Алғыс айту күніне орай «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС мен Қазақстан Халық Ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырып отырған «Мың алғыс» қайырымдылық концертінің нәтижиесінде көпбалалы аналарға 3 пәтер беріледі.

«Бүгін наурыздың 1-і «Алғыс айту» күніне орай өтетін концерттік кештен түсетін қаражат тоқішек трансплантациясын күтіп жүрген Әділет Арыстан деген бүлдіршіннің отасына жұмсалмақ. Қайырымдылық кеш аясында көмекке мұқтаж көпбалалы аналарға 3 пәтердің кілті табысталады. 2017 жылдың сәуір айында «Жан жылуы» деген атпен эфирге шыққан «Мың алғыс» радиохабары арқылы кейіпкерлерге осы уақытқа дейін 56 000 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді», - деді«Қазақ радиолары» ЖШС директоры Құрманбек Жұмағалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар, Алматыда ақпан айының 23 күні Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық оркестрінің концерт залында қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Одан түскен 1,5 млн теңге көлеміндегі қаражат «Мың алғыс» хабарының кейіпкері Болат Тұңғатарұлына табысталды.

«Қазақ радиолары» серіктестігі 11- ақпаннан бастап «Қайырымдылықтан қалыс қалма! Алғысқа бөлен!» радиомарафонын жариялады. Қайырымдылық шарасынан түскен қаражат «Мың алғыс» хабарының үш кейіпкері Жансая Пішенбаев, Жандос Берікұлы, Толғанай Бауыржанқызының ем-домына табысталмақшы», - деп атап өтті Құрманбек Жұмағалиұлы.

Сондай-ақ, осы игі шараның бастауында тұрған «QAZAQ RADIOLARY»-ң ұжымы ізгі амалды әуелі өздерінен бастап, бір күндік жалақыларын «Жан жылуы» радиохабарның кейіпкерлерлеріне еміне аударды.

Айта кетсек, қайырымдылық концерті 1-наурыз күні Астанада Тәуелсіздік және бейбітшілік сарайында өтеді.