Арыс қаласының 500 баласына Нұр-Сұлтан қаласына сапар ұйымдастырылады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.
«29 маусымнан бастап елордамызға Арыстан бірінші балалар тобы келеді. Олар үшін қалаға экскурсиялар, көрікті жерлерге бару және концерттік бағдарлама қойылады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов Орталық коммуникациялар қызмтеінде.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
«Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік органдардың, қалалық мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына 200 миллион теңге көлемінде бір күндік жалақыларын жіберді. «Нұр Отан» партиясының мүшелері белсенді түрде көмек көрсетеді», - деді ол.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов басқарған жұмыс тобы Арыс қаласына құрылысшылар мен басқа да мамандармен бірге, Түркістандағы әріптестерімен бірге тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге көмектесетпек.