Республикалық маңызы бар жолдарда орташа жылдамдық есептеліп, жылдамдықты асыру жағдайлары тіркеу жүйесі арқылы автоматты түрде анықталатын болады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Енді автокөліктердің орташа жылдамдығы есептелінеді. Бұл жүйе қазіргі таңда заңмен реттелмеген. 3 шілде күні өткен дөңгелек үстелде орташа жылдамдық түсінігін енгізу ұсынылды», - деді ҚР ІІМ Полиция аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Өз сөзінде жылдамдықты тіркеу жүйелері қалаларда ғана белгіленген жерлерде орналасқандықтан, республикалық маңызды бар жол жолдардың тексерусіз қалатынын айтып өтті.

«Автокөлікпен белгіленген жерлерде ғана жылдамдықты төмендетіп, одан ары қарай жылдамдықты қайтадан асырып айдамау мәселесі қарастылмаған. Сондықтан автокөліктердік орташа жылдамдығын тасжолдарда, республикалық маңызы бар жолдарда А пунктінен Б пунктіне жеткенге дейінгі белгіленген жылдамдықты сақтауды қадағалау үшін осы түсінік енгізілмек», - деді Ақтоты Боранова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Айтуынша, орташа жылдамдықты белгілеу мақсатында автокөлік шыққан кезде оның мемлекеттік белгісі, шыққан уақыты тіркеледі, одан соң Б пунктіне дейінгі жол ұзақтығы оның уақытына бөлінеді. Егер автокөлік белгіленген жылдамдықты асыратын болса немесе белгіленген уақыттан ерте келетін болса, жүйе автоматты түрде оның жылдамдықты асырып басқарғанын анықтап береді.

«592 баптың бөліктеріне өзгерістер енгізіліп, орташа жылдамдықты асырғаны үшін де әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылатын болады», - деді сөз соңында.