**Ядролық қаруға иелік етуге ұмтылу ешкімге де жақсылық әкелмейді. Бұл туралы бүгін XII Астана экономикалық форумы барысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Ағымдағы жылы форум тақырыбы қазіргі заманғы трендтерді ескере отырып, «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» деп айқындалған және Қазақстан осынау процестердің бөлшегі саналады. Бір қарағанда әлемдегі экономикалық даму тұрақты сияқты көрінеді. Бірақ, оның тасасында іргелі, күрт әрі теңсіздік тұр. Әлемдік экономикалық өсім қарқыны болжанған 3,9 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендеді. Халықаралық валюта қоры 2019 жылы мұнан да үлкен қысқарудың болатындығын, 3,3 пайызға дейін төмендейтіндігін болжап отыр. Сондықтан ел дамуының жаңа жолдарын іздеуде мемлекеттер жұмыс істеп тұрған нарықтар үшін күресті күшейтуге мәжбүр. Бұл ретте бәсекелестіктің нарықтық емес әдістерін де қолданып жатады», - деді Елбасы.

Н.Назарбаев АҚШ пен Қытай, Еуропа арасындағы саудаға қатысты жағдайдың, саяси беделқұмарлықтың, әсіресе АҚШ пен Ресей арасында санкциялық текетірестің ушығып тұрғандығына назар аударды.

Сонымен қатар, ядрлық қаруды иелік етуге ұмтылу да басылмай отырғандығын айтты.

«Бұл алаңдатарлық жайт және ол ешкімге де жақсылық әкелмейді. Түрлі бағалауларға сәйкес, әлемдік экономика кемінде 0,7-0,8 пайыз өсімін жоғалтады. Дәл осының аясында әлем жаһандық әлеуметтік-экономикалық және технологиялық трансфрмация кезеңіне тап болады. Ол барлық елдердің халықтарына сын-тегеуіріндер мен қатар мүмкіншіліктер де әкеледі», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті.