі  міндетті талаптар енгізіледі.

Техникалық регламентерді енгізу

Автокөлік құралдарының; объектілерді қорғау үшін өрт техникасының; желдету жүйелерінің, төмен вольтті жабдықтардың; ауыл шаруашылығы және ағаш дайындау тракторларының, тіркемелері мен машиналарының; мұнай-газ кәсіпшілігінің; бұрғылау, геологиялық барлау және геофизикалық жабдықтардың; стационарлық компрессорлық тоңазыту қондырғыларының; ауыл шаруашылығы шикізатын және өсімдік шаруашылығы өнімін өңдеу жабдығының; ауыл шаруашылығы шикізатын және мал шаруашылығы өнімін өңдеу жабдығының, су жылытатын және бу қазандарының, шахтаға көтеру қондырғыларының; қысыммен жұмыс істейтін жабдықтың; лифтілердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бойынша 14 техникалық регламент және 169 мемлекеттік стандарт әзірленеді және енгізілетін болады (оның ішінде сынақ әдістеріне – 98, өнімге – 80 және менеджмент жүйесіне – 7).

Машина жасау өнімін өндіруді метрологиялық қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігі мен сапасын бақылау үшін геометриялық шама мен физика-химиялық өлшемдердің мемлекеттік эталондары жетілдіріледі.

Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу

Сегменттер бойынша кәсіпорындардың қажеттіліктеріне қызмет көрсету үшін 5 конструкторлық – ауыл шаруашылығы, электр техникалық, кен, көлік және мұнай-газ машиналарын жасау бюросын құру.

Машина жасау кәсіпорындарының негізгі қорларын жаңарту және технологиялық қайта жарақтандыру үшін жеңілдікті шартпен жабдықтар лизингі ұйымдастырылады.

Корпоративтік табыс салығы бойынша салық салынатын базаны ҒЗТКЖ бойынша нәтижелерді енгізу шығыстарының 150 %-на қысқарту жолымен ҒЗТКЖ дамытуды ынталандыру.

Тікелей инвестициялар үшін тартымды жағдай жасау

Лизингтік компанияларға өндірісті қаржыландыру кезінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өтінімдерді болмаса да, лизингке одан әрі  беру үшін ауыл шаруашылығы техникасын отандық өндірушілерден сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік беру.

Осы саланың дамуын қолдау жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялардың және мемлекеттік органдардың сала кәсіпорындарының тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін басымдықпен сатып алуы жолымен жүзеге асырылатын болады.

Ауыл шаруашылығы техникасына ішкі сұраныс «ҚазАгроҚаржы» АҚ базасында отандық өндірістің техникасын жеңілдік шартпен лизингке сатып алу есебінен қамтамасыз етіледі.

Отандық машина жасау өніміне ішкі сұраныс отандық машина жасау өнімін сатып алуға арналған кредиттер бойынша сыйақының бір бөлігін өтеу тетігін пысықтау арқылы қамтамасыз етіледі.

Автомобиль машинасын жасау өніміне атқарушы биліктің мемлекеттік органдары, олардың аумақтық органдары мен ведомстволық бағыныстағы мекемелер үшін автомобиль техникасын сатып алу мәселесі пысықталады.

Сауда саясаты

Қазақстандық машина жасау өнімдерін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ауғанстан нарықтарына ілгерілету.

Қазақстандық машина жасау өнімінің экспортын ілгерілету үшін қаржылық ынталандыру жасау.

Фармацевтика өнеркәсібі

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Қазіргі уақытта Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығының жалпы көлемінде отандық өндіріс үлесі нақты мәнде 30 %-дан және ақшалай мәнде 10 %-дан аспайды.

Соңғы онжылдықта фармацевтикаөнімінің қазақстандық нарығының көлемі едәуір өсті, ол 1999 жылдан бастап жыл сайын 10%-ға ұлғайды. 2000 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасында фармацевтика өнімдерін өндіру 84,7 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл өнеркәсіп өндірісі көлемінің кемінде 0,13 %-ын және өңдеу өнеркәсібі көлемінің 0,4 %-ын құрайды.

2009 жыл бойы Қазақстанда дәрі-дәрмек заттары импортының көлемі шамамен 816,9 млн. АҚШ долларын, ал өнімді экспорттау – 17,8 млн. АҚШ долларын құрады.

Саланы дамытудың проблемаларына мыналарды жатқызуға болады: GMP стандарттарына сәйкес жұмыс істеуге дайындалған білікті кадрлардың тапшылығы; секторға түсетін инвестициялардың шектелген көлемі; кепілдендірілген өткізу нарықтарының болмауы; GMP стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін өндірістік қуаттардың, отандық субстанцияларды  өндірудің болмауы.

Дәрі-дәрмек шығаруды шартты түрде үш топқа бөлуге болады: түпнұсқалық (патентпен қорғалған) дәрілер, дженерик препараттары, субстанцияларды жасау.

Қазіргі уақытта дженерик нарығы Қазақстанда дәрі-дәрмекті тұтынудың негізгі үлесінің шамамен 85 %-ын құрайды, ал  түпнұсқалық препараттар 15 %-дан аспайды. 2010 – 2014 жылдары елдегі фармацевтика өнеркәсібі дамуының анағұрлым перспективалы бағыттары дженерик препараттары өндірісін ұйымдастыру, сондай-ақ GMP халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес қолданыстағы және жаңадан енгізілген қуаттарды жаңғырту болады. 

Негізгі міндет

Жоғары сапалы дәрілік заттар шығарудың отандық өндірісін ұлғайту есебінен ұлт денсаулығы мен елдің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Нысаналы индикаторлар

2014 жылдың аяғына қарай отандық дәрі-дәрмек құралдарының үлесін ішкі нарықта нақты мәнде 30 %-дан 50 %-ға дейін жеткізу.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Саланы дамыту шеңберінде қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және  жаңа фармацевтикалық кәсіпорындар салу жүзеге асырылады.

Жылына қуаты 18 млрд. бірліктен астам қатты дәрілік нысандар (таблеткалар, капсула, драже), инфузиялық ерітінділер – жылына 16 млн. бірлік; ампулалар – жылына 285 млн. дана, жұмсақ дәрі түрлері – жылына 30 тонна; бір рет пайдаланылатын медициналық киім – жылына 4,9 млн., субстанциялар мен химиялық шикізат – жылына 60 тонна, шприцтер – жылына 408 млн. бірлік, қауіпсіз кәдеге жаратуға арналған контейнерлер – жылына 698 мың. бірлік; жаңа рентген техникасы – жылына 350 бірлік, сондай-ақ құю, вакцина, инсулин және қан препараттары, басқа өнім үшін бір рет пайдаланылатын жүйелерді шығаратын жаңа өндірістер құрылады.

Отандық синтетикалық субстанцияларды шығаратын өндірістерді құру жөніндегі мәселелер пысықталатын болады.

Мынадай инвестициялық жобаларды  іске асыру жоспарланып отыр:

Астана қаласында қатты дәрі түріндегі (таблеткалар, капсула, драже) мен ұнтақ антибиотиктер шығаратын фармацевтика зауытын салу;

Шымкент қаласындағы ампулалық-инфузиялық ерітінділерді шығару  жөніндегі қолданыстағы өндірістерді GMP  стандарттарына сәйкес кеңейту және жаңғырту.

Медициналық препараттар зауытының (Павлодар қаласы) өндірістік базасын GMP стандарттарына сәйкестендіру, сондай-ақ ампула, биоөнімдер, вакциналар, сарысу мен антибиотиктер шығару жөніндегі жаңа желілерді іске қосу.

GMP  стандарттарын енгізу,  Павлодар  облысында кремдер мен белсенді ингредиенттердің жаңа өндірісін іске қосу.

Медициналық бұйымдар зауытында шприцтер шығаруды арттыру, инфузиялық жүйелер мен медициналық қалдықтар үшін контейнерлер өндірісін қалпына келтіру.

Стандарттарға сәйкес қолданыстағы кәсіпорында таблетка түріндегі антибиотиктер шығарылымын ұлғайту.

Алматы облысында инъекциялық ерітінділер, таблеткалар, капсулалар, «жұмсақ» дәрі түрлері мен сироптар шығаратын GMP стандарттарына сай жаңа зауыт салу.

Алматы облысында таблеткалар, капсулалар және флакондар шығаратын GMP стандарттарына сай зауыт салу.

Талап етілетін стандарттарға сәйкес келтіру мақсатында қолда бар өндірістік базаны жаңғырту және кеңейту, сондай-ақ персоналды GE Healthcare  өндірісінің жабдығымен жұмыс жасауға үйрету және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Қажетті стандарттармен сәйкестендіру үшін қолда бар өндірістік базаны жетілдіру және кеңейту, сонымен қатар персоналды GE Healthcare  өндірісінің жабдығымен жұмыс жасауға үйрету және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Инфузиялық ерітінділерді құю үшін бір рет пайдаланылатын жүйелерді шығару зауытын салу.

Көрсетілген тізілім түпкілікті емес. Келесі кезеңде саланың даму  басымдықтарына сәйкес жобалардың қосымша портфелі қалыптастырылады.

Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру отандық өндірісті 600 атауға дейін (1200-дің ішінде) кеңейту міндетін шешуге мүмкіндік жасайды, бұл заттай мәнде дәрілердің түр-түрін 50 %-ға жабуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алу

Бірыңғай дистрибьютор «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның «СК Фармация» ЖШС арқылы отандық фармацевтика өнімін өндірушілерден дәрілік заттарды ұзақ мерзімді мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылатын болады, ол осы саладағы өткізу мәселесін ішінара шешеді. Бұл ретте фармацевтика өнімінің  ішкі нарығы құрылымындағы мемлекеттік сатып алу үлесі 45 – 50 %-ға дейін ұлғаяды.

Кәсіпорын инвестицияларды міндетті түрде өндірісті жаңғыртуға және өнімділікті арттыруға  салу шартымен мемлекеттік сатып алуға арналған ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасатын болады.

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Кәсіпорындарда жұмыс істеу үшін:

GMP стандарттарына сәйкес 2011 – 2014 жылдары фармацевтика өнеркәсібінде кем дегенде 400 маман;

еуропалық стандарттарға сәйкес ИСО 13485 сапа стандарттарна сәйкес 2011 жылы медицина өнеркәсібіне  шамамен 80 маман даярланатын болады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының фармацевтика және медициналық өнеркәсібіне жетекшілік жасайтын қызметкерлердің біліктілігін арттыру қамтамасыз етіледі.

Әкімшілік кедергілерді алып тастау

Тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемінің шеңберінде медициналық ұйымдардың дәрі-дәрмек формулярларының басымдықтарын қайта қарау: пациенттердің шектеулі тобын қымбат тұратын емдеудің орнына дәлелді медицина деректерінің болмауынан дәрілік құралдарды сатып алуды азайту арқылы жалпыға бірдей және тиімді емдеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ препараттарды баламалы алмастыру және отандық дженериктерге ауысу жүйесін енгізу.

Техникалық регламенттерді енгізу

2014 жылдың аяғына дейін республиканың ірі және орта фармацевтика және медицина өнеркәсібі кәсіпорындарында халықаралық GMP «Тиісті өндірістік практика» ИСО 13485 сапа стандарттары және өндіріс пен медициналық жабдықтауды пайдалануға арналған еуропалық медициналық стандарттар енгізілетін  болады.

Тікелей инвестицияларға тартымды жағдай жасау

Кәсіпорындардың халықаралық стандарттарды (GMP)  және 93/42/ЕЕС директивасына сәйкес еуропалық медициналық стандарттарды енгізу бойынша жұмсалған шығындарды КПС бойынша салық салынатын базадан шығару коэффициентін 150 %-ға арттыру бөлігінде салық заңнамасына өзгерістер енгізіледі.

Дәрілік заттарды, медициналық жабдықты және медициналық мақсаттағы бұйымдарды отандық өндірушілерден мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын бірыңғай дистрибьютор арқылы ұзақ мерзімді шарттар жасау жолымен жүргізіледі.

Сауда саясаты

Кеден одағы шеңберінде:

Қазақстан Республикасында өндірілетін дәрілік құралдарға, медициналық жабдықтарға және медициналық мақсаттағы бұйымдарға арналған және медициналық жабдықтау, қосалқы станциялар, сондай-ақ дәрілік құралдарды жасауға арналған басқа да қосалқы заттарды  шығаратын өндірушілер үшін жабдықтаушы бөлшектерді  әкелу жөніндегі заңнамалық базаны Еуропалық Одақпен ұқсас үйлестіру жүргізіледі;

тиісті өндірістік практика (GMP) және 93/42/ЕЕС еуропалық медициналық стандарттарға сәйкес келетін отандық өндірушілердің дәрілік құралдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды тіркеу куәліктерін өзара тану қамтамасыз етілетін болады.

Құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Қазақстандағы құрылыс көлемі 2005 және 2006 жылдары  60 %  деңгейіне жетіп, 2000 жылдан бастап шапшаң қарқынмен өсті. Әлемдік қаржы дағдарысының әсері құрылыстың  өсу қарқынының күрт баяулауына алып келді.

2000 жылдан бастап құрылыс материалдары бағасының өсуі құрылыс материалдарына өсе түскен тапшылыққа негізделеді, ол импорттың өсуіне алып келді. 2008 жылы құрылыс материалдары нарығындағы импорттың үлесі 46,7 %-ды құрады.

Қазақстандағы құрылыс материалдары өндірісінің өсуін бірқатар проблемалар тежеді: Қазақстанда негізінен қайта бөлінуі төмен өнім  өндіріледі; өнімнің көптеген түрлері өндірілмейді; негізгі құралдардың тозу деңгейі айтарлықтай жоғары; еңбек өнімділігі төмен; құрылыс материалдарының өндірісі Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған (өндіріс көлемінің 60%-дан астамы олардың үлесіне келеді).

Саланың дамуына қажетті шикізат базасының болуына қарамастан,  Қазақстанда негізінен цемент пен кірпіш өндірісі дамыды. 2006 – 2007 жылдары пайдаланатын цементтің 30%-ына дейін импортталды, бірақ отандық зауыттар қуатының өсуі цемент импортынан бас тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шыңдалған шыны өндірісі мүлдем жоқ, ал шыныдан жасалған дайын бұйымдардың көпшілігі импортталады. Қыш өндірісі  бай шикізат базасының болуына қарамастан, жақында ғана дами бастады (қолдануға жарамды бетонитті саздың 29 кен орны). Өнімнің басым бөлігі Түркиядан, Қытайдан және Италиядан импортталады.

Қазақстандағы өңдеу материалдарының нарығында импорт өнімі басым болып келеді:

соңғы уақытта импортты линолеум нарықта  толығымен басымдыққа ие болды (99%-дан астам);

орман ресурстарының шектеулігі мен қазіргі заманғы өндірістердің болмауы фанера мен ағаш талшықты тақталардан бұйымдар жасау нарығындағы импорттың басымдығына алып келді;

тұсқағаз нарығында импорт өнімі 73%-ды құрайды, бұл ретте елдегі тұсқағаздар өндірісі белсенді дамуда. Отандық өндірушілер нарығының үлесі тұсқағаздар импортына салынатын кедендік баждарға тікелей тәуелді.

Қазақстандағы құрылыс материалдары саласының дамуын тежейтін түйінді мәселелерге мыналарды  жатқызуға болады:

техникалық реттеу және мемлекеттік нормалау жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуі және баға белгілеу принциптерінің ескіруі;

өндірістің технологиялық деңгейінің төмендігі және еңбек өнімділігі деңгейінің төмендігі.

Негізгі міндет

  Отандық құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкциялары өндірісін ұлғайту және қосылған құны жоғары өнімді шығару есебінен ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыру

Нысаналы индикаторлар

  Құрылыс индустриясындағы жалпы қосылған құнды кемінде 76%-ға ұлғайту және ішкі нарықтың құрылыс материалдарына қажеттілігін 80%-дан артық қанағаттандыру.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Құрылыс индустриясын дамытудағы мемлекеттік саясат бәсекеге қабілетті, энергияны үнемдейтін құрылыс материалдары, қосылған құны жоғары бұйымдар мен конструкциялар өндірісін инновациялық негізде дамытуға сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, құрылыс өнімі сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталатын болады.

Саланы дамыту шеңберінде ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және экспорт мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыс істеп тұрған өндірістерді жетілдіру және жаңа өндірістерді салу жүзеге асырылады:

цемент өндірісінде2014 жылға қарай 5 жұмыс істеп тұрған және 4 жаңа кәсіпорында цемент шығару жылына 13,5 млн. тоннаға дейін жететін болады (Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында),  Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында жалпы қуаты жылына 2,1 млн. тонна 5 клинкерлік цемент терминалы салынады, жұмыс істеп тұрған цемент зауытына техникалық қайта жарақтандыру жүргізіліп, негізгі құралдардың тозу деңгейі 30%-ға дейін қысқартылады;

  қыш өндірісінде2014 жылға қарай қыш тақтайшалар шығару жылына 13 млн. м2 дейін жеткізіледі, Ақтөбе, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жылына 1 млн. данаға дейін сантехникалық қыш өндіру қамтамасыз етіледі, жылына қуаты 200 мың тонна саз өңдейтін байыту комбинаты салынады.

Шыны өндірісінде жылына қуаты 140 мың тоннаға дейін өнім шығаратын шыңдалған шыны зауытының құрылысы басталатын болады;

индустриялық құрылыста2014 жылға қарай Ақтөбе, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жалпы қуаты жылына 3 млн. м2 13 тұрғын үй индустриялық құрылыс комбинаты салынатын болады. Индустриялық құрылыс комбинаты олардан энергияны енжар тұтынатын үйлер салу ұйымдастырылатын бұйымдар мен конструкциялар жасау жөніндегі  қызмет көрсетуді ұсынады.

Индустриялық құрылыс комбинаттарының төңірегінде құрылыс материалдарын (терезелер мен есіктер, ламинат, линолеум және басқалары) өндіретін және қызмет көрсететін (жобалау-іздестіру, дизайнерлік, әрлеу және басқалары) кемінде 130 шағын және орта кәсіпорынды дамыту үшін жағдай жасалатын болады.

Мынадай түйінді жобаларды іске асыру және олардың төңірегінде өнім берушілердің желісін қалыптастыру жоспарланып отыр:

Жамбыл облысы – цемент зауытын салу – жылына 1100 мың тонна.

Ақмола облысы – цемент зауытын салу – жылына 552 мың тонна.

Шығыс Қазақстан облысы – «құрғақ тәсілмен» цемент зауытын  салу – жылына 1000 мың тонна.

Маңғыстау облысы – «құрғақ тәсілмен» цемент зауытын салу – жылына 2000 мың тонна.

Мемлекеттік қолдаудың секторлық және жобалық шаралары

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Жергілікті жерлерде жеке басшыларды бекіте отырып, орта және жоғары кәсіптік оқу орындары түлектерінің 3 ай мерзімге  өндіріс кәсіпорындарында өндірістік практикадан өту жүйесі  енгізілетін болады.

10 мамандық бойынша кадрларға деген қажеттілік жоғары оқу орындарында және 139 ТжКБ оқу орнында мамандар даярлау есебінен қанағаттандырылатын болады.

Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының  оқу орындарында  құрылыс индустриясы үшін  жаңа мамандықтар ашылатын болады.

Техникалық реттеуді жетілдіру

Мынадай бөліктерде техникалық реттеу саласына өзгерістер енгізілетін болады:

төмендегі бағыттар бойынша 405 мемлекеттік стандарт әзірленеді және  енгізіледі: құрылыс материалдары – 242; бетон, темір-бетон, ағаш конструкциясы – 51; құрылыс жабдығы – 19; электрмен жабдықтау және электр құрылғылары – 48; жол құрылысы – 8; менеджмент жүйесі – 6; ғимараттар мен құрылыстарды жобалау – 31;

жылу өткізгіштік пен температуралық шамалардың мемлекеттік эталондарын техникалық регламенттерге сәйкес жаңғырту, сондай-ақ Кеден  одағы шеңберінде стандарттар мен техникалық регламенттерді 80 %-ға дейін  үйлестіру.

Қазақстан Республикасының құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесін  реформалау жүзеге асырылатын болады.

Жаңа сметалық-нормативтік база әзірленеді.

Республикалық деңгейде Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жасалады.

Құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесін реформалауды ғылыми қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне ведомстволық бағыныстағы ғылыми құрылымдар айқындалатын және күшейтілетін болады.

Қауіпсіздікті және олардың пайдалану мерзімін арттыру, қажетті жөндеу жұмыстарының көлемін азайту мақсатында құрылыс саласындағы (оның ішінде өнеркәсіп, жол құрылысы және басқа да инфрақұрылым құрылысы) жауапкершілікті күшейту және стандарттар мен техникалық регламенттерді сақтау жөніндегі заңнамалық актілер қайта қаралатын және оларға өзгерістер енгізілетін болады.

Осы мақсатта мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау жүйесі  нығайтылатын болады.

Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға  жәрдемдесу

Бизнестің инновациялық белсенділігін арттыру үшін:

негізгі қорларды жаңғырту үшін даму институттарына жеңілдікті шарттар бойынша қаржы лизингін беруге қаражат бөлінетін болады;

басым бағыттар бойынша инновацияларды енгізу үшін жыл сайын гранттар бөлінеді (энергия үнемдеу материалдары, құрылыс материалдарын өндіруде сабақтас салалар қалдықтарын пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу, тез салынатын, «жасыл» және «энергияға енжар» үйлер технологияларының трансферті).

Саланың ғылыми-техникалық дамуы мақсатында тұрғын үй құрылысы саласында жаңа технологияларды әзірлеуге бағытталған ғылыми зерттеулердің дамуы  қамтамасыз етілетін болады.

Тікелей инвестицияларға тартымды жағдай жасау

Ресурс үнемдейтін және энергия жағынан тиімді құрылыс материалдары мен конструкцияларын өндірушілер үшін, сондай-ақ индустриялы құрылыс комбинаттарының жанынан құрылған шағын және орта бизнес субъектілерін дамыту үшін оларға жеңілдетілген жағдайда кредит беру ұсынылатын болады.

Отандық құрылыс материалдары мен тұрғын үй құрылысын дамытуға сұранысты қолдау мақсатында мыналар қамтамасыз етіледі:

тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау, тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ тұрғын үйді кредиттік және мемлекеттік жалға беруді бюджеттен қаржыландырудың жалғасуы;

энергия жағынан тиімді материалдар мен технологияларды пайдалана отырып, көпқабатты және азқабатты тұрғын үй құрылысы үшін үлгі жобалардың топтамасын әзірлеу;

жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында сертификатталған  құрылыс материалдарына  кредит беру жүйесін әзірлеу.

 Жергілікті қамтуды дамыту мақсатында импорттық құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларды негізсіз (бағасы, сапасы) қолдануға жол бермеу және мемлекеттік қабылдау комиссияларының құрамына кәсіптік құрылысшы қоғамдық ұйымдарының (өздігінен реттелетін ұйымдар) өкілдерін енгізу арқылы техникалық регламенттерді сақтау жөніндегі  қызмет жүзеге асырылатын болады.

Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиялау жүйесіне өзгерістер енгізілетін болады. Қызметтің лицензияланатын түрлері қысқартылатын және  оңтайландырылатын болады, лицензиялау жүйесіне мемлекеттік органдардың құрылыс нарығы субъектілерінің қызметіне араласуын қысқартуға мүмкіндік беретін тәуелсіз аудит енгізілетін болады. Берілетін лицензиялар құрылыс объектісінің техникалық күрделілігіне, лицензиаттың жұмыс тәжірибесі мен жеке капиталының болуына байланысты санаттарға бөлінетін болады.

Ресурстық қамтамасыз ету

Құрылыс материалдарын өндіру үшін пайдаланылатын пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мен барлау есебінен құрылыс индустриясының минералдық шикізат базасы кеңейтілетін болады.

 

1.3 Экспорттық әлеуеті бар салаларды қолдау

Агроөнеркәсіптік кешен

Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау

Қазіргі кезеңде мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында экономиканың аграрлық секторы тұрақты дамып отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуі 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 13,8 %-ды құрады. Іс жүзінде ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлері бойынша өсуге қол жеткізілді. Жете өңделгеннен кейінгі салмағымен алғанда 20,8 млн. тонна көлемінде астық дақылдарының рекордтық өнімі алынды.

Республикада мал шаруашылығы дамуының негізгі көрсеткіштері  саланың тұрақтылығын, мал басы мен құстың және мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің жыл сайын ұлғайып келе жатқанын растап отыр. Соңғы жылдары мал басы мен құс жыл сайын  орташа алғанда 3,8 %-ға,  мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 3,5 %-ға  ұлғаюда.

Елдің әлеуеті ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын, оны негізгі тамақ өнімдерімен кепілді толтыруды және экологиялық таза өнімдермен сыртқы нарықтарға шығуды қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда республикада халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін орнықты негіз жасалған.

Негізгі міндет

Сыртқы нарықта жетекші орындарға шығу мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарықтың қажеттілігін жабу және экспорт ресурстарын қалыптастыру  үшін  жеткілікті көлемде өндірудің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.

Экономиканың су секторы мен су шаруашылығы саясатын дамыту.

Нысаналы индикаторлар

1. Ішкі нарықтың азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету.

2. АӨК-тің жалпы қосылған құнын кемінде 16 %-ға ұлғайту.

3. Агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға 3000 АҚШ долларынан бастап кемінде 2 есеге арттыру.

4. Экспорттың жалпы көлеміндегі саланың экспорттық әлеуетін 8 %-ға дейін өсіру.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту саланы әртараптандыру, егіншілік мәдениетін арттыру, өндіріске қазіргі заманғы ылғал, ресурс үнемдейтін технологиялар енгізу, кең ауқымды химиялау, жаңа және қазір пайдаланылмайтын суармалы жерлерді айналымға енгізу арқылы өткізу нарығы бар ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің көлемін арттыруға бағытталады.

Мал шаруашылығында саланы өнеркәсіптік негізге көшіру, асыл тұқымды базаны дамыту, малдың тұқымдық әлеуетін арттыру арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы өндіріс көлемін ұлғайтуға салмақ түсіру  көзделіп отыр және ғылыми негізде ірі ауқымды селекцияны жүзеге асырумен қатар жүргізілетін болады.

Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында өндірісті техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, сапаның халықаралық стандарттарына ауысу және осы негізде шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру өзектілігін сақтап отыр.

Біртұтас экспорттық астық саясатын қалыптастыру, нарықты отандық өндірістің азық-түлік тауарларымен толтыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді кооперативтендіру арқылы дайындау, қайта өңдеу және сақтау пункттерін құру жөніндегі жұмыс жанданады.

Агроөнеркәсіптік кешеннің индустриялық-инновациялық дамуына жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы, сондай-ақ су ресурстарын интеграциялық басқару принциптерін енгізу жолымен қол жеткізілетін болады.

Агроөнеркәсіптік кешенде кем дегенде 20 ірі жобаны іске асыру, оның ішінде 8 мал шаруашылығы кешенін, 2 құс фабрикасын,  3 жылыжай, 3 тауарлы сүт фермасын, 1 ет комбинатын, 1 нан-тоқаш өнімдерін өндіру, 1 мақтаның сортты тұқымдық материалын өндіру  зауыттарын салу көзделіп отыр.

Аграрлық секторға ірі ауқымды инвестициялар тарту үшін жағдай жасау және мемлекеттің қаржы институттарымен өзара іс-қимылын жалғастыру көзделіп отыр.

Инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде кәсіпкерлер, қаржы институттары, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үшін АӨК-тің басым бағыттары бойынша мастер-жоспарлар, оның ішінде астық және оны тереңдете қайта өңдеу арқылы алынған  өнімдер, ет және ет өнімдері, майлы дақылдар, жеміс-көкөніс өнімдері, сүт және сүт өнімдері , жүн және оны тереңдете қайта өңдеу арқылы алынған өнімдер өндірісі мен экспортын дамыту, құс өсіруді, қант қызылшасынан ақ қант өндірісін дамыту нақты бағдарға айналады.

Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді химиялық қорғау құралдары, ветеринариялық препараттар, диагностикумдар, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін қоса алғанда, экономиканың аралас салаларын дамыту қажет.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының лизингі бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау жолымен ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын отандық өндіруші кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау тетігі іске асырылатын болады.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Инвестицияларды ынталандыру

Саланы дамытуды экономикалық ынталандыру және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін агроөнеркәсіптік кешенді мынадай бағыттар бойынша субсидиялау жалғасатын болады:

агроөнеркәсіптік кешеннің субъектілеріне кредит беру және ауыл шаруашылығы техникасымен, жабдықпен қамтамасыз ету кезінде пайыздық  ставкаларды арзандату;

тұқым шаруашылығын дамыту;

мал шаруашылығының өнімділігін және өнімінің сапасын арттыру;

өсімдік шаруашылығының өнімділігін және өнімінің сапасын арттыру, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармай материалдарының және басқа тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын басым дәнді дақылдар өндірісін субсидиялау жолымен арзандату;

отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тыңайтқыштардың (органикалықты қоспағанда) құнын арзандату;

ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ауыл шаруашылығы  дақылдарын отандық өндірушілер өндірген (қалыптастырған) гербицидтермен өңдеуге жұмсалатын шығындардың құнын арзандату;

өндірісті және ауыл шаруашылығы өнімінің нарығын басқару жүйесін дамыту;

асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, сондай-ақ  жеңілдікті кредит беру және шағын кредит беру, ауыл шаруашылығы техникасының, арнайы техниканың және технологиялық жабдықтың лизингін дамыту, агроөнеркәсіптік кешенде сақтандыру жүйесін дамыту, ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту жолымен де жүзеге асырылатын болады.

Технологиялық жаңғырту, инновациялар мен аграрлық ғылымды дамыту

прогрессивті технологияларды пайдалана отырып, басым ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін ынталандыру жолымен өсімдік шаруашылығының өнімін және сапасын арттыру;

көкөністің жабық топырақта өндірілуін ынталандыру;

орта және ірі тауарлы мал шаруашылығын құруды ынталандыру;

тауарлы балық шаруашылығын дамыту;

ұлттың денсаулығын бекемдеу мақсатында марал шаруашылығы мен бал арасы шаруашылығы өнімін өндіруді ынталандыру;

ауыл шаруашылығы құрылымдарын және ауыл шаруашылығы өнімін  қайта өңдеу кәсіпорындарын техникалық-технологиялық жаңғырту және мемлекеттік қолдау шараларын қолдану арқылы сапа менеджментінің қазіргі заманғы жүйелеріне ауысу;

АӨК дамытудың басым бағыттары бойынша зерттеулерді шоғырландыру, сондай-ақ халықаралық ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды жүргізу;

аграрлық ғылым инфрақұрылымын дамыту және шетелдік аграрлық технологиялар трансфертін қамтамасыз ету жолымен ғылыми зерттеулердің қазіргі заманғы әдістерін енгізу және процестерін жеделдету, сондай-ақ өндіріске ғылыми әзірлемелерді енгізу және ғылыми қызметкерлер қызметін ынталандыру және аграрлық ғылымға жас мамандарды тарту.

Бәсекеге қабілетті кәсіби кадрлар даярлау

ауылдық жерден келген азаматтарға арналған квоталар бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алған ауыл шаруашылығы мамандарын оқу орнын аяқтағаннан кейін кем дегенде 3 жыл  ауыл шаруашылығы ұйымдарында жұмыс істеуін міндеттеуді енгізу болжанып отыр;

кейбір заңнамалық актілерге ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген ауыл шаруашылығы мамандарын әлеуметтік қолдау шаралары бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қарау;

аграрлық саланың қажеттіліктеріне сәйкес PhD докторларын, магистрлер мен бакалаврлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және ветеринариялық мамандықтардың техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар даярлауға мемлекеттік білім тапсырысын ұлғайту мәселесін қарау.

Инфрақұрылымдық және ресурстық қамтамасыз ету

елдің фитосанитарлық және ветеринариялық салауаттылығын қамтамасыз ету;

малды сою, ауыл шаруашылығы өнімін дайындау, сақтау, тасымалдау және сату жөніндегі инфрақұрылымды дамыту;

су ресурстарын интеграциялық басқару принциптерін ескере отырып, су ресурстарын пайдалану;

шаруашылық жүргізу жағдайын жақсарту және ауыл шаруашылығы өндірісін ірілендіру, дайындау-өткізу құрылымдарының желісін құру және кеңейту арқылы тауар өнімін өсіру үшін ынталандырулар жасау;

суарудың озық әдістерін енгізу жолымен жердің мелиоративтік жағдайын сақтау және жақсарту.

Жеңіл өнеркәсіп

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Жеңіл өнеркәсіп тоқыма, тігін, трикотаж, былғары-бағалы тері және аяқ киім салаларын қамтиды.

Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіпте кәсіпорындардың 80%-дан астамы шағын және орта бизнес субъектілері болып табылады.

Саланың технологиялық даму перспективалары табиғи шикізаттың, өндірістік қуаттар мен адами ресурстардың болуына байланысты.

  Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің табысты дамуы үшін қолайлы жағдайлар мен алғышарттар бар – Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын 400 – 450 мың тонна шиті мақта жиналады, елдегі  табиғи шикізат – мақта талшығының өндірісі (жылына 130 – 170 мың тонна), жүн (15 – 20 мың тонна) және былғары шикізаты 7,5 млн. данадан астам, табиғи шикізаттан жасалған көрсетілген өнімге сұраныс  бар мата мен тоқыманың, киімнің  әлемдік тауар нарықтарына экспорттау мүмкіндігі бар.

Сала кәсіпорындарының шамамен 80%-ы ескі жабдықтармен жарақтандырылған, жұмысының көптігі 30 – 40 %-ды құрайды.

Саланың дамуының жалпы үрдісі оның республика өнеркәсібінің көлеміндегі үлесінің төмендеуімен сипатталады, бұл жұмыс орындарының қысқартылуымен ұштасады.

Саланың өнімі Қытайда өндірілген, оның ішінде контрафактілі  тауарлар санының көп болуымен байланысты бағасы бойынша бәсекеге қабілеттілігі төмен болып отыр.

Негізгі міндет

Шикізатты өңдеу, қосылған құны жоғары және оны сыртқы нарықтарға шығару перспективасы бар өнім өндіру есебінен ішкі нарықтың жеңіл өнеркәсіп өніміне қажеттілігін қанағаттандыру.

Нысаналы индикаторлар

1. 2014 жылға қарай салада жалпы қосылған құнды 2008 жылмен салыстырағанда 50 %-ға арттыру.

2. 2014 жылға қарай ішкі нарықтың жеңіл өнеркәсіп өніміне қажеттілігін 30 % деңгейге дейін қанағаттандыру.

3. Еңбек өнімділігін бір жарым есе 4,9 млн. теңге/адамға дейін ұлғайту (33 мың USD).

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Алдағы кезеңде саланы дамытудың негізгі бағыттары тоқыма, тігін, былғары және аяқ киім өнеркәсібінде жергілікті шикізатты (мақта, жүн, былғары) өңдеу жөніндегі өндірістерді жаңғырту және әртараптандыру үшін ынталандырулар жасаумен байланысты болады.

