ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында «ҚазАқпарат» акционерлік қоғамының құрылуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Бағдарлама жүргізушісі Александр Трухачев министрