«BI Group холдингі «Өзіңнен баста» жобасы аясында әлемдік фильмдердің қазақ тіліне дубляждалуына биылғы жылы 259 млн теңге бөлді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Өзіңнен баста» жобасының маңыздылығын түсіне отырып, біз 800 млн теңге бөліп отырмыз. Атап айтсақ, 2018 жылы – 150 млн теңге, 2019 жылы – 259 млн теңге бөлінсе, ал алдағы 2020 жылы – 350 млн теңге көлемінде демеушілік көрсетеміз», - деді BI Group холдингінің құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлы.

Айта кетсек, BI Group холдингі әлемдік фильмдердің қазақ тіліне дубляждалуына қолдау көрсетеді. «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмі - қолдау көрсетіп отырған сегізінші фильм.

Өз сөзінде Асхат Тұрғынбекұлы «Аладдин», «Дамбо», «Арыстан патша» секілді шетелдің танымал фильмдері қазақ тілінде сөйлесе, мемлекеттік тіліміздің де мерейі артатынын айтып өтті.

«Біз алдыңғы кезекте ана тілімізді дамытатын жобаларды қолдауға тырысамыз. Соның арқасында қазақстандық балалардың сапалы киноконтентке қолжетімділігі арта түседі», - деді ол.