2019 жылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 411 жобаны іске асыруға 126,5 млрд.теңге бөлу қарастырылған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 33%- ға артық.

«Жамбыл облысынан басқа барлық өңірлер бойынша 2025 жылға дейінгі ауылдық жерлер бойынша Кешенді жоспарлар әзірленіп, негізгі критерийлері мен басымдықтары нақтыланды. 2025 жылға қарай ауылды жерлердің 80%-ын немесе ауыл тұрғындарының 95%-ын және қалалық жерлерді 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетұлы.

Қазіргі уақытта пилоттық режімде тот басуға қарсы тұрарлық жабдықтар секілді заманауи технологиялар енгізілуде. Ол қолданыстағы желілерді модернизациялау және жаңғырту бойынша шығындарды азайтуға, құбырлардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, кәріздік-тазарту құрылыстарының жағдайына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті.

«Республикадағы 86 қаланың 28-інде кәріздік-тазарту құрылыстары жоқ. Қолданыстағы кәріздік-тазарту құрылыстарының ішінен 10 КТҚ толығымен тозған және жаңасын салуды талап етеді, ал 26-да жаңғырту және реконструкциялау талап етіледі. Алдын ала мәліметтер бойынша 53 қалада 330 млрд. теңге қажет болатын КТҚ салу және жаңғырту қажет», - деп мәлімдеді Мархабат Жайымбетұлы.

Биогаз, электр және тыңайтқыш өндіру мүмкіндігімен тұнбаны қайта өңдеуге негізделген жасыл технологияларды қолдану кәріздік-тазарту құрылыстарын жаңғырту жөніндегі шығындарды едәуір төмендетуге және осындай жобалардың жеке инвесторлар үшін инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.