Маусымның 24-27 аралығында Арыс қаласындағы жарылысқа байланысты 409 адам медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Оның ішінде 329 азаматтарға медициналық көмек амбулаториялық деңгейде көрсетілді. Ал 80 адам ауруханаға жатқызылған болатын. Олардың арасында қазір 15 адам ауруханадан шығарылды. Өкінішке орай, 1 науқас қайтыс болды. Қазіргі уақытта ауруханаларда 64 науқас жатыр. Олардың арасында 9 науқастың жағдайы нашар болып, реанимациялық бөлімде жатыр, Оның ішінде 4 бала бар», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Айтуынша, жарақат алған барлық науқастарға көмек беру үшін жедел жәрдем көмегін ұйымдастыру мәселесі шешілген.

«Түркістан облысынан, Шымкент қаласынан және Жамбыл облысынан 20 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп, күзетуде»,- деді ол.

Сонымен қатар, санитарлық авиация арқылы ауруханада жатқан 2 бала Нұр-Сұлтан қаласына ауыстырылып жатқаны да айтты.

«Бүгін санитарлық ұшақпен олар астанаға Ұлттық «Ана мен бала» орталығына ауыстыралады. Және тағы бір науқас Алматы қаласындағы 7 клиникалық ауруханасына ауыстыралады»,- деді Біртанов.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, ауруханаларда жатқан науқастардың 90 пайызы яғни, 64 науқастың 56-сы түрлі жарақаттар алған. Ал 6 науқас уланған және 2 науқас оққа күйген.