«Балуан Шолақ» тарихи кинолентасында актер Еркебұлан Дайыров Балуан Шолақтың рөлін сомдайды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Бұл шығармамен 2010 жылдан бері таныспын. Дулат Исабековтың «Жау жүрек» қойылымы сол жылдан бері Әуезов театрында сахналанып келе жатыр. Сол кезде сахнада ойнап бастадым. Пьессаны қолыма алған кезде осы қойылымға кино түсірілсе екен деген ой болды. Араға жеті жыл салып, осы рөльді фильмде сомдадым. Матариалмен таныс болғандықтан қиын болды деп айта алмаймын», - деді Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Еркебұлан Дайыров.

Оның айтуынша, фильмде Балуан Шолақтың күрескерлігі, нағыз елін, жерін сүйетін азамат екендігін көрсетуге ден қойылған. Ал оның қазақ музыкасындағы, айтыстағы алатын орнын, жеке шығармашылығын бір фильмге сыйдыру мүмкін емес.

«Ол кісінің әрбір әнінің шығу тарихының өзі бір серия болады. Қазіргі уақытта бірінші қадамдарымыз жасалып жатыр. Тарихи құндылықтарымызға қайтадан нәр беріп, ел үшін, жер үшін жанын берген тұлғаларымыз туралы қайтадан жаңғыртып жатырмыз. Рухани жаңғырудың алғашқы қадамдары осы дер едім. Біздің мақсатымыз қазіргі ұрпаққа өзінің тарихын, ата-бабасын таныту», - деді ол.

Айта кетсек, «Балуан Шолақ» фильмінің авторлары айтып кеткендей, көркем туындының түсірілім жұмыстары Алматы облысының Жалаңаш және Кеген ауылдарында өткен. Көпшілік сахналарға үш жүзден астам адам қатысқан. Сондай-ақ, түсірілімдер Павлодар қаласында және Бурабай курортты аймағында жүргізілген.