2018 жылы Қазақстанның шикізаттық емес экспортында оң динамика байқалады.

«Химия өнеркәсібі 2,6%-ке, минералды өнімдер 14,6%-ке, машина жасау 11%-ке, азық-түлік өнімдері 7,6%-ке өсті», - деп атап өтті Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Бүгінгі таңда Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі экспорттық тауарлары - ферроқорытпа, өңделмеген мырыш, тазартылған мыс, уран, мұнай газдары, трансформаторлар және аккумуляторлар.

2018 жылы дайын өнімнің экспорты 16%-ке (485 млн. АҚШ долл.) артты. Сонымен бірге, өңделген өнімдер экспортында дайын өнімдер экспортының үлесі 2017 жылмен салыстырғанда 2,5 пайыздық тармаққа өсіп, 23%-ті құрады.Биыл да шикізаттық емес экспорттың өсімі артады.

Министр атап өткендей, Индустриалды даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы іске қосылып, экспортқа бағытталған жаңа өндірістер 458 млн. АҚШ долларының экспорттық әлеуетіне ие. Шығарылатын өнімнің 50%-ті экспортқа бағытталған.

Бұдан бөлек, Экспортқа бағытталған жобаларды 500 млрд. теңге қаржымен қолдау экспорттың артуына оң ықпал етеді.

Министрдің айтуынша, әлемдік нарықтардағы тұтыну мен сұраныстың өсуін ескере отырып, биыл бірқатар салалардағы тауарлар экспорты көлемінің өсуі күтіліп отыр. Олар трансформаторларды, аккумуляторлар мен мойынтіректерді экспорттауды ұлғайту есебінен машина жасау, ферроқорытпалар мен болат құбырларын өндіруді ұлғайту есебінен металлургия, сондай-ақ химия және жеңіл өнеркәсіп салалары болмақ.

Сондай-ақ, өңделген тауарларды экспорттаумен қатар 2018 жылы көлік саласында (15%) және құрылыста (200%) қызметтер экспортының едәуір өсімі болды.

Құрылыс қызметтерін экспорттау өсімі Қазақстандағы резидент еместердің құрылысымен қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта отандық құрылыс компаниялары құрылыс саласындағы халықаралық нарықтарды дамытуға кірісті. Мысалы, Грузиядағы жолдарды салу, Словакиядағы темір жолдар (Integra Construction), Қырғызстандағы өңдеу зауыты («AAEngineering» ЖШС).

«Шетелдердегі құрылыс нарығының үлкен әлеуетін ескере отырып, отандық компаниялар экспорттаушыларға қолдау көрсетудің қолда бар құралдарын қолдана отырып, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ұсынған осы қызметтер нарығына белсенді түрде шығулары керек», - деді Роман Скляр.