Арыс қаласында орналасқан 44859 әскери бөлімінде оқ-дәрілердің жарылу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 462-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

Айтуынша, қылмыстық іс бойынша Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлерінің қатарынан жедел-тергеу тобы құрылған.

«Заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, тез қылмысты ашу, кінәлі тұлғаларды анықтау мақсатында тергеу әрекеттеріне әскери және жергілікті прокуратуралардың қызметкерлері қатысуда»,- деді ҚР Бас әскери прокурорының аға көмекшісі Еркін Қожа-Ахмет.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру үшін мүдделі ведомстволармен бірлесе отырып тергеп-тексеру жоспары әзірленді.

Айта кетсек, 462-баптың 3-бөлігінің санкциясына сәйкес «Қару-жарақпен, оқ-дәрiлермен, радиоактивтi материалдармен, жарылғыш немесе айналасындағыларға аса қауіп төндіретін өзге де заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін, егер бұл абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жағдайда – бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазасы көзделген».