Қосылған құны жоғары өнімдер шығару мақсатында:

Ақтөбе, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүнді бастапқы өңдейтін кәсіпорындарды жаңғырту, ал Алматы облысында жүнді қайта өңдеу жөніндегі толық технологиялық циклды ұйымдастыру үшін жүн кластерін жасау үшін жүн бұйымдарын өндіретін кіші салаларды;

«Оңтүстік» АЭА аумағында (ОҚО) қызмет түрлерін кеңейту арқылы кардтық және таралған мақта-қағаз тоқыма, мата мен дайын тоқыма бұйымдары, тоқыма мен матаны бояу және безендіру, сондай-ақ дайын тігін бұйымдары өндірісінің толық технологиялық циклын ұйымдастыру үшін, оның ішінде «Оңтүстік» АЭА қызмет түрлерін кеңейту есебінен мақтадан жасалған бұйымдар өндірісін (жібек маталар шығару, маталық емес тоқыма материалдар, кілем бұйымдары мен гобелендер, мақта целлюлозасын және оның туындыларын, мақта шикізатынан өндірілетін жоғары сапалы қағаз және былғарыдан жасалған бұйымдарын шығару);

ауыл шаруашылығы жануарларының терісін тереңдете өңдеуді ұйымдастыру үшін былғары және аяқ киім кіші саласын және Тараз және Семей қалаларында былғары-бағалы тері өндірістері негізінде бәсекеге қабілетті тауарлы былғары, тон-бағалы тері бұйымдары мен аяқ киім шығару;

бренд өнімін шығару үлгісінде (велоспортқа арналған бұйымдар) келісімшарттық өндірісті ұйымдастыратын кәсіпорындарды жаңғыртуды жүзеге асыру үшін тігіншіліктің кіші саласын қолдау шаралары көзделетін болады.

Мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру көзделуде:

Шығыс Қазақстан облысы – «Былғары өндірісін реконструкциялау және жаңғырту»;

  Оңтүстік Қазақстан облысы – «Оңтүстік» АЭА-да қазіргі заманғы тоқыма өндірісін ұйымдастыру»;

  Оңтүстік Қазақстан облысы – «Су сіңіргіш мақта және целлюлоза шығару»;

  Оңтүстік Қазақстан облысы – «Тарамды және кардтық мақта-мата жібін шығаратын  қазіргі заманғы өндірісті ұйымдастыру».

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Жеңіл өнеркәсіпте 20 мамандық бойынша кадрларға қажеттілік Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы жоғарғы оқу орындары мен 89 ТжКБ оқу орнында кадрлар даярлау есебінен өтелетін болады.

2011 жылы Шымкент қаласында 700 оқушы орнына арналған өңдеу саласындағы кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі Өңіраралық орталықтың құрылысы басталады.

Әкімшілік кедергілерді  алып тастау

Лицензияланатын қызмет түрлерінен шиті мақтаны мақта талшығына қайта өңдеу және мақта өңдеу ұйымдары үшін «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу жолымен шиті мақтаны бастапқы өңдеуге жатпайтын кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салуды алып тастау. 

Техникалық регламенттерді енгізу

Сапаның тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін  әлеуетті құрылымдар мен ұлттық компаниялар үшін жеңіл өнеркәсіп өнімін өндіру бойынша 2 техникалық регламент және 50 ұлттық стандарт әзірленеді және енгізіледі.

Инновациялар мен ғылымды дамыту және жаңғыртуға жәрдемдесу

Алматы технологиялық университетінің жанында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін инженерлік орталық пен өнім сапасын бағалау жөніндегі зертхана құру мәселесі пысықталатын болады.

Туристік сала

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Соңғы жылдары тұтастай алғанда республиканың туризм саласы дамуының оң серпіні байқалады: 2008 жылдың қорытындылары бойынша 2007 жылмен салыстырғанда келушілердің саны 3,1 % өсті, ішкі туризмнің көлемі 8,2 % өсті, сыртқа шығушылар туризмі 15,3 % өсті.

Туризм объектілерін дамытуға инвестициялар көлемі 2005 жылғы
47 млрд. теңгеден 2007 жылы 97 млрд. теңгеге дейін өскен, ал 2008 жылдың қорытындылары бойынша осы көрсеткіш 129,3 млрд. теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар, әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыс сырттан келу туризміне жағымсыз әсерін тигізді, оның көлемі 11 % төмендеді және 2007 жылғы 5,3 млн. салыстырғанда тек 4,7 млн. туристі құрады.

Қазақстан Республикасына сырттан келетіндер санының төмендеуін құрайтындардың бірі туризм индустриясы объектілерінің моральдық тозуына және инфрақұрылымның жоқтығына байланысты тартымдылығы аз болып табылды.

Сапасы әлемдік стандарттарға сәйкес келетін орналастыру орындары санының аз болуы сырттан келетін туристерге қызметтер көрсетудің толық спектрін ұсыну мүмкіндіктерін толығымен пайдалана алмауға және бұл экономикалық қайтарымның төмендігіне әкеп соқтырады.

Қазақстанның туристік имиджін қалыптастыру және ұлттық турөнімді әлемдік нарыққа жылжыту жөнінде шаралар қабылданды. Осы мақсаттарда Қазақстанның Мадридтегі, Берлиндегі, Пекиндегі, Сеулдегі, Токиодағы және Лондондағы ең ірі халықаралық туристік көрмелерге қатысуы қамтамасыз етілуде, CNN, BBC, Евроньюс және Дискавери сияқты әлемнің жетекші арналарында жарнамалық бейнероликтер орналастырылуда. Сонымен қатар, Алматы қаласында КИТФ – Қазақстандық халықаралық туристік жәрмеңкесі өткізіледі.

Негізгі міндеті

Туризм индустриясының бәсекеге қабілеттілігін және Қазақстанның туристік  бағыт ретіндегі  тартымдылығын арттыру.

Нысаналы индикатор

Туризм қызметі саласында қызмет көрсетулер ұсынатын ұйымдардың жиынтық кірісін 2015 жылға 2008 жылдың деңгейінен кемінде 12 %  ұлғайту.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Саланың дамуы туризм индустриясының бәсекеге қабілетті инфрақұрылымын жасауға, ұлттық туристік өнімдерді қалыптастыруға, оның халықаралық және ішкі нарықтарда жылжуына бағытталады.

Мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді:

Күніне 2000-ға дейін адам қабылдау үшін Алматы қаласында Шымбұлақ тау шаңғысы курортын кешенді дамыту.

Жылына 220 000 дем алушыларды қабылдау үшін Ақмола облысындағы «Бурабай» арнайы экономикалық аймағы шекарасында туристік ойын-сауық кешенінің құрылысын салу, онда мынадай бағыттарда шағын және орта бизнес субъектілеріне жағдайлар жасалады:

сауықтыру, ойын-сауық саласында қызметтер көрсету, тамақтануды ұйымдастыру, қонақ үй, экскурсиялық, ақпараттық, көліктік қызмет көрсетулер ұсыну, бұл ретте көлік қызметін көрсету кезінде экологиялық таза көлік пайдаланылады, оның ішінде кіші авиация да бар;

туризмнің мәдени-танымдық, экологиялық, іскерлік, спорттық және басқа да түрлері саласында қызметтер көрсету;

әр түрлі естелік өнімін жасау мен шығару бойынша өндірістер ұйымдастыру.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Инфрақұрылымдық және ресурстық қамтамасыз ету

Туризм индустриясының бәсекеге қабілетті инфрақұрылымын жасау шеңберінде мынадай мәселелер пысықталатын болады:

көлік дәлізі бойымен жол бойы инфрақұрылым объектілерін салу үшін жергілікті атқарушы органдарға жер учаскелерін бөлу;

қайтадан жасалатын туризм индустриясы нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жасау;

жол бойы инфрақұрылымы объектілері құрылысының үлгі жобасын әзірлеу;

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында ұлттық туристік кластердің инвестициялық жобаларына кредит беру бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау.

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

туристік сала үшін 14 мамандық бойынша кадрларға деген сұраным  жоғары оқу орындарына даярлау және 77 ТжКБ оқу орнының шеңберінде қанағаттандырылатын болады.

Ақмола облысының «Бурабай» АЭА туристік ойын-сауық кешені және Алматы облысының «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенінің туристік базасы үшін  кадрларға деген қосымша сұраныс (ойын-сауық персоналы, сауда-коммерциялық персонал) ТжКБ оқу орнындарында және қысқа мерзімді даярлау оқу орталықтарында  кадрлар даярлау есебінен толықтырылатын болады.

«UNWTO-TedQuaL» туризм білім сапасын сертификаттау бойынша бір мемлекеттік ЖОО-ға аудит жүргізу және  туризм индустриясы саласында кәсіби стандарттарды әзірлеу жолымен туристік білім сапасын арттыру үшін жағдайлар жасалатын болады.

Бәсекелестікті дамыту

Туристер үшін қызмет көрсетулер нарығында бәсекені дамыту мақсатында:

туристік операторларды біртіндеп ірілендіру үшін заңнамалық жағдайлар жасау қамтамасыз етіледі;

туристік әлеуеті бар өңірлерде Экскурсоводтар бюросын және туристік ақпараттық орталықтар құру мүмкіндігі қаралады.

Инвестициялар үшін тартымды жағдайлар жасау

Инвесторлар тарту мақсатында «Бурабай» АЭА шекарасы шегінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін қор жерлеріне ауыстыру, сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойымен туристік  кластердің туризм нысандарын салуды жеңілдетілген кредиттеу бойынша  сыйақы ставкаларын субсидиялауды қамтамасыз ету мәселесі пысықталатын болады.

1.4 «Болашақ экономикасы» секторларын дамыту

Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар

Саланың ағымдағы ахуалына қысқаша талдау

Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі - АКТ) ауқымды енгізу еңбек өнімділігін арттырудың және отандық кәсіпорындардың әлемдік экономикаға кірігуі үшін жағдайлар жасаудың міндетті шарты болып табылады.

Бизнес пен халық тарапынан телекоммуникациялар қызметіне өсіп жатқан сұраныс телекоммуникациялық операторлар кірісінің өсуіне алып келді. 2009 жылдың алдын ала жасалған қорытындылары бойынша байланыстың  қызмет көрсетулерден түскен кіріс 430 млрд. теңгені құрады, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға жоғары. Интернет қызметіне (2008 жылмен салыстырғанда 22%-ға ұлғаю), жергілікті телефон байланысына (19%-ға) және ұялы байланыс сегментіне (9%-ға) қол жетімді қызмет көрсетулер ұсыну  серпінді дамуда. Қазақстандық операторлардың талшықтық-оптикалық байланысының магистралды желісін дамытудың және елдің бірегей географиялық орналасуының арқасында пайда болған үлкен өсім деректер беру  қызметін көрсету сегментінде байқалып, 37%-ды құрады.

 2009 жылы почта және жеткізу қызметінің операторлары жалпы сомасы 12,3 млрд. теңгеге қызмет көрсетулер ұсынып, ол 2008 жылмен салыстырғанда 100 млн. теңгеге артық. 40-тан аса кәсіпорын, ұсынатын курьерлік байланыс қызмет көрсетулері неғұрлым серпінді дамуда, оның ішінде шағын және орта бизнестің отандық өкілдері де бар.

 2009 жылдың нәтижелері бойынша ақпараттық технологиялар саласында алдын ала жасалған бағалаулар бойынша кәсіпорындардың жалпы пайдасы 2008 жылмен салыстырғанда 7%-ға азайып, шамамен 90 млрд. теңгені құрайды, бұл елдегі экономикалық белсенділіктің жалпы құлдырауымен және
2009 жылдың басында өткізілген ұлттық валютаның бір уақытылы девальвациясымен түсіндіріледі. АКТ-ға жұмсалатын шығыстарда ақпараттық технологиялардың барлық шығыстардың 75%-ын құрайтын компьютерлік және желілік жабдықтауды сатып алу шығыстары басым болып келеді, бұл қазақстандық қоғамды компьютерлендірудің жалғасып жатқанын байқатады. Отандық компаниялар компьютерлік жабдықтарды жинақтау, жүйелік ықпалдасу және тапсырыс бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу секторларында кеңінен қамтылған.

  Қазақстан Республикасы АКТ секторы дамуының жоғары қарқыны  мен жылдамдығын қолдау үшін мынадай бірқатар  қазіргі бар проблемаларды шешу қажет:

  ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін әкімшілік кедергілер (кедендік ресімдеу және ақпараттық өнімдерді есепке алу рәсімдерінің жетілдірілмегендігі);

мемлекеттік органдардың және мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың ақпараттық технологияларға байланысты қызметтерді сатып алуда «қазақстандық қамту» үлесінің төмендігі;

АКТ секторында жұмыс істейтін кәсіпорындарды кадрлық қамтамасыз ету проблемасы;

инновациялық әзірлемелерді қаржыландыру үшін венчурлық капиталды тартудағы инвестициялық белсенділіктің төмендігі.

Негізгі міндет

Инфокоммуникациялық технологиялардың бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған ұлттық секторын қалыптастыру.

Нысаналы индикаторлар

Инфокоммуникациялық инфрақұрылымдарды қоса алғанда, АТК секторының үлесі 2014 жылы ЖІӨ-де  – 3,8%.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

  Қазақстан Республикасында АТК секторында  мынадай бағыттарды дамыту жоспарлануда.

  Бизнес пен халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдету мен оңтайландыру мақсатында электрондық қызмет көрсетулер мен «электрондық үкіметті» дамыту шеңберінде:

«электрондық үкіметтің» нысаналы сәулеті құрылады;

Кеден одағы шеңберінде ақпараттармен алмасу үшін инфокоммуникациялық инфрақұрылым құрылады;

жаңа электрондық қызмет көрсетулер әзірленеді, оның ішінде, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау секторларындағы, көлік және коммуникация және ауылшаруашылығы секторларындағы қызмет көрсетулер;

электрондық лицензиялау, электрондық нотариат және электрондық сатып алулардың ақпараттық жүйелері енгізіледі.

Қазақстандық контентке халықтың сұранысын қамтамасыз ету  мақсатында Интернет желісінің қазақстандық сегментін дамыту шеңберінде:

бизнес үшін электрондық коммерциялық алаң құрылады;

ұлттық-интернет ресурстар, оның ішінде, жаңалық, мултимедиялық, әлеуметтік желілер құрылады.

Ішкі сұранысты және кезең-кезеңмен сыртқы нарыққа шығуды қамтамасыз ету мақсатында жоғары технологиялық жабдықтар мен микроэлектрониканың отандық өндірісін дамыту шеңберінде:

Алматы қаласында «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» АЭА базасында мемлекеттік сектордың ірі өнім берушісі болып табылатын  халықаралық компаниялардың жабдықтарын жинау және техникалық қызмет көрсету жөнінде кәсіпорындар құру жоспарланып отыр.

  Сыртқы нарыққа кезең-кезеңімен шыға отырып, бизнес пен мемлекеттің қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлемелері мен қызметтер секторын дамыту шеңберінде:

Алматы қаласындағы «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» АЭА базасында инновациялық ақпараттық жүйелер мен өнімдерді әзірлейтін және пайдаланатын компаниялар құрылады.

Техникалық және кәсіби деңгейдегі білікті мамандармен саланың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық коммуникация саласында білім беруді дамыту шеңберінде:

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін дамыту қамтамасыз етіледі;

Инфокоммуникация мамандықтары бойынша үш кәсіптік-техникалық оқу орны құрылады.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

  Білікті кадр ресурстары қажеттілігін қамтамасыз ету

  2009 жылмен салыстырғанда Қазақстан ЖОО-да оқыту үшін инфокоммуникациялық мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттар санын екі есеге арттыру;

  қабылданған халықаралық стандарттар бойынша жоғары және кәсіптік техникалық оқу деңгейлерінде ИТ мамандарын даярлаудың оқу бағдарламаларын өзгерту.

Техникалық регламенттерді енгізу

Инфокоммуникация саласындағы стандарттар базасын  халықаралық деңгейге дейін дамыту.

Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға көмектесу

«ҰЗҚ» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ арқылы инфокоммуникация саласындағы жобаларды венчурлық қаржыландыру шеңберінде Интернет желісінің қазақстандық сегментін дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған гранттар бөлу;

CDMA технологиясын пайдалана отырып, телекоммуникация желілерін дамыту үшін 450 МГц ауқымында радио жиілік спектрді босату;

3 кГц бастап 400 ГГц дейінгі радиожиілік жолақтарының кемінде
50 %-ын «бірлесіп пайдалану» санатынан «азаматтық пайдалану» санатына қайта бөлу.

Тікелей инвестициялар үшін тартымды жағдайлар жасау

«Алатау» ПИТ АЭА инфрақұрылымын дамыту;

Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын дата-орталықтарды салу жөніндегі жобалар үшін жер гранттарын бөлу.

  Интернет желісінің қазақстандық сегментін дамытуды мемлекеттік қолдау  шаралары жүйесін жасау;

  «электрондық үкімет»  веб-порталы арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызмет көрсетулер санын ұлғайту;

  Интернет желісінің қазақстандық сегментіндегі әлеуметтік жобаларды, оның ішінде балалар әлеуметтік желісін  мемлекеттік қаржыландыру;

  жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу және технологиялық әлеуетін тиімді пайдалану үшін  Алматы қаласындағы «Алатау»  ИТП АЭА зияткерлік бөлігін ұйымдастыру.

Биотехнология

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Қазақстанда биотехнологиялар бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау үшін A/H1N1 доңыз тұмауына қарсы рекомбинанттық вакцина және H5N1 құс тұмауына қарсы вакцина жасайтын технология әзірленді. Осы вакциналарды клиникаға дейінгі зерттеулер аяқталды және клиникалық сынаулар басталды.

  Бүгінгі таңда ҚР өзінің медициналық дәрі-дәрмектерін әзірлеу 11 % (оның ішіде вакциналар – 1,1 %), ветеринарлық дәрі-дәрмектер 78 % (дәрі-дәрмектерді негізінен  импорттық субстанциялардан өндіреді) құрайды, ал қалған дәрі-дәрмектер елге сырттан әкелінеді.

  Негізгі проблема – перспективалы тәжірибелік әзірлемелердің болуына қарамастан бірегей отандық биотехнологиялық дәрілік препараттардың жоқ екендігі. Осы уақытқа дейін клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеу кезеңдерінен өткен және өтіп жатқан бірегей отандық және бірлескен әзірлемелер болғанымен гендік-инженерлік дәрі препараттарын өндіру іс-жүзінде жолға қойылған жоқ.

  Өсімдік саласын одан әрі дамыту үшін ауылшаруашылығы өсімдіктерінің  жоғары сапалы бәсекеге қабілетті  сорттарын  жасау және өндіріске енгізу  қажет,  осыған байланысты  селекцияларды сапалы деңгейге ауыстыру  талап етіледі.

 Малдың жоғары өнімді тұқымын сақтау және өсіру мал шаруашылығындағы пайдалылық пен тиімділікті арттырудың басты мәселесі болып табылады, сондықтан малдың жаңа тұрпаттары мен тұқымын өсіру үшін  гендік инженерия әдістерін пайдалану қажеттігі туындайды.

    Жыл сайын әлемде қоршаған ортаға шамамен 50 млн.тонна мұнай тасталады. Су мен топырақты кең ауқымдағы ластағыш заттардан, оның ішінде мұнай көмірсутегілерінен тазартудың барынша перспективалы әдісі, биологиялық объектілердің, ең алдымен микроағзалар мен өсімдіктердің биохимиялық әлеуетін пайдалануға негізделген биоремедация тәсілдері болып табылады.

    Тағам және қайта өңдеу өнеркәсібінің мұқтаждықтарына арналған ашытқыларды, ферментті препараттарды, биологиялық белсенді қоспаларды және пробиотиктерді әзірлеу биотехнологияның басым бағыттарының біріне жатады.

Негізгі міндет

  Денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі үшін ғылымды қажетсінетін және бәсекеге  қабілетті биотехнологиялық өнімдерді жасау және енгізу.

Нысаналы индикаторлар

1.  2015 жылға қарай экспорттың жалпы көлеміндегі саланың үлесін
1 %-ға дейін ұлғайту.

 

Секторды дамытудың негізгі бағыттары

  Биотехнология саласын тиімді және сапалы дамыту мақсатында мынадай шаралар іске асырылатын болады:

  әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау үшін геномды технологияларды пайдалану негізінде жаңа отандық тест-жүйелер жасау;

  гендік-инженерлік рекомбинанттық субстанциялар негізінде технологиялар әзірлеу және бірегей дәрі препараттарын өндірістік-тәжірибелік өндіру;

  ағзаларды трансплантациялау, бағаналы  жасушалар, ұзақ ғұмыр медицинасы саласында әзірлемелер орталығын құру және оларды регенеративтік медицинада және жасушалы терапияда пайдаланудың әдістемелік негіздерін әзірлеу;

  халықаралық өндірістік тәжірибе стандарттарына (GMP) сәйкес келетін диагностикумдар мен вакциналар шығару бойынша өндірістер құру;

  ашытқы, тамақ белогын, аминқышқылдарын, ферменттер, биоконсерванттар шығару үшін микроағзалар мен биотехнологиялық өндірістердің коллекцияларын жасау;

  ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін  өсімдіктердің өнімділігі жоғары,  бәсекеге қабілетті  сұрыптарын шығару;

    өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғаудың экологиялық таза биологиялық әдістерін әзірлеу;

мұнай өнімдерімен ластанған топырақ және су экологиялық жүйелерін биоремедиациялау мақсатында пайдалану үшін микроағзалар штаммдарының консорциумдарын құру;

ауыр металдармен және пестицидтермен ластанған топырақты гипераккумулятор-өсімдіктерді пайдалану негізінде фиторемедиациялау тәсілдерін әзірлеу;

гендік инженерия әдістерін пайдалану негізінде малдың өнімділігі жоғары тұқымдарын өсіру. 

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

  Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

  Биотехнология саласы үшін ғылыми кадрларды және инженер-техникалық персоналды қайта даярлау және біліктілігін арттыру.

  Инфрақұрылымдық және ресурстық қамтамасыз ету

  Технологиялық корпусты салуға ТЭН және ЖСҚ әзірлеу және биотехнологиялық медициналық препараттарды,  инактивизацияланған және тірі вакциналарды аз серияда өндіру үшін, сондай-ақ  регенеративтік медицинада және жасушалы терапияда пайдалану үшін технологиялық  корпус салу және инфрақұрылымды құру қажеттігі мәселелерін пысықтау.

Ғарыш қызметі

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Біздің елде ғарыш саласын қалыптастыру үшін объективті алғы шарттары бірегей бәсекелі басымдықтың – жұмыс істеп тұрған «Протон», «Союз», «Зенит» ғарыш зымыран кешендерімен (бұдан әрі - ҒЗК) және құру сатысында тұрған «Бәйтерек» ҒЗК әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш айлағының; ғарыш байланысын басқарудың жердегі кешенінің; үш жерді қашықтықтан зондтау (бұдан әрі - ЖҚЗ) спутниктерінен ғарыш ақпаратын қабылдайтын орталықты қамтитын Ұлттық ғарыш мониторингі жүйесінің (ҰҒМЖ) базалық элементтерінің; ғарыш сәулелері станцияларын, ғылыми зертханаларды, астрономиялық обсерваторияларды қамтитын ғылыми-технологиялық инфрақұрылымның негізгі элементтерінің бар екендігі болып табылады.

2005 – 2007 жылдарға арналған бірінші ғарыш бағдарламасы шеңберінде «KazSat-1» байланыс және хабар тарату спутнигін құру, ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросын (ҒТ АКТБ) ұйымдастыру жобалары іке асырылды, ҰҒМЖ кіші жүйелері дамытылды. «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін (ҒЗК), «KazSat-2» байланыс және хабар тарату спутнигін, Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) ғарыш жүйесін, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін (ҒА ЖСК), ғылыми бағыттағы ғарыш жүйесін, дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесін құрудың жобалық материалдары әзірленген болатын.

Қазақстанда бүгінгі таңда түрлі ғарыш қызмет көрсетулеріне, атап айтқанда, ғарыш байланыс жүйелерінің, ЖҚЗ ғарыш жүйесінің және дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің (ЖСНЖ) қызмет көрсетулеріне айтарлықтай сұраныс қалыптасты.

Осы сұраныстарды қанағаттандыру үшін толыққанды ғарыш саласын құрудың мынадай бірқатар проблемаларын шешу қажет:

отандық ғарыш қызмет көрсетулері (байланыс, ЖҚЗ, навигация, ғарыш техникасын өндіру, іске қосу қызмет көрсетулері) нарығының жеткіліксіз дамуы;

ғарыш қызметін дамыту үшін нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық базаның жоқтығы;

ғарыш қызметін кадрлық қамтамасыз ету жүйесінің жоқтығы.

Осы проблемаларды шешу үшін мынадай міндеттерді іске асыру қажет:

мақсатты ғарыш жүйелерін және жердегі ғарыш инфрақұрылымының объектілерін құру және дамыту;

ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамыту;

кәсіби кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру;

ғарыш саласының шарттық және нормативтік құқықтық базасын құру.

Негізгі міндет

  Республиканың индустриялық-инновациялық дамуын жеделдетуге, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты нығайтуға, ғылым мен жоғары технологияларды дамытуға ықпал ететін ғылымды қажетсінетін және жоғары технологиялық экономиканың секторы ретінде толыққанды ғарыш саласын құрудың бірінші кезеңін іске асыру.

Нысаналы индикаторлар

  1. ЖҚҚ 2015 жылға қарай кемінде 85,0 млрд. теңгеге өседі.

  2. 2015 жылға қарай экспорт кемінде 15,0 млрд. теңгеге өседі.

  3. Бекітілген спутник байланысы арналарына еліміздің қажеттілігін қанағаттандыру дәрежесі – 80 %, дәлдігі жоғары спутниктік навигация қызметін көрсетуге  (Қазақстан аумағын жабу %) – 30 % .

  4. Тұтынушыларға берілетін ғарыш деректерінің жалпы санындағы қазақстандық ЖҚЗ ҒЖ деректерінің үлесі – 50 %.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

Мақсатты ғарыш жүйелерін құру мен дамыту және олардың пайдалану мыналарды:

сыртқы нарыққа кезең-кезеңмен шығумен ішкі нарықта ғарыш байланыс жүйелерінің қызмет көрсетулері үшін «KazSat» спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесін;

ішкі және сыртқы нарықтарға ЖҚЗ деректерін беру қызмет көрсетулері үшін ЖҚЗ ғарыш жүйесін;

ғарыш ғылымын және технологиясын дамыту, жер сілкіністері жаршысын зерттеу міндеттерін шешу үшін ғылыми мақсаттағы ғарыш жүйесін құруды көздейді.

Өңдеу мен қосылған құнының деңгейі жоғары ЖҚЗ деректеріне ішкі және сыртқы нарықтардағы сұранысты қанағаттандыру үшін Ұлттық ғарыш мониторингі жүйесін (ҰҒМЖ) дамытуды көздейді.

Жер үсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құру және дамыту мыналарды көздейді:

сыртқы және ішкі нарықтарда ұшыру қызмет көрсетулері үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық таза «Бәйтерек» ҒЗК;

мемлекеттік тапсырма және сыртқы тапсырмалар шеңберінде ҒА жобалау, әзірлеу, құрастыру және сынау бойынша қызмет көрсетулері үшін ҒА ЖСК;

спутниктік навигациялау және ішкі нарықта навигациялық жабдықты сертификаттау бойынша қызмет көрсетулері үшін дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің (ЖСНЖ) жердегі инфрақұрылымы;

ішкі және сыртқы нарықтар үшін тұтынушы навигациялық жабдық өндіру.

 «Байқоңыр» ғарыш айлағының бірте-бірте Қазақстанға өтуі мақсатында ішкі және сыртқы нарықтарда ұшыру қызметтерін көрсетулері үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағында тұрған «Зенит» және «Днепр» ҒЗК коммерциялық пайдалану жобаларына қатысу көзделеді.

Мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда:

«KazSat» («KazSat – 2,3», жерден басқарудың резервтік кешені) спутниктік байланыс және хабар тарату жұйесін құру;

«Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық қауіпсіз «Бәйтерек» ҒЗК құру;

ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру;

жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құру;

Қазақстан Республикасының дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің жердегі инфрақұрылымын құру;

«Байқоңыр» ғарыш айлағында тұрған «Зенит» және «Днепр» ҒЗК коммерциялық пайдалану жобаларына қатысу;

«Бәйтерек» ҒЗК жобасы бойынша Ресей кәсіпорындары, ЖҚЗ ғарыш жүйесін және ЖСК құру жобасы бойынша француз кәсіпорындары жұмыстар мен қызмет көрсетулерді берушілер болып табылады.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету 

Ғарыш саласы үшін мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламасын іске асыру жалғасатын болады.

  Мамандар даярлау Мәскеу авиациялық институтының «Восход» филиалында (Байқоңыр қаласы), сондай-ақ Қазақстанның, «Болашақ» бағдарламасы бойынша таяу және алыс шет елдердің жоғары оқу орындарында жүргізілетін болады. 

  Мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру шетелдік мамандар тартыла отырып ұйымдастырылады. Осы заманғы ғарыштық технологияларды игеру стратегиялық әріптестермен ЖҚЗ және ҚұСК ғарыш жүйесін құру жөніндегі келісімшартта көзделген.

  700 адамға дейін ғарыштық бейіндегі мамандарды даярлау және қайта даярлау көзделіп отыр.

  Әкімшілік кедергілерді алып тастау

  Ғарыш жүйелерін құру, пайдалану және коммерциялық пайдалану саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру үшін ғарыш қызметі туралы заң әзірленетін болады.

  Техникалық регламенттерді енгізу

  Саланы дамытуды техникалық реттеу саласындағы: зымыран және ғарыштық кешендердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар жөніндегі, автоматты ғарыштық аппараттардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар жөніндегі, зымыран-ғарыш техникасы бұйымдарын тасымалдау құралдарының және зымыран отынының құрамдауыштарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар жөніндегі регламенттер әзірленетін болады.

  Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу

  Ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамыту ғарыштық техника мен технологияларды құруды ғылыми-технологиялық қамтамасыз етуді әзірлеуді, астрофизикалық және ғарыштық зерттеулердің ғылыми және эксперименттік базасын дамытуды, атмосферадағы – Жердің ионосферасындағы оптикалық және электродинамикалық процестерді зерттеу, жер қабатының жер үсті-ғарыштық геодинамикалық және геофизикалық мониторингі жүйесін құру.

Балама энергетика

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Қалпына келтірілетін энергетика ресурстарын пайдалану Қазақстанның электр энергетикасын дамытудың және экологиялық проблемаларын шешудің басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстанда қалпына келтірілетін энергетика ресурстарының (су энергиясы, жел және күн энергиясы) елеулі әлеуеті бар.

  Қазіргі уақытта Қазақстанның су энергетикасын мынадай шамамен сипаттауға болады:

 

Жалпы (теориялық) әлеуеті

170х109 кВтс/жыл;

Техникалық (пайдаланылуы мүмкін) әлеуеті

62х109 кВтс/жыл;

Экономикалық әлеуеті

27/30х109 кВтс/жыл.

Қазақстан аумағында су энергетикасы ресурстары біркелкі бөлінбеген, олардың көпшілігі Қазақстанның үш өңірінде шоғырланған:

Оңтүстік Шығыс аймақта, Іле Алатауы тауларынан ағатын өзендер (Қаскелең, Ақсай, Түрген, Шелек, Шарын) келіп құятын Іле өзені бассейні және шығыс Балқаш бассейні мен Жетісу Алатауынан ағатын өзендер келіп құятын Алакөл көлі тобы.

Шығыс аймақта, басты ағындармен Ертіс өзені бассейнінде.

Оңтүстік аймақта, Сырдария, Талас және Шу өзендерінің бассейіндері.

Жел энергетикасы қалпына келтірілетін энергия көздерінің ең перспективалы түрлерінің бірі болып табылады. Қазақстанның жел атласы әзірленді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жел электр станцияларын (бұдан әрі – ЖЭС) салу үшін 10 алаң зерттелді. Бұл алаңдардың барлығын көлемі 2-3 млрд. кВтс электр энергиясын коммерциялық өндіру үшін жалпы қуаты 1000 МВт дейінгі ірі жел электр станцияларын салу үшін пайдалануға болады.

Қазақстан географиялық орналасуы бойынша солтүстік ендікте жатқанына қарамастан, елдегі күн энергиясының ресурсы ыңғайлы климаттық жағдайдың нәтижесінде тұрақты әрі  қолайлы болып табылады. Зерттеулердің қорытындылары бойынша елдің оңтүстік аудандарындағы күн энергиясының әлеуеті жылына 2500 – 3000 күн сағатқа жетеді.

Негізгі міндет

  Елдің энергия теңгерімінде қалпына келтірілетін энергия көздерінің (шағын су электр станциялары, күн қондырғылары) үлесін ұлғайту.

 

Нысаналы индикаторлар

  1. Қалпына келтірілетін энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін 2014 жылы – жылына 1 млрд. кВт.с жеткізу.

  2. 2015 жылға қарай қалпына келтірілетін энергия көздерінің электр тұтынудың жалпы көлеміндегі үлесін 1 %-ға жеткізу.

Саланы дамытудың негізгі бағыттары

  Алғашқы жел электр станцияларын салу жөніндегі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Астана қаласы, Ақмола облысы, Алматы облысының Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізі орналастырудың болжамды аудандары болып табылады. Өндірілетін электр энергиясының болжамды қуаты бірінші кезеңде 50-100 МВт құрауы мүмкін.

2015 жылға қарай электр энергиясы сағатына 400 млн. кВт болатын белгіленген қуаттылығы 125 МВт жел қондырғыларын салу көзделіп отыр.

2015 жылға дейін Республикада электр энергиясы сағатына 300 млн. кВт болатын  жалпы белгіленген қуаттылығы 100 МВт-ден жоғары  жаңа кіші ТЭС-ті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдаланатын объектілерден өндірілген электр энергиясын ескере отырып, қазіргі уақытта 2014 жылы қалпына келтірілетін энергия көздерінен электр энергиясын өндіру жылына  1 млрд. кВт.с.  деңгейінде күтіліп отыр.

   Сонымен қатар ағымдағы жылы Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жиынтық қуаты 8,4 МВт болатын шағын ГЭС салудың жобаларын әзірлеу және іске асыру жөніндегі жұмысты да жалғастыру күтіліп отыр.

  Қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді орналастыру жоспарын әзірлеу көзделіп отыр.

  Қазақстанның алғашқы жел атласын жетілдіру және кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

  «Қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында заңға тәуелді актілер әзірлеу және қабылдау көзделіп отыр.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

  Қалпына келтірілетін энергия көздерін қолдау жөніндегі мәселелерді пысықтау көзделіп отыр, оның ішінде: қалпына келтірілетін энергия көздері объектілерін салу үшін жер учаскелерін беру кезінде резервтеу және басымдық; энергия беретін ұйымдардың қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалана отырып өндірілген электр энергиясын сатып алу жөніндегі міндеттемелері; қалпына келтірілетін энергия көздерін электр энергиясының желілері бойынша тасымалдағаны үшін ақы төлеуден босату; қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалану бойынша объектілерді энергия беретін ұйымдардың желісіне қосу кезінде қолдау.

Атом энергетикасы

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

  Бүгінгі таңда Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық объективті алғышарттар бар. Оларға:

  айтарлықтай барлау жасалған уран қорларының және уран өндіру және  уранды қайта өңдеу өнеркәсібінің болуы;

  ядролық реакторлары үшін отын және конструкциялық материалдар өндіру кәсіпорындарының болуы;

  елде ядролық реакторларды пайдалану тәжірибесі бар біліктілігі жоғары мамандардың болуы;

зерттеу реакторларымен және бірегей электрлік физикалық қондырғылармен және стендтермен жарақтандырылған, ядролық физика, ядролық реакторлар физикасы мен техникасы, ядролық энергетикалық қондырғылар қауіпсіздігі саласында зерттеулер жүргізетін кәсіпорындардың болуы жатады.

