Биылғы жылы Қазақ ұлттық өнер университетіне жаңа мамандықтарға лицензия алынбақ, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Жастар жылы» деп жарияланған биылғы 2019 жылға бірнеше жоспарларымыз бар. Соның бірі Қазақ ұлттық өнер университетінде «Туризм», «Мәдени-демалыс жұмысы», «Музей ісі» жаңа мамандықтарына лицензия алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» инновациялық дамуының үкіметтік бағдарламасын іске асыру, яғни университеттің ноталық басылымдарын, ғылыми кітапханасы мен архивін цифрландыруды жүзеге асыру, сондай-ақ университеттің электрондық құжат айналымын оңтайландыру, ҚазҰӨУ-нің виртуалды-сандық музейін ашу жоспарымыз бар», - деді «Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ ректоры Айман Қожабекқызы.

Биылғы жылы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Огонек» шығармашылық үйінің ашылады. Айман Қожабекқызының айтуынша, шығармашылық үйірменің аясында жыл бойы байқаулар, шеберлік сабақтар, оқыту семинарлары, көрмелер және белсенді сауықтыру шараларын өткізілмек.

«Сондай-ақ, жас талантты жазушыларды, ақындарды, суретшілерді, музыканттарды және т. б. қолдау мақсатында «Жастар жылы» аясында әдебиет және өнер институтын ашып, қоғам мүддесі үшін олардың шығармашылық әлеуетін ашу үшін жағдай жасауды көздеп отырмыз», - деп атап өтті.