Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен Бубновский орталығының ұйымдастыруымен өткен "Омыртқа және буын туралы" семинарда ресейлік дәрігер Михаил Бубновский организмнің өз күштерін дәрі-дәрмексіз, инъекциясыз және операциясыз пайдалануға негізделген емдеу жүйесімен таныстырды.

Бубновский әдістемесі буын және омыртқа ауруларын, жарықтарды, артрит, артроз, т.б. емдейтін заманауи кинезитерапияның түріне жатады. Бұл орталық Қазақстанда алғаш рет 2001 жылы Астана қаласында ашылып, 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Бубновский орталығымен бірлесіп осы семинарды ұйымдастырдық. Семинарға бүгін, шамамен, 350 адам қатысты. Оның ішінде дәрігерлер бар, науқастар, реабилитолог және невропатолог дәрігерлер бар. Кинезитерапия - бұл ежелден белгілі емдеу әдісі. Өйткені баяғыда Грекияда, Римде осы емдеу түрін қолданған екен. Медицинаның атасы Гипократтың өзі осындай қимылмен, денешынықтырумен емдеу тәсілін қолданған екен. Осы соңғы 30 жылдың ішінде бұл емдеу түрі қайтадан жаңғырып, елімізге келіп жатыр. Оны қайтадан жаңғыртқан Сергей Бубновский деген кісі", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының кеңесшісі Дәулетхан Серғазыұлы.

"Денсаулық - қозғалыста" деген ұранмен жұмыс істейтін Бубновский орталығы және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының миссиясы бірдей, өйткені олардың қызметінің басымдығы - емдеу емес, қалай ауырмау керектігін үйрету, халыққа аурудың алдын алу, денсаулықты қалпына келтіру шараларын үйрету, өз денсаулығын басқару.

"Бұл орталық ТМД елдерінде ғана емес, дүние жүзінің басқа да елдерінде ашылды. Ал бұл емдеу тәсілінің ерекшелігі - аурудың алдын алу және сырқаттанған, жарақат алған жағдайда омыртқа жүйесі мен буындардың сырқаттарының барлығын емдеуге тиімді ем шараларын жасайды", - деп атап өтті Дәулетхан Есімов.

Айта кетсек, ТМД елдері мен алыс шетелдерде өзін көрсете білген әдістемені Михаил Бубновскийдің әкесі, атақты ресей хирургі, профессор, медицина ғылымдарының докторы, организмді сауықтыру жөніндегі көптеген кітаптардың авторы ресейлік Сергей Бубновский әзірлеген. Әдістемені қолданған жылдары 1.5 миллионнан астам адам қозғалу мүмкіндігіне ие болған.

Бубновский орталығы 1989 жылдан бастап омыртқа және буын ауруларын емдеумен айналысып келеді. Қазіргі кезде Ресейде 120, Қазақстанда 25 және басқа да шетелдерде орталықтары бар.