Негізгі міндеттер

Атом энергетикасының  инфрақұрылымын дамыту.

Атом саласы үшін  жаңа жоғары технологиялық жобаларды әзірлеу және іске асыру.

Дамудың негізгі бағыттары

Атом энергетикасын дамыту және елдің үдемелі индустриялық дамуына жағдай жасау мақсатында мынадай іс-шаралар жүргізу көзделіп отыр:

атом энергоблоктарды параметрлерін орналастыру және таңдау схемасын негіздеу;

Қазақстан Республикасында АЭС және атом саласының басқа да объектілерін әзірлеуді ұйымдастыру және жобалау;

ядролық, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті атом саласының стратегиялық объектілерін, нақты қорғауды және күзетуді қамтамасыз ету;

ядролық сынақтардың мониторингі;

атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары

Атом саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу үшін техникалық регламенттер мен нормативтік құқықтық актілер әзірлеу.

Білікті кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету.

 

2. Басым секторлардың дамуын қолдаудың

 басты шаралары

  Индустрияландыруды мемлекеттік қолдау макро- және секторалдық деңгейлерде  экономикалық саясаттың жүйелі  шараларын,  сондай-ақ  экономиканың нақты секторларын қаржылық қолдаудың  селективті шараларын және қаржылық емес қолдау шараларының  құрастырылған пакетінің негізінде  жүзеге асырылатын  жобаларды іске асыру,  қолайлы макроэкономикалық орта қалыптастыру; Бағдарламаны қолдаудың қаржылық құралдарын кеңейту;  инфрақұрылымдық, ресурстық және кадрлық қамтамасыз ету;  бизнес-ортаны жақсарту; технологиялық жаңғырту, инновацияларды және ғылымды дамыту; тікелей инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау;  тиімді сауда және тариф саясаты арқылы  жүзеге асырылатын болады.

  Макроэкономикалық саясаттың  жүйелі шаралары индустрияландыру міндеттеріне сәйкес іске асырылатын ақша-кредит, фискалдық, сондай-ақ  құрылымдық саясаттар  құралдарын  теңдестіріп және келісіліп пайдалануды  қамтитын болады.

  Ақша-кредит және фискалдық саясаттың келісілуі Үкіметтің, Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау  агенттігінің жыл сайын экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы бірлескен мәлімдемелерін қабылдаумен қамтамасыз етілетін болады.

  Ақша-кредит саясаты шеңберінде отандық қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін, сондай-ақ  мыналар арқылы теңгенің тұрақты айырбас бағамы мен елдің төлем теңгерімінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған  шаралар қабылданатын болады: 

Қазақстан экономикасының ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі  арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған және  ұлттық  валюта бағамын қайта бағалауға жол бермеуге  бағытталған  бағамдық саясат. Айырбас бағамының саясаты  әлемдік бағаның өзгеруіне, осылайша  ішкі  экономиканы дамытуға іргетас қалай отырып, сыртқы сауда  шарттарына  барабар назар аударатын болады;

Үкіметтің  инфляцияға қарсы саясатымен бірге кешенді түрде ұстап тұрылатын инфляцияның төмен деңгейі (жылдық инфляцияның деңгейі 2010 -2014 жылдары 5,0-8,0 % шегінде (бұған дейінгі жылдың желтоқсанына);

қайта қаржыландырудың ресми ставкасын қоса алғанда,  Ұлттық Банк операциялары бойынша  ақша нарығындағы жағдай мен  инфляциясының  деңгейіне байланысты  ставкаларды реттеу құралдарын  пайдалана отырып,  оны барабар деңгейде қолдау мақсатында банктердің қысқа мерзімді өтімділігін реттеу.

  Салық-бюджет саясаты индустрияландыру процестерін фискалдық ынталандыру, индустриялық инфрақұрылымды, ғылым мен инновацияларды, адами капиталды дамытуды қаржыландыру арқылы  экономиканы жаңғырту және әртараптандыру үшін  жағдай жасауға бағытталатын болады.

Мемлекеттік бюджет параметрлерімен өзара байланыста  мемлекеттік институттар арналары бойынша экономикаға капитал тарту мен бөлудің оңтайлы үлгісін қалыптастыру.

Ұлттық қор активтерін  қалыптастыру және пайдалану саясаты Ұлттық қордағы жинақтарды көбейтуге бағытталатын болады, бұл макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді  және елдің егемен рейтингін арттыру мен мемлекеттік және корпоративтік секторлардың  сыртқы қарыздарын  арзандатуға қажетті жағдайлар жасайды.

2.1 Энергетика инфрақұрылымымен қамтамасыз ету

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

  Әр түрлі меншік нысандарындағы өнеркәсіптік және  өңірлік бағыттағы  ұлттық  маңызы бар  59  электр станцииясы электр энергиясын өндіруді жүзеге асырады, олардың жалпы орнатылған қуаты – 18 992,7 МВт,  қолда бар қуаты – 14 558,0 МВт, электр станцияларының 80, %-ы көмірмен жұмыс істейді.

  2009 жылдың қорытындылары бойынша елдің электр станцияларында электр энергиясын өндіру 78,4  млрд. кВтс құрады,  тұтыну  77,9 млрд. кВтс құрады.

  Электр энергетикасы саласы активтерінің тозу деңгейі жоғары, оның ішінде:

  генерациялайтын жабдық – 70 %;

  электр желілері – 65%.

  Электр станцияларының электр генерациялайтын жабдықтарының одан әрі тозуына, 2009 жылдың мамырынан салаға инвестициялардың болмауына байланысты электр энергетикасында тариф белгілеудің жаңа тетігі  енгізілуде, онымен энергия өндіретін ұйымдар үшін  электр энергиясына арналған шекті, есептік және жеке  тарифтерді  енгізу және тиісінше электр өндіретін ұйымдардың  энергия жинақтайтын қуаттарды  қайта құру, жаңғырту, кеңейту және жаңадан салу жөніндегі инвестициялық міндеттемелерін  орындауы көзделген.

  2009 – 2015 жылдар кезеңінде жылдар бойынша бөле отырып энергия өндіретін ұйымдардың 13 тобы бойынша электр энергиясына арналған шекті тарифтері бекітілді,  олар саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етуді ескере отырып, жыл сайын түзетілуі тиіс.

  Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен энергия өндіретін ұйымдар арасында 84,2 млрд. теңгеден астам көлемде  2010 жылға арналған шекті тарифтер шеңберінде  инвестициялардың жалпы сомасына  инвестициялық міндеттемелерді орындау туралы  36 келісімге қол қойылды.

  Жаңа электр станцияларын салу сияқты ірі ауқымды инвестициялар іске асырылған жағдайда инвесторлар есептік тариф немесе жеке тариф бойынша жұмыс істей алады.

  Жаңа тариф белгілеу тетігін енгізу саланың инвестициялық тартымдылығын көтеруге, салаға инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасауға және энергия өндіретін ұйымдардың инвестициялар қайтарымдылығын қамтамасыз ету жөніндегі мүмкіндіктерін есептеуге мүмкіндік береді.

Негізгі міндет

  Экономиканы  электр энергиясымен қамтамасыз ету және елдің энергетикалық тәуелсіздігіне қол жеткізу.

Нысаналы индикаторлар

  1. Тұтыну болжамы 96,8 млрд. кВтс болған кезде электр энергиясын өндіруді 2014 жылы  97,9 млрд. кВтс жеткізу.

  2. Көмір өндіру көлемін 2014 жылға қарай  123 млн. тоннаға дейін қамтамасыз ету.

Іс-қимылдар стратегиясы

  Қазақстанның экономикасы мен халқын сенімді түрде электрмен жабдықтау жаңа электр энергетикасы объектілерін салуға, жұмыс істеп тұрған станцияларды  кеңейтуге және қайта жаңартуға, ұлттық электр желілісін жаңғыртуға,  болжамдық теңгерімдерді әзірлеу негізінде қолда бар энергетика ресурстарын тиімді пайдалануға  байланысты болады.

  Негізгі ресурстардың болжамдық теңгерімдерінің негізінде бизнестің қажеттілігін ескере отырып салаларды дамытудың және елдің инфроқұрылымдық және ресурстық әлеуетін кешенді дамытудың ұзақ мерзімді жоспарлары үйлестірілетін болады.

  Жоспарланған кезеңде, жаңа қуаттарды қосу және қолданыстағыларын жаңғырту есебінен елде өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемі болжамды тұтыну көлемінен асып түседі.

  Екібастұз бен Ақсу ГРЭС-і есебінен жаңғыртылатын Солтүстік энергетикалық аймағында электр энергиясын өндіру көлемінің  көп болуы  Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы және  Солтүстік-Оңтүстік  өңіраралық электр тарату желілері бойынша энергиясы тапшы  Оңтүстік және Батыс энергетикалық аймақтарына  қайта бөлінетін болады.

  Батыс Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесін шешу үшін Орал ГЖЭС-ін пайдалануға беру және  Атырау ЖЭО  кеңейту, елдің оңтүстік өңірлерінде – 2012 жылға  Мойнақ ГЭС-ін, Ақшабұлақ  ГЖЭС-ін, 2015 жылға Балқаш ЖЭС-нің екі энергоблогын, бірқатар электр желілері объектілерін салу, оның ішінде  «Алма» кіші станциясын және  Мойнақ ГЭС қуатын беру жөніндегі  электр тарату желілерін салу  болжанып отыр,  жұмыс істеп тұрған электр желілері мен төмендететін кіші станцияларды қайта жаңарту жүзеге асырылатын болады.

  Мынадай жобаларды іске асыру көзделеді:

  1) Атырау ЖЭО. Жобаны іске асыру құны – 16,4 млрд. теңге. Қуаты  75 МВт. Іске асыру мерзімі 2006 – 2010 жж.

  2) Орал  ГЖЭС. Жобаны іске асыру құны – 9,8 млрд. теңге. Қуаты  54 МВт. Іске асыру мерзімі 2010 – 2012 жж.

  3) Балқаш  ЖЭО. Жобаны іске асыру құны – 360,7 млрд. теңге.

1-модулінің қуаты 1320 МВт. Іске асыру мерзімі 2010 – 2015 жж.

  4) Мойнақ ЖЭО. Жобаны іске асыру құны – 54,1 млрд. теңге. Қуаты 300МВт. Іске асыру мерзімі 2006 – 2012 жж.

  5) Ақшабұлақ кен орнындағы ГЖЭС. Жобаны іске асыру құны –

17,7 млрд. теңге. Қуаты 87 МВт. Іске асыру мерзімі 2010 – 2012 жж.

  6) Екібастұз ГРЭС-2 (№ 3 блокты салу). Жобаны іске асыру құны – 118,3 млрд. теңге. Қуаты 525 МВт. Іске асыру мерзімі 2010 – 2014 жж.

  7) Екібастұз ГРЭС-1 (№ 8 блокты қалпына келтіру). Жобаны іске асыру құны – 23,4 млрд. теңге. Қуаты 500 МВт. Іске асыру мерзімі 2010 – 2012 жж.

  8) Ақсу ГРЭС-нің № 2 блогын қалпына келтіру.  Жобаны іске асыру құны – 12,9 млрд. теңге. Қуаты 325 МВт. Іске асыру мерзімі 2009 – 2011 жж.

  9) Шардара ЖЭО жаңғырту. Жобаны іске асыру құны – 13,6 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2009 – 2015 жж.

  10) Мойнақ ЖЭО қуатын беру. Жобаны іске асыру құны – 10,3 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2010 – 2012 жж.

11) 500, 220 кВ желілерімен бірге Қазақстанның  ҰЭЖ қоса отырып ПС 500 кВ Алма құрылысын салу.  Жобаны іске асыру құны – 30 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2010 - 2014 жж.

12) Қазақстанның Ұлттық электр желісін жаңғырту, ІІ кезең.  Жобаны іске асыру құны – 52,012 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2010 - 2016 жж.

13) Алматы қаласы мен Алматы облысында трансформаторлық кіші  станциялар салу. Жобаның құны – 19,9 млрд. теңге. Іске асыру мерзімі 2009-2011 жж. 

Көмір өндіру көлемінің өсуі мынадай жобалар есебінен қамтамасыз етіледі:

Екібастұз көмір бассейнінің разрездерінде:

-  «Богатырь» разрезінің көліктік схемасын қайта құру, разрезде жылына  48 миллион тонна көмір өндірілетін жаңа автомобильді-конвейерлік технологияға ауысу жобасы;

«Восточный» разрезінде циклдық-ағымдық ашу кешені (ЦААК) құрылысының жобасын аяқтау. ЦААК өндірісі жылына ашылатын кендердің 10 млн.текше метрін құрайды;

-  3000-5000 тонна деңгейінде тазалау забойында орта тәуліктік жүктемені қамтамасыз ететін жоғары өндірістік тау–кен техникасы мен технологияларын енгізу арқылы Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында;

-  Қарағанды облысында жобалық қуаты жылына 500 мың тонна көмірді құрайтын «Жалын» тас көмір кен орнының құрылысы және пайдалануға қосу.

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

17 мамандық бойынша мамандарға деген қажеттілік жоғары оқу орындарына дайындық және 80 ТКБ оқу орнының шеңберінде жабылатын  болады.

Екібастұз қаласында  700 оқу орнына арналған Отын-энергетика саласы үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық орталықтың құрылысы аяқталады.

2.2 Көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Қазіргі уақытта көлік саласында инфрақұрылымдық жобаларды  іске асыру жүзеге асырылады: қолданыстағы темір жолдарды жаңғырту жүргізілуде,– Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекара және Қорғас – Жетіген жаңа темір жол желілерінің құрылысы басталды; жер үсті инфрақұрылымы объектілерін жаңғырту және дамыту бағдарламасы іске асырылуда; 5 шешуші әуежай (Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау) қайта жаңартылды, Ақтау қаласының әуежайында жаңа әуе вокзалы пайдалануға берілді;  автомобиль жолдарының техникалық жай-күйін одан әрі жақсарту жұмысы жалғасуда,  6 жолақты қозғалысы бар «Астана – Щучинск» жылдам жүретін автомагистралі ашылды; жыл сайын кеме жүзетін су жолдарын ұстау жұмысы жүргізіледі, Өскемен және Бұқтырма шлюздерін  қайта жаңарту жобасын іске асыру басталды.

 Сонымен қатар автокөлік инфрақұрылымының маңызды бөлігі нормативті мерзім шегінен тыс пайдаланылады, екіншісі осы мерзімге жақындап отыр, осыған орай көлік жұмысының қауіпсіздігі айтарлықтай  нашарлап отыр. Қолда бар жол-пайдалану техникасы тозуының жоғары екендігі байқалуда.

Темір жол көлігі саласында темір жол желісі жеткілікті дамымаған, темір жол саласында негізгі құралдардың тозуы,  жолаушылар жылжымалы құрамының тапшылығы өсе түсуде; қызмет көрсетудің төмен деңгейі және бәсекелестіктің болмауы; теміржол көлігін жақсарту мен дамыту жеткілікті қаржыландырылмаған; тариф құрылымының қолданыстағы принциптері және реттеу тетігі тасымалдаушының клиентке бағдарлануын есепке алмайды. Елдің транзиттік әлеуетін барынша тиімді іске асыру және темір жол желілерін дамытуға жаңа (жеке) субъектілерді тарту қажет, өз кезегінде бұл көлік-коммуникациялық кешенде бәсекелестік орта қалыптастыруға және көлік құралдары паркін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Азаматтық авиация саласындағы негізгі проблема Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келмейтін өңірлік әуе кемелерінің ескірген паркі; авиациялық персоналдың, әсіресе ұшқыш құрамының тапшылығы болып табылады.

Су көлігі саласында порт инфрақұрылымының жеткіліксіз қуаты, сервистік инфрақұрылымның нашар дамығаны, білікті отандық мамандар тапшылығы, кеме жүретін шлюздерді қайта жаңғыртудың қажеттілігі байқалуда.

Негізгі міндет

Экономика мен халықтың көлік қызмет көрсетулеріне деген қажеттігін толық көлемде  қанағаттандыруға қабілетті көлік-коммуникациялық кешенді дамыту.

Нысаналы индикаторлар

1. 2015 жылға қарай  көлік бойынша жалпы қосылған құнның өсуін 63 %-ға жеткізу үшін көлік-коммуникациялық кешеннің негізгі көрсеткіштерін ұлғайту.

2. Республикалық маңызы бар шамамен 7 мың км автожолды қайта жаңғырту, 10 мың км автожолды және жергілікті маңызы бар 12 мың км жолды жөндеу;

3. Автожолдардың  республикалық желісінің  85 %-ы және жергілікті желісінің 70 %-ы  жақсы және қанағаттанарлық жағдайда;

4. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген  учаскелерінде ақылы  жүйе енгізу;

5. 453 км  темір жол салу;

6. Қазақстан Республикасының аумағындағы темір жол көлігімен жүзеге асырылатын транзиттік тасымалдар көлемін 25 %-ға өсіру;

7. 2015 жылға қарай жүк қатынасының жылдамдығын 15 – 20 %-ға, ал негізгі халықаралық көлік дәліздері бойынша 20 – 30 %-ға арттыру;

8. 2014 жылға қарай республиканың 14 әуежайында ұшу-қону жолақтарының, жолаушылар мен жүк терминалдарын қайта жаңғырту(салу);

9. 2010 жылмен салыстырғанда халықаралық әуе қатынастары санын екі есеге арттыру және еуропалық авияция стандарттарын енгізу;

10. 2015 жылға қарай сауда флотын 11 бірлікке, оның ішінде 9 танкер мен 2 құрлықтағы жүк кемесіне  дейін жеткізу;

11. 2015 жылға қарай мемлекеттік техникалық өзен флотының 40 бірлігін жаңалау және жаңғырту;

12. 2014 жылға қарай Өскемен, Бұқтырма және Шүлбі шлюздерін жаңалау және жаңғырту;

13. 2014 жылға қарай кемелер қозғалысын және теңізде құтқару операцияларын басқару жүйесін  құру. 

Іс-қимылдар стратегиясы

Саланың дамуы экономиканың көлік қызмет көрсетулеріне деген қажеттігін және  елдің халықаралық көлік желілеріне кірігуін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Қойылған міндетті іске асыру үшін мынадай шаралар қабылданады:

қолда бар темір жол желісін жаңа учаскелерді салу арқылы желіні оңтайландырумен бірге қауіпсіздік пен қозғалыс жылдамдығының әлемдік стандарттарына сәйкестендіру;

негізгі халықаралық транзиттік дәліздерді, халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын  қайта жаңғырту;

аэронавигациялық инфрақұрылымды кезең-кезеңмен жаңғырту және республиканың әуежай желісін қайта жаңғыртуды аяқтау, қазіргі заманғы  әуе кемелерін сатып алу;

теңіз сауда флотын қазіргі заманғы кемелермен одан әрі жарақтандыру, айлақтық және сервистік инфрақұрылымды дамыту, кеме жүзу қауіпсіздігі мен кеме  жүзетін шлюздерді және өзен техникалық флотын жаңғырту.

Автожол саласында мынадай жобалар іске асырылатын болады:

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Омбы – Павлодар – Майқапшағай», «Астрахань – Атырау – Ақтау – Түркіменстан шекарасы», «Шучинск – Көкшетау – Петропавл», «Ресей Федерациясы шекарасы – Орал – Ақтөбе», «Астана – Қостанай – Челябинск», «Ақтөбе – Атырау», «Астана – Ерейментау – Шідерті», «Құрты – Бурылбайтал»  негізгі транзит дәліздерінің автомобиль учаскелерін  қайта жаңғырту;

«Алматы – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Жазқазған – Петропавл», «Қызылорда – Павлодар – Успенка Ресей Федарациясы шекарасы», «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолдары учаскелерін  қайта жаңғырту, сондай-ақ жергілікті автожол желісін қайта жаңғырту шараларын жүзеге асыру.

Концессиялық негізде автомобиль жолдары учаскелерін салу және кейіннен ақылы жүруді енгізе отырып, «Астана – Щучинск»  автомагистраліне ЗКЖ енгізу мәселесі пысықталатын болады.

Темір жол саласында «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекарасы», «Жетіген – Қорғас», «Ералиев – Құрық»  темір жол желілерін салу жобасы  іске асырылатын болады.

Азаматтық авиация саласында Қызылорда, Көкшетау, Семей, Қостанай, Орал, Талдықорған, Петропавл және Өскемен мен Ақтау қалаларындағы 9 әуежайда  ұшу-қону жолағын қайта жаңғыртудан өткізу; Көкшетау және Орал қалаларында жолаушылар терминалдарын қайта жаңғырту жоспарлануда, сондай-ақ  Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону  жолағын және Алматы, Шымкент қалаларының әуежайларында  жаңа жолаушылар терминалдары мен  Атырау қаласында жаңа жолаушы және жүк терминалын салу жоспарлануда.

Концессиялық негізде Кендірлі жаңа халықаралық әуежайын салу мәселесі  пысықталатын болады.

Су көлігі саласында Құрық,  Атырау, Ақтау айлақтарындағы кеме қозғалысын басқару жүйесі,  Каспий теңізінің қазақстандық секторында  құтқару операцияларын басқарудың өңірлік жүйелері құрылатын болады, сондай-ақ танкерлік және құрғақ жүк тасу флоттарын  салу,  Өскемен және Бұқтарма шлюздерін қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстарын жалғастыру,  Шүлбі шлюзінің қорғаныс гидротехникалық құрылғыларын салу, мемлекеттік техникалық өзен флотын жаңарту және жаңғырту, Ақтау айлағының инфрақұрылымын техникалық жаңғырту жоспарлануда.

Инновациялардың дамуы және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу

Автожол саласында автожол көпірлерінің темір бетон бөліктері  құрылысының ресурстарын болжау бөлігінде автомобиль көлігі саласында ірі қалаларда жолаушылар тасымалын диспетчерлік басқару проблемалары бойынша;  транзиттік әлеует саласында өңірлік экономикалық ұйымдар шеңберінде көлік қызметі нарығында бәсекелестік ортаны зерделеу бойынша ғылыми қолданбалы зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.

Инвестицияларды ынталандыру:

білікті халықаралық жолаушылар операторлары арасынан мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартымен стратегиялық инвесторларды темір жол жолаушылар тасымалының қазақстандық нарығына тарту;

темір жол саласы нарығын ырықтандыру және темір жол саласының мақсатты үлгісіне сәйкес мемлекеттік реттеу реформалары;

әлеуметтік маңызы бар облысаралық қатынастар бойынша темір жол жолаушылар тасымалы және тұрақты ішкі және халықаралық әуе тасымалдарын субсидиялау жөнінде шаралар қабылдау.

Техникалық реттеу:

2015 жылға қарай азаматтық авиация саласына толықтай еуропалық авиация талаптары енгізіліп, 12 әуежайдың Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) санаты болады. 

2012 жылға қарай автомобиль көлігі саласында Евро-3 экологиялық стандарттары, қозғалыстағы автокөлік құралдарын автоматты өлшеу жүйесі енгізіледі, халықаралық тасымалдауларда сандық тахографтар енгізіледі;

кәсіпорындардың өзінің қаражаты есебінен ИСО 9001:2000, ИСО 9001,  ИСО 14001 және OHSAS 18001 халықаралық стандарттарына сәйкес менеджмент және сапа жүйесін енгізу.

Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету 

  көлік саласы бойынша мамандар даярлау мемлекеттік білім тапсырысы, грант және кәсіпорындардың қаражаты есебінен техникалық, кәсіптік және жоғары білім беретін оқу мекемелері мен кәсіпорындардың оқу орталықтарында жүзеге асырылатын болады. 2010 – 2012 жылдары көлік- коммуникация кешені саласындағы қажеттілік білікті мамандардың 70 мыңнан астамын құрайды;

  көлік пен коммуникациялардың 8 мамандығы бойынша кадрларға деген қажеттілік жоғары оқу орындарында және 109 ТжКБ оқу орындарында жүзеге асырылатын болады;

жұмысшыларды поездардың қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты 75 біліктілік пен кәсіп бойынша кәсіптік оқыту «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалдары – Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Тараз қалаларындағы «Темір жол көлігі қызметкерлерін оқыту орталықтарында» жүзеге асырылатын болады.

Заңнаманы жақсарту

Қазақстан Республикасының мынадай заңдарына өзгерістер енгізіледі:

1.  Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңға жеке сектордың қызметін ынталандыру мақсатында рұқсат ету функцияларын қысқарту, кеме қатынасы компанияларының шетел азаматтарын кеме экипаждарының құрамына тарту құқығын ұзарту бөлігінде;

2.  Автомобиль көлігі туралы заңға халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау кезінде ел аумағында цифрлық тахографтарды енгізуді қамтамасыз ету бөлігінде.

3.  Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және әуе қызметі туралы Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау. 

2.3 Ақпараттық коммуникациялармен қамтамасыз ету

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

  Халықты, бизнесті және мемлекетті ақпараттық коммуникациялық қызмет көрсетулермен және технологиялармен қамтамасыз ету елдің инновациялық экономикаға әрі ақпараттық қоғамға  өту шарттарының бірі болып табылады.

Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың енуі мынадай индикаторлармен сипатталады. Интернет желісін пайдаланушылардың саны  5,1 миллион абонентке жетті (100 адамға 32-ден). Қоғамның компьютерлермен қамтылуы 2009 жылы 100 адамға 12,7 компьютерге жетті (2008 жылы 100 адамға 11,2 компьютер). Тіркелген байланыс абоненттерінің саны 2009 жылы 3,7 млн. абонентті құрады, бұл 2008 жылға қарағанда 100 мың абонентке артық. Орташа телефон тығыздығы 100 тұрғынға 23,4 абонентті құрады (2008 жылы 100 тұрғынға 22,2 абоненттен). Ұялы байланыс абоненттерінің саны 14,9 млн. абонентке жетті, бұл 100 тұрғынға 95,5 абонент тығыздығына сәйкес келеді.

Ақпараттық коммуникациямен қамтамасыз етудің негізгі проблемалары:

инфрақұрылымдық проблемалар (жаңа буын телекоммуникациялық технологияларын енгізу үшін қажетті радиожиіліктің жетіспеушілігі; телерадио хабарларын тарату кешенінің материалдық базасының  ескіруі);

бәсекелестікті дамытудағы кедергілер (ауылдық почта және жергілікті телефон байланысының залалдылығы, Интернет қызметтерінің қайталама провайдерлері үшін үстем операторлардың көтерме тарифтерінің жоғарылығы).

Негізгі міндет

Ақпараттық қоғам мен инновациялық экономикаға өту үшін  ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту.

Нысаналы индикаторлар

1. Жергілікті телекоммуникация желілерін цифрландыру деңгейін 100 %-ға арттыру.

2. Интернеттің кең жолақты желісі абоненттерінің тығыздығы – 100 адамға 22.

3. Ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы – 100 адамға 135.

4.  Халықтың компьютерлік сауаттылығының деңгейін 40 %-ға дейін арттыру;

5.  Әлеуметтік маңызды  мемлекеттік қызмет көрсетулердің кемінде 50 % -ын  электронды нысанға көшіруді қамтамасыз ету.

6.  Қазақстан аумағын цифрлық эфирлі теледидар хабарларын таратумен қамту – 95 %;

7.  Почта байланысының 560 ауылдық бөлімшесін салу және жаңғырту.

Іс-қимылдар стратегиясы

Ақпараттық коммуникацияның дамыған инфрақұрылымы Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді және  корпоративтік сектордың дамуы мен басқа да бірқатар әлеуметтік міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарады:

телекоммуникация қызметтеріне (сандық телевизия, Интернетке кең жолақты қол жеткізу) және  почта байланысына ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту;

веб-хостинг қызмет көрсетулеріне, деректерді бастапқы және резервтік сақтауға және сыртқы нарыққа кезең-кезеңмен өтуге  деген сұранысты қамтамасыз ету мақсатында  есептеу орталықтарын дамыту. 

Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтарын телефон байланысымен және Интернетке кең жолақты қол жеткізу қызметтерімен толық қамту қамтамасыз етілетін болады; жергілікті телефон байланысын цифрландыру деңгейі 2015 жылға қарай 100 %-ға жетеді.

2015 жылға дейін телекоммуникация желісін қуаты 1 млн. абонент болатын NGN технологиясына көшіру аяқталатын болады, бұл пайдаланушыға бағдарланған және қазіргі заманғы телекоммуникацияларды дамытудың келесі қадамы болып табылатын конвергенттік қызмет көрсетулерге көшуге мүмкіндік береді.

  CDMA технологиясын пайдалана отырып, ауылдық байланыстың телекоммуникация желілерін жаңғырту ауылдық абоненттерге деректерді беру қызмет көрсетулеріне және жылдамдығы 153,6 Кбит/с дейінгі Интернет желісіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ауылдық байланыстың телекоммуникация желісінің базалық станцияларының жалпы саны 2015 жылға қарай 900 бірлікке жетеді.

  Еркін бәсекелестік жағдайында, сапалы почта және қаржы қызмет көрсетулер ұсыну мақсатында бірінші кезекте, ауылдық почта байланысының бөлімшелерін дамыту және автоматтандыру арқылы ауылдық жерлерде почта-жинақтау жүйесіне жаңғырту жүргізілетін болады.

Мыналар басты жобалар болып табылады:

Сандық телехабарлар енгізу;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын бірыңғай көліктік ортамен өңірлік қамтуды  қамтамасыз ету;

Мемлекеттік органдарының хостинг қызметтері үшін серверлік тұғырнама жасау;

Сервер орталығын технологиялық жарақтандыруды  аяқтау;

3G және  4G ұялы байланыс стандарттарын енгізу;

Радиожиілік спектрлік  мониторинг жүйесін жаңғырту;

Резервтік сервер орталығын құру;

Коммерциялық дата-орталықтар құру.

2.4 Минералдық-шикізат кешенін дамыту

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Республиканың минералдық-шикізат кешені ел экономикасының басым салаларын қажетті шикізат базасымен қамтамасыз ете алады, Қазақстанды тұрақты даму жолына алып шыға алатын «локомотив» болады.

Қазақстан мыс, уран, титан, ферроқорытпа және болаттың әлемдік нарығында стратегиялық рөлге ие бола отырып, Еуроазия субконтинентінде хромды шығару бойынша монополист болып табылады, темір, марганец, көмір және алюминийдің өңірлік нарығына едәуір ықпалы бар. Тасымалдау мәселелерінің шешілуімен, Қазақстан мұнай қорларын тиімді пайдаланып, әлемдік мұнай нарығында лайықты орынға ие бола алады.

Минералды шикізат  қорларын ұдайы өндіру жағдайларының жылдан жылға қиындай түсуі минералдық-шикізат кешенінің ағымдағы жай-күйінің  нақты объективті жағдайы болып табылады.

Елдің минералдық-шикізат кешенінің перспективті ресурстық базасын дамыту қорларды өсіру мақсатында іздеу және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізуді талап етеді.

Негізгі міндет

Өнеркәсіптің барлық салаларын белсенді дамыту үшін минералды ресурстардың ұтымды және кешенді пайдалануы мен қайта өндірілуін қамтамасыз ету.

Нысаналы индикаторлар

1. 2014 жылға пайдалы қазбалардың негізгі түрлерінің өндірілген қорларын өтелген қорларға қатысты толықтырылу пайызын 50%-ға жеткізу.

2. ҚР аумағын өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізуге қолжетімді қамту пайызын 2009 жылғы 78%-дан 2014 жылы 95%-ға жеткізу.

Дамудың негізгі бағыттары

Іздеу жұмыстарын өткізудің жаңа технологияларын енгізу, қатты пайдалы қазбаларға және көмірсутекті шикізатқа қатысты үлкен көлемде геофизикалық жұмыстарды қайта жандандыру және жүргізу елдің минералдық-шикізат базасын нығайтудың басты бағытына жатады. Геологиялық-барлау жұмыстарының барлық технологиялық тізбегін түпкілікті жақсарту үшін геологиялық-түсіру жұмыстарының қазіргі заманғы әдіснамасы қарастырылып,  қазіргі заманғы талаптар мен стандарттарға сәйкес келетін қорларды іздестіру мен барлаудың, бағалаудың қазіргі  заманғы әдістерін әзірлеуге бағытталған жаңа деңгейдегі зерттеулер және оның негізінде қорларды өсіру мақсатында өңірлік, іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу басталатын болады.

Қазақстанның әлемдік нарыққа кіруі жер қойнауын пайдалану саласында отандық және халықаралық стандарттарды үйлестіру қажеттілігін негіздейді  (атап айтқанда, пайдалы қазбалар қорларын сыныптау мен санатқа жатқызу, геологиялық-іздестіру жұмыстарының кезеңділігі және т.б.).

Жер қойнауынның ұтымды және кешенді пайдаланылуын пәрменді бақылауды ұйымдастыру мақсатында жер қойнауын мемлекеттік сараптау тетігі жетілдіріледі, пайдалы қазбалардың кен орындарын компьютерлік үлгілеу, бағалаудың автоматтандырылған кешендері және қорларды есептеу негізінде қорларды сараптаудың қазіргі заманғы жаңа технологияларына кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылады.

Шикізат базасы (темір кені, көмір, уран және мұнай-газ) қанағаттанарлық жағдайда тұрған басым салалар топтары бойынша олардың дамуының негізгі бағыттарына мыналарды жатқызуға болады: азайып бара жатқан қорларды толтыру, қолда бар барланған қорларды ұтымды игеру, алдын ала бағаланған қорларды өнеркәсіп санаттарына уақтылы көшіру, оларды игеру  және әлемдік нарыққа (уран) өнімді шығаруда мемлекет тарапынан қолдау табуы, тау кен-байыту кешенінің қуатын арттыру (марганец), ішкі көлік коммуникацияларын (мұнай-газ) құру.

Минералдық-шикізат базасының жағдайы онша қанағаттанарлық емес салалар тобы үшін (марганец, алюминий, темір кені және хромит) дамудың басты бағыттарына ресурстарды барлау, игеру және ішкі нарыққа жылжыту, шикізат базаларын қолжетімді, бай және сапалы кендермен толықтыру және нығайту жатады.

Шикізат проблемалары өткір тұрған салалар үшін (мыс кені, қорғасын-мырыш кені, алтын кені және титан) дамудың басты бағытына кен орындарды іздеу мен барлаудың перспективалық алаңдарын бөлу арқылы шикізат базаларын жаңа бәсекеге қабілетті нысандармен түпкілікті нығайту жатады.

Минералдық-шикізат кешенінің тиімді дамуын жалғастыру үшін мынадай шаралар көзделеді:

қара, түсті және бағалы металдар қорларының  одан әрі азаюын тоқтата тұру, геологиялық-барлау жұмыстарының көлемін арттыру;

жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың минералдық-шикізат базасын қолдау мақсатында елдің дәстүрлі тау кен өндіру аудандарында пайдалы қазбалардың кең ауқымды аяда өсе түсу басымдығын қамтамасыз ету;

конденсатты мұнай мен газ қорларының өсімі көлемін кезең-кезеңмен ұлғайту;

нарық экономикасы мен әлемдік конъюнктураның жағдайларын ескере отырып минералдық-шикізат базасын геологиялық-экономикалық қайта бағалау бойынша жұмысты жалғастыру;

жер қойнауында пайдалы қазбалардың жойылуын азайту және олардың тапшылығын болдырмау мақсатында кенішті кен орындарын әзірлеу жүйесін жетілдіру үшін жағдай жасау;

мұнай (әсіресе, тұтқыр мұнай) мен газдың бастапқы қорларының өңделу пайызын арттыру, ілеспе газды, күкірт сутегін, конденсат пен ауыр фракцияларды пайдалану, мұнай мен газдың ірі және орта дебитті кен орындарының таңдаулы және үдемелі өңделу тәжірибесін болдырмау мақсатында ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі заманғы деңгейін ескере отырып, мұнай-газ кен орындарын әзірлеу жүйесін жетілдіру үшін экономикалық жағдайлар жасау;

байыту фабрикаларының жұмыс көрсеткіштерін арттыру және пайдалы қазбалардың шығынын азайту мақсатында кенді байыту алдында ағымдағы өнімі және орташа  сапасын жоспарлау үшін пайдаланылатын кеніш кен орындарын геологиялық-технологиялық карталаудың кең ауқымды енгізілуін қамтамасыз ету;

минералды шикізатты байыту бойынша өнімділігі жоғары өндірістік жабдықтарды және қағидатты жаңа технологияларды құру, концентрат, агломерат, шекемтастардың сапасын арттыру мақсатында тереңдетілген байытуға көшу (осы кезеңдегі қосымша шығындар қайта бөлісудің кезекті кезеңдерінде жылуды, коксты, флюстерді үнемдеу, металдың сапасын арттыру және т.б. түрінде ақталуы тиіс);

тиімді экономикалық негізді молибден, рений, осмий, скандий, индий, галлий және тағы басқа жанама пайдалы құрамдауыштарды алу мақсатында өндірілген кен шикізатын кешенді пайдалану үшін қажетті жағдайлар жасау;

жанама бағалы құрамдауыштарының барын анықтау мақсатында үйінді мен қалдықтар қоймаларын жан-жақты тексере, оларды қайта бағалау және оң нәтиже алынған кезде жиналған байыту қалдықтары мен қоймаланған  кендерді қайта байыту үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді (ТЭН) әзірлей отырып, геологиялық-барлау жұмыстарын жүзеге асыру;

ел экономикасында жанама өндірілетін аршылма кендерді барынша  толық пайдалануды қамтамасыз ету;

минералдық-шикізат ресурстарының тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында баламалы энергия көздерін және энергия мен материалды сақтаушы технологиялардың қайталама шикізатын барынша пайдалану үшін экономикалық жағдайлар жасау;

қосылған құны жоғары өндірістерді ашу жөнінде жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттерін қамтамасыз ету бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу.

2.5 Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау 

Орнықты экономикалық өсу және экономиканың онымен байланысты құрылымдық өзгерістері ұлттық еңбек нарығының ауқымымен және оның құрылымының өзгеруімен қатар жүрді. Еңбек ресурсына сұраныстың ұлғаюы белгілі бір деңгейде өндіріс көлемінің ұлғаюына ғана емес, салыстырмалы түрде еңбек өнімділігі өсуі қарқынының төмендеуіне және арзан еңбекті пайдалану мүмкіндіктеріне де байланысты болды.

Елде құрылыс саласында, тамақ өнімдерін өндіруде, көлікте,  көшедегі азық-түлік және киім-кешек базарларында, маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарында көлеңкелі жұмыспен қамту сақталуда. Оның құрамындағы  негізгі топтар Қазақстандағы еңбек нарығында жұмыссыз халықтың болуына қарамастан еңбектің қанағаттанбаған сұранысын жауып отырған заңсыз еңбек мигранттары (2000 жылы  – 10,5 мың адам, 2005 жылы – 24,7 мың адам,  2008 жылы 54,0 мың адам, 2009 жылы – 30,4 мың адам) болып отыр.

Соңғы жылдары қызметкерлердің кәсіптін ұтқырлығы байқалуда, олардың көпшілігі екінші және үшінші кәсіптік білім алуда, сондай-ақ  жоғары және орта арнайы білімі бар қызметкерлер саны өсу үстінде.

Сонымен қатар, азаматтарды кәсіптік даярлаудың құрылымы мен нысаны кәсіптік бөліністе жұмыс күшіне сұраныстағы өзгерістерге барабар емес. Кәсіби даярлық пен жоғары мектеп арасында теңсіздік бар.

Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымы ЮНЕСКО-ның халықаралық білім беру стандартты жіктеуішіне сәйкес келеді. Мамандар даярлаудың үш деңгейлі: бакалавр  - магистр – PhD докторы моделі енгізілді.

Бағдарламаның бағыттары бойынша кадрлар даярлау республиканың жалпы контингенті 238 104 адам болатын 69 жоғары оқу орнында  жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің 199 бағдарламасы бойынша  жүзеге асырылуда.

Жоғары оқу орындары білім, ғылым және өндіріс арасын байланыстырушы буын болып табылатын білім берудің инновациялық инфрақұрылымын дамыту, әр түрлі бейінді ғылыми-инновациялық орталықтар, жаңа технопарктер құру  жұмыстарын жүргізуде.

Техникалық, технологиялық мамандықтар бойынша және агроөнеркәсіп кешені мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярлау 186 мамандық бойынша 543 техникалық және кәсіптік білім беру орындарында (бұдан әрі – ТКБ) жүзеге асырылуда, онда 260,9 мың адам білім алуда.

Сонымен қатар, елдің индустриялық-инновациялық дамуы үшін кәсіби мамандар даярлау қажеттілігін қамтамасыз етуге кедергі келтіретін бірқатар проблемалар бар:

1,25кадрларға ұзақ мерзім кезеңге арналған қажеттілікті болжамдау жүзеге асырылмайды;

жұмыс берушілерді кадрлар даярлауға тарту жөніндегі заңнамалық база жеткілікті емес;

ТКБ оқу орындарының материалдық-техникалық базасы ескірген;

ТКБ оқу орындарында оқитындардың кәсіпорындардағы өндірістік практикасын және тағылымдамасын ұйымдастыру мәселесі шешілмеген;

жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұны жұмыс берушілердің еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты талаптарына толықтай сай келмейді;

әлеуметтік әріптестік жеткілікті дамымаған. Өндірістік практика базаларымен қамтамасыз ету, оқу бітіргендерді жұмысқа орналастыру, жұмыс берушілерді кәсіптік стандарттар жасауға тарту тетіктері жоқ. 

Негізгі міндет

 Индустриялық-инновациялық даму шеңберінде экономиканың басым секторларының қажеттіліктерін білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету.

Нысаналы индикаторлар

  1. Қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған оқу орындарының үлесін 70 %-ға дейін ұлғайту

  2. Кәсіптік даярлығының деңгейін бағалауға қатысатын түлектер үлесін және біліктілік беруді 100 % ұлғайту.

  3. Мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының жұмысқа орналастырылған  түлектері  үлесін 78 %-ға дейін ұлғайту.

  4. Экономиканың басым секторларында 100 қазіргі заманғы кәсіптік стандарт әзірлеу.

  5. Арнайы пәндердің және өндірістік оқыту шеберінің 5000 оқытушысының біліктілігін арттыруды және тағылымдамадан өткізуді қамтамасыз ету.

  6. Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары үшін жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен 5000 оқытушы мен  өндірістік оқыту шеберін даярлауды қамтамасыз ету.

  7. 35 кәсіпорынның базасында өндірістік практиканың 35 базасын құру;

  8. 2014 жылға қарай шетелдік жұмыс күшінің құрамындағы біліктілігі жоғары жұмыс күшінің үлес салмағы – 55 %.

Іс-қимылдар стратегиясы

Экономиканың қажеттіліктеріне және еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес білікті кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін техникалық және кәсіптік, инженер-техникалық және қосымша кәсіптік білім берудің өзара байланысты жүйесін қамтитын үзіліссіз моделді қалыптастыру, теңгерімді, серпінді еңбек нарығын дамыту, экономиканың басым секторларына мамандар тарту үшін мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы, сондай-ақ ішкі және сыртқы көші-қонды пайдалану жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады.

Орта буындағы білікті жұмысшылар мен мамандар тапшылығын ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беруге (ТКБ) басым көңіл бөлінбек.

Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:

1) ТКБ оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту және материалдық-техникалық базасын нығайту:

экономиканың басым секторларының қажеттіліктеріне бағдарланған жұмыс істеп тұрған оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту;

ТКБ жаңа оқу орындарын салу. ТКБ-ның әкімдіктер өтінім беретін оқу орындарын салу жөніндегі жобаларды іріктеу Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар бойынша жиынтық қажеттілікті ескере отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады. Жобалар ірі кәсіпорындардың қатысуымен республикалық және жергілікті бюджеттерден бірлесіп қаржыландыру шартында іске асырылатын болады;

мұнай-газ саласы бойынша Атырау қаласында, отын-энергетика саласы бойынша Екібастұз қаласында, өңдеуші сала бойынша Шымкент қаласында және машина жасау саласы бойынша Өскемен қаласында өңіраралық кәсіптік орталықтар салу;

индустриялық-инновациялық даму жобалары бойынша қазіргі ТКБ ұйымдарының базасында базалық оқу орталықтарын құру;

2) еңбек нарығындағы сұранысқа және халықаралық стандарттарға сәйкес мыналарды:

жұмыс берушілер бірлестіктерін және қызметкерлерін тарта отырып, ұлттық біліктілік жүйесін;

кәсіптік стандарттарды;

құзыретті мамандар даярлаудың интеграцияланған (модульдік) білім беру бағдарламаларын әзірлеу жолымен білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын жаңарту;

3) ТКБ құрылымы мен басқару жүйесін жетілдіру:

ТКБ дамыту жөніндегі Ұлттық, өңірлік және салалық кеңестердің экономиканың басым секторларының Индустрияландыру картасының кадрларын мақсатты даярлау үшін республикалық және өңірлік деңгейлерде үйлестіру кеңестерімен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

жұмыс берушілерді және салалық қауымдастықтарды тиісті келісімдер жасасу, ТКБ-ны, оқу орындарын және кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтарын дамытуды қолдау жолымен әлеуметтік әріптестік шеңберінде кадрлар даярлауға тарту, өндірістік практика, тағылымдамалар үшін жұмыс орындарын, стипендиялар ұсыну;

4) индустрияландыру міндеттерін шешу үшін білікті кадрлар даярлау сапасын қамтамасыз ету:

мамандар біліктіліктерін сертификаттаудың, оның ішінде халықаралық сертификаттаудың салалық жүйесін енгізу;

біліктілікті арттыру жөніндегі өңіраралық орталықтар базасында ТКБ ұйымдарының кадрлық  әлеуетін күшейту;

жоғары оқу орындарында ТКБ оқу орындары үшін өндірістік оқыту оқытушылары мен шеберлерін даярлау.

Индустриялық-инновациялық дамуды қамтамасыз ету мақсатында жоғары білім беру жүйесін жетілдіру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

  жоғары оқу орындары, ҒЗИ және жүйе құраушы өнеркәсіп кәсіпорындары арасында өндірістік практикалар базасын қалыптастыруға келісімдер жасасу;

  ұлттық және трансұлттық компаниялардың қаражатын тарта отырып, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру;

жоғары оқу орындарының отандық және шетелдік жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарымен және жетекші ҒЗИ-мен профессор-оқытушылар құрамын жоғары технологиялық кәсіпорындарда, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында біліктілігін арттыру, қайта даярлау, тағылымдамадан өткізу  мәселелері бойынша көп жақты  кооперациясы.

Кадрларға деген қажеттілік ұсынылған кезде салалық мемлекеттік органдар кәсіптер мен мамандықтар (соның ішінде жеке,  эксклюзивті даярлау) жобаларын іске асыру үшін қажетті барлық мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыратын болады.

Кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру

Басқарушы кадрларды даярлау жекелеген кәсіпорындардың да,  тұтастай ел экономикасының да  жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің шешуші факторы болып табылады.

Осы мақсатта экономика саласындағы басшы қызметкерлер мен менеджерлерді шет елге тағылымдамаға жібере отырып, олардың біліктілігін арттыру саласында жергілікті және шетелдік әріптестермен ынтымақтастық жүзеге асырылады.

Персоналды алдын ала оқытуды ұйымдастыру өмір бойы білім мен ілімді үнемі жаңарту үшін жағдай жасауға негізделген. Бұл үшін кадрларды даярлау және қайта даярладың үш деңгейлі жүйесі - жоғары, орта және бастапқы білім беру мекемелерінде; өндірісте (фирмаішілік даярлау),  уәкілетті органдардың халықтың мақсатты топтарын жұмыспен қамту жөніндегі оқытуы және қайта оқытуы одан әрі дамытылып, пайдаланылатын болады.

Қызметкерлерді басым тәртіппен қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі қабылданып жатқан шаралар шеңберінде азаматтардың мынадай санаттары қамтылатын болады: толық емес жұмыс режимінде істейтін не қысқару қаупінде тұрған қызметкерлер және халықтың мақсатты топтарының өкілдері.

Осы мақсатта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде қайта даярлаудан өткен тұлғаларды жұмысқа орналастыру жөнінде шаралар қабылданады.

Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы бойынша экономиканың басым секторларына мамандар тарту үшін мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:

ішінара ақы төленетін өндірістік практика тетігін дамыту;

бос орындар жәрмеңкесін өткізу;

әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар практикасын ұйымдастыру;

«Түлек» дерекқорын қалыптастыру және үнемі жаңартып отыру;

Ішкі және сыртқы көші-қонды пайдалану

  Білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету үшін білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін пайдаланумен қатар ішкі және сыртқы көші-қон тетіктері мынадай жолдармен кеңінен қолданылатын болады:

  өңірлік еңбек нарықтарында, оның ішінде жұмыссыздар арасынан қажетті кадрларды (қызметкерлерді) іздестіру;

  елдің еңбек ресурстары артық өңірлерінен жұмыстың вахталық әдісін қоса алғанда, еңбек ресурстарын тарту;

  нақты жобаларға сұранысқа сәйкес шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны ұтымды бөлу жолымен шетелдік жұмыс күшін тарту.

  Сыртқы еңбек көші-қонын реттеу біліктілігі жоғары жұмыс күшіне сұранысты қанағаттандыруға, ішкі еңбек нарығында ширығуды азайтуға, инвестициялар ағынын ынталандыруға бағытталатын болады.

  Көшу ағынын тежеу мен «ақыл-ойдың сыртқа жылыстауы» процесін уақытша және/немесе тұрақты негізде жұмыс істеу, дәріс оқу, бизнес жүргізу үшін біліктілігі жоғары (оның ішінде, бұрынғы отандастар арасынан) мамандар шақыру нысанында «ақыл-ойды байыту» процесіне «түрлендіруге ерекше көңіл бөлінеді.

Теңгерімді, серпінді еңбек нарығын дамыту бойынша мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:

2010 жылы:

Индустрияландыру картасы базасында салу және пайдалану кезеңін қоса алғанда, алдағы кезеңге нақты мамандықтар бойынша кадрларға қажеттілік айқындалатын болады;

жұмыс күшіне ұзақ мерзімге арналған сұраныс пен ұсынысқа бір мезгілде статистикалық зерттеу жүргізілетін болады;

еңбек нарығының түрлі біліктіліктегі кадрларға, оның ішінде, әлемдік еңбек нарығы дамуының халықаралық үрдістерін ескере отырып, ағымдағы және перспективалық қажеттілігінің тұрақты мониторингі жүйесін құру көзделіп отыр.

2014 жылы ұлттық деңгейде шетелдік жұмыс күшін тартуды және пайдалануды, өңірлер бөлінісінде жұмыс берушілердің кәсіптік және біліктілік құрамы бойынша кадрларға қажеттілігін қамтитын бірыңғай ақпараттық дерекқор құру қажет.

Ақпараттық база шеңберінде халықты еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың жай-күйі туралы хабардар етудің жаңа сапалы жүйесін құру және ақпараттық-консультациялық қызметтер желісін айтарлықтай кеңейту қажет.

Республикалық деректер банкін құру негізінде жұмыс күшінің сұранысы мен ұсынысының өңірлік болжамы да әзірленеді.

Заңнаманы жақсарту

Қазақстан Республикасының мынадай Заңдары мен Кодекстеріне:

1. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне ұлттық біліктілік жүйесін құру және кәсіптік стандарттар әзірлеу жөніндегі құзыретті белгілеу бөлігінде;

2. Жеке кәсіпкерлік туралы, Мемлекеттік кәсіпорын туралы Қазақстан Республикасының заңдарына ұйымдарда өндірістік практика үшін орын беру және  кейіннен біліктілігін бере отырып, персоналды өндірісішілік оқыту (тікелей жұмыс орнында) бөлігінде;

3. Халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының Заңына түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

4. Халықтың көші-қоны туралы Қазақстан Республикасының Заңын (жаңа редакцияда) және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.

2.6 Әкімшілік кедергілерді азайту

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау  

Қазақстан Республикасында рұқсат беру жүйесін жетілдірудің 2009 – 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде анықталған 1004 рұқсат беру рәсімі түрлерінен 348 рәсімді тоқтату бойынша ұсыныста әзірленді, бұл 2008 жылмен салыстырғанда жылына шамамен 880 лицензиялау-рұқсат беру құжат айналымын азайтуды  болжайды  (29 млн. жуық рұқсат беру құжаты берілді).

2009 жылы 72 заңнамалық актіге, оның ішінде 8 кодекске өзгерістер енгізген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Заң кәсіпкерлік субъектілеріне бақылау-қадағалау функциялары берілген мемлекеттік органдар жүргізетін тексерістерді оңтайландырып, реттеуге мүмкіндік берді. Тексерістерді оңтайландыруға және реттеуге тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу, тексеру парақтарын, ведомстволық статистикалық есептілік  нысандарын бекіту есебінен қол жеткізіледі.

Негізгі міндет

Кәсіпкерлік қызметті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді азайту.

Нысаналы индикаторлар

1. Бизнесті тіркеуге және жүргізуге байланысты операциялық шығындарды 2011 жылы қысқарту, ал 2015 жылға қарай – тағы 30%-ға қысқарту.

2. Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингінде Қазақстанның көрсеткіштерін 6 позицияға жақсарту;

3. 2009 жылмен салыстырғанда лицензияланатын қызмет түрлерін 30 %-ға қысқарту және лицензиялар, рұқсаттар, келісімдер мен басқа да рұқсат беру құжаттарын беру тәртібін оңайлату;

4. Бақылау-қадағалау функциялары берілген мемлекеттік органдар жүргізетін жоспарлы тексерістердің санын 30 %-ға дейін қысқарту (салық қызметі органдарын қоспағанда); Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін негіздер бойынша тексерістерді жою.

Іс-қимылдар стратегиясы

Кәсіпкерлік қызметті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды азайту жөніндегі шаралар мынадай бағыттарға шоғырланатын болады:

Лицензиялық-рұқсат беру және тіркеу жүйесін жетілдіру:

1. Рұқсат беру жүйесін «тарылту»:

рұқсат беру құжаттары мен рәсімдерінің санын қысқарту және олардың түпкілікті тізбесін заңнамалық деңгейде бекіту;

лицензиялау іс-қимылы саласын тарылту, оның ішінде біліктілік талаптарымен қамтамасыз етілмеген лицензияланатын қызмет түрлері мен кіші түрлерін тізбеден алып тастау;

лицензиялау саласына халықаралық, оның ішінде қаржы секторын  қоспағанда өзін-өзі реттейтін ұйымдар енгізетін тәжірибені енгізу.

2. Рұқсат беру рәсімдерін оңайлату және жетілдіру:

«жалғыз терезе» қағидатын барлық рұқсат беру құжаттарына және қаржы секторын қоспағанда, барлық мемлекеттік органдарға қолдану. Мемлекеттік органдармен бір рұқсат беру құжатын беру шеңберінде қажетті барлық келісулерді осы құжатты беретін мемлекеттік орган жүзеге асыратын болады;

рұқсат беру құжаттарының алынуына байланысты мынадай жолдармен алынған уақытша шығындар мен ысыраптарды қысқарту: құжаттардың толықтығын қарау мерзімін 2 күнге дейін шектеу; құжаттарды міндетті түрде нотариалды куәландыруды алып тастау; «үндемегені – келіскені» қағидатын енгізу, яғни  егер мемлекеттік орган құжатты белгіленген мерзімде бермесе немесе беруден дәлелді себептермен бас тартпаса, құжат берілді, рәсім келісілді деп есептеледі;

хабарлау тәртібін пайдалану саласын кеңейту және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру тәртібін қысқарту;

рұқсат беру рәсімдеріне мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары мен регламенттерін енгізу;

қаржы секторын  қоспағанда, е-лицензиялау саласын кеңейту:

2010 – 2011 жж. – олардың аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, орталық мемлекеттік органдар – лицензиарлар;

2011 – 2012 жж. – жергілікті мемлекеттік органдар – лицензиарлар.

3. Кәсіпорындарды ашу және жабу рәсімдерін оңайлату.

4. Сыртқы экономикалық қызметті реттеу рәсімдерін оңайлату.

5. Кәсіпкерлік қызметті нормативтік құқықтық реттеуді жетілдіру:

әрбір мемлекеттік органның қызметінде әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің реттеуші әсерін талдау (бұдан әрі - РӘТ) рәсімін енгізу;

кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің мемлекеттік органдар жанындағы Кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі сараптау кеңестеріндегі өкілдіктерін кеңейту;

жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді 2011 жылғы 1 қаңтарға қарай олардың деңгейін бір мезгілде арттыра отырып (10 мыңнан астам) РӘТ принципінде қайта қарау;

2011 жылға қарай Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің дерекқорына жалпылай тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету. 

6. Кәсіпкерлік қызмет субъектілерін тексеруді оңтайландыру және жүйелеу:

бизнеске құқық қорғау органдары жүргізетін тексерістерді оңтайландыру, қысқарту және регламенттеу;

құжаттардың түпнұсқаларын  алып қою негіздерін қысқарту мүмкінідігін қарау;

кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласуды болдырмау мақсатында құқық қорғау органдарының тергеуге дейінгі тексеру мәселелерін реттеу;

7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтарын, оның ішінде, бизнесті жоспардан тыс тексеру тәртібін регламенттеу есебінен қорғаудың мемлекеттік кепілдіктерін күшейту;

8. Кәсіпкерлік қызметті техникалық реттеу принциптерін енгізуді кеңейту жолымен кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді ырықтандыруды қамтамасыз ету.

9. Қазақстандық қамтуды дамыту саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру.

Заңнаманы жақсарту

Қазақстан Республикасының мынадай заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу:

1. «Банкроттық туралы».

2. «Темір жол көлігі туралы»

Қазақстан Республикасының мынадай заңдарын әзірлеу және қабылдау:

3. «Кейбір заңнамалық актілерге рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу  туралы».

4. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі мен уәкілетті мемлекеттік органдарының  тексерілетін субъектілерге қойылатын талаптарды белгілейтін  нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауға арналған құзыреттерін қайта қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». 

 

2.7 Бәсекелестікті дамыту

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Дағдарыстың салдарын еңсеру жөніндегі міндеттерді шешу және кейінгі экономикалық өсімді дайындау кезінде бәсекелестіктің маңызы артады. Әлемдік экономикалық дағдарыс үрдісі тұтастай алғанда бәсекелестіктің дамуына әсер етті.

2009 жылы жүргізілген талдау нәтижелері темір жол саласы, отын-энергетика кешені және телекоммуникация секторы ұзақ уақыт бойы монополияланған және шоғырлануы жоғары нарықтар болып отырғанын растады. Экономика құрушы болып табылатын бұл салалар аралас салалардағы бәсекелестіктің дамуына айтарлықтай әсер етеді.

Азық-түлік тауарлары нарығында бәсекелестік жеткілікті түрде дамымаған.

Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі  жоғары,  соның ішінде мемлекет қатысатын кәсіпорындар саны ұлғаюда, бұл бәсекелестік ортаға кері әсер етеді, ал мемлекеттік кәсіпорындарға ұсынылатын негізгі қызмет көрсетулердің сапасы өте төмен болуда.

Негізгі міндеттер

Еркін бәсекелестікті дамыту және тауарлар мен қызмет көрсетулер  нарығына  тең қолжетімдікті қамтамасыз ету арқылы  бизнестің экономикалық белсенділігінің өсуі үшін жағдайлар жасау.

Нысаналы индикатор

1.  Тауар нарықтарына талдаулар жүргізу

Өлшем бірлігі

2010 жыл

2011 жыл

2012 жыл

2013 жыл

2014 жыл

Тауар нарықтарына талдаулар жүргізу

бірлік

20

20

20

20

20

2.  Адал бәсекелестікті қорғау (насихаттау)

Өлшем бірлігі

2010 жыл

2011 жыл

2012 жыл

2013 жыл

2014 жыл

Әділ бәсекелестіктің басымдықтары және негізгі қызмет жөніндегі жұмыс нәтижелері туралы ақпараттық материалдар әзірлеу (БАҚтағы жарияланымдар, теледидар мен радиода сөз сөйлеу)

бірлік

120

144

145

149

150

Бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдері үшін монополиялық қызметті шектеу және жосықсыз бәсекеге жол бермеу жөніндегі қоғамдық іс-шаралар (соның ішінде  конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар)

бірлік

40

50

55

60

65

Іс-қимылдар стратегиясы

Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында мемлекеттің республиканың нарықтарына қатысу үлесін азайту жөніндегі іс-шараларды жүргізу, экономиканың салаларын монополиясыздандыру, сондай-ақ монополияға қарсы бақылау құралдарын жетілдіру талап етіледі:

1) монополияға қарсы бақылауды арттыру және қызметтік бейінді емес активтерді жеке секторға беру жолымен мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет қатысатын ЖШС мен АҚ-лардың қызметін реттеу;

2) бәсекелестікті дамыту және экономиканың салалары мен секторларын монополиясыздандыру мақсаттарын, сондай-ақ оларды іске асыру жөніндегі нақты шараларды мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына енгізу;

3) темір жол көлігімен тасымалдау нарығында:

  инвестициялық тарифті бекіту;

магистральдық желілерге және басқа да инфрақұрылым объектілеріне кемсітпей қол жеткізуді қамтамасыз ету;

  заңнамаға тиісті өзгерістер енгізе отырып, жолаушыларды  темір жол көлігімен әлеуметтік маңызы бар тасымалдау бойынша бағытқа құқық беру мерзімін 1 жылдан 3-5 жылға дейін ұзарту;

әділ тариф белгілеу мақсатында тоғыстыра субсидиялауды жою және жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қызметтеріне тарифтер қалыптастырудың ашық саясатын қамтамасыз ету;

4) әуе тасымалы мен әуежай қызмет көрсетулері нарығында:

әуежай және тасымалдау қызметтерін бөлу;

техникалық қызмет көрсетуде, багажды, жүктерді және почтаны өңдеуде, перронда қызмет көрсетуде, тамақ өнімдерін жеткізуде, бажсыз саудада, автотұрақтарда және т.б. бәсекелестікті дамыту;

авиа компаниялардың әуежайлар мен аэронавигация қызмет көрсетулеріне кемсітусіз қол жеткізу ережесін әзірлеу және енгізу;

бюджеті төмен авиа тасымалдарын кеңейту үшін жағдай жасау, іскерлік және шағын авиацияны дамыту;

авиа тасымалдаушылары үшін тең бәсекелестік жағдай жасау (оның ішінде мемлекеттік көмек беруді бақылау жолымен);

авиа компанияларына және әуежайларға делдалдық құрылымдарды айналып өтіп, авиа ЖЖМ өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасау мүмкіндігін қамтамасыз ету;

авиа тасымалдаушылардың авиаотынды сақтауы жөніндегі әуежайлардың қызмет көрсетулер ұсынуын және балама отын құю кешендерін салу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

5) телекоммуникация нарығыда:

орта мерзімді перспективада телекоммуникация қызмет көрсетулері нарығының экономикалық шоғырлану дәрежесін азайту мақсатында қор нарығында «Қазақтелеком» АҚ акцияларының пакеттерін және тіркелген, ұялы байланыс және Интернет операторларындағы қатысу үлестерін сату;

байланыс операторларының мұқтажы үшін оларды босату мақсатында радиожиілікті конверсиялау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу;

жалпы пайдаланылатын телекоммуникация желілеріне тең ашық қол жеткізуді, сондай-ақ айқын әрі кемсітусіз оператораралық қосылуды қамтамасыз ету;

6) мұнай өнімдері мен көмір нарығында:

мұнайды алу-берушілердің МӨЗ қызмет көрсетулеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету;

ішкі нарықта мұнай өнімдерінің тапшылығын жою мақсатында қазақстандық мұнайды толлинг схемасы бойынша Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасының МӨЗ-де өңдеу туралы мәселені қарау;

бензинді, дизель отынын, авиациялық керосинді, табиғи және сұйытылған газды, көмірді сату нарығындағы өнімсіз делдалдық құрылымдарды жою;

7) азық-түлік тауарлары нарығында:

ритейлер тарапынан өктемдік фактілерін жою үшін ритейлердің азық-түлік тауарларын жеткізушілермен өзара қатынастарының жеткізушілердің ірі сауда желілеріне кемсітусіз қол жеткізуін қамтамасыз ететін және әртүрлі шарттар таңуды жоятын тетігін заңнамалық деңгейде регламенттеу.

Заңнаманы жақсарту

Қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және мынадай нормативтік құқықтық актілерді қабылдау:

  1) бірқатар заңдарды «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабына сәйкес келтіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірлеу және қабылдау;

   2) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірлеу және қабылдау;

  3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 11 қарашадағы  № 1188 қаулысымен бекітілген Тасымалдаушының әлеуметтiк мәнi бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыруына байланысты залалдарын субсидиялау ережесіне 2010 жылы бағыттар беру мерзімін  1 жылдан 3 жылға дейін ұлғайту бөлігінде темір жол көлігімен әлеуметтiк мәнi бар тасымалдауды субсидиялау тетігін жетілдіру бөлігінде өзгерістер енгізу;

  4) жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау тәртібін, жеке тасымалдаушылар институтының пайда болуына сәйкес темір жол вокзалдарының жұмысын регламенттейтін нормативтік құқықтық құжаттаманы қайта қарау және өзгерістер енгізу;

  5) әуе кеңістігін пайдалану туралы екі жақты үкіметаралық келісімдерді монополияға қарсы заңнаманың нормаларына сәйкес келтіру бөлігінде әуе тасымалын реттейтін заңнаманы үйлестіру (оларды кемсітуді немесе әділетсіз бәсекелестік саясатын жоюға бағытталған бәсекелі нормалармен толықтыру);

  6) «Темір жол көлігі туралы» Заңға және басқа заңнамалық актілерге  инвестициялық тарифті бекіту бөлігіне өзгерістер енгізу;

  7) МӨЗ қызметтеріне кемсітусіз қол жеткізу ережесін қабылдау.

2.8 Техникалық реттеу және сапа инфрақұрылымын құру

Ағымдағы ахуалды талдау

Қазіргі уақытта нормативтік экспансия әдістерімен – техникалық регламенттерде, стандарттарда, аккредиттеу әдістерінде, сәйкестікті бағалау және нарыққа қол жеткізудің өзге де нысандарында мүдделік қолдау арқылы экономикалық тауашаларын жеңіп алу үрдісі бар.

Техникалық регламенттер қабылдау арқылы өнімдердің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, ұлттық қауіпсіздік үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бизнеске жасалатын қысымды азайту, импорттық өнім нарығында қол жеткізуді шектеу мәселелері шешілуде.

Тұтынушылар үшін техникалық регламенттер тұтынатын өнімінің қауіпсіздік кепілі, ал өндірушілер, импорттаушылар мен өткізушілер үшін біріншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мемлекеттің түпкілікті талабын қамтитын құжат болып табылады.

Техникалық регламенттер әзірлеу жөніндегі 2007–2009 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 97 техникалық регламент әзірлеу жоспарланған, оның 61 бекітілген. Енгізілген түзетулерге сәйкес енді 43 техникалық регламент әзірленіп, қабылдануы қажет.

Бірыңғай кеден одағын құру жұмыстары белсенді сатыда тұр және оның маңызды бағыттарының бірі техникалық реттеу болып табылады.

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың бірінші кезектегі техникалық регламенттерін әзірлеудің бекітілген кестесіне сәйкес 32 техникалық регламент әзірлеп, қабылдау көзделіп отыр, бұл ретте 24 техникалық регламенттің қазақстандық аналогы бар немесе әзірленуде.

Осыған байланысты, Қазақстанның сапалы әзірленген техникалық регламенттері негізге алынуы тиіс ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерін қабылдау кезінде өз мүддесін талап ету Қазақстан үшін маңызды болып табылады.

Мемлекет пен кәсіпкерліктің мүдделерін теңгерімдеуі тиіс бейімделген техникалық регламенттерді енгізу талап етіледі.

Техникалық регламенттердің талаптарын толыққанды енгізу үшін орташа алғанда кемінде бір жыл қажет, бұл уақытта ведомстволық нормалау, бизнес ортаға әкімшілік қысым жасауды азайту, қажет болғанда өндірісті жаңғырту, сынақ базасын құру жөніндегі шаралар қабылдап, үйлестірілген стандарттар әзірленіп, қабылдануы тиіс.

Бүгінгі күні Техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттік қорында стандарттау жөніндегі 56 342 астам нормативтік құжат бар, оларға мемлекеттік, халықаралық, ұлттық және өңірлік стандарттар кіреді. Мемлекеттік стандарттар деңгейінде 2 791 бірлік қабылданған, оның ішінде  1 846 бірлігі – халықаралық талаптармен үйлестірілген, бұл жалпы үйлестіру пайызының 66 %-ын құрайды.

Салалар бөлінісінде мемлекеттік стандарттарды үйлестіру деңгейі: 1. Машина жасау және машина жасау өнімі (80,3 %); 2. Энергетика және электрлік-техника (57,4 %); 3. Жол-көлік техникасы (72,8 %); 4. Құрылыс материалдары және құрылыс (72,3 %); 5. Жеңіл өнеркәсіп (32,9 %); Ауыл шаруашылығы (47,1 %); 7. Тамақ өнеркәсібі (60 %); 8. Химиялық технология (70,1 %); 9. Металлургия және тау ісі (59,7 %); 10. Мұнай және газ. Аралас өндірістер (92,4 %).

Жыл сайын шамамен 350 мемлекеттік стандарт қабылданады. Бұл белгілі бір шамада жалпы үйлестіру деңгейін 1-2 %-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Индустрияландыру шеңберінде жұмыстарды үдету ескерілді. Сондықтан жыл сайын қосымша 500 стандарт қабылдау қажет және 5 жыл ішінде кемінде 2500 мемлекеттік стандарт қабылдануы тиіс. Бұл ретте, халықаралық талаптармен үйлестіруге көп көңіл бөлінеді.

2008 жылдан бастап ұлттық аккредиттеу жүйесі құрылды, ол барлығы 1059  құрылымды қамтиды, соның 186-ы сертификаттау жөніндегі орган, 541-і сынау зертханасы және 332-сі метрологиялық қызметтер.

Сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдар мен сынақ зертханаларының желісі тең бөлінбеген, олар негізінен Алматы қаласында, гендік-түрлендіру көздерін айқындау жөніндегі, отын мен автомобильдердің Евро экологиялық талаптарына сәйкестігі, өрт қауіпсіздігі бойынша және басқа да аккредиттелген сынау зертханалары жоқ.

Негізгі міндеттер

Индустрияландыру процестеріне техникалық реттеу құралдарын пайдалану және мыналарға:

1. Отандық нарықты қауіпті және сапасыз (стандартты емес) өнімнен шектеу.

