Арыс қаласындағы оқ-дәрілер қоймасындағы жарылысқа байланысты оқиға орнын тексеру және келтірілген залалдар анықталуда, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Тергеудің бастапқы сатысында негізгі назар орын алған жағдайдың мән-жайларын анықтауға, соның ішінде адамдардың қаза табуына аударылды», - деді ҚР Бас әскери прокурорының аға көмекшісі Еркін Қожа-Ахмет Орталық коммуникациялар қызметінде.

Айтуынша, қазіргі кезде 100-ден аса адамнан жауап алынған.

«Қазіргі уақытта болжамды нұсқалар бар, олардың арасында өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқалары қаралып жатыр», - деп атап өтті.

Сондай-ақ, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың ұтымдылығы мен жарылғыш заттардың дұрыс жиналуы тексеріліп, қоймаларда анықталған бұзушылықтар уақтылы жойылды ма, жойылмаған жағдайда кейбір әскери қызметшілердің әрекетсіздігі сұрағы қаралатынын айтты.

«Тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Саралау, болжамды нұсқалар алдын ала болып табылады және олар егжей-тегжейлі қаралатынын атап өтемін. Тергеп-тексерудің барысы Бас Прокурордың бақылауында»,- деді Бас әскери прокурорының аға көмекшісі.