«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы 52 аудан орталығы жаңғыртылады, бұл жақын жылдары 700 мың ауыл тұрғынының өмірін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов хабарлады.

Оның айтуынша, 450-ге тарта шара іске асырылады. Оның 229-ы көлік инфрақұрылымына, 153-і әлеуметтік инфрақұрылымға және 66-сы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа тиесілі.

«Жобаны іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90,0 млрд.теңге қарастырылып, оның ішінде, 2019 жылы 30,0 млрд теңге бөлінді. 4 662 жұмыс орны құрылып, 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысаны жөндеуден өткізіледі, 12 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 12 абаттандыру жобасы іске асырылатын болады - деді вице-министр.

Сондай-ақ, 516 шақырым жол, 35 шақырым сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электрмен жабдықтау, 136 шақырым газбен жабдықтау, 20 шақырым және 7 жылумен жабдықтау нысаны жөнделіп салынады.