Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына 27,5 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«2013 жылдан бері қор ауыл кәсіпкерлеріне 117,6 млрд теңгенің 52 мың шағын несиесін берді. Осының нәтижесінде ауылды жерлердегі 52,6 мың адам жұмыспен қамтылды»,- деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жандар Омаров.

Ал өткен жылы осы бағдарлама бойынша жалпы сомасы 30 млрд теңге болатын 8 мыңнан астам заем берді. Соның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында жоспарланған 4 мың адамның орнына нақты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылған 5 мыңнан астам адам қаржыландырылды.

«Стартап-жобаларға келетін болсақ, Қор бағдарламада бекітілген 20%-тік көрсеткішті төрт есе артығымен орындады. Өткен жылы жалпы заем көлемінің 78%-ті стартап жобаларға берілді. Бұл 23,3 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 7 мыңнан астам шағын несие», - деп атап өтті Жандар Омаров.

Сондай-ақ, 473 Зәкірлік кооперация қатысушысына 4,6 млрд теңге қаржы берілген.

Ал 2019 жылы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау Қоры 62,1 млрд теңге заем беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына 27,5 млрд теңге, Нәтижелі жұмыспен қамту қаражатын қайта инвестициялауға 6,6 млрд теңге, Қордың жеке қаражатынан 11,7 млрд тенге бөлу қарастырылған.