Заң консультанттары мен адвокаттардың қызметі автоматтандырылады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңын іске асыру мақсатында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Заң консультанттары палаталарының қауымдастығымен «Е-Заң көмегі» Заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі» қызмет көрсету келісімшартына қол қойылды.

«Келісімшарт аясында «Е-Заң көмегі» жүйесін ҚР Жоғарғы соты, Бас прокуратура, Әділет, Ішкі істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның, сондай-ақ «Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі» АҚ-ның ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру бойынша жұмыстар жүзеге асырылатын болады», - делінген ведомствоның мәліметінде.

Айта кету керек, қазіргі таңда заң консультанттары мен адвокаттарға жеке кабинет ашылып, бірыңғай сайт жасалынған.

Осыған орай, «Е-Заң көмегі» АЖ заң консультанттары мен адвокаттардың қызметін автоматтандыруға және оңтайландыруға, халыққа заң көмегін көрсету кезінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен ақпаратты жедел алуға, оны онлайн режімінде көрсетуге, қағаз құжат айналымын азайтуға, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен мәлімет алу кезінде уақытты үнемдеуге және қаржылай шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын Әділет министрлігі, «Заң кеңесшілері палатасы» РҚБ және ҰАТ АҚ арасында жасалған Меморандум аясында Астана, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Ақтау, Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Көкшетау және басқа да қалаларының заңгерлері мен адвокаттарына жүйені қалай қолдану керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген еді.