«7-20-25» бағдарламасы бойынша 8 мыңға жуық отбасы 92 млрд теңге қарыз алды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Елбасы ұсынған Бес әлеуметтік бастаманы енгізу - халықты қолжетімді баспанамен қамтудың басты бағыты саналады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 7 936 отбасы 92 млрд теңгеге қарыз алды. Бағдарлама банктің ипотекалық портфелінің 24,8% - шамамен 1,4 трлн теңге өсімін қамтамасыз етті. Бағдарлама көрсеткішін жақсарту мақсатында биыл мамыр айында қарыз алушыларға бастапқы жарнаны баспана бағасының 20%-дан асатын сомада төлеу құқығы берілді. Бұл ай сайынғы төлем көлемін азайтуға және табысы аз азаматтарды қамтуға мүмкіндік берді. Банктерге қойылатын талапты төмендету арқылы қатысушы-банктер саны артты», - деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктердің басшылары қатысуда.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда банк активтерінің сапасына кешенді тәуелсіз бағалау жүргізілетінін хабарлаған еді.