2. Әлемдік стандарттарға сәйкес келетін өнім өндіру, менеджмент және технологиялық қайта жарақтану жүйелерін енгізу жағдайларын жасау үшін сапа инфрақұрылымын құру.

Нысаналы индикаторлар

1. 2010 жылды қоспағанда, жыл сайын кемінде 850 мемлекеттік стандарт әзірлеу және қабылдау.

2. Стандарттар енгізудің 16 өңірлік және 10 салалық  жоспарын іске асыру.

3. 2012 жылға барлық техникалық құжаттарды бір қорға шоғырландыру және олардың қол  жетімдігін қамтамасыз ету.

4. 2014 жылға қарай мемлекеттік стандарттардың халықаралық талаптармен  үйлесу  деңгейін  65 %-дан 76 %-ға дейін жеткізу (2010 жылы 68 %, 2011 жылы 70 %, 2012 жылы 72 %, 2013 жылы 74 %, 2014 жылы 76 %,).

5. 2010 жылға қарай менеджмент жүйесін енгізген және сертификаттаған  кәсіпорындар санын  2035-тен 3000 кәсіпорынға дейін ұлғайту (2010 жылы 2200, 2011 жылы  2400, 2012 жылы 2600, 2013 жылы 2800, 2014 жылы 3000).

6. 2014 жылға қарай енгізілген техникалық регламенттер санын 90-ға дейін  жеткізу, бұл ретте  салалар қажеттіліктеріне байланысты  оларды өзектендіру  болжанады.

7. 2014 жылға қарай кемінде 30 мемлекеттік эталон мен эталондық жабдықтарды 60 мәрте жаңғырту (толық жарақтандыру).

Іс-қимылдар  стратегиясы

Отандық нарықты қауіпті және сапасыз (стандартты емес)  өнімнен шектеу  жөніндегі  міндеттер шеңберінде:

орталық және жергілікті атқарушы органдар  өнімінің қауіпсіздігіне жоғары талаптар мен отандық өнім нарығына қол жеткізудің  ерекше шарттарын белгілейтін  техникалық регламенттер әзірленіп, енгізіледі;

тәуекелдерге барынша аз араласу және тиімді басқару  принциптеріне негізделген  мемлекеттік бақылау жүргізіледі;

сынақ, оның ішінде шекара маңы сауда орталықтарын,  арнайы экономикалық аймақтар салу шеңберінде, сондай-ақ  инвестициялық жобалар шеңберінде сынақ зертханалары құрылады және жаңғыртылады;

аккредиттеу, сертификаттар және хаттамалар жүйелерінің барабарлығы бойынша, соның ішінде интеграциялық бірлестіктер шеңберінде көп жақты және екі жақты  келісімдер жасасу бойынша шаралар қабылданады;

техникалық регламенттер мен стандарттар  талаптарының орындалуын қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті деңгейлерде  инвестициялық жобаларды қаржыландыру және қабылдау жөніндегі комиссияның құрамына техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның өкілдерін енгізу жүргізілетін болады.

техникалық регламенттер мен стандарттарды сақтау бойынша техникалық нормалау мен мемлекеттік бақылау жөніндегі саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша кәсіптік мемлекеттік органды құру жөніндегі жұмыстар.

Әлемдік стандарттарға сәйкес келетін өнімдер өндіру, менеджмент және техникалық қайта жарақтандыру жүйесін енгізу үшін жағдайлар жасау жөніндегі міндеттер шеңберінде:

нақты өндірістер шеңберінде өнім шығару үшін қажетті озық  халықаралық  стандарттарға негізделген  мемлекеттік стандарттар әзірленіп, қабылданады;

орталық және жергілікті атқарушы органдар өнімге, сондай-ақ  әлеуметтік инфрақұрылымға стандарттар енгізуге бағытталған  шаралар ұйымдастырылады;

Нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай  қорын құру және  оларды халықаралық ұйымдардың құжаттарымен толықтыру жүзеге асырылады;

менеджмент жүйесі стандарттарын енгізуді және өнім сапасын арттыруды насихаттау жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру, менеджмент жүйесі стандарттарын енгізген кезде  шағын және орта бизнес кәсіпорындарын  субсидиялауды жүзеге асыру тетіктері әзірленеді;

жыл сайынғы мемлекеттік сатып алулар жоспары  қалыптастырылып,  бекітілген кезде  тауарлардың, жұмыстардың,  қызметтердің  мемлекеттік стандарттар талаптарына  сәйкестігін көрсету тәжірибесі қайта жаңғыртылады;

техникалық реттеу және метрология саласында мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру  жөнінде бірыңғай  орталық құрылады;

салаларды метрологиялық қамтамасыз ету және эталон базасының халықаралық деңгейге баламалығын растау үшін ұлттық эталон базасына  жаңғырту жүргізілетін болады.

Заңнаманы  жақсарту

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне,  «Техникалық реттеу туралы», «Сәйкестікті бағалау саласындағы  аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, Техникалық регламенттерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда,  техникалық регламенттер  талаптарын сақтамаған  кәсіпорындарға қатысты  әкімшілік әсер етуді күшейту; ЕурАзЭҚ және  Кеден одағы шеңберлерінде  қабылданған келісімдерге сәйкестендіру.

2.9 Энергия үнемдеу

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Қазіргі уақытта Қазақстанға отын-энергетика ресурстары (бұдан әрі – ОЭР бағасының төмендігі мен қолжетімділігі нәтижесінде қалыптасқан ОЭР бағасының әлемдік бағаға қарағанда  төмендігі,  оларды өндіру, шығару, қайта өңдеу,  беру (тасымалдау), сақтау,  бөлу және тұтыну (қайта түрлендіру) кезеңдерінде пайдалану тиімділігінің қанағаттанарлық еместігі тән.

Өнеркәсіп секторы, ол ЕС елдерінің энергияны қажетсіну бойынша  осыған ұқсас көрсеткішінен  бес есеге көп. Әлемдік нарық жағдайларында энергияға бағаның өсуін ескере  отырып бәсекеге қабілеттілік мәселелері өткір күйінде қалуда.

Мемлекеттік мекемелердің (мектептер, ауруханалар және т.б.)  басым бөлігі, сондай-ақ тұрғын үй ғимараттары энергия жүйелерімен тиімсіз жарақтандырылған және жаңартуды талап етеді.

Әлемдік экономикада  энергияны үнемдеу соңғы жылдары қорлардың  азаюымен және қалпына келтірілмейтін ОЭР қорының сарқылуымен,  климаттың өзгеруіне байланысты  экологиялық проблемалармен,  парниктік  газдардың ауаға шығуын азайту қажеттілігімен сипатталатын  жаһандық энергетика проблемасын шешудің  ең бір сенімді құралы ретінде  көрініп отыр.

Дамыған елдердің даму тәжірибесі қаражатты энергия үнемдеуге салу, энергия объектілері құрысының толық құқықты баламасы, бірқатар жағдайларда тіптен барынша орынды екенін көрсетіп отыр.

Ел экономикасының халықаралық нарықтық қатынастарға бейімделуі жағдайларында ОЭР-дің  ішкі  нарығында  бағаның іс жүзінде әлемдік деңгейге  дейін сөзсіз өсу үрдісі болжануда.

Индустриялық дамыған елдердің өткен жүз жылдықтың 70-ші жылдарындағы энергетикалық дағдарыстан шығу тәжірибесі  энергия үнемдеу саласындағы бірқатар маңызды мәселелерді  нақты түрде шешу қажеттілігін,  әсіресе  материалдық өндіріс саласындағы, энергияны үнемдеуді  ғылыми және техникалық негізді түрде азайтуға бағытталған  нысаналы жобалар кешенінде  энергия тұтынуды үздіксіз жүзеге асыру қажеттілігін көрсетіп отыр.

Сондықтан осы саладағы саясаттың мақсаты мыналарды қамтамасыз ететін энергия ресурстарын реттеуші және ынталандырушы  тұтынушылардың кең ауқымын пайдалана отырып, энергия тиімділігі өсуінің  белгіленген стратегиялық бағдарларына сөзсіз қол жеткізу болып табылады:

энергияны аз тұтынатын өңдеу салаларының пайдасына құрылымдық қайта құру;

технологиялық энергия үнемдеу  әлеуетін іске асыру.

Энергияны тиімді пайдалануға ынталандыратын құқықтық, әкімшілік және  экономикалық шаралардың тұтастай жүйесін  жүзеге асыру қажет. Осы жүйенің шеңберінде  мыналар көзделуі тиіс:

отын мен энергияның  энергия үнемдеу талаптарын қатаңдату бағытында жұмсалуын айқындайтын қолданыстағы нормаларға, ережелер мен регламенттерге  өзгерістер енгізу;

энергия тұтынудың есебін жүргізу мен бақылауды жетілдіру, сондай-ақ  энергия тұтыну стандарттарын белгілеу және кеңінен қолданылатын  энергия тұтынатын аспаптар мен жабдықтарды олардың энергияны жұмсау нормативтеріне сәйкестігіне  міндетті түрде стандарттау;

кәсіпорындарға тұрақты түрде энергетикалық аудит жүргізу (ірі кәсіпорындар мен бюджет саласы үшін міндетті түрде);

оны бизнестің тиімді саласына айналдыратын энергия  үнемдеудің қосымша ынталандыруларын жасау;

мемлекеттің тұрғындар арасында энергияны тиімді пайдалануды тартымды етуі, персоналды жаппай оқыту; энергияны үнемдейтін іс-шаралар,  технологиялар мен жабдықтар, нормативтік-құқықтық құжаттар туралы ақпараттары бар қолжетімді деректер базасы;

тәжірибе алмасу конференциялары мен семинарлары, бұқаралық ақпарат құралдарында энергия үнемдеуді насихаттау және т.б.

Басты міндет ықтимал қаржы-экономикалық тәуекелдерді азайту арқылы капиталды осы қызмет саласына салу үшін барынша тартымды жағдайлар жасай отырып, нысаналы саясат есебінен энергия ресурстарын тұтынушылардың энергия үнемдеуге инвестиция салуға деген қызығушылығының  тұрақты және тиімді жүйесін құру болып табылады.

Энергияны үнемдеу және энергияны тиімді пайдалану жөніндегі іс-шаралар өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың өңірлік кешенді бағдарламаларының (жоспарларының), соның ішінде өңірлік энергетикалық бағдарламалардың  негізгі бөлігі болуы тиіс.

Өңірлік бағдарламаларда (жоспарларда) жергілікті атқарушы органдардың  өңірлерде  энергия үнемдеу саясатын  жүйелі жүргізу қызметін бағалау тетіктерін қарастыру қажет.

Негізгі міндеттер

Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында өндірістің энергия қажетсінуін төмендету.

Энергияны аз тұтынатын өңдеу салаларын  ұлғайта отырып,  экономиканы құрылымдық қайта құру.

Технологиялық энергия үнемдеу әлеуетін  іске асыру.

Энергияны тиімі пайдалануға ынталандыратын тұтастай құқықтық, әкімшілік және  экономикалық шаралар жүйесін  жүзеге асыру.

Нысаналы индикаторлар

1. Энергия үнемдеу туралы ҚР Заңын іске асыру мақсатында заңға тәуелді актілерді әзірлеу және қабылдау.

2. Энергия үнемдеу туралы ҚР Заңына сәйкес міндетті түрде зерттелуі тиіс  кәсіпорындар бойынша тізілім жасауды аяқтау.

3. Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің 2010 – 2015 жылдарға арналған  кешенді өңірлік энергия үнемдеу жоспарларын әзірлеуі.

Іс-қимылдар стратегиясы

Энергетика секторы ұлттық шаруашылықтың барлық салаларының  өміршеңдігін қамтамасыз етеді және көпшілік жағдайда негізгі қаржы-экономикалық көрсеткіштерді қалыптастыруды  айқындайды. Табиғи отын-энергетика ресурстарын, энергетика секторының өндірістік, ғылыми-техникалық әлеуетін  тиімді пайдалану  халықтың әл-ауқатының өсуі мен өмір сүру деңгейін көтеруді қамтамасыз ететін тұрақты дамудың қажетті алғышарттарын жасайды.

  Жаңа  уақыт талаптарына қаржылық тұрақты, экономикалық тиімді және серпінді дамитын, алайда үздік технологиялармен және білікті кадрлармен жарақтанған қоршаған орта үшін аса қолайлы сапалық жаңа отын-энергетикалық кешені (ОЭК) ғана  сәйкес келе алады.

  Мыналар іс-қимыл стратегиясының басымдықтары болып табылады:

  өндірістің жалпы шығынын азайту және энергия ресурстарын тұтыну тиімділігі, оларды энергия үнемдейтін технологиялар мен жабдықтарды қолдану  есебінен пайдалану;

  бәсекеге қабілетті инновациялар құру үшін  энергия тиімділігі саласында  шағын инновациялық және венчурлік кәсіпкерлікті  құруға ынталандыру;

  энергия тиімділігі жөніндегі жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвестицияларды тарту.

  Бұл кезеңде «Энергия үнемдеу туралы»  Қазақстан Республикасының  Заңын, Заңды іске асыру үшін бірқатар  нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, сондай-ақ Мемлекеттік энергия үнемдеу тізілімін ұйымдастыру және ірі ОЭР тұтынушыларының энергияны үнемдеуіне мониторинг ұйымдастыру бірінші кезектегі міндеттер болып табылады.

  Бұл ретте, заңнамада:

  тарифтік, салық, кеден, монополияға қарсы реттеу шараларын қарастыру;

  перспективалық техникалық регламенттер, ұлттық стандарттар мен энергетиканы дамыту процесін басқаруды арттыратын және энергия үнемдеуге ынталандыратын  нормалар жүйесін енгізу;

  шаруашылық жүргізуші субъектілердің инвестициялық, инновациялық және  энергия үнемдеу белсенділігі саласында стратегиялық бастамаларын  ынталандыру және қолдау қажет.

  Отын-энергетика ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруды  стандарттау әдістерімен және құралдарымен  қамтамасыз ету;

  Отын-энергетика ресурстарын пайдалану көрсеткіштерінің оңтайлы номенклатурасы мен деңгейін және қазіргі заманғы ғылым мен техникаға сәйкес келетін  бағалау әдістерін белгілеу.

   Отын-энергетика  ресурстарын есепке алу және жұмсау жүйесін жетілдіруді, газды, суды, жылуды есепке алудың  қазіргі заманғы аспаптарын,  электр энергиясын тұтыну  есептеуіштерін, тиімді құрал-жабдықтарды, жарық техникасын және жылу энергиясын тұтынуды бағдарламалық реттеу  жүйелерін енгізуді қамтамасыз ету.

  Тұрмыстық электр құралдары мен радиоэлектронды жабдықтарды энергетикалық таңбалау стандарттарын әзірлеу есебінен энергия тұтынатын өнімдерді  энергетикалық таңбалауды қамтамасыз ету, бұл  халықтың  барынша үнемді аспаптарды сатып  алуына, ішкі бәсекелестікті күшейтуге  жағдайлар жасайды.

  Қазақстан Республикасы экономикасының басым салаларындағы нормативтік  құжаттарды үйлестіру үшін  шетелдердің  халықаралық, өңірлік және ұлттық даму стандарттарын сатып алу.

Энергия тиімділігі саласындағы  статистикалық есептілік пен мониториг жүйесін жетілдіру мақсатында статистикалық есеп беру тәртібін жүргізу (есептіліктің арнайы нысандарын, әдістерін әзірлеу), сондай-ақ  елдегі энергия тиімділігі саласындағы мониторинг жүйесін әзірлеу қажет.

Бюджеттік мекемелердің энергия ресурстарын ұтымды пайдалануы жөніндегі қызметін ынталандыру мақсатында бюджеттік ұйымдардың энергия үнемдеу іс-шараларын енгізу нәтижесінде үнемделген бюджетік қаражатты қайта инвестициялау тетігінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек.

Энергия тиімділігі саласындағы іс-шаралар мен жобалардың  инвестициялық тартымдылығын арттыру және  энергия үнемдеуді  бизнестің тиімді жұмыс істейтін түріне айналдыру  мәселесі  ерекше көңіл бөлуге лайық. Дамыған елдердің тәжірибесі энергия сервистік келісімшарттар схемасы бюджеттік мекемелерде энергия үнемдеудің барынша қолайлы тетігі болып табылатынын  көрсетіп отыр.

Осы мақсатта  энергия үнемдеуді жүзеге асыратын  бюджеттік ұйымдар мен энергия сервистік компаниялардың  өзара іс-қимыл тетігін және энергетика  ресурстарын  тұтынуды қысқарту мақсатындағы іс-шараларды  әзірлеу қажет.

Бюджеттік мекемелердің энергия ресурстарын ұтымды пайдалануды жөніндегі жұмысын ынталандыру мақсатында бюджеттік ұйымдардың энергия үнемдеу іс-шараларын еңгізу нәтижесінде үнемдеген бюджеттік қаражатта қайта инвестициялау тетігінің істеуін қамтамасыз ету керек.

Іс-қимыл стратегиясының тағы бір басымдығы:

Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясымен ынтымақтастықты, оның ішінде өнеркәсіптік даму жөніндегі ынтымақтастықты дамыту;

Еуропалық Одақ елдерінің энергия үнемдеу жөніндегі уәкілетті органдарымен  өзара іс-қимыл жасау;

Тәуелсіз Елдер Достастығына қатысушы мемлекеттерде энергия тиімділігін көтеру мәселесімен  айналысатын ұйымдармен  тұрақты байланыс орнату.  Бірлескен жобаларды іске асыру.

Заңнаманы жақсарту

«Энергия үнемдеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және басқа салаларды қамтитын  нормативтік құжаттар, сондай-ақ энергия үнемдеу саласындағы жаңа мемлекеттік стандарттар мен техникалық регламенттер әзірленетін болады.

2.10 Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу

Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау

Бүгінгі күні Қазақстанда ғылым шығыстарының үлесі елдің ЖІӨ-ден 0,2 % құрайды, ал Халықаралық академиялық кеңес ұсынатын дамушы елдер шығындарының үлесі ЖІӨ-ден 1-1,5% құрайды. Мысалы, Ресейде тиісті көрсеткіш ұлттық ЖІӨ-ден 1,3 %-ға, Қытайда – 1,4 %-ға, Германияда – 2,5 %-ға, АҚШ – 2,8%-ға және Жапония – 3,3%-ға  тең. Осылайша, Қазақстанда берілген патенттердің саны 1671 патентті құрайды, ал Ресейде  19 641 патент, Қытайда – 26 292, АҚШ-та – 154 760 және Жапонияда – 217 364 патент берілді.

Қазақстанда Ғылым академиясы қоғамдық бірлестік болып қайта ұйымдастырылды, ал ғылыми-техникалық институттарды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы ұлттық ғылыми орталықтар арқылы орталықтан жасалады, әрі ол қазақстандық экономиканың қажеттілігімен байланысты емес және мәні бойынша ғылыми-зерттеу институттарының ағымдағы қызметін қаржыландыру болып табылады, ал жоғары оқу орындары мен жеке сектордың қатысуы барынша аз болып қала береді.

Қазақстандық өнеркәсіп кәсіпорындары ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстармен (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) дербес айналысуға  ұмтылмайды  және ҒЗТКЖ өнімдерін сатып алуға ақша салуға тырыспайды, салыстырмалы түрде бұл тиісті өндірісті жаңғыртумен айналысатын кәсіпорындарға да тән. Статистикалық деректерге сәйкес  Қазақстанда кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейлері  соңғы жылдары 3-4% деңгейінде,  бұл  ЕО елдеріне қарағанда  едәуір төмен.

1997 жылдан бастап 2008 жыл аралығында кәсіпорындардың шығындары құрамындағы ғылыми-техникалық қызметтердің үлес салмағы 4,5 еседен астам ұлғайды, бұл FЗТКЖ өнімдеріне сұраныстың  артқанын куәландырады.

Кәсіпорындардың  көпшілігі  технологиялық шешімдердің импорттық техникалар мен  жабдықтарда қазірдің өзінде бар екендігіне қарамастан, «толық аяқталған» жобаларға басымдық береді. Сонымен қатар лицензияланған технологиялар мен  патенттер өте сирек сатып алынады (фирмалардың – 4 %).

Отандық ғылыми-зерттеу кешенінің құрылымын толық талдау кезінде  республиканың барлық ғылым саласының 80 %-ын зерттеу бөлігі құрайтынын және 20 %-дан кемі FЗТКЖ-ға келетіні анықталды. Қазақстандағы тәжірибе өндірістері ғалымдарының, конструкторлардың және қызметкерлердің  арақатынасы 25:4:1, ал дамыған елдерде бұл арақатынас 1:2:4-ті құрайды. Ғылымды қаржыландыру жүйесі мына қатынастарда оңтайлы болады: іргелі зерттеулерге 20 %, қолданбалы зерттеулерге 30 %, ТКЖ-ға 50%, бұл инновациялық технологиялар енгізудің тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Негізгі  міндеттер

1. Тиімді ұлттық ғылыми инновациялық жүйе қалыптастыру және ұлттық инфрақұрылымды дамыту.

2. Өнімдер мен қызметтердің жаңа түрлерінің инновациялық әзірлемелерін ауқымды және  жеделдетіп игеруге ынталандыратын жағдайлар жасау.

3. Отандық кәсіпорындардың техникалық, технологиялық және басқарушылық деңгейлерін  жаңғырту.

Нысаналы индикаторлар

1. Халықаралық танылған патенттер санын 2014 жылға қарай 30-ға дейін  ұлғайту.

2. Енгізілген жаңа технологиялар мен жүзеге асырылған тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің санын  2014 жылға қарай тиісінше  200-ге және  160-қа дейін  ұлғайту.

3. 2014 жылға дейінгі кезең ішінде  инновациялық инфрақұрылымдарды  құру және  қолданыстағыларын кеңейту: Салалық орталықтардың саны – 2 бірлік; конструкторлық бюролар – 3 бірлік; технопарктер – 4 бірлік.

4. Елдегі кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін мынадай деңгейлерге дейін арттыру:

- 2015 жылға қарай – 10%;

- 2020 жылға қарай – 20%;

Іс-қимылдар  стратегиясы

Үдемелі индустрияландыруды ғылыми қамтамасыз ету

Қазақстанда ғылымды реформалау университеттік ғылымды дамытуға және белгілі басымдықтарды ескере отырып, қаржыландырудың гранттық  жүйесін енгізуге  бағытталатын болады.

Қазақстан Республикасында ғылымды дамытудың негізгі мақсаты алдағы  кезеңге басым салаларды дамыту бойынша нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бағдарланған ұлттық ғылыми-инновациялық жүйені құру болып табылады.

Жоғары ғылыми-техникалық комиссия Президент тапсырмалары мен Бағдарлама басымдықтарын  ескере отырып, ғылыми зерттеу саласындағы ұлттық басымдықтарды айқындап, сондай-ақ ғылымға арналған бюджет бойынша ұсыныстар енгізетін болады  және іргелі әрі қолданбалы зерттеулер көлемін айқындайды. Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың үш түрі көзделетін болады, олар: гранттық – елдің ұлттық басымдылықтарына сәйкес келетін ғылыми жобаларды қаржыландыру; нысаналы бағдарламалық – стратегиялық бағыттар бойынша қаржыландыру; және базалық – мемлекеттік тапсырмалар арқылы ғылыми ұйымдарды қаржыландыру.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жанынан шетел сарапшыларының қатысумен Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама (МҒТС) және салалық министрліктердің, бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми қоғамдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен басым бағыттар бойынша ғылыми кеңестер құрылатын болады.

Ғылыми өтінімдерді ғалымдар, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ-лер беретін болады,  бұл қойылған міндеттерді шешуде ғылыми еркіндікті көздейді. МҒТС  өтінімдерге шетел сарапшыларын тартып, жаңашылдық, перспективалық және ғылыми негіздемелігі мәніне техникалық сараптама жүргізгеннен кейін Ғылыми кеңестер зерттеулердің басым бағыттарына негізделген грант беру туралы шешім қабылдайды.

Жоғары оқу орындарын ғылыми зерттеулерге белсенді қатыстыру үшін жоғары оқу орындары, ҒЗИ-лер және ғылыми орталықтар арасында бірыңғай ғылыми желі құрылатын болады, сондай-ақ грантты алушы үміткерлер үшін конкурс шарттары тең қамтамасыз етіледі.

Астана қаласының Жаңа университеті (Nazarbayev University) және Қазақстанның жұмыс істеп тұрған ірі университеттері базасында зерттеу орталықтары, ұлттық зертханалар, инжинирингтік, жобалау-конструкторлық бюро желісі құрылатын болады.

Зияткерлік меншік объектілерін кешенді және сенімді қорғау тиімді ғылымды дамытудың міндетті шарты болмақ.

Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және инвестицияларды тарту мақсатында жеке бизнестің белсенді қатысуы қажет, бұл үшін мемлекеттік кредит және мемлекеттік тапсырыс түрінде бастапқы мемлекеттік қолдау көзделетін болады.

Ғылыми қызметті басқару жүйесі мен әкімшілік ету «ғалым – шенеунік – ғалым» қағидаты бойынша жұмыстан «бизнес – шенеунік – ғалым – бизнес» қағидатына бағдарланатын болады.

Ғылымды қаржыландыру құрылымы мынадай  бөлікте өзгертілмек – іргелік  зерттеулер  20 %,  қолданбалы зерттеулер  30 %, ТКЖ 50 %.

«Нақты сектордың қажеттіліктер базасы» жаңа ақпараттық ресурсы құрылып, онда кәсіпорындардың қажеттіліктері мен оларды шешу жолдарын  қоса алғанда,  өнеркәсіп кәсіпорындарын зерттеу нәтижелері  жинақталатын болады (зерттеу ұйымдары және  бизнес қажеттілігін қанағаттандыра алатын әлеуеті бар дайын технологиялық шешімдер).

Инновациялық саясат

Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2010 жылдың соңына дейін  орта мерзімді кезеңге арналған өнеркәсіп салаларының басымдықтары бойынша елдің салааралық ғылыми-техникалық жоспарларының нақты міндеті белгіленіп әзірленеді, ол экономиканың басым салалары бойынша елдің нақты белгіленген технологиялық міндеттерін қамтитын  Республиканың  технологиялық дамуының жаңа деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Салааралық жоспар шеңберінде қажетті мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады (гранттар, инжиниринг, сервис, бизнес-инкубациялау және т.б.), инновациялық даму институттары, ҒЗИ, ЖОО-лар,  отандық кәсіпорындар, инвесторлар және т.б. технологиялық міндеттерді  орындаушылар ретінде көрінеді.

  Таяудағы 2-3 жылға арналған инновациялық саясаттың негізгі екпіні технологиялар трансферті, техникалық жаңғырту, бизнес-процестерді жетілдіру, басқару технологияларын енгізу арқылы кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін ынталандыруға жасалатын болады. Бесжылдықтың екінші жартысына қолдау векторын шығарылатын өнім сипатын сапалы жақсартуға, жаңа бәсекеге қабілетті өнімді және оларды дайындау бойынша технологиялық процестерді әзірлеуге ынталандыруға ауыстыруды жоспарлайды.

Осы жұмыстың салааралық үйлестірілуін қамтамасыз ету үшін Технологиялық саясат жөніндегі кеңес құрылады, оның негізгі міндеті  елдің инновациялық саясатын қалыптастыру және іске асыру болады.

Жыл сайын ғылыми және технологиялық болжамдау, әлемдік және инновациялық нарықтың  және  жүргізілетін инновациялық саясат тиімділігінің технологиялық даму перспективаларының жай-күйін талдау бойынша зерттеулер (үздік шетелдік және отандық сарапшыларды тарта отырып) жүргізіліп, Үкіметке нақты  ұсынымдар, оның ішінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бойынша нақты ұсынымдар берілетін болады.

Салалар мен өңірлер бөлінісінде  технологиялық даму бойынша  орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне рейтингтік бағалау жүргізілетін болады.

  Инновациялық қызметті қолдауда мынадай шаралар жүзеге асырылатын болады:

инновациялық, оның ішінде  қоса қаржыландыру шарттарымен гранттар бөлу;

жобалық, оның ішінде басым салаларда зәкірлік (брендтік) инвесторлармен БК құруға бағытталған қаржыландыру;

халық арасында  инновациялар мен инноваторлар туралы  жағымды пікір  қалыптастыратын, PR-стратегиялар, жастар мен кәсіпорын қызметкерлері, бизнесмендер арасындағы конкурстар, семинарлар, көрмелер, конгрестер және басқа да іс-шаралар өткізуді қамтитын кешенді насихаттау жұмыстарын іске асыру;

2010–2012 жылдары Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және  Солтүстік Қазақстан облыстары мен  Астана қаласында  технопарктер, Технологияларды коммерцияландыру орталықтары құрылатын болады, оның негізгі міндеті  нарыққа отандық инновациялық әзірлемелерді енгізу және жылжыту, сондай-ақ нақты техникалық және технологиялық міндеттерді шешудегі өнеркәсіп кәсіпорындары қажеттіліктерінің және отандық зерттеушілердің енгізуі үшін  ұсынылатын қолда бар  ғылыми-техникалық әзірлемелердің деректер  базасын құру және қолдау болып табылады.

Қосымша элементтер ретінде 2010–2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысында Металлургия орталығы құрылады, 2010–2012 жылдары  ұйымдастырылатын Каспий энергетикалық хабының  базасында  Мұнай-газ технологиялық орталығы құрылады.

  Құрылатын салалық конструкторлық бюролар пайдаланылатын жабдықтардың, шығарылатын өнімнің сапалық сипаттамаларын жақсарту, тәжірибе-өнеркәсіптік үлгілерін жасауда техникалық жәрдемдесу жөнінде қызметтер көрсететін болады. Конструкторлық бюро  сонымен қатар  машина  жасау кәсіпорындарының  роялти және өзге де қаржы тетіктері шарттарында конструкторлық және жобалық құжаттамаларды беру арқылы жаңа өнімдерді енгізуін жеделдетуге ықпал етеді. Барлық отандық кәсіпорындар бірыңғай шарттар бойынша тәжірибелік-конструкторлық бюро қызметтеріне қол жеткізетін болады.

  Инновациялық даму институттары инновациялық жобаларды іске асыру үшін халықаралық даму институттарының қаражатын тарту мәселесін белсенді түрде пысықтайтын болады.

  Мемлекеттік қолдауды іске асыру қаражаты  мемлекеттік тапсырыс шеңберінде  инновациялық даму институттары арқылы беріледі.

  Өнеркәсіпті жаңғырту

Салааралық жоспарды іске асыру шеңберінде ірі ұлттық компаниялармен және жер қойнауын пайдаланушылармен, орта  мерзімді перспективаға (5 жылға) арналған технологиялық бағдарлары  сипатталған Технологиялық келісімдер әзірленеді және қол қойылады.

Бұл осы міндеттерді шешуге отандық шағын және орта бизнесті тарта отырып, нысаналы бағытталған мемлекеттік технологиялық саясатты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Техникалық, технологиялық және басқару деңгейлеріндегі отандық кәсіпорындардың өсуін ынталандыру және олардың тиімділігінің жасырын әлеуетін іске асыру мыналар арқылы жүргізілетін болады:

қазіргі заманғы басқару және кешенді  инжинирингтік шешімдерді енгізу. Бұл ретте  құзыретті сарапшыларды,  халықаралық инжинирингтік ұйымдарды іздестіру мен тартуға, семинарлар ұйымдастыруға және инжинирингтік шешімдер технологияларды енгізгеннен кейінгі сүйемелдеуге көмек көрсетілетін болады;

негізгі қорларды жаңарту үшін отандық кәсіпорындарға жеңілдікпен  кредит беру және лизинг. Жыл сайын Қазақстанның Даму Банкі, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (бұдан әрі – КДҚ «Даму» АҚ) арқылы жабдықтарды ауыстыруға жеңілдікпен кредит беруге кредиттер бойынша ставкаларды субсидиялау және жеңілдікті жағдайлармен жабдықтар лизингін беру үшін  қаражат бөлінетін болады;

  отандық кәсіпорындарды өнімнің және технологиялық үдерістердің сапасын көтеруге ынталандыру. Прогрессивті стандарттар мен техникалық  регламенттер енгізілетін болады, оларды сақтау үшін кәсіпорындар перспективалы технологиялық шешімдерді, оның ішінде отандық ғылыми ұйымдардың көмегімен белсенді түрде іздестіретін, әзірлейтін және енгізетін болады;

  инновациялар саласындағы уәкілетті органның ірі компаниялар жүргізетін, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ҒЗТКЖ-ларды  қоса қаржыландыруы (құқығының 25 %-іне дейін).

Заңнаманы жақсарту

1. «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жаңа редакцияда қабылдау.

Мыналарға: 

2. Салық кодексіне 150 % мөлшеріндегі корпоративтік табыс салығы бойынша ҒЗТКЖ-ға арналған шығындарды  шегерімге  жатқызу бөлігінде;

3. «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына гранттардың  жаңа түрлерін енгізу арқылы  инновацияларды дамытуға ынталандыру бөлігінде;

4.  «Инновациялық гранттар беру және зияткерлік меншік объектілерін енгізу бойынша қабылданған  шаралар туралы есептер беру ережесін бекіту туралы»  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 6 тамыздағы № 1202 қаулысына өзгерістер енгізу.

2.11 Тариф саясаты

Ағымдағы жағдайды талдау

Қазіргі уақытта табиғи монополиялар салаларында шамамен 1000 субъект  өз қызметін жүзеге асыруда, оның ішінде:

  552 – су кәріз жүйелері саласында;

  407 – электр және жылу энергетикасы саласында;

  177 – көлік саласында;

  38 – мұнай мен газды тасымалдау саласында. 

  Табиғи монополиялар  салаларында өндірістердің тозуы және технологиялық артта қалуы,  осыған байланысты  тиімділіктің төмендігі мен шығындар проблемасы орын алған, бұл көрсетілетін қызметтер сапасына және тұтынушыларға арналған тарифтер дейгейіне әсер етеді.

  Қазіргі уақытта коммуналдық сектордың барлық табиғи монополиялар салалары бойынша негізгі құралдардың тозуы  орта есеппен 60 – 65 %-ды құрайды.

  Нормативті шығындар деңгейінің жоғары болуынан басқа кәсіпорындарда  нормадан тыс шығындар да орын алуда, олар тиімсіз жұмыс жасауға  және инвестициялық тартымдылықтың төмендеуіне алып келуде.

Табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігі олардың технологиялық жаңғыруы және инвестициялық тартымдылығының артуына байланысты, сондай-ақ тарифтер деңгейі болжамдылығы табысты индустрияландырудың маңызды факторы болып табылады.

Негізгі міндеттер

Табиғи монополиялар субъектілері мен олардың қызметтерін тұтынушылардың  мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуге негізделген  тиімді тариф саясатын жүргізу.

Нысаналы индикаторлар

1. Базалық табиғи монополиялар субъектілерінің (бұдан әрі – ТМС) нормативтен тыс шығындарын (олар бар болса) төмендету пайызы:

Өлш.

бірлігі

2010 жыл

2011 жыл

2012 жыл

2013 жыл

2014 жыл

электр желілерінде:

%

1,5

1,5

1,0

0,5

-

жылу желілерінде:

%

2,0

2,5

2,0

0,5

-

су шаруашылығы желілерінде:

%

2,5

  1,0

  0,5

0,4

-

1.Базалық ТМС-ның нормативтік техникалық шығындарын  бекітілген пайыздан төмендету  пайызы:

Өлш.

бірлігі

2010 жыл

2011 жыл

2012 жыл

2013 жыл

2014 жыл

электр желілерінде:

%

1,3

1,0

0,5

0,2

0,1

жылу желілерінде:

%

1,5

1,8

1,0

0,3

0,1

су шаруашылығы желілерінде:

%

2,6

2,0

2,0

1,0

1,0

 3. Реттелетін қызметтер тарифтерінің болжамы (ұлттық валюта бағамының, газ, көмір, мазут құнының тұрақтылығы мен көрсетілетін қызметтер көлемінің өзгермеуі шартында).

3.1. Электр қуатына арналған босату бағаларының өзгерісі

Қызметтердің атауы

  Өлшем

  бірлігі 

  2010

  жыл 

  2011 

  жыл

  2012

  жыл 

  2013

  жыл

  2014

  жыл

Қазақстан Республикасы бойынша орта есеппен

теңге/кВт

  10,14

  11,09

  12,33

  13,48

  14,65

 

3.2. Жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау тарифтерінің болжамы

Тасымал түрі

Өлшем бірлігі

болжам

2010

2011

2012

2013

2014

облысаралық тасымалда

%

17,6

15

15

15

15

экспорттық тасымалда

%

17,6

15

15

15

15

4. Реттелетін тарифтер деңгейінің тұрақтылығын қамтамасыз ету:

Өлшем бірлігі

2010 жыл

2011 жыл

2012 жыл

2013 жыл

2014 жыл

Орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс  істейтін  табиғи монополиялар субъектілерінің саны

дана

12

15

11

10

12

Іс-қимылдар стратегиясы

Реттелетін нарықтар субъектілерінің тариф белгілеу жүйесін жетілдіру  тарифтердің экономика салаларын дамытуға әсерін бағалау құралдарын қолдана отырып, жүзеге асырылатын болады.

Алдағы кезеңде  мыналар көзделеді:

өңірлік электр желілері компаниялары (бұдан әрі – ӨЭК) қызметінің  тиімділігі дәрежесін ескеретін  тарифтер белгілеу үшін  реттеуді ынталандыру – салыстырмалы талдаудың жаңа әдісін тәжірибеге енгізу жолымен табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру, бұл табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін және қызметтер көрсету технологиясын оңтайландыруға  ынталандырады;

тұтынушылар топтары бойынша және суды тұтыну шамасын белгілеген кездегі  тұтыну көлемдеріне байланысты  сумен жабдықтау қызметтеріне  сараланған тарифтер енгізу, бұл жоғары қолайлылық жағдайларына, сондай-ақ  судың коммерциялық мақсаттарға  жұмсалуына сәйкес  қызметтерге сараланған ақы төлеуді көздейтін  әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге  мүмкіндік береді;

реттелетін нарық субъектілеріне белгіленген баға деңгейлерін көтермей реттелетін нарықтарда болып жатқан өзгерістерге  икемді ден қоюға  мүмкіндік беретін  реттелетін нарық субъектілері қызметтеріне бағаның шектелген деңгейлерін енгізу. Бұл ретте  реттеуші орган  сараптама жүргізген кезде бағаны төмендетуге құқылы.

Экономика салаларының дамуына әсер ететін тарифтердің өзгеруі  инфляцияның жоспарланған дәлізі, сондай-ақ  Үкімет айқындайтын инфляция деңгейіне  реттелетін қызметтердің үлесі ескеріле отырып  көзделеді.

  Табиғи монополиялар субъектілерін  нормадан тыс шығынды  жою және нормативтік шығынды ысырапты қысқарту негізінде өнімділікті арттыруға және  шығындарды азайтуға ынталандыру үшін тарифтерді есептеу әдіснамасы жетілдірілетін болады.

Заңнаманы жақсарту

 «Табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар  туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

 «Табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар  туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін:

  «Жеке тұлғалардың су шаруашылығы жүйелері салаларындағы  реттелетін қызметтерді тұтыну көлемінің  негізделген ауқымын  айқындау  ережесін», «Салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып тарифті есептеу әдістемесін» әзірлеу;

  ӨЭК қызметі тиімділігінің дәрежесін ескеретін тарифтер белгілеу үшін су шаруашылығы және кәріз жүйелерінің реттелетін  қызметтеріне арналған сараланған тарифтер  әдісін енгізу;

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 наурыздағы  № 238 қаулысымен бекітілген, реттелетін нарық субъектілерінің баға сараптамасын  жүргізу нәтижелері бойынша уәкілетті орган негізді деп таныған шекті бағадан  асырмай шығарылатын (өткізілетін) тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге)  бағаны дербес түрде азайтуын және көтеруін көздейтін Реттелетін нарықтардағы  бағаны белгілеу ережелеріне түзетулер енгізу.

2.12. Инвестициялар тарту және  арнайы экономикалық аймақтарды дамыту

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

2009 жылдың 9 айын қоса алғанда, 1993 жылдан бергі кезеңде ел экономикасына 102,9 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар (бұдан әрі – ТШИ), оның ішінде  экономиканың шикізат емес секторына – 14,6 млрд. АҚШ доллары  (жалпы көлемнің 14,2 %-ы) тартылды.

Экономиканың Қазақстан үшін перспективалы көптеген секторларының тартымдылығына  кері әсер ететін факторлардың арасында  мыналар негізгілері болып табылады:

ішкі нарық сыйымдылығының төмендігі;

ірі өткізу нарықтарынан шалғайлығы және  қолайлы логистиканың болмауы тауарларды тасымалдауда едәуір шығыстарға алып келеді;

жоғары білікті кадрлардың жетіспеуінен жұмыс күші құнының салыстырмалы жоғары болуы және тиісті инфрақұрылымның  болмауы;

инвесторлармен, оның ішінде  шетелдік инвесторлармен жұмыс бойынша орталықтандырылған жүйенің болмауы, сондай-ақ инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың  тиімді шараларының жеткіліксіздігі.

Қазіргі уақытта ТШИ тарту арналарын кеңейту арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың (бұдан әрі – АЭА, ИА) инвестициялық тартымдылығын көтеру және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін (бұдан әрі – МЖӘ) дамыту арқылы жүзеге асырылады.

1. АЭА-ның, ИА-ның ағымдағы жай-күйі

Қазақстанда барлығы 6 арнайы экономикалық аймақ құрылған, оларды шартты түрде мынадай топтарға бөлуге болады: 1) өнеркәсіптік-өндірістік аймақтар – «Ақтау теңіз порты», «Оңтүстік», «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» және индустриялық қосалқы аймақ бөлігінде «Астана – жаңа қала» (Астана қаласының ИА); 2) сервистік – «Бурабай» және құрылыстық қосалқы  аймақ бөлігінде  «Астана – жаңа қала»; 3)  техникалық-енгізу аймағы – «Ақпараттық технологиялар паркі». Бұдан басқа, Астана және Қарағанды қалаларында 2 индустриялық аймақ құрылды,  бұл ретте  Астана қаласының ИА-сы  «Астана – жаңа қала» АЭА-ның құрамына  енгізілді.

Әлемдік тәжірибе АЭА және ИА  құру халықаралық тауар айналымын жандандыру,  инвестицияларды жұмылдыру, интеграциялық экономикалық процестерді тереңдету есебінен  жеделдетілген экономикалық өсу факторы болып табылатынын көрсетіп отыр.

Қазақстандық АЭА мен ИА-ның инвестициялық тартымдылығы қазіргі уақытта онша жоғары емес, өйткені олардың жұмыс істеуі  нақты қажеттіліктерге және инвесторлар мүдделеріне  толық бағдарлана қоймаған. 

2. МЖӘ-нің ағымдағы жай-күйі

Қазақстанда инфрақұрылым объектілеріне және олардың сапалы қызмет көрсетуіне қоғам қажеттілігінің өсуі, негізгі құралдардың моральдық және табиғи тозуының ұлғаюы және мемлекетте инфрақұрылым объектілерін жаңарту мен құруға арналған жеткілікті  қаржы ресурстарының  болмауы жағдайында МЖӘ тетіктерін пайдалану мемлекеттің дәстүрлі жауапкершілігі салаларындағы міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете алады, жеке инвесторлар  әлеуетін іске асыруға және дамытуға әрі институционалдық инвесторлар қаражатын тартуға  мүмкіндік береді.

Қазақстанда  алғашқы концессиялық жобаларды іске асыру тәжірибесі МЖӘ тетігін пайдалану арқылы  көлік инфрақұрылымын дамытуға қомақты инвестиция тарту мүмкіндігінің айғағы болып отыр.

Концессиялық жобаларды іске асыру тәжірибесінің болуына қарамастан, мыналар:

 1) Мемлекеттің дәстүрлі жауапкершілігі салаларына жеке меншік инвестицияларды тарту;

2) Капиталды көп қажет ететін объектілерді (инфрақұрылымдық, энергетикалық және т.б.) инвестициялау кезінде инвесторлар мен кредиторлар үшін қолайлы жағдай жасау; 

3) Жеке меншік капиталды тарту жолымен тұрғын-үй коммуналдық саланың мемлекеттік меншік объектілерін басқарудың  тиімді әдістерін енгізу бойынша жұмыс жүргізу қажет.

Негізгі міндеттер

  Экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялы шикізат емес өндірістерге тікелей инвестициялар  үшін тартымды жағдай жасау, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту.

Нысаналы индикаторлар

  1. Global – 2000-ға енгізілген компаниялар тізімінен тартылған мақсатты инвесторлар саны: 2010 – 2, 2011 – 3, 2012 – 4, 2013 – 4, 2014 – 5.

  2. Шетелдік мемлекеттермен Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімдер жасасу. 2010 – 2, 2011 – 2, 2012 – 2, 2013 – 2,  2014 – 2.

  3. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне қол жеткізу: «Тікелей шетел инвестицияларын реттейтін ережелердің бизнеске әсері (101-орын)» - 2010 жыл – 100-орын, 2011 – 99, 2012 – 98, 2013 – 97, 2014 – 96. «Тікелей шетел инвестициялары мен технологиялары» (104-орын) – 2010 жыл – 103-орын, 2011 – 102, 2012 – 101, 2013 – 100, 2014 – 99. «Инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша «DoingBusiness»  рейтингінде Қазақстанның позициясын жақсарту. 2010 жыл – 52-орын, 2011 – 51, 2012 – 50, 2013 – 49, 2014 – 48. Елдің бәсекеге қабілеттілігі бойынша Дүниежүзілік Банк индексін 2014 жылы
60 орынға дейін (2009 жылы – 67-орын).

  4. АЭА-да қатысушылар санын  2009 жылғы 39-дан 2015 жылы  159-ға дейін және ИА-да  2015 жылға қарай 42-ге дейін ұлғайту.

  5. АЭА аумақтарындағы  экспортқа бағдарланған және  жоғары технологиялы шикізат емес өндіріске  инвестицияларды 2015 жылға қарай
1588 млрд. теңгеге дейін және ИА аумағында – 151 млрд. теңгеге дейін ұлғайту.

  6. АЭА  аумақтарында тауарлар мен қызметтер (жұмыстар) өндіру көлемін 2009 жылғы  21,9 млрд. теңгеден 2015 жылға – 718 млрд. теңгеге дейін, ИА-да 2015 жылға 719 млрд. теңгеге дейін, оның ішінде өнім экспортын  шығарылатын өнім көлемінің кем дегенде 50 %-ына дейін ұлғайту.

  7. МЖӘ-нің жалпы сомасы 900 млрд. теңгеден астам  кем дегенде
15 жобасын  2015 жылға қарай іске асыру.

Іс-қимылдар стратегиясы

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың негізгі құралдарының бірі тікелей инвестициялар тарту болып табылады.

  Жалпы қолайлы инвестициялық ахуал құру жөніндегі шаралармен қатар Қазақстан Республикасының аумағында жобаларды іске асыру бойынша  ірі және трансұлттық компаниялар үшін арнайы жағдай жасалатын болады.

  Бұл үшін тікелей инвестициялар тарту  жөніндегі біртұтас жүйе құру ұйғарылып отыр, ол ынталандырушы шараларды да, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен жұмыс істеудің институционалдық тетіктерін қамтитын болады. 

Инвестицияларды ынталандыру жөніндегі мынадай шараларды қолдану көзделеді:

1. Экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобалар үшін:

 «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделетін  инвестициялық преференциялар;

жедел және өтеусіз негізде шетел мамандары үшін келу визаларын берудің арнайы тәртібі.

2.   АЭА аумағында іске асырылатын инвестициялық жобалар үшін:

әлемдік үздік практиканы ескере отырып, ерекше салық салу тәртібі. Жеңілдіктер осы Бағдарламада айқындалған өлшемдер бойынша іріктелген кәсіпорындарға ұсынылатын болады.

шетелдік жұмыс күшін әкелуге қатысты ерекше тетік.

3. Танымал шетелдік инвесторлар, трансұлттық компаниялар қатысатын неғұрлым ірі және басым инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік қолдаудың ерекше шаралары:

салықтық жеңілдіктер және преференциялар;

ұзақ мерзімді мемлекеттік ең аз тапсырысты және ұлттық компаниялардың тапсырыстарын қамтамасыз ету;

ынталандырудың басқа да қаржылық және қаржылық емес шаралары көзделейтін жекелеген инвестициялық келісімдер жасалатын болады.

Инвестициялық келісімдер шеңберінде қолдаудың осы шаралары жөніндегі шешім Үкімет деңгейінде қабылданатын болады.

Экономиканың шикізат емес секторына инвестициялар тартуды өрістету мақсатында әрбір әлеуетті ірі инвестормен жеке келіссөздер жүргізілетін болады.

Тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша жеке тәсілді іске асыру мынадай іс-шаралар жүргізуді қамтиды:

мақсатты әлеуетті инвесторларды, ең алдымен ТҰК арасынан іздестіру және айқындау;

мыналарды:

Қазақстанда бизнес ашуға және жүргізуге байланысты қажетті формальдылықтарды жүзеге асыруға жәрдемдесуді;

Қазақстанда басты саяси көшбасшылармен және жетекші компаниялармен кездесулер ұйымдастыруды;

инвестициялық жобаны әзірлеу сатысында да, оны іске асыру сатысында да консультациялық қызметтер ұсынуды;

постинвестициялық қолдауды қоса алғанда, әрбір мақсатты инвестормен жұмыс жасау жөнінде «жол карталарын» әзірлеу және іске асыру.

Жеке тәсілді іске асыру үшін шетелдік инвесторларымен өзара іс-қимыл жасаудың институционалдық тетіктері жетілдірілетін болады. Мыналар көзделіп отыр:

шетелдік инвесторлар үшін «алғашқы өтініш жасау терезесі» және «бірыңғай консультант» принципі бойынша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестициялар комитетін шетелдік инвесторлармен жұмыс жүргізу жөніндегі бірыңғай үйлестіруші орган ретінде күшейту. Сондай-ақ, «Қазақстан инвестицияларға жәрдемдесу орталығы» ЖШС-ні Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне беру ұйғарылып отыр.

   Халықаралық желі құру шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктердің, сауда өкілдіктерінің, құрметті консулдар институтының ресурстарын пайдалану,  сондай-ақ инвестициялар, сауда және технологиялар мәселелері бойынша өкілдер институтын құру үшін елдің шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері құрамындағы Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ұсынымы бойынша тағайындалатын және оған есеп беретін дипломатиялық рангтегі Кеңесші-елші және жекелеген елдердегі Қазақстан елшіліктерінде атташе штаттық бірліктерін айқындау мәселесін пысықтау есебінен қамтамасыз етілетін болады. Олардың қызметін рейтингілік бағалау енгізілетін болады;

  Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту және шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтердің қызметін үйлестіру және бақылау мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің басшылығымен тұрақты жұмыс істейтін шетелдік инвестициялар жөнінде комиссия құру. Комиссия шетелдік инвесторлар үшін «омбудсмен»  рөлін атқаратын болады.

  Комиссия жобаларды қарап, ірі жобаларды іске асыру кезінде инвесторлар үшін эксклюзивті жағдай жасауға қатысты шешімдер қабылдайтын болады. Айрықша жағдайларда жобаларды АЭА аумағынан тыс іске асыру үшін жекелеген ірі инвесторлармен белгілі бір жеңілдіктер пакеті мен преференцияларды, оның ішінде инвестициялардың бір бөлігін өтеу мүмкіндігін көздейтін инвестициялық келісімдер жасалатын болады.

Аса ірі инвестициялық жобаларды іріктеуді және инвестициялық келісімдер шеңберінде барлық жеңілдіктер мен преференциялар жөніндегі шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын болады. Инвесторлармен жұмыс жүргізудің жеке ұстанымымен қатар Қазақстанның  тартымды инвестициялық имиджін ілгерілету жөніндегі жұмыс (жалпы ұстаным) жалғасатын болады, олар мыналарды қамтиды:

  ақпараттық-таныстыру іс-шараларын өткізу (жарияланымдар, көрмелер, ресми кездесулер, форумдар; баспа, телевизиялық және электрондық БАҚ, интернет ресурстар). Шетелдік инвесторлар үшін бірыңғай интернет-портал құру осы бағыт бойынша түйінді іс-шара болады;

  инвесторларға әріптестер іздеуде, іскерлік байланыстар орнатуда, қажетті ақпарат беруде жәрдемдесу.

Күш-жігерді ТШИ тартуға шоғырландыру мақсатында үкіметаралық комиссиялардың қазақстандық бөлігінің қызметі жүйеленеді, мұнда бұл мәселелерді Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестиция комитеті үйлестіретін болады.

АЭА мен ИА-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру

  Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) мен индустриялық аймақтар жеке меншік инвестицияларды тартудың базалық құралдарының бірі болады. Арнайы экономикалық аймақтардың салалық бекітілуі алынып тасталады, компаниялар үшін өндіріс пен еңбек өнімділігінің экспорттық бағытталуы негізгі өлшем болады.

АЭА туралы жаңа заң әзірленетін болады, онда қолданыстағы жеңілдіктерден басқа мыналар көзделеді:

АЭА-ға қатысушыларға жобаны іске асыру кезеңінде салық режимінің тұрақтылығы туралы кепілдіктер беру мәселесін пысықтау;

  АЭА  аумағына шетелдік жұмыс күшін әкелуге қатысты ерекше тетік енгізу;

  АЭА-ға қатысушыларға «жалғыз терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету тетігін енгізу.

  АЭА желісін кеңейту мәселелері қаралатын болады.

Жаңа АЭА мен ИА шикізатты жеткізу және дайын өнімді жеткізіп беру үшін қолайлы коммуникацияның болуы ескеріліп құрылатын болады.

Мұндай принцип бойынша 2011 жылы жаңадан:

АЭА-лар:

«Қорғас» ШЫХО базасында «Қорғас – Шығыс қақпасы»  ШСЭА» –өңдеуші өндірістердің алуан түрлерін және көлік-логистикалық қызметтерді дамыту үшін;

Қарағанды қаласында Қарағанды қаласының ИА базасында – металлургия мен металл өңдеуді дамыту үшін;

ИА-лар:

Алматы қаласында – машина жасауды, өңдеуші өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді дамыту және  құрылыс кластерін құру үшін;

Павлодар қаласында – металлургияны және металл өңдеуді, химия, фармацевтика өнеркәсібін, энергетика мен ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді дамыту үшін құру мәселелері пысықталады.

Бұдан басқа,  Ақтөбе, Өскемен және Орал қалаларында жаңа ИА құру мәселесі пысықталатын болады.

  Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін АЭА пен ИА шеңберінде әлеуетті инвесторлардың сұранысына жауап беретін сапалы инженерлік инфрақұрылым құрылатын болады.

2012 жылы «Астана – жаңа қала» АЭА-ның индустриялық қосалқы аймағының (Астана қаласының ИА) және «Оңтүстік» АЭА  инфрақұрылымының қосымша объектілерінің құрылысы  (өрт сөндіру депосы, жүк терминалы және интеграцияланған сервистік-технологиялық орталық) аяқталатын болады, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды  кіші электр станцияларына қосу қамтамасыз етіледі; аумақтың өзгеруі  ескеріле отырып, «Ақпараттық технологиялар паркі»  АЭА  бойынша жобалау жұмыстары жүргізіледі; сондай-ақ Қарағанды қаласындағы ИА-ның көлік және инженерлік инфрақұрылымын (электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз) салу аяқталады.

2013 жылы  «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның № 1 және № 3 қосалқы аймақтарының көлік және инженерлік инфрақұрылымын (электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, газ жүргізу, телекоммуникация) салу аяқталады.

2014 жылы «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның № 2, № 4 – № 6 қосалқы аймақтары бойынша жобалау жұмыстары жүргізіледі; «Ақпараттық  технологиялар паркі»  АЭА-ның 1-ші кезеңін пайдалануға беру қамтамасыз етіледі; аумақтың өзгеруі ескеріле отырып, жобалау жұмыстары жүргізіледі және «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ның 1-ші кезеңін  пайдалануға беру қамтамасыз етіледі; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерін запасқа ауыстыру қамтамасыз етіледі және «Бурабай» АЭА-ның 1-ші кезеңін пайдалануға беру қамтамасыз етіледі;

Бұдан басқа, 2014 жылы жаңадан құрылатын АЭА және ИА шығарылатын өнім көлемімен бірге жобаларды іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі:

«Қорғас – Шығыс қақпасы» ПТЭЗ» АЭА – 4 млрд. теңгеден астам;

    Қарағанды қаласындағы АЭА – 280 млрд. теңгеден астам;

Алматы қаласындағы ИА – 135 млрд. теңгеден астам;

   Павлодар қаласындағы ИА – 297 млрд. теңгеден астам.

  Кеден одағының, ҚХР мен Орталық Азияның нарықтарын игеруге мән бере отырып, жоғары технологиялы шикізат емес өнім өндіру үшін «зәкірлі»  (стратегиялық) инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту АЭА мен ИА-ның жұмыс істеу тиімділігін арттырудың маңызды факторы болады.

  АЭА мен ИА-ны  жалпы бақылау және мониторингілеу, әдіснамалық және заңнамалық сүйемелдеу мақсатында  Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2010 жылы АЭА және ИА бойынша бірыңғай уәкілетті орган болып айқындалады. Тиісті жергілікті және орталық атқарушы органдар АЭА мен ИА-ның үйлестіруші органдары болып айқындалады.

Инвесторларды басқару, іздеу әрі тарту және АЭА мен ИА қатысушыларына базалық және мамандандырылған қызмет көрсету үшін мемлекеттің шығындарды ішінара өтеуі тетігін пайдалана отырып, кәсіби оператор компаниялар (халықаралық) тартылатын болады. 

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту

Инвестицияларды мемлекеттің дәстүрлі жауапкершілігі саласына тарту келісімшарттардың мынадай түрлерін жасау арқылы мемлекеттің билік ету құқығын сақтай отырып, мемлекеттік меншік объектілерін жеке меншік секторға беру негізінде жүзеге асырылатын болады:

жобалау, қаржыландыру, салу және пайдалану (концессия),бұлар бойыншажеке меншік секторы концессия объектісін салуды немесе реконструкциялауды қаржыландыру, басқару, ұстау және пайдалану жөніндегі функцияларды орындайды, мемлекет қызмет көрсету сапасын бақылау функциясын өзіне қалдырады, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын беруі мүмкін.

Мыналарды концессияға беру ұйғарылып отыр:

Астана – Қарағанды, Алматы – Қорғас, Ташкент – Шымкент – Жамбыл облысының шекарасы, Алматы – Қапшағай, Орал – Каменка – Ресей Федерациясының шекарасы (Озинкиде), Астана – Щучинск автомобиль жолдарының учаскелері;

Жетіген – Қорғас, Ералиев – Құрық темір жол учаскелері;

Кендерлі жаңа халықаралық әуежайын салу.

пайдалану және ұстау, бұлар бойыншажеке меншік секторы өндірістік объектілерді жалға алады, қызметтерді жеткізуші ретінде тұтынушы алдында жауапты болады, мемлекет жобаны іске асыру кезінде инвестиция үшін жауапкершілікті өзіне қалдырады;

салу және пайдалану,бұлар бойыншажеке меншік секторы объектіні  салу (қайта жаңарту) және пайдалану жөніндегі функцияны орындайды, мемлекет пайдалану кезінде жобаның іске асырылуын қаржыландыруға жауапты болады;

басқару және ұстау (мүлікті сенімгерлік басқару), бұлар бойынша жеке меншік секторы мемлекеттік меншік объектілерін басқару және оларға қызмет көрсету жөніндегі функцияларды орындайды,  мемлекет қызмет көрсету үшін, объектілерді кеңейту, қалпына келтіру және күрделі жөндеу жөніндегі міндеттерді шешу үшін тұтынушылар алдында жалпы жауапкершілікті өзіне қалдырады.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде жинақтаушы зейнетақы қорлары маңызды рөл атқарады, олардың қаражатын тарту үшін мемлекеттің кепілгерлігімен инфрақұрылымдық облигациялар шығару тетігі қолданылатын болады.

   Мемлекет синдикаттық қаржыландыру және секьюритилендіру тетіктерін пайдалана отырып, МЖӘ жобаларын жобалық қаржыландыру принциптерін енгізу, құрылымдау және сүйемелдеу жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. Заңнамаға ерекше заңды мәртебесі бар арнайы жобалау ұйымдарын құру мүмкіндігін қамтамасыз ететін түзетулер енгізіледі.

Заңнаманы жақсарту

   1.    «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жаңа редакцияда қабылдау.

  2. «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

  3.  «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

5. Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

2.13 Сауда саясаты

Ағымдағы жағдайды талдау

Тиімді сауда саясатын жүргізу индустриялық-инновациялық дамудың  маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Жаһандану және қатаң бәсекелестік жағдайында қазақстандық экспорттаушылар әлемдік нарықтарда қолда бар «тауашаны» ұстауы және жаңаларына ие болуы қажет, бұл ретте халықаралық сауда ережесін ұстануы тиіс. 

Осыған байланысты Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Кеден одағына кіруі жолымен жаһандық экономикаға кірігуі объективті шарт болып табылады.

Қазіргі уақытта Кеден одағының негізгі құқықтық базасы әзірленді.
2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағы аумағында үшінші елдерге қатысты сыртқы сауданы кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары қолданылады.

Кеден одағына қатысушы үш елдің ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздерді үш елдің бірыңғай келіссөз делегациясы қайта бастады.

Жаһандық нарықтарға кірігумен қатар, экономиканың экспортқа бағдарланған шикізат емес секторларын дамыту жөніндегі қойылған міндеттерді шешу үшін экономикалық мүдделерді ілгерілетудің және сыртқы нарықтардағы сауда және сауда емес кедергілерді жоюдың тиімді жүйесін, сондай-ақ шикізат емес экспортты ілгерілету институттарын қалыптастыру талап етіледі.

Ішкі сауданы дамытудың оң үрдістері бірқатар проблемалардың сақталуымен қатар жүреді.

Биржалық сауда, сауданың қазіргі заманғы форматы дамымаған. Сауда базарларында көлеңкелі айналымның қомақты көлемі, контрабандалық және контрафактылық өнімді өткізу деңгейінің жоғарылығы; сатылатын тауарларға жалған сертификаттарды кеңінен пайдалану шоғырланған.

Негізгі міндеттер

1. Әлемдік сауда жүйесіне кірігу  жолымен республиканың экономикалық мүдделерін ілгерілету мен қорғаудың тиімді әрі жедел жүйесін құру.

2. Экономиканың шикізат емес секторының қазақстандық өнімінің экспортын дамыту мен ілгерілетуге жәрдемдесу.

3. Ішкі сауданың тиімділігін арттыру, сауда инфрақұрылымын жетілдіру арқылы сауда саласындағы еңбек өнімділігін ұлғайту. 

 

Нысаналы индикаторлар

2014 жылдың соңына қарай мыналар жоспарланып отыр:

1. Әлемдік саудаға тартылуы жөнінен  ДЭФ рейтингін  80 орынға дейін жоғарылату. 

2. Кеңейтілген экономикалық санаттар жөніндегі сыныптамаға (БҰҰ хатшылығының  статистикалық сыныптамасы) сәйкес экспорттың жалпы көлеміндегі  шикізат емес экспорттың үлесін 40,0 %-ға дейін ұлғайту.

3. 2014 жылдан бастап бөлшек сауда айналымы өсімінің жыл сайынғы қарқынын алдыңғы жылға қарағанда %-бен кемінде 106,0 %-ға жеткізу, бұл ретте 2010 жылы – 100,0 %, 2011 жылы – 102 %, 2012 жылы – 103 %, 2013 жылы – 104 %.

4. Бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінде қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін 50 %-ға дейін жеткізу.

Іс-қимылдар стратегиясы

Республиканың экономикалық мүдделерін ілгерілету және қорғау, әлемдік сауда жүйесіне кірігу жүйесін құру

1. Әлемдік сауда жүйесіне кірігу жолымен республиканың экономикалық мүдделерін ілгерілету мен қорғаудың тиімді әрі жедел жүйесін құру мақсатында Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын қалыптастыру аяқталатын болады.

2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын іс жүзінде іске асыру басталды.

Кеден одағы бажсыз саудаға қосымша ретінде үшінші елдерге қатысты бірыңғай сыртқы сауда саясатын қолдануды және ішкі кедендік шекараларды жоюды көздейді.

Бұл мақсатта бүгінде үш мемлекетте жұмыс істейтін сауда режимдерін біріздендіру үшін үшінші елдермен, оның ішінде ТМД елдерімен келіссөздер жүргізілетін болады.

Бұдан басқа, мемлекеттер басшылары қабылдаған шешімдерге сәйкес 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап ұлттықтан тыс органға (Кеден одағы комиссиясы) бірыңғай кедендік тарифті жүргізу және үш мемлекетке қатысты болатын әрі тараптардың ұсыныстары негізінде қалыптасатын тарифтік емес шараларды қолдану жөніндегі өкілеттіктер берілді. 

2010 жылғы 1 шілдеден бастап ішкі кедендік шекараларда кедендік ресімдеу, ал 2011 жылғы 1 шілдеге дейін кедендік бақылау жойылады. Осылайша, әкімшілік кедергілерді жою және біздің елдер арасында тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету арқылы кеден одағының сыйымдылығы шамамен 165 млн. адам болатын ішкі нарығы бар бірыңғай кедендік аумағы құрылады.

Ішкі нарықты кеңейту шетелдік инвестициялар тарту, жаңа өндірістерді дамыту, өзара толықтыратын кәсіпорындарды кооперациялау үшін әкімшілік кедергілерді жою негізгі ынталандыру шарасы болады, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құру және өзара инвестициялардың өсуі үшін жағдай жасамақ.

2. 2012 жылға дейін Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігі құрылатын болады.

Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру қатысушы мемлекеттердің ішкі инфрақұрылымына тең қол жеткізуді көздейді, бұл теңізге шығатын жолы жоқ ел ретіндегі Қазақстан үшін айрықша өзекті.

Сондай-ақ қызметтер нарығының жұмыс істеуінің бірыңғай шарттарын белгілеу, жұмыс күші мен капиталдың еркін қозғалысы, бәсекелестіктің, өнеркәсіптік субсидиялаудың біріздендірілген ережелер,  ауыл шаруашылығын қолдаудың бірыңғай шаралары, бірыңғай экономикалық саясат, тарифтік саясат жүргізу, мемлекеттік сатып алудың біріздендірілген ережелері көзделіп отыр. 

Бұл мақсатта Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық негізін құрайтын тиісті халықаралық құжаттар әзірленетін болады.

3. Үшінші елдермен және елдер бірлестіктерімен преференциялық сауда туралы келісімдер жасасу жөніндегі ұсыныстарға бастама жасалатын болады.

Кеден одағына мүшелікті есепке ала отырып, Түркіменстанмен, Еркін сауданың Еуропалық қауымдастығына мүше мемлекеттермен (Швейцария, Лихтенштейн, Норвегия, Исландия), Сербиямен және Черногориямен еркін сауда туралы, Египетпен, Иорданиямен, Израильмен, Ауғанстанмен, парсы шығанағы елдерімен (Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Бахрейн, Оман, Катар, БАӘ) және басқа да елдермен преференциялық сауда туралы келісімдер жасасу жөнінде келіссөздер жүргізілетін болады.

4. Келіссөздерді аяқтау және ДСҰ-ға  кіру.

Қазақстанның ДСҰ-ға толыққанды мүше болуы, сондай-ақ осы халықаралық ұйымның нормалары мен ережелеріне сәйкестік қазақстандық тауарлардың ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің нарығына кемсітпеушілік негізде енуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықаралық төрелікке қол жеткізу жолымен үшінші елдердің нарығында қазақстандық өндірушілердің мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді. 

ДСҰ-ға мүше болу сыртқы экономикалық саясаттың болжауға болатындығы және ашықтығы есебінен тікелей шетелдік инвестициялар түріндегі капитал ағынын ұлғайтуға, сондай-ақ қазақстандық тауарларға қойылатын сауда шектеулері мен саудадағы дауларда кемсітушілік тәсілдерді жоюға мүмкіндік береді.

5. Экономикалық мүдделерді ілгерілету және сыртқы нарықтардағы сауда және сауда емес кедергілерді жою.

Қазақстандық тауарларға қатысты сауда шектеулерін белгілеу кезінде бастама білдіру және халықаралық сауда дауларын шешу рәсімін жүргізу не халықаралық келісімдерге сәйкес қарсы шаралар қолдану тетігі пайдаланылатын болады.

6. Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу тетіктерін қолдану.

Қолда бар өндірісті және оны дамыту жөніндегі жоспарды зерделеу жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады, оның нәтижесі бойынша өндірілуі Қазақстанда жүзеге асырылатын тауарларға қатысты кедендік бажды жоғарылату бойынша, сондай-ақ оларға қатысты алыс шетелдерден импортқа мүдделілігі бар тауарларға кедендік баждарды төмендету бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.

Сондай-ақ әлемдік нарық конъюнктурасы өзгерістерінің ішкі нарыққа әсерін талдау негізінде тауарлардың сыртқы саудасын кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеудің басқа да шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.

Бұдан басқа, отандық кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі нарықта тауарлардың аса жетіспеушілігінің пайда болуына жол бермеу мақсатында экспортты шектеу жөнінде тиісті ұсыныстар әзірленетін болады.

Ұсыныстар Кеден одағы комиссиясының қарауына жіберілетін болады.

Экономиканың шикізат емес секторының қазақстандық өнімінің экспортын дамытуға және ілгерілетуге жәрдемдесу

1. Экспорттаушыларды ақпараттық және сараптамалық қолдауды қамтамасыз ету.

Мақсатты мүддесі бар елдердің нарықтарына экономиканың шикізат емес секторының қазақстандық нақты тауарларымен ену үшін елдер, саудадағы серіктес елдердің салалары/өнімдері  бойынша шолулар, әлемдік сауда үрдісін (Trade Performance Index (TPI)), Қазақстан экспорт өнімінің жыл сайынғы анықтамалығын, «Экспорттаушыға көмек» атты нұсқаулық, «Export Guide» жол көрсетуші материалдар топтамасының жариялымдарын талдау тұрақты жүргізіледі және қазақстандық кәсіпорындар мен өнімдер туралы ақпарат халықаралық мамандандырылған каталогтарда орналастырылады. 

Жаңа экспорттық тауашаларды игеру үшін экономиканың өңдеуші секторының нақты өнімдерінің тауар белгілерін әзірлеу және оларды сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын  болады.

Экспорттық қызметті басқару бойынша мамандарды даярлау жөніндегі  оқу бағдарламалары іске асырылып, озық тәжірибені Қазақстан кәсіпорындарында қолдану мақсатында шетелдік озық экспорттық өндірістерге бару ұйымдастырылатын болады.

«Экспортқа бағдарлану» идеологиясын қалыптастыру үшін жеке меншік және мемлекеттік секторларды тарта отырып, экспортты нысанаға алуды насихаттау жүргізілетін болады.

2. Экспорттық сауда операцияларын қаржылық қолдау.

2010 жылдан бастап экономиканың шикізат емес секторының өнімін (қызметтерін) экспорттаушыларға олардың маркетингтік зерттеулер жүргізуге; отандық тауарлардың шетелдегі брендингіне; сыртқы нарық үшін тауарлардың жаңа түрлерін өндіруге; мамандардың біліктілігін арттыруға; шетелдерде өкілдіктер ашуға; Интернет-ресурс құруға және шетелдерде тарату үшін баспа өнімін дайындауға байланысты іс-шаралар жөніндегі шығындарын өтеу түрінде экспорттық гранттар ұсынылатын болады. 

Экспортты сақтандыруды және сауда экспорттық операцияларға кредит беруді, сондай-ақ бірқатар жанама қызметтерді қамтитын экономиканың шикізат емес секторларының шағын және орта бизнес өкілдерінің сауда экспорттық операцияларын қаржылық қолдауды жүзеге асыру үшін экспорттық-кредит агенттігі (ЭКА) құрылатын болады. 

3. Экспорттаушыларға мақсатты нарықтарда дистрибуция арналарына қол жеткізуге жәрдемдесу

Мыналар көзделіп отыр:

шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктердің, сауда өкілдіктерінің, құрметті консулдар институтының ресурстарын пайдалану,  сондай-ақ  инвестициялар, сауда және технологиялар мәселелері бойынша өкілдер институтын құру үшін елдің шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері құрамында Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ұсынымы бойынша тағайындалатын және оған есеп беретін дипломатиялық рангтегі Кеңесші-елші және жекелеген елдердегі Қазақстан елшіліктерінде атташе штаттық бірліктерін айқындау мәселесін пысықтау есебінен халықаралық желі құру. Олардың қызметін рейтингтік бағалау енгізілетін болады;

отандық өндірушілердің өнімін кепілдікпен жылжыту және экспорттаушыларға қосылған құны жоғары тауарларды өткізу арналарына қол жеткізуге жәрдемдесу үшін мамандандырылған мемлекеттік трейдинг компаниясын құру;

әлемдік үздік тәжірибе үлгісінде экспортты қолдау жүйесінің басты элементтерінің бірі ретінде экспорттық орамды дамыту үшін мамандандырылған құрылым құру. 

Экспорт елінде қазақстандық  өндірушілерге тікелей кешенді жәрдемдесу мақсатында 2010 – 2014 жылдары Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның (Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің экономиканың шикізаттық емес секторының экспортын дамыту және жылжыту жүйесінің операторы болып табылатын «KAZNEX» экспортты дамыту және жылжыту корпорациясы» АҚ) шетелдік өкілдіктерінің желісі ашылатын болады. 

Бірлескен стратегияны әзірлеу және мемлекеттік органдардың экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіру, сондай-ақ экспортты дамыту мен жылжытуға тосқауыл болатын әкімшілік және төрешілдік шараларды жою мен бизнестің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қазақстандық экспорттаушылардың мүдделерін қорғау және проблемаларын шешу кезінде Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жанындағы Экспорттаушылар  кеңесінің, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялардың (ҮАК) жұмысы жандандырылатын болады.

Мемлекеттің қазақстандық экспорттаушылар үшін пәрменді шараларды қамтамасыз етуі мақсатында 2010 жылдан бастап Қазақстанды ізгілік көмек шеңберінде өнім жеткізушілер қатарына кіріктіру жүргізілетін болады.

Көліктік-логистикалық орталықтар құруды ынталандыру жолымен қазіргі заманғы көліктік-логистикалық инфрақұрылым түзу арқылы Қазақстанның Еуропа, Ресей, Қытай мен Орталық Азия арасындағы халықаралық сауда хабы ретіндегі әлеуетін іске асыру.

Отандық өндірушілер мен шетелдік әлеуетті сатып алушылар арасында  тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесу, өнімнің сапалық және баға көрсеткіштері бойынша ақпарат алмасу, экспорттық келісімшарттарды мұқият талқылау үшін Қазақстанның шетелдердегі тұрақты сауда миссиялары, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде «Сатушылар мен Сатып алушылар» форматында кездесулер, нақты тауарларды мақсатты түрде ілгерілету іс-шаралары ұйымдастырылатын  болады. 

Ішкі сауданың тиімділігін арттыру

Халықаралық практиканы ескере отырып, баға белгілеудің ашық жүйесін қалыптастыру мақсатында қазіргі заманғы биржалық сауда инфрақұрылымы құрылатын болады.

Сауданың қазіргі заманғы нысандарын дамыту мақсатында ірі сауда форматтары, сауда желілері дамытылатын болады. «Өндіруші – тұтынушы» тізбегіндегі шығындарды азайту үшін өңдеу, орау, сауда жабдығын сатып алуды жеңілдікпен қаржыландыру жолымен және шағын сауда форматтарын (гипермаркеттер, супермаркеттер, дискаунтерлер үлгісіндегі сауда үйлері және т.б.) бірыңғай брендпен және бірыңғай ассортиментпен әрі баға саясатымен біріктіру арқылы сауда-сатып алу кооперациясы жүйесі құрылатын болады. 

Отандық тауар өндірушілердің өніміне қашықтан қол жеткізуді дамыту мақсатында екінші деңгейдегі барлық банктерді бірыңғай прессинг орталығына (Webmoney-ге, Paypal-ға ұқсас) біріктіретін Интернет-дүкендерге кіріктіру үшін қолайлы модульдері бар Интернет желісінде қолма-қол ақшасыз ақы төлеудің электрондық жүйесі, сондай-ақ бірыңғай республикалық электрондық сауда алаңы құрылатын болады. 

Тауарларды қашықтан жеткізу жүйесін дамыту, бөлшек тауар айналымын ұлғайту және тұтынушылар үшін қызмет көрсету сервисін жоғарылату мақсатында Астана және Ақтөбе қалаларында почталық-логистикалық орталықтар құрылып, олардың жанынан жеткізудің оңтайлы схемаларын (халықаралық стандарттар деңгейінде) көздейтін сұрыптау орталықтары жұмыс істейтін болады.

Заңнаманы жақсарту

1. Ұлттық заңнаманы Дүниежүзілік сауда ұйымының, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер шеңберінде жасалатын халықаралық құқықтық базаның талаптарына сәйкес келтіру. 

2. «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Экспортты және экспортты экономикалық ынталандыру құралдарын дамыту мен жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның құқықтық мәртебесін бекіту, сондай-ақ сауда құрылымының дамуын реттеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

3. Электрондық сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру. 

 

2.14 Бағдарламаны қаржылық қолдау құралдары

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Әлемдік қаржы дағдарысы отандық экономиканы шетелдік кредиттік қаражатпен қорландыруды уақытша тоқтатты, осыған байланысты отандық қаржы ұйымдары үшін сыртқы қорландыруға қол жеткізу жабылды не шектеулі болып қалды. Екінші деңгейдегі банктердің Бағдарламаға енгізілген ұзақ мерзімді және орта мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін «ұзын ақшасы» жоқ. Осыған байланысты Бағдарламаны даму институттарының қатысуымен қаржыландырудың көлемі мен құралдарын ұлғайту қажеттігі туындайды. 

 

Негізгі міндеттер

Құралдарды кеңейту арқылы экономиканың басым секторына инвестицияларды және қаржыландыру көздерінің қол жетімділігін ұлғайту.

Нысаналы индикаторлар

Жоспарланған кезеңде экономиканың басым секторларының негізгі капиталына кемінде 6 280 млрд. теңге көлемінде инвестициялар тарту.

Іс-қимылдар стратегиясы

Отандық кәсіпорындарды және инвестициялық жобаларды республикалық және өңірлік деңгейде қаржылық қолдау құралдарының, операторлары мен агенттерінің бірыңғай жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл ретте, экономиканың басым секторларындағы инвестициялық қызметті жандандыруды ынталандыратын нарықтық тетіктер мемлекеттік қаржылық қолдаудың негізіне алынады.

Мемлекеттік құралдарды қолдану саясатында жеке меншік қаржы ресурстарын жұмылдыруға және екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы институттарының кредиттік қызметін индустрияландыру мақсатына шоғырландыруға баса мән берілетін болады.

Қаржылық қолдау жүйесі отандық өндірушілер үшін қаржы ресурстарының қол жетімділігін арттыруға, инвестициялық жобалардың қажеттіліктеріне, олардың өзін-өзі ақтауы мен рентабелділік көрсеткіштеріне сәйкес қаржыландырудың қолайлы шарттарын ұсынуға шоғырланады.

Мемлекеттік қаржы ресурстары мемлекеттік және жеке меншік операторлар арқылы жіберілетін болады. Мемлекеттік сектордың операторларына мыналар жатады:

«Самұрық-Қазына»  ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «БРК-Лизинг» АҚ; «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Kazyna Capital Management» АҚ, «Қазагроқаржы» АҚ, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ, «Даму» ШКДҚ» АҚ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, «Kaznex» экспортты жылжыту корпорациясы» АҚ, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ және басқа да ұйымдар.

Жеке меншік операторларға мыналар жатады: екінші деңгейдегі банктер, халықаралық даму институттары, лизингтік компаниялар, инвестициялық компаниялар және қаржыландырушы басқа да ұйымдар. Бұл ретте, жеке меншік операторларды іріктеу өлшемі қоғамдастық үшін анық әрі ашық болады және қатысатын барлық әлеуетті қатысушылардың жобаны іске асыруға тең (кемсітушіліксіз) қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс. Өлшемдері мен тәртібін Үкімет айқындайтын болады.

Операторлар мен құралдардың жұмыс істеуі қаржы ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану, қолдау көздері мен құралдарының кең спектрін  ұсыну және мемлекеттің тәуекелдерді жеке меншік сектормен бөлісу қағидаттары бойынша ұйымдастырылатын болады. 

Мемлекеттік сектордың операторлары қаржылық қолдау көрсетудің, орнықты жұмыс істеудің мынадай қағидаттарға негізделген тетігін қалыптастырады:

қаржылық қолдау көрсетудің теңгерімділігі;

мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын қаржыландыру және көрсету жөнінде шешімдер қабылдаудың уақтылылығы;

мемлекеттік ұйымдардың белгілі бір операциялар мен қызмет түрлеріне мамандануы;

қаржыландыру және әртүрлі құралдарын белгілі бір инвестициялық жобада кіріктіру саласында мемлекет пен жеке меншік қаржы институттары арасындағы кооперация. 

Мемлекеттік сектор операторларының қызметі Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерінің барынша тиімділігіне қол жеткізуге бағдарланатын болады. Қажетті қаржыландыру көлеміне сәйкес ұйымдардың өндірістік қуаттары мен қызметкерлер саны ұлғайтылады немесе қысқартылады, ішкі бизнес үдерістері оңтайландырылып, қарау рәсімдері т.б. регламенттелетін болады.

Мемлекеттік сектор операторларының инвестициялық саясаты мен басымдықтары индустриялық даму қажеттіліктеріне шоғырландырылып, бағытталатын  болады. 

Бағдарлама операторлары экономиканың құрылымын сапалы өзгертуге және оның орнықты өсуіне ықпал ететін жобаларды инвестициялау саясатын жүргізетін болады. Мыналар жобаларды қаржыландырудың негізгі өлшемдері болып табылады:

Бағдарламаның басымдықтарына сәйкестік;

жобаға міндетті түрде өзінің қатысуы;

экспортқа бағдарлану;

бәсекеге қабілетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндіру. Бұл ретте, өнім осыған ұқсас әлемдік стандарттарға сәйкес болуы және құны жағынан бәсекеге қабілетті болуы тиіс;

қосылған құны жоғары өнім өндіру, бұл ретте, қосылған құны барынша жоғары немесе әлемдік нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін элементтері бар жобаларға басымдық берілетін болады;

еңбек өнімділігін арттыру;

энергия тұтынуды қысқарту;

ресурс үнемдеуді ұлғайту;

қазақстандық қамтуды дамытуға ықпал ететін өндіріс, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тарту;

инновациялар мен озық технологияларды дамыту және енгізу.

Мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесі инвестициялық белсенділікті ынталандырудың нарықтық тетіктерін құруға ықпал ететін болады, ол мынадай негізгі құралдарды қолдануды көздейді:

кредит беру;

лизингтік қаржыландыру;

үлестік қаржыландыру;

кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау;

корпоративтік кепілдіктер (кепілгерліктер) беру;

сервистік қолдау;

экспорттаушылар үшін гранттар беру; 

экспорт алды қаржыландыру – экспорттаушылар кәсіпорындарын саудалық қаржыландыру және олардың экспорттық операцияларын сақтандыру;

өнімді сатып алуға арналған ұзақ мерзімді келісімшарттар;

ҒЗТКЖ-ні гранттық қаржыландыру;

мемлекеттік кепілдіктер және мемлекеттің кепілгерліктері түріндегі мемлекеттің шартты міндеттемелері.

Мемлекеттік қаржылық қолдау шарттары мынадай шарттар ескеріле отырып, Бағдарламаның басымдықтарына сәйкес берілетін болады:

сыйақы ставкалары – сыйақы ставкаларын саладағы инвестициялардың орташа салалық рентабелділігі мен өзін-өзі ақтауын ескере отырып, нарықтық деңгейден төмен деңгейге дейін азайту жөнінде шаралар қабылданатын болады;

мерзімдер – жобалардың тиісінше өзін-өзі ақтауына және қаражаттың қайтарылуына қол жеткізу мақсатында қаржыландыру мерзімдерін ұзартуға назар аударылатын болады;

қаржыландыру өлшемдері – осы Бағдарламаның және басқа да бағдарламалық құжаттардың стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес  әзірленетін болады;

қаржыландыру лимиттері – салалық бағытталуды және шаруашылық қызмет субъектілерінің (ірі, орта және шағын бизнес) мөлшерін ескере отырып белгіленетін болады.

Кәсіпорындар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру, мемлекеттің жобалардағы қатысу үлесін, операторлар мен қолдау құралдарын айқындау, сондай-ақ жеке меншік қаржы секторын тарту үшін республикалық және өңірлік деңгейде қолдаудың тиісті бюджеттік бағдарламалары қалыптастырылатын болады.

Қол жеткізілуі тиіс нысаналы көрсеткіштер, орындау мониторингінің алгоритмі, сондай-ақ көрсетілген бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау әдістемесі және бөлінген қаржы ресурстарының мақсатты пайдаланылуын бақылау тетіктері бекітілетін болады.

3. Экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру

Негізгі міндет

Өсу полюстерін қалыптастырып, индустриялық даму үшін бәсекелі артықшылыққа ие, елдегі экономикалық белсенділікті шоғырландыратын, елдің қалған аумақтары үшін «локомотив» рөлін атқаратын әрі елдің өңірлік және жаһандық нарықтармен кірігуін қамтамасыз ететін аумақтарда экономиканы шоғырландыруды қамтамасыз ету.

Іс-қимылдар стратегиясы

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі индустрияландыру саясатының аумақтық аспектісі өзара байланысты екі бағыт бойынша іске асырылатын болады. 

Бірінші – олардың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда өңірлерде экономиканың басым секторларының өндірістерін ұйымдастыру.

Екінші – елдің қалыптасып жатқан мегаполистерінің және оларға іргелес аумақтардың негізінде басып оза өсу аймақтарын құру.

Қарастырылып отырған кезеңде индустриялық жаңғырту негізінен экономиканың экспортқа бағдарланған дәстүрлі салаларын, сондай-ақ өндіріс факторларын қарқындату негізінде осы секторлардың сұранысына бағдарланған ілеспе салаларды дамытумен айқындалатын болады.

Қалыптасқан оқшаулау орталықтарында дәстүрлі және секторлардың ішкі сұранысына бағдарланған өндірістерді орналастыру шикізат, электр энергиясы және көлік инфрақұрылымына немесе өткізу нарықтарына жақын көздеріне байланыста жүзеге асырылатын болады.

Агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп және туризм саласында экспортқа бағдарланған жаңа өндірістерді дамыту осы секторлардағы қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарды және елдің еңбек ресурстары ұтқырлығының салыстырмалы түрде төмен болуын ескере отырып, ірі қалалардың базарларына бағдарлана отырып, осы салалар үшін дәстүрлі өңірлерде немесе еңбек ресурсы жоғары өңірлерде жүзеге асырылатын болады.

Экономиканың ұзақ мерзімді және сапалы өсу перспективалары жоғары технологиялы, инновациялық жаңа өндірістердің қажетті ғылыми-техникалық және білім беру әлеуетіне, коммуникациялық  инфрақұрылымға ие қалыптасып жатқан Астана және Алматы агломерацияларына және оларға іргелес аумақтарға  шоғарылануымен айқындалатын болады.

Еңбек пен капиталдың ауқымынан, ұтқырлығынан үнемдеуде көрініс тапқан агломерациялық әсер, өндіріс факторларынан қайтарымдылықты ұлғайту жиынтығында осы қалаларда елдің қалған өңірлері үшін жаңа мүмкіндіктердің мультипликациясымен экономиканың баса оза өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бизнестің, мемлекеттің салалық және аумақтық органдарының іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік беретін тұрақты түрде өзектендірілетін құрал өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы елдің өндірістік әлеуетін оңтайлы орналастырудың құралына айналады. 

Бұл ретте Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын, сондай-ақ басқа да қала құрылысы құжаттарын (аумақтық дамудың өңіраралық схемалары, аумақтың қала құрылысын жоспарлайтын кешенді схемалар, елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) әзірлеу үшін негіз болып табылатын Қазақстанды аумақтық-кеңістіктік дамытудың болжамды схемасының құрамдас бөлігіне айналады.

3.1 Экономиканың басым секторлары бөлінісінде өндірістік әлеуетті аумақтық ұйымдастыру

1.«Дәстүрлі индустрия» (мұнай-газ, тау-кен металлургия, химия, атом)

Қазақстан экономикасының экспортқа бағдарланған дәстүрлі салаларының жаңа өндірісін орналастыру үшін шикізат, энергия және көлік инфрақұрылымы көздеріне жақындығы айқындаушы фактор болып қала береді.

Мұнай-газ саласының негізгі кәсіпорындары минералдық-шикізат базасының және мұнай мен газ өндірудің орналасу аудандары болып табылатын  батыс облыстарда және Қызылорда облысында орналасқан. Жаңа өндірістерді перспективалы орналастыру Каспий теңізінің қазақстандық секторының кен орындарын игерумен байланысты болады. 

Көмірсутек шикізатын (Ақтау қаласында битум, Атырау облысында кіріктірілген газ-химия кешені базасында полиэтилен және полипропилен өндіру) тереңдете өңдеуге байланысты жаңа өндірістерді орналастыру шикізат көздеріне, ал үш МӨЗ-ді (Атырау, Павлодар, Шымкент) қайта жаңарту – қазіргі инфрақұрылымға және тұтыну нарықтарына бағдарланатын болады. 

Кен металлургиясы кешенінің кәсіпорындары алдағы уақытта да негізінен елдің Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Өскемен, Жезқазған қалаларындағы салалық  мамандандырылған орталықтары бар солтүстік-шығыс, орталық және солтүстік-батыс бөліктерінде шикізат және арзан электр энергиясы көздеріне, қолда бар өндірістік қуаттарға, инфрақұрылымға және білікті еңбек ресурстарына жақын орналастырылатын болады.

Металлургиядағы және металл өңдеудегі неғұрлым жоғары бөліністі өндірістің жаңаларын орналастыру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту мыналарға байланысты болады: 

бастапқы бөліністі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға – болат (Қарағанды облысы), титан құймаларын (Шығыс Қазақстан облысы), феррохром (Ақтөбе облысы) өндіру, рельстер мен прокат (Павлодар облысы), ферросиликомарганец (Жамбыл облысы) өндіру, арнайы болат (Қарағанды және Қостанай облыстары) өндіру; 

арзан электр энергиясы көздеріне – алюминий (Павлодар облысы), катодты мыс (Шығыс Қазақстан облысы) өндіру.

Шикізат көздеріне байланыстыра отырып, бастапқы бөліністі химия өнеркәсібі кәсіпорындарын орналастыру (Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстары – азот, фосфор, калий, кешендік минералды тыңайтқыштар), неғұрлым жоғары бөліністер қазіргі өндірістік қуаттарға, қажетті біліктілігі бар еңбек ресурстарына, ғылыми-техникалық базаға және тұрғындар, өнеркәсіп кәсіпорындары (арнайы химикаттар мен тұтыну химиясы – Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы; каустикалық сода – Павлодар қаласы, күкірт қышқылын өндіру – Ақмола, Қызылорда және Жамбыл облыстары) тарапынан сұранысқа байланысты, резеңке-техникалық бұйымдар өндіру – Қарағанды облысы. 

Салалық мамандану орталықтары: Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Алматы.

Атом өнеркәсібі кәсіпорындарын орналастыруға бұрынғыдай шикізат көздерінің, өндірістік-техникалық және ғылыми базаның болуы, сондай-ақ саланың тарихи қалыптасқан аумақтық оқшаулануы сияқты факторлар әсер ететін болады.

Атом салысының ерекшелігін ескере отырып, оны дамыту уран шикізатын өңдеудің дәстүрлі өңірлерінде – Оңтүстік Қазақстанда, Ақмола облысында, өңдеу – Ақмола (Степногор тау-кен химия комбинаты) және Шығыс Қазақстан (Үлбі металлургия зауыты) облыстарында жалғасады.

Салалық мамандану орталықтары: Өскемен, Степногор.

Жалпы, экономиканың шикізат секторларының босатылатын артық еңбек ресурстары өндірістің қарқын алуына байланысты шикізатты тереңдете өңдеуге бағдарланған, жоғары технологиялы жаңа кәсіпорындарға қайта бөлінетін болады.

2. Ішкі сұраныс базасындағы салалар(машина жасау, фармацевтика, қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс индустриясы)

Ішкі сұранысқа негізделетін салаларды дамыту үшін сұраныстың, тұрып қалған, бірақ жүргізілген инженерлік-көлік инфрақұрылымы бар қалалардың өнеркәсіп аймақтарын қалпына келтіруді қажетсінетіндерді қоса алғанда, өндірістік-инфрақұрылымдық және технологиялық базасының болуы, өнімді, құрамдауыштарды және жабдықтарды жеткізуде көлік шығындарының төмен болуы басым фактор болады.

Салалардың осы тобының жаңа өндірістерін орналастыру дәстүрлі секторлардың кәсіпорындарымен қатар Алматы, Астана қалаларында да жүргізілетін болады.

Машина жасаудың жаңа кәсіпорындары бейініне сәйкес орналастырылатын болады:

ауыл шаруашылығы машинасын жасау – ауыл шаруашылығы қызметі қомақты өңірлерде – солтүстік және шығыс өңірлер (Қостанай қаласында ауыл шаруашылығы техникасын жасау жобасы, Семей қаласында «Беларусь» маркалы тракторлар жасау);

мұнай-газ машинасын жасау – мұнай-газ өндіру және қайта өңдеу кәсіпорындарының мамандандырылған жабдықтарға, шығыс материалдарына және олардың құрамдауыштарына сұранысына бағдарлана отырып, қарқынды дамып келе жатқан мұнай-газ өндіруді технологиялық қамтамасыз ету мақсатында батыс өңірде (Атырау және Орал қалаларында мұнай-газ машинасын жасау жобалары) және қазіргі өндірістік қуаттар – Алматы қаласында, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында;

тау-кен машинасын жасау – тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындарының сұранысына бағдарлана отырып, орталық және шығыс өңірлерде (Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы жобалар);

электр-техникалық машина жасау – қолда бар өндірістік базаға бағдарлана отырып, оңтүстік және орталық өңірлерде (Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарындағы жобалар);

көліктік машина жасау – білікті еңбек ресурстарының, аралас саладағы құрамдауыштар мен қосалқы бөлшектер өндірісінің болуына бағдарлана отырып, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде (Қостанай қаласында жол-құрылыс техникасын және автобустар жасау, Астана қаласында локомотив құрастыру зауыты, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында жеңіл автомобильдер, Ақмола облысы  Атбасар қаласында электровоздар, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында және Павлодар облысы Екібастұз қаласында жүк вагондарын жасау);

қорғаныстық машина жасау мемлекеттік тапсырыс тетігі арқылы машина жасау кәсіпорындарының қазіргі қуаттарына негізделетін болады.

Салалық мамандану орталықтары: Астана, Алматы, Қостанай, Семей, Орал, Өскемен, Петропавл.

Фармацевтика өнеркәсібі кәсіпорындары бұрын құрылған ғылыми-өндірістік (Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласы) базаға, сондай-ақ білім беру инфрақұрылымының, біліктілігі жоғары еңбек ресурстарының (Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Алматы мен Астана қалалары) болуына байланысты орналастырылатын болады. Олардың ішіндегі ең ірісі – «Астана қаласында фармацевтикалық фабрика салу».

Салалық мамандану орталықтары: Алматы, Шымкент, Астана, Қарағанды.

Құрылыс материалдары өнеркәсібінің жаңа өндірістерін орналастыру жергілікті шикізат көздеріне, өткізудің жергілікті нарықтарының болуына, құрылған өндірістік-технологиялық базаға байланысты болады.

Цемент зауыттарын салу және жаңғырту, сондай-ақ керамика, шыны, гипс блоктарын, жеңілдетілген құрылыс панельдерін, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру шикізат базасы мен өткізу нарықтарына (Ақмола, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары) бағдарланатын болады.

Индустриялық құрылыс комбинаттары өткізу нарықтарына (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары) бағдарланатын болады.

Салалық мамандану орталықтары: Алматы, Астана, Шымкент, Өскемен, Атырау.

3. Экспорттық әлеуеті бар салалар (АӨК, жеңіл өнеркәсіп, туризм)

Аграрлық индустрия елдің орталығында, солтүстігінде, оңтүстігі мен шығысында дамитын болады.

Агроөнеркәсіп кешені мен балық шаруашылығының өңдеу кәсіпорындарын орналастыру шикізат көздеріне де, ірі қалалардың өткізу нарықтарына да бағдарланатын болады.

Астана мен Алматы қалаларының айналасында азық-түлік белдеулерін қалыптастыру басымдыққа ие болады.

Агроөнеркәсіп кешенінің астық пен етті тереңдете өңдеуге бағытталған негізгі өндірістері негізінен солтүстік өңірлерде орналастырылатын болады.

Салалық мамандану орталықтары: Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Алматы, Қызылорда, Атырау.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары құрылған өндірістік-технологиялық базаға, шикізат және еңбек ресурстарының болуына, сондай-ақ ұсынылатын және перспективалы ішкі және әлемдік сұранысқа байланысты Алматы, Шымкент, Семей қалаларында орналастырылатын болады.

Салалық мамандану орталықтары: Шымкент, Талдықорған, Семей.  

Туристік қызмет негізгі рекреациялық аймақтардың, республиканың көліктік-коммуникациялық инфрақұрылымы дамыған мәдени-тарихи және іскерлік орталықтарының маңында қалыптастырылатын болады.

4. «Болашақ экономикасының секторлары» (ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, биотехнология, балама энергетика, ғарыш қызметі)

«Болашақ экономикасының секторларының» ғылымды қажетсінетін өндірістерін орналастыру және инновациялық жүйелердің орталықтарын қалыптастыру білім беру-инновациялық және бизнес-технологиялық әлеуеті,  біліктілігі жоғары мамандары мен мамандандырылған қызметті жеткізушілері бар Астана және Алматы қалаларында жүргізілетін болады.

Ақпараттық технологиялар саласында ішкі және сыртқы нарықтарға бағдарланған, шетелдік жетекші компаниялардың процессингтік орталықтарының әлеуетін ықпалдастыратын өндірістерді дамыту үшін «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» АЭА база болады. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені Астана қаласында орналастырылатын болады.

Биотехнологиялар саласындағы инновация Астана мен Алматы қалаларында бұрын құрылған ғылыми енгізу базасы және медициналық кластер негізінде, баламалы энергия көздері және жаңа материалдар саласындағы инновация – Астана қаласындағы Nazarbayev university, Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университеті және Қ.И. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ негізінде дамитын болады. 

Инфрақұрылым объектілерін орналастыру

Энергия өндіретін кәсіпорындарды орналастыру және магистральдық электр желілерін салу электр энергиясына деген перспективалы сұраныспен және  индустрияландырудың қажетіліктері, сондай-ақ шикізат көздеріне жақындығы ескеріле отырып әзірленген электр энергиясының 2020 жылға дейінгі болжамды теңгерімімен айқындалатын болады.

Батыс Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесін жою үшін Орал ГЖЭС-ін іске қосу және Атырау ЖЭО-ны кеңейту, елдің оңтүстік өңірлерінде – 2011 жылы Мойнақ ГЭС-ін, Ақшабұлақ ГЖЭС-ін, 2013 жылға Балқаш ЖЭС-інің екі энергия блогын тұрғызу және осы объектілердің қуаттарын Алма 500 кВ төмендету станциясы арқылы беру ұйғарылып отыр.

Солтүстік энергетикалық аймағында қосымша қажеттілік пен Екібастұз бассейнінде арзан көмірдің бар екенін ескере отырып, Екібастұз және Ақсу ГРЭС-і жаңғыртылатын болады, ал электр энергиясының артық көлемі энергия тапшылығы бар Оңтүстік және Шығыс энергетикалық аймақтарына қайта бөлінетін болады.

Көлік-коммуникация инфрақұрылымын қалыптастыру және орналастыру сыртқы нарықтарға шығаруды және ішкі нарықпен байланыстыруды қамтамасыз ету міндеттерін шешуге бағытталатын болады.

Бұл ретте, оның тапшылығы байқалып отырған елдің батысы мен оңтүстігінде дамыған көліктік-коммуникация инфрақұрылымын қалыптастыру стратегиялық маңызды болады. 

Осылайша, көлік және энергетика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру кеңістікті дамуға неғұрлым серпінді сипат береді және энергиямен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді төмендетеді.

3.2 Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру

Әлемдік тәжірибеге сәйкес сараланған ірі қалалар агломерация әсері негізінде мультипликативтік ауқымда бәсекелі артықшылықтарды реттей отырып, экономикалық өсу орталықтарына айналады.

Қазақстанда негізгі сауда-саттық жолдарында орналасқан Астана және Алматы қалалары осындай әлеуетке ие. Олар сауда, қаржы, технология және мәдени алмасулардың еуразиялық жүйесіндегі аса маңызды орталықтарға айналуы тиіс.  

Осы мақсаттарда Астана және Алматы қалалары мен оларға іргелес Алматы, Ақмола облыстарының аумағында мынадай жартылай функционалдық аймақтар қалыптастыру ынталандырылатын болады:

технологиялар трансфертіне бағдарланған жоғары технологиялы өндірістер, озық шетелдік компаниялардың процессингтік орталықтары (БК, филиалдар);

инновациялық даму (Алматы қаласындағы «Алатау» АТП, Астана қаласындағы Nazarbayev university);

жалпыұлттық және перспективада орталықазиялық дистрибуция (сауда және қызметтер);

перспективада Орталық Азиядағы аса ірі сауда-логистикалық орталықтар (Сингапур, Гонконг үлгісінде), авиатранзит орталықтарын («хабтар») қалыптастыра отырып, көліктік-логистика және логистика-процессингтік қызметтер;

туристік-рекреациялық мамандану – Алматы және Ақмола облысының аумақтарына іргелес рекреациялық ресурстардың ірі шоғырларының, сондай-ақ ойын-сауық индустриясының негізінде (мысалы, Қапшағай қаласында, Щучинск – Бурабай аймағында ойын бизнесі орталықтарын құру);

спорттық мамандану (Алматы қаласын қысқы спорт түрлерінің халықаралық орталығына айналдыру);

медициналық және білім беруде мамандану (Алматы және Астана қалаларында ұлттық, кейіннен өңірлік деңгейдегі орталықтар қалыптастыру);

бизнесті ұйымдастыру және жүргізу (Алматы және Астана қалаларына халықаралық ұйымдардың өкілдіктері мен кеңселерін, аса ірі трансұлттық компаниялардың филиалдарын көшіруді ынталандыру);

азық-түліктік мамандану (мегаполистердің азық-түлік белдеуі).

Перспективада Алматы агломерациясы өсу орталығы ретінде өзіне Қапшағай бағытындағы серіктес қалаларды қамтитын болады.

Астана қаласын өсу полюсі ретінде дамыту даму дәліздерін қалыптастыру және перспективада кейіннен оған Қарағанды агломерацияларының қалаларын және Щучинск – Бурабай курорттық аймағының тарту негізінде өсудің желілік аймақтарын қалыптастыруға айналуы тиіс.

Негізінен сервистік функциялардың шоғырланыумен қамтамасыз етілген Астана және Алматы қалаларын жеделдете дамыту ішкі сұранысқа бағдарланған секторлар үшін мультипликативтік әсер етеді.

Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру мақсатында Астана және Алматы қалаларын дамытуды қолдау экономикалық белсенділікті және инвестициялық тартымдылықты ынталандырудың түрлі тетіктері арқылы, оның ішінде қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттік инвестициялар тарту есебінен жүзеге асырылатын болады.

4. Экономиканың басым  секторларын дамытуда мемлекет пен бизнестің өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету

Бағдарламаны іске асыру шеңберінде мемлекеттің рөлі экономиканың басым  секторларын қолдау институттарының, құралдарының, тетіктерінің және бизнеспен тиімді өзара іс-қимыл жасаудың жүйесін қалыптастыру болып табылады.

Бағдарламаның республикалық деңгейде іске асырылуын үйлестіруді Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясы (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) және Премьер-Министр басшылық ететін Республикалық үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі басқару орталығы – жалпы үйлестіруді; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі (бұдан әрі – ШИК) – шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимыл жасауды; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кәсіпкерлер  кеңесі – отандық инвесторлармен өзара іс-қимыл жасауды; Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Үдемелі индустриялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) және оның жанынан құрылған экономиканың басым салаларын дамыту жөніндегі салалық жұмыс топтары (бұдан әрі – салалық жұмыс топтары) – индустриялық саясатты тікелей іске асыру мәселелерін, Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жанындағы экспорттаушылар кеңесі (бұдан әрі – Экспорттаушылар кеңесі) – отандық экспорттаушылармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыратын болады.

Бағдарламаның іске асырылуын өңірлік деңгейде үйлестіруді тиісті өңірлердің әкімдері басшылық ететін өңірлік Үйлестіру кеңестері және Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік басқару орталықтары жүзеге  асыратын болады.

Бизнестің мүддесін республикалық деңгейде де және өңірлік деңгейде де ескеруді бизнес-ұйымдардың, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдіктері және аталған консультативтік-кеңесші органдардың құрамындағы тәуелсіз сарапшылар жүзеге асыратын болады.

Индустрия және жаңа технологиялар, Экономикалық даму және сауда министрліктері орталық және жергілікті атқарушы органдардың Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар болады.

Бағдарламаны іске асыру үшін басым салаларды (кіші салалар, сегменттер) қолдаудың секторлық жүйелі және селекторлық шаралары  нақтыланатын салалық бағдарламалар мен мастер-жоспарлар, ал аумақтарды дамыту бағдарламасын  (бұдан әрі – өңірлік бағдарламалар) әзірлеу шеңберінде – өңірлік қолдау шаралары әзірленетін болады.

Салалық және өңірлік бағдарламаларды іске асыруды көздейтін нақты жобаларды қолдау тұрақты жаңартылып отыратын индустрияландыру картасын іске асыру шеңберінде қаржылық және қаржылық емес қолдаудыңселективті шараларының біріктірілген пакетін ұсыну арқылы жүзеге асырылатын болады.

Қазақстанды индустрияландырудың 2010 – 2014 жылдарға арналған жиынтық картасы белгіленген қаржыландыру көздерімен, кестелерімен және оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларымен индустрияландырудың республикалық және өңірлік карталарынан тұратын болады.

Инфрақұрылымдық қолдау шаралары жобалардың инфрақұрылымдық және ресурстық қамтамасыз етілуін, минералдық-шикізат және еңбек ресурстарын, өткізу нарықтарын ұтымды бөлу мәселелерін шешудің тұрақты түрде өзектілендірілетін құралы болып табылатын Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастырудың схемасы арқылы іске асырылатын болады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, өңірлік деңгейде – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, сондай-ақ мамандандырылған сервистік ұйымдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің Бағдарламаны іске асыру жөніндегі операторлары болады.

4.1 Бағдарламаны республикалық деңгейде іске асырудың схемасы мен құралдары

4.1.1 Жүйе құраушы ірі жеке компаниялардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Бағдарламаны іске асырудағы рөлі

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, экономиканың отын-энергетика және металлургия салаларындағы ірі жүйе құраушы компаниялар, сондай-ақ стратегиялық шетелдік инвесторлар ірі жобалардыілгерілетудің бастамашылары болады, шағын және орта кәсіпкерлік үшін жаңа бизнес мүмкіндіктерді мультипликациялаудағы олардың рөлі күшейеді.

Бағдарлама шеңберінде ірі жүйе құраушы жеке меншік компаниялар және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ мыналарды көздейді:

жекелеген салалық саясаттарды іске асыру жөніндегі «операторлар» рөлін Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның орындауы;

ірі инвестициялық жобаларды іске асыру;

тауарларды және қызметтерді мемлекеттік сатып алуда қазақстандық қамтуды ұлғайту;

қазақстандық қамтуды дамыту шеңберінде шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларына қатысу;

шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жоғары бөліністі өндірістерді ұйымдастыруы мақсатында өнімдердің бір бөлігін ішкі нарыққа жеткізу;

жағадан құрылып жатқан ірі өндірістер төңірегінде шағын және орта бизнестің кластерлік-желілік құрылымдарын қалыптастыру;

шағын және орта бизнеске негізгі емес бизнес-функциялардың бір бөлігін беру;

бейінді емес активтерді шығару жөніндегі саясатты ынталандыру.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының рөліне сәйкес индустрияландыру саясатын іске асыруда оның активтері өздерінің салалық тиістілігі мен функционалдық сипаттамаларына сәйкес қайта топтастырылады және шоғырландырылатын болады:

Өнеркәсіптік топ:

Қазақстан экономикасының кен өндірісі секторын қолдау әрі дамыту және өңдеуді дамыту мен өңдеуші ілеспе секторды ынталандыра отырып, шикізаттық өндірістердің жоғары бөлініске өтуі.

Инфрақұрылымдық топ:

Индустрияландыру процесін қамтамасыз ететін стратегиялық көлік, коммуникация және энергетика инфрақұрылымын дамыту.

Қаржы тобы:

Экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және іске асыруды қамтамасыз ету. Экономикаға ішкі көздерден және шетелдік инвестициялардан жеке меншік инвестицияларды тартуға жәрдемдесу.

 «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қаржыландыру жеңілдіктерін ұсынуы, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және оның еншілес ұйымдарының жобаларға үлестік қатысуы ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың негізгі құралы болып табылады.

«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның рөлі қаржылық және қаржылық емес қолдау құралдарын кеңейту жолымен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға сайып келеді.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ үшін экономикаға инвестиция тарту жөніндегі нысаналы көрсеткіштер айқындалады.

Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың инвестициялық саясаты, олардың қаржы ресурстарын тартуы және бөлуі индустрияландыру саясатымен үйлестірілетін болады.

Осы мақсатта тиісті кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджет өлшемдерін ескере отырып, ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтердің және мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларының жобалары мен бюджеттерінің болжамды өлшемдерін Республикалық бюджет комиссиясының қарауы және мақұлдауы көзделіп отыр.

Бұл ретте квазимемлекеттік секторда тәуекелдердің шоғырлануын және борыш жүктемелерінен «қызып кетуін», оның ішінде олардың қарыз алу деңгейлерін шектеу жолымен болдырмау үшін ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар берешектерінің ашық есептілігі енгізіледі.

Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуында қазақстандық қамтудың өтінім берілген көрсеткіштерінің сақталуын бақылаудың  тиімділігін жақсарту, сондай-ақ осы көрсеткіштерді жоғарылатуды ынталандыру үшін ай сайынғы негізде сатып алудағы қазақстандық қамту үлесінің есептерін тексеру жүзеге асырылады.

Мұндай тексерістердің негізінде ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың жыл қорытындысы бойынша сатып алудағы қазақстандық қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуі жөніндегі тиімділіктің маңызды көрсеткіштері  (KPI) шығарылады.

Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың іс-қимылы мыналарға шоғырландырылады:

бизнес-белсендікті ықпалдастыру, кооперацияны қолдау және экспортты ілгерілету;

технологиялар трансферті, инновацияларды қолдау, консалтинг, инжиниринг, кадрларды оқыту және біліктілігін арттыру жөніндегі қызметтерді қоса алғанда, кәсіпорындарды сервистік қолдау.

Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді инфрақұрылымының қайталануын және қалыптасуын болдырмау мақсатында бизнестің қажеттілігіне назар аудара отырып, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның, «Инжиниринг және технологиялар трансферті» АҚ-ның, «Экспортты дамыту және қолдау корпорациясы» АҚ-ның, «ДАМУ КДҚ» АҚ-ның, «Экспорттық кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ-ның, «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның, «Қазақстан келісім – шарт корпорациясы» АҚ-ның, «Қазагромаркетинг» АҚ-ның, «Қазагроинновация» АҚ-ның, «Қазагроинновация» АҚ жанындағы «Технологиялар трансферті және коммерцияландыру орталығы» АҚ-ның мамандандырылған сервистік ұйымдарының қызметтері құрылымданатын болады.

4.1.2 Бағдарламаны республикалық деңгейде іске асыру тетіктері

Секторлық қолдау шаралары: салалық бағдарламалар және мастер-жоспарлар

Бағдарламаны іске асыру және Бағдарламаға барлық қатысушылардың іс-әрекетін үйлестіру мақсатында салаларды дамытуды ғылыми-технологиялық сүйемелдеу, білікті еңбек ресурстарын даярлау және осы саладағы нақты жобаларды қолдау жөніндегі шаралар айқындалатын басқа мәселелерді қоса алғанда, салаларды негізгі дамытуды, мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын айқындайтын 13 салалық бағдарлама әзірленетін болады.

Салалық бағдарламалар Мемлекеттік комиссияның отырыстарында талқыланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен бекітілетін болады.

46 басым кіші саланың арасынан неғұрлым мұқият талдауды қажет ететін 23-і бойынша институционалдық, инфрақұрылымдық және инвестициялық  аспектілер бойынша іске асырудың нақты тетіктері көзделетін, осы кіші салалар және осы кіші саладағы нақты жобалар бойынша қолдау шаралары нақтыланатын мастер-жоспарлар әзірленетін болады.

Жобалық қолдау шаралары:

Жұмыс істеп тұрған өндірістерді үдемелі жаңғырту және жаңаларын құру бағдарламасы – «Өнімділік – 2020»

Бағдарламаның мақсаты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және инвестицияларды ынталандыру болып табылады.

Бағдарламаны іске асыру құралдары:

негізгі қорларды сатып алу үшін лизинг пен кредит бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау;

инновациялық гранттар;

конструкторлық бюролардың өндіріске жаңа өнімдерді енгізуі;

өндірістік үдерістерді оңтайландыруды қамтамасыз ететін басқару технологияларын енгізу.

Экономиканың басым секторларында жұмыс істейтін және өз қаражатымен қатысатын, қызметі:

өнімділікті ұлғайтуға;

экспортқа бағдарлануға;

негізгі капиталға инвестициялардың өсіміне;

кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін өсіруге бағытталған кәсіпорындар  Бағдарламаның қатысушылары бола алады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғалар Бағдарлама операторлары бола алады.

Субсидиялау жаңа және бұрын алынған кредиттер (лизингтік қаржыландыру) бойынша жүзеге асырылатын болады.

Жобаға өтінім берушінің өзінің қатысуы жалпы инвестиция көлемінің кемінде 20 %-ын құрауы тиіс.

Кредиттер бойынша сыйақының тиімді ставкасы ЭБЖМ жылына 2 рет айқындайтын сыйақының шекті нарықтық ставкасынан  жоғары болмайды.

Еңбек өнімділігінің артуына байланысты кредиттер бойынша пайыздық ставканы субсидиялаудың прогрессивті шәкілі көзделіп отыр.

Іске асыру тетігі

Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі  бағдарламаның әкімшісі болып табылады.

Кредиттер бойынша проценттік ставканы субсидиялауды қаржылық сүйемелдеуді, субсидиялауды алу үшін қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруды және қаражатты мақсатты тиімді әрі уақтылы пайдалану мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қаржы агенттері жүргізеді.

Агенттік қызметтердің құны бюджеттен өтеледі.

Сыйақы ставкаларын субсидиялау тетігін, тәртібі мен шарттарын Үкімет айқындайды.

Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Операторлар және қаржы агенттері арасында Субсидиялау туралы келісім жасалады.

Инновациялық гранттарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпте экономикада қолданылатын технологиялық және өзге де процестердің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру үшін  инноватор, нақты  алғанда кәсіпорын, өнертапқыш, ұтымды етуші, ғалым және ғылыми ұйымдар, технологиялық даму саласындағы мамандандырылған ұйым беретін болады.

Конструкторлық бюро қызметтері техникалық және конструкторлық құжаттамаларды сатып алуға, кәсіпорындарға технологияларды бейімдеуге және енгізуге, олардың нарықта қажет болатын жаңа бұйымдар өндірісін игеруге  негізделетін болады.

Өндірістік үдерістерді оңтайландыруды қамтамасыз ететін басқару технологияларын енгізуді жобаға өтінім беруші тарапынан кемінде 50 % қаржыландыру шартымен және конкурстық негізде Қазақстан Республикасының Үкіметі  белгілеген заңды тұлғалар жүзеге асырады.

Оператор компаниялардың қызметтері бюджеттен өтелетін болады.

Экспортты дамыту және жылжыту бағдарламасы – «Экспорт 2020»

Бұл бағдарлама отандық компанияларды сыртқы нарықтарға жылжытуға бағытталатын болады, оны іске асырудың негізгі бағыттары: экспорттаушыларға гранттар; саудалық қаржыландыру және сақтандыру; экспорты сервистік қолдау.

Саудалық қаржыландыру және экспорттық сауда операцияларын  сақтандыру, сондай-ақ экономиканың шикізат емес секторының шағын және орта кәсіпкерлігінің бірқатар ілеспе қызметтері құрылған экспорттық-кредит агенттігі арқылы жүзеге асырылады.

Экспортты сервистік қолдау мыналарға сай келеді:

ақпараттық, сарапшылық қызметтер көрсету;

өндірушілерге экспорттық нарықтар бойынша маркетингтік-талдамалық  ақпарат беру;

экспорттаушыларға көмек ретінде нұсқаушылық материалдар жариялау;

нақты өнімдердің тауар белгілерін ілгерілету;

шет елдерде Қазақстанның сауда миссияларын ұйымдастыру;

Оператордың шетелдік өкілдіктері желісін құру.

Экспортаушыларға гранттар:

сыртқы нарықта нақты өнімді (қызметті) жылжытуды (брендинг) және айналдыруды;

тауар белгілерін шет елдерде тіркеу мен сертификаттауды;

экспортты басқару саласындағы кәсіпорындардың қызметкерлерін оқытуды;

қызметтің алғашқы үш жылы ішіндегі шет елдегі өкілдікті/өкілді/шоу-бөлмені/кеңсені;

саланың экспорттық өнімдерінің, нарық, өңір сегменттерінің каталогтарын;

франшиза тартуды;

экспорттаушы веб-сайтын ағылшын тілінде құруды және іске қосуды;

өнімнің (қызметтің) нақты түрімен нақты нарыққа кіру жөніндегі маркетингтік зерттеулерді қоса алғанда, өздерінің өнімдерін экспортқа жылжытуға байланысты іс-шаралар бойынша экспорттаушыларға шығындарының 50 %-ын қайтаруды көздейді.

Экспортты сервистік қолдау және экспорттаушыларға гранттар беру Үкімет айқындаған сервистік институт арқылы экономиканың басым шикізат емес секторларының әлеуетті және қазіргі экспорттаушыларына көрсетілетін болады.

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бағдарламаның әкімшісі болады.

Үкімет айқындайтын заңды тұлғалар Бағдарламаның операторы болып табылады.

Бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асыру.

Жергілікті атқарушы органдар бағдарламаның өңірлік деңгейдегі әкімшісі болады, олар осы бағдарламаны іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттерде  тиісті қаражат көздейді.

Экспорттаушыларды сервистік қолдау жөніндегі іс-шаралар Үкімет айқындаған сервистік институтпен өзара іс-қимыл жасау және үйлестіру кезінде жүзеге асырылады.

Саудалық қаржыландыру және сақтандыру, экспортқа сервистік қолдау көрсету және экспорттаушыларға гранттар беру жөніндегі базалық шарттарды, қаражат бөлу тетіктерін, экспорттың өсуі және шикізат емес секторлардағы өнімділік жөніндегі нысаналы көрсеткіштерді Үкімет айқындайды. 

«Инвестор – 2020» тікелей шетелдік инвестицияларды қолдау және ынталандыру бағдарламасы

Бұл бағдарлама:

инвестициялық келісімдер;

инвестицияларды сервистік қолдау;

арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру құралдарын қолдана отырып,  экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялы шикізат емес өндірістерге тікелей инвестициялар үшін тартымды жағдай жасауға бағытталатын болады.

Бағдарламаның басым секторлары шеңберінде инвестициялауды жүзеге асыратын инвесторлармен инвестициялық келісімдер мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жетекшілік ететін Шетелдік инвестициялар жөніндегі комиссияның ұсыныстары бойынша Үкімет шешімдерінің негізінде жасалады.

  Шетелдік инвесторлар мен қазақстандық бизнес өкілдеріне сервистік қызметтер көрсету мынадай құралдарды қолдана отырып, Үкімет айқындайтын мамандандырылған сервистік ұйымдар арқылы жүзеге асырылады:

  Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілету бойынша ақпараттық-таныстыру іс-шаралары (бизнес-форумдар, роуд-шоу, баспа өнімдері, халықаралық БАҚ-тардағы ақпараттық хабарлар);

ақпараттық-талдамалық іс-шаралар (есепке қою функциясы, дерекқор, зерттеулер);

шетелдік инвесторларды сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар;

ұлттық инвестициялық веб-сайтты және Елдің инвестициялық атласын әзірлеу және сүйемелдеу.

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мыналар арқылы жүзеге асырылады:

-  салық жеңілдіктері;

-  шетелдік жұмыс күшін әкелудің жеңілдетілген тетігі;

-  «жалғыз терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету;

-  АЭА аумағындағы еркін кеден аймағының режимі.

АЭА және ИА үшін жобаларды іріктеу бағдарламаның басымдықтарын, жоғары бөліністі өнімдерді шығару, экспортқа бағдарлану, еңбек өнімділігінің жоғары деңгейі, сондай-ақ құрылатын жұмыс орындарының санын ескере отырып жүзеге асырылады.

Бағдарлама әкімшісі – Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі.

Бағдарлама операторы Қазақстан Республикасының  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті болып табылады.

Экономиканың басым секторларына инвестицияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары Бағдарламаға қатысушылар бола алады.

Республикалық индустрияландыру картасы

Республикалық индустрияландыру картасы салалық бағдарламалар мен мастер-жоспарларда көзделген инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы болып табылады.

Қазақстанды индустрияландырудың республикалық картасына жобаларды іріктеу процесі итерациялық болып табылады, яғни, Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар тізбесі өтінімдердің түсуіне және тиісінше олардың мақұлдануына қарай тоқсан сайын жаңа жобалармен толықтырылуы мүмкін.

Республикалық маңызы бар жобаларды іріктеу мынадай сипатта жүзеге асырылатын болады:

1. Инвестициялық жобаларға өтінім берушілердің Салалық жұмыс топтарына өтінім беруі.

 2. Жұмыс топтарының салалық талдау және мынадай өлшемдерге сәйкес бастапқы іріктеу жүргізуі:

1) жобаның стратегиялық мәні;

2) салалық тиістілігі – жобаның Бағдарламаның басым бағыттарына сәйкестігі;

4) инновациялылығы, яғни бұл жоғары технологиялы өндірістерді қалыптастыруды көздейтін жобалар;

5) экспортқа бағдарлануы – бұл өнімдерді әртараптандыру және технологиялық тізбекті жалғастыра отырып,  дәстүрлі экспорттық секторларды дамыту;

6) экономикалық көрсеткіштері: қосылған құнның, еңбек өнімділігінің, қаржы-экономикалық көрсеткіштерінің (IRR, EBITDA) деңгейі орташа салалық әлемдік көрсеткіштерден жоғары болуы тиіс.

3. Проблемалы мәселелерді жинау және талап етілетін қолдау шараларын айқындау:

1) мемлекеттік қолдау (сауда, инвестициялық преференциялар, мемлекеттік кепілдіктер мен кепілдемелер беру, даму институттарының кепілдіктері);

2) ресурстық қолдау (еңбек ресурстарымен, электрмен, минералдық шикізатпен, көліктік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету);

3) қаржылық қолдау (даму институттарының, екінші деңгейдегі банктердің, республикалық бюджеттің қаражаты, ұлттық компаниялардың қатысуы, ставкаларды субсидиялау).

4. Үйлестіру кеңесінің отырысында  дайындық дәрежесі бойынша үш топқа бөле отырып мақұлдау:

бірінші топқа іске асырылуында проблемалары жоқ жобалар жатқызылатын болады (ЖСҚ бар, қаржыландыру, инфрақұрылым және өткізу мәселелері шешілген);

екінші топқа кейінге қалдырылған шарттары бар жобалар жатқызылады – ЖСҚ (ТЭН) бар жеке проблемалар, өткізу мәселелері пысықталған, қаржыландыру мәселелері пысықталуда;

үшінші топ – әзірлеу сатысындағы жобалар (ЖСҚ/ТЭН әзірлеу сатысында, жобаны іске асырудың түйінді мәселелері шешілмеген).

5. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында жобаны мақұлдау.

6. Базалық Индустрияландыру картасын тиісті санатқа енгізу және жобаларды  іске асырудың кестесі мен іс-шаралар жоспарын бекіту.

Жобаларды іске асыру кестесі  жобаны іске асыру кезеңдерін сипаттауға арналған және  жауапты орындаушыларды, іске асыру мерзімдерін және  қажетті ресурстарды көрсетуді көздейтін болады.

Жобаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жауапты орындаушыларды, іске асыру мерзімдерін және болжамды шығындарды қамтитын, бизнестің жобалары мен міндеттемелері бойынша мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруға бағытталады.

Республикалық индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды  іске асыру барысында туындайтын проблемалы мәселелерді шешу мақсатында тиісінше Премьер-Министр және өңірлер әкімдері басқаратын үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі республикалық және өңірлік басқару орталықтары құралатын болады.

Бағдарламаны іске асырудың осы құралдарын пайдалану мемлекеттің жобаларға қолдау көрсетуі және бизнес-қоғамдастықтардың өздері қабылдаған міндеттемелерді орындауы арқылы жобаларды іске асыру жөніндегі мемлекет пен бизнестің  өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді.

Шағын және орта бизнес мемлекет пен ірі инвесторлардың экономиканың секторларын және инфрақұрылымды ұзақ мерзімді дамыту жөніндегі ниеті туралы ақпарат негізінде төлемге қабілетті сұранысты бағалап, инвестицияларды жоспарлай алады.

Маңызы бар жобалардың мониторингін Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесі базасында  Үйлестіру кеңесімен бірлесіп, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ай сайынғы негізде жүзеге асыратын болады. 

Ақпараттық жүйе қазіргі заманғы IT-технологияларды пайдалана отырып, ақпарат жинау, өңдеу және олар бойынша шешімдерді келісудің интерактивті үдерісін қамтамасыз етеді.

4.2 Бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асыру схемасы мен құралдары

4.2.1 Даму институттарының, ұлттық компаниялардың бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асырудағы рөлі

Бизнестің, даму институттарының ұлттық компаниялар мен қаржылық құрылымдардың қызметін ықпалдастыратын өңірлер әкімдіктері жергілікті деңгейде индустрияландыру саласындағы шағын және орта бизнестің бастамаларын ілгерілетуге жауапты болады.   

Өңірдің әкімі:

үдемелі индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі ұсынымдарды, өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілетін  бизнес жобаларын мемлекеттік қолдау шараларын іріктеу және айқындау бойынша ұсыныстарды әзірлеу мақсатында құрылған және мемлекеттік органдар, даму институттарының, ұлттық компаниялардың, кәсіпкерлік құрылымдардың, екінші деңгейдегі банктердің өкілдерінен және тәуелсіз сарапшылардан құралған Үйлестіру кеңесін;

өңірлік индустрияландыру картасына енгізілетін жобаларды іске асыру барысында туындайтын проблемаларды шешу мақсатында құрылатын үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік басқару орталығын басқаратын болады.

Әкімдік құрылымында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберлерінде  индустрияландыру  саясатын  іске асыру мәселелеріне жауапты өңір әкімінің бірінші орынбасары лауазымы енгізілетін болады.  

Бизнес-белсенділікті кіріктіру және кәсіпкерлікті қолдаудың  инфрақұрылымын құру құралдары Аумақтарды дамыту бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бюджеттік бағдарламасы  болады, мұның аясында әрбір даму институтының рөлі, олардың жергілікті атқарушы органдармен және бизнеспен өзара іс-қимыл жасасу тетіктері, сондай-ақ  кәсіпкерлікті қолдау шараларын қаржыландыру көздері нақты айқындалатын болады.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (бұдан әрі – ӘКК) инвестициялық жобаларды  іске асыруға бизнеспен бірлесіп қатысу, шетелдік инвесторларды тарту, индустриялық аймақтарды, технопарктерді, бизнес-инкубаторларды дамытуды үйлестіру, жеке бизнес үшін тартымды болып табылмайтын, бірақ маңызды әлеуметтік мәнге ие желілік жобаларды дамыту және көбейту (мысалы, сервистік-дайындау орталықтарын құру және басқалары), кәсіпкерлікке сервистік қызмет көрсету жолымен өңірлік даму институтының рөлін атқарады.

ӘКК және «Қазагро» ҰБК» АҚ құрылымдары мыналарға шоғырландырылатын болады: 

өткізу және дайындау кооперациясын ұйымдастыру;

шикізат, азық-түлік сатып алу жолымен нарықты және тауар өндірушілерді қолдау;

ұсақ лектерді шоғырландыру, сертификаттау және басқа операцияларды қоса алғанда, «шатырлық» брендтермен қазақстандық өндірушілердің  өнімдерін сыртқы нарықтарға экспорттау және ілгерілету.

 «ДАМУ КДҚ» АҚ-ның қызметі кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қызметтердің кең спектрін ұсынуға шоғырланады:

екінші деңгейдегі банктер арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне қаржы қаражатын шартты орналастыру арқылы кредит беру;

«Даму-Қолдау» бағдарламасы шеңберінде тікелей кредит беру;

лизингтік мәмілелерді жеңілдікті қаржыландыру және лизингтік компаниялардағы қаржы қаражатын шартты орналастыру;

жергілікті атқарушы органдардың қаржы агенттерінің кредиттердің пайыздық ставкаларын субсидиялау жөніндегі функцияларды орындауы;

екінші деңгейдегі банктер алдында кәсіпкерлік  субъектілерінің міндеттемелері бойынша кепілдік беру және кепілгерлік жүйесін қалыптастыру;

«ДАМУ» КДҚ  мен басқа қаржы институттарының кепілдігімен кәсіпкерлік кредиттерінің портфелін секьюритилендіру;

франчайзингті  дамыту;

консультативтік-тренингтік орталықтар желісін құру, кәсіпкерлік жөнінде мамандандырылған басылымдар шығару және тарату жолымен кәсіпкерлік қызметіне ақпараттық-консалтингтік қолдау көрсету.

Мамандандырылған қаржы институттарын, оның ішінде, шағын қаржы ұйымдарын, кредиттік және ауылдық кооперативтерді дамытуға жәрдемдесуді «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ құрылымдары жүзеге асыратын болады. 

«Ұлттық инновациялық қор» АҚ және «Парасат» ұлттық холдингі  мыналар арқылы инновацияларды қолдауға және ілгерілетуге шоғырланатын болады:

технологиялар трансфертін, білім беруді, лицензиялар сатып алуды және  беруді, start-up&spin-off жобаларды іске қосуды және шығаруды  қамтамасыз ету;

инновациялық жобаларды гранттық қаржыландырумен қамтамасыз ету;

венчурлік қаржыландыруды дамыту;

ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту;

ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету және оның ішінде шетел сарапшыларын тарта отырып, инновациялық процестерді сүйемелдеу  жүйесін құру;

жаңашылдықты және ұтымгерлікті насихаттаудың кешенді бағдарламасын іске асыру. 

Бизнес-процестерді қолдау мамандандырылған сервистік ұйымдардың қызметі шеңберінде мыналар арқылы жүзеге асырылатын болады:

технопарктер мен бизнес-инкубаторлардың қызметтерін ұсыну;

бизнесті басқару, дамыту саласындағы консалтингтік қызметтерді консультативтік-тренингтік орталықтары желісін құру жолымен ұсыну;

жобаларды әзірлеу, негіздеу және іске асыру саласында инжинирингтік қызметтер көрсету,

оқыту қызметтерін ұсыну;

маркетингтік зерттеулер жүргізу;

жобаларға технологиялық сараптама жүргізу;

шетелдік нарықтарға шығуға жәрдемдесу.

4.2.2 Бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асыру тетіктері  (Бизнестің жол картасы – 2020)

«Бизнестің жол картасы – 2020» бюджеттік бағдарламасын іске асыру кәсіпкерлікті, бірінші кезекте, шағын және орта бизнесті дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталатын болады. Бұл бағдарламаны қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша мемлекет бюджетінен жүзеге асырылады:

кәсіпкерлік секторды сауықтыру;

кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау;

кредиттерге кепілдік беру;

индустриялық инфрақұрылымды дамыту;

бизнес жүргізуді сервистік қолдау;

кәсіпкерлік үшін кадрлар даярлау.

Кәсіпкер осы бағдарламада, сондай-ақ Бағдарламада көзделген басқа да бюджеттік бағдарламаларда көзделген мемлекеттік қолдаудың аралас пакетіне үміттене алады.

Қолдаудың негізгі өлшемдері:

экспортқа бағдарлану және/немесе кейіннен сыртқы нарыққа шығумен қазақстандық қамтуды арттыру;

жаңа жұмыс орындарын құру.

Әрбір өңір үшін Үкімет айқындаған орталық атқарушы орган әзірленген әдістеме негізінде өңірдің экономикалық әлеуетін ескере отырып есептелетін қаржыландырудың жалпы лимитін белгілейтін болады.

Әкімдіктер осы бағдарламаның бағыттары бойынша қаржыландырудың жалпы лимитін дербес бөледі.

Операторлар рөлін ӘКК-ларға жүктеу жоспарлануда, олар өңірлік Үйлестіру кеңесінің жұмыс органының функцияларын, субсидиялау және кепілдік беру үшін жобаларды іріктеуді және қарауды жүзеге асырады, индустриялық инфрақұрылымды дамытуды үйлестіруді, сервистік қолдау мен кәсіпкерлік үшін кадрлар даярлауды қамтамасыз ететін болады.

Кәсіпкерлік секторды сауықтыру шеңберінде мынадай қолдаулар көрсетіледі: берешек кәсіпорынды Банктердің қазірдің өзінде бар кредиттері бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау және берешек кәсіпорынның салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдерін өтеуін өсімпұлдар мен айыппұлдар салмастан 1 жылға кейінге қалдыру.   

Кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау экономиканың басым секторларындағы қосылған құны жоғары жаңа өндірістерді жаңғыртуға, кеңейтуге және ұйымдастыруға бағытталған жобалар бойынша жүзеге асырылады. 

Ең жоғары субсидиялау мерзімі 3 жыл болып, ол мерзімді 10 жылға ұзарту мүмкіндігімен іске асырылып отырған жобалар бойынша жаңа және бұдан бұрын берілген кредиттер субсидияланады.

Өтінім берушінің жобаға кемінде 15 % мөлшеріндегі өз қаражатымен қатысуы қолдаудың міндетті шарты болып табылады.

Кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау ӘКК мен екінші деңгейдегі банктердің оң қорытындылары негізінде өңірлік Үйлестіру кеңесінің шешіміне сәйкес жүргізіледі.

Кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялауды қаржылық сүйемелдеу және қаражаттың мақсатты тиімді әрі уақтылы пайдаланылуына мониторинг жүргізуді әкімдіктер, екінші деңгейдегі банктер мен қаржы агенті арасында жасалатын Бас келісім шеңберіндегі тиісті рәсімдерді орындай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қаржы агенті жүргізеді. 

Агенттік қызметтерінің құны бюджеттен өтеледі.

Сыйақы ставкаларын субсидиялау тетігін, тәртібі мен шарттарын Үкімет айқындайды.

Ең көп мөлшері кредит сомасының 50 %-і болатын және кепілдік беру мерзімі кредит шартының әрекет ету кезеңінен аспайтын жаңа өндірістерді ұйымдастыруға бағытталған кәсіпкерліктің кредиттеріне кепілдік беруді ӘКК мен екінші деңгейдегі банктердің оң қорытындылары негізінде өңірлік Үйлестіру кеңесінің шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қаржы агенті жүзеге асырады.

Өтінім берушінің жобаға кемінде 15 % мөлшеріндегі өз қаражатымен қатысуы қолдаудың міндетті шарты болып табылады.

Қаржы агентінің шығындарын жабуға арналған резерв осы бағдарламаның қаражаты есебінен қалыптасады.

Кредиттерді кепілдендіру тетігін, тәртібі мен шарттарын Үкімет айқындайды.

Индустриялық инфрақұрылым осы бағдарламаға енгізілген жобаларды  іске асыруды қолдау, сондай-ақ өңірлік Үйлестіру кеңесінің шешімі негізінде перспективалы әлеуетті жобаларды іске асыру үшін берілетін болады.

Кәсіпкерлік үшін кадрлар даярлау, оның ішінде, біліктілігін арттыру және жұмыс орындарын ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережелер мен өлшемдер негізінде әкімдіктердің қаражат бөлуі жолымен қаржыландырылатын болады.

Бұл бағдарламаның мониторингі «Атамекен» ҰЭК-мен және бизнестің басқа да қоғамдық ұйымдарымен бірге жүргізіледі.

4.3 Бизнес бірлестіктерінің рөлін арттыру

Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын дамыту шеңберінде мыналар қамтамасыз етілетін болады:

орталық және жергілікті атқарушы органдарда, Қазақстан Республикасының Парламентінде және халықаралық ұйымдарда бизнес бірлестіктері мүшелерінің мүдделерін білдіру және қорғау;

экономикадағы төрешілдікті жою, артық әкімшілік кедергілерді алып тастау, мемлекеттік органдардың  лицензия-рұқсат беру және бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру жөніндегі кәсіпкерлік саласындағы нормативтік құқықтық базаны дамыту үшін кәсіпкерлер бірлестіктерінің сараптау-консультативтік функцияларын орындау;

мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге қатысу.

бизнесті «көгалдандыру».

Бизнес-ортаны шоғырландыру үшін мыналар ынталандырылатын болады:

кәсіпкерлер бірлестіктерінің мүшелік базасын өсіру;

ірі корпорациялардың шағын бизнес кәсіпорындарын бизнес-бірлестіктердің институционалдық тетіктері арқылы қолдауы; 

кәсіпкерлердің салалық, өңірлік қауымдастықтары мен олардың бірлестіктері арасындағы қызметті үйлестіру.

Үкімет, кәсіподақ және жұмыс берушілер арасындағы үш жақты ынтымақтастық шеңберінде әлеуметтік әріптестікті дамыту жалғасады.

Экономикалық агенттер арасында шаруашылық дауаларды шешу кезінде трансакциялық шығындарды төмендету үшін мыналар қолдау табатын болады:

аралық және төрелік соттардың, оның ішінде, Сауда-өнеркәсіп палаталарының жанындағы қызметі;

соттан тыс қарау тетіктері.

Кәсіпкерлер бірлестіктерінің бизнес-интеграторлары ретінде бірлестіктер  қатысушыларды қолдау бойынша әртүрлі функциялар жүзеге асырылатын болады:

экспортты бірлесіп жылжыту;

кооперациялардың әртүрлі нысандарын дамыту;

сервистік қызмет көрсету;

нарықтарды қолдау және басқа да функциялар.

5. Бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету

Бағдарламаны табысты іске асыру үшін мемлекеттің және жеке меншік сектордың қаржы ресурстары шоғырландырылатын болады, бұл ретте мемлекет жүйелі және секторалдық қолдау шараларын, инфрақұрылымды дамытуды қаржылық қамтамасыз етуге, ал жеке меншік сектор мен ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар жобалық қаржыландыруға шоғырланатын болады.

Бағдарламаның нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсалатын тікелей шығынның болжамды көлемі шамамен 6,5 трлн. теңгені құрайды және мынадай көздерден қамтамасыз етілетін болады:

жеке меншік ішкі және сыртқы инвесторлардың қаражаты;

ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың және мемлекет қатысатын өзге де ұйымдардың қаражаты;

инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ индустрияландыруды мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жалпы жүйелік шараларын қаржыландыруға арналған мемлекеттік бюджет.

6. Бағдарламаның нәтижелері

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаны табысты іске асыру оны әртараптандыру және ұзақ мерзімді кезеңде бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуді қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Өндіріс факторлары өнімділігінің өсуі, ұлттық инновациялық жүйенің дамуы және нығаюы, экономиканың шоғырлану деңгейінің төмендеуі, индустрияландыру үдерісінде шағын және орта бизнес рөлінің күшеюі, индустриялық сектордың өндіргіш күштерін ұтымды ұйымдастыру, адами капитал сапасының өсуі Бағдарламаның негізі сапалы нәтижелері болады.

Индустрияның экспортқа бағдарланған дәстүрлі секторлары кейінгі бөліністі өндірістерді дамыту және экономиканың салалас секторларына оларды дамытудың мультипликативтік кең ауқымды әсерін қамтамасыз ету есебінен индустрияландырудың локомотиві рөлін атқарады.

Өнеркәсіптік өндірістің жаңа кіші салаларының кәсіпорындары – мұнай-химия, ғарыш өнеркәсібі, инфокоммуникация, тыңайтқыштар, фармацевтика, мамандандырылған машина жасау, керамика өндірістері, шыны өндірісі орнықты дамиды.

Агроөнеркәсіп кешенін және жеңіл өнеркәсіпті инновациялар енгізу негізінде үдемелі дамыту тұтыну сұранысы тауарларының импортына экономиканың тәуелділіг