Астанада наурыз айында классикалық шахматтан командалық әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

Әлемнің 14 елінің ең үздік құрамалары қатысатын чемпионат елімізде алғаш рет өткелі отыр.
Турнирде Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Иран, АҚШ, Мысыр, Ресей, Польша, Ұлыбритания, Үндістан, Украина, Грузия, Венгрия, Армениядан 20 құрама ойнайды. Оның 10-ы - ерлер құрамасы болса, қалған 10 - әйелдер командасы. Олардың арасында әлем чемпиондары, континенттік чемпиондар, FIDE 2018 Олимпиадасынан кейін ең жоғары рейтингтерге қол жеткізген 6 команда, қабылдаушы федерациядан екі команда, сондай-ақ FIDE президенті ұсынған екі команда болады.

Командалық есепте әлем чемпионы атағы - ерлер және әйелдер командалары үшін бөлек беріледі.

Қазақстан құрамасының намысын еліміздің ең мықты шахматшылары Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Гүлісхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетова, Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажғалиев, Әнуар Исмағамбетов, Денис Махнев, Петр Костенко қорғайды. Әлем чемпионаты айналмалы жүйе бойынша 9 раундтан тұрады. Турнирге спортшылар, төрешілер, қонақтар, жалпы 100-ден астам адам қатысады деп жоспарлануда.