Алматыдағы Достық үйінде арыстықтарға көмек көрсету мақсатында Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанынан штаб құрылды.

«Арыс қаласында болған қайғылы оқиға қазақстандықтардың барлығын оятты. Біз осы оқиғаны естіген уақытта селекторлық жиналыс өткіздік. Республика бойынша, аймақтар бойынша барлық бөлімшелермен жиналыс өткіздік. Республикалық этно-мәдениет орталығының Түркістан облысындағы, Шымкент қаласындағы филиалдары Арыс қаласының тұрғындарына өз көмектерін көрсетті», - деді Қазақстан Халқы Ассамблеясы Кеңесінен ҚР Парламенті мәжілісінің VI шақырылымының депутаты Шаймардан Нұрымов.

Сондай-ақ, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Арыс қаласының тұрғындарына көмек ретінде 1000 гамбургер апарып жеткізген.

Шаймардан Нұрымов өз сөзінде этно-мәдениет орталығының барлық мүшелері Қазақстан халық ассамблеясының жанындағы бөлімшелермен бірге қаладан көшірілген арыстықтарға өз үйлерін беріп, оларды тамақпен қамтамасыз етіп жатқанын да айтып өтті.

«Қазіргі уақытта 26-мектепте 125 көшіп келген арыстықтарға көмек көрсетіліп жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар, Алматыдағы Достық үйінде ҚХА жанында штаб құрылғанын да айтып өтті.

«Ол штаб Арыста жапа шеккен туыстарымызға көмек көрсету мақсатында ақша, тамақ, киім-кешек, құрылыс материалдарын жинау бойынша тығыз жұмыс істеп жатыр. Бүгін-ертең Алматыдан Арыс қаласына бірнеше көліктен тұратын караван жібереміз деп жоспарлаудамыз»,- деді өз сөзінде.