«Бабалар мұрасы» деректі фильмі 16-23 ақпан аралығында өтетін Лондон халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі

Картина екі аталым «Үздік қысқаметражды деректі фильм» және «Үздік қысқаметражды деректі фильмдегі монтаж» бойынша бақ сынамақ.

Режиссер Берік Жахановтың аталған картинасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Қазақстанның түркі халықтары» циклынан. Бұл деректі цикл Қазақстанда тұратын түркі этносына арналған. «Бабалар мұрасы» фильмінен бөлек циклда режиссер Камила Әбділдинованың «Дәм түсі», Надира Садуованың «Жіп», сондай-ақ, Динара Манабаеваның «Чуваштар. Қазақстан – менің екінші отаным» туындылары бар. Әр фильмнің авторы бас кейіпкер арқылы белгілі ұлттың дәстүрі, тұрмысы және мәдениеті жайлы айтуға тырысқан. «Бабалар мұрасы» фильмі өзбек диаспорасы туралы сөз етеді және оңтүстік Қазақстанда тұратын аталарының ісін жалғастырып, бесік әзірлеумен айналысатын 47 жастағы Абдиманноп Зупаровтың өмірі жайлы баяндайды.

"Фильміміз осындай айтулы фестивальге қатысып отырғанына қуаныштымын. Бәрі де ойдағыдай өтіп, біздің фильмімізге жүлде бұйырады деп сенемін. Өйткені картина жақсы шықты. Фильмде өмір бар", - деді режиссер Берік Жаханов.

Жыл сайын Лондон халықаралық кинофестивалі өз шығармашылық алаңында киноиндустрияның түрлі өкілдері - енді аяқ басып келе жатқан киногерлер мен кәсіби режиссерлердің, дистрибьютерлердің басын қосады. Фестиваль әрдайым киноның барлық формасы мен жанрына ашық, әсіресе киноөнерінің жас өкілдеріне, кинематографтың даму үлгілеріне аса назар салады.

Естеріңізге сала кетейік, «Бабалар мұрасы» фильмі былтыр Алматыда өткен VII Халықаралық «Бастау» кинофестивалінде Ораз Әбішев атындағы жүлдені иеленген болатын.