Қазіргі уақытта Арыс қаласындағы арсеналдан жарылмаған оқ-дәрілерді шығару жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында ҚР қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев айтты.

«Пилотсыз ұшатын аппараттар іске қосылды, олар күн сайын арсенал аумағына, іргелес жерге әуеден барлау, мониторинг жүргізуде. Тікұшақпен қала маңын бақылау жүргізілуде»,- деді Нұрлан Ермекбаев.

Айтуынша, қорғаныс министрлігінің төтенше жағдай салдарын жою комиссиясы дереу құрылып, жұмысқа кіріскен.

«Бірінші күннен бастап ол жерде Қорғаныс министрлігінің жедел тобы тұрақты жұмыс істеуде», - деді ол.

Сонымен қатар, Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан соң Шымкент, Тараз, Бурный, Меркі, Отар қалаларынан келген саперлар қаланы тазарту жұмысына бірден кіріскен.