Елімізде «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Біріншіден, даму әлеуетін және ағымдағы экономикалық жағдайын талдау негізінде тірек ауылдық елді мекендер анықталады. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекендер бойынша көзделген мақсаттар негізінде жол картасы әзірленіп жатыр. Үшіншіден, жобаларды іске асыру және бақылау мүдделі мемлекеттік органдар мен «Нұр Отан» партиясын тарта отырып жүзеге асырылатын болады. Халықаралық сарапшылармен бірігіп, алдағы жылдары ауылдарға басымдық беру үшін есептеу көрсеткіштері әдістемесі мен моделдері жетілдірілуде. Қажетті инвестициялар мөлшері пысықталып, өңірлерді қаржыландыру көздерін анықтау қарастырылып жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында.

Вице-премьердің айтуына қарағанда, тірек ауылдарды дамытуда кешенді тәсілдер қолданылады.

«Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлу көзделгені белгілі. Оның ішінде осы жылы 30 млр теңге бөлінеді. Өңірлерде әкімдіктермен бірлесіп, 52 елді мекен іріктеліп алынды. Онда 454 ісшара іске асырылатын болады. 247 шара көлік инфрақұрылымын дамытуға, 135 шара шара әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және 72 іс-шара тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталған. Осы жылы басымдық ірі елді мекендерге - яғни халық саны көп аудан орталықтарына аударылды. Қазіргі уақытта аудан орталықтарындағы мәселелер жылдам шешуді талап етуде. Қаржыландырудың көлемі - бір аудан орталығына шамамен 670 млн теңгені құрайды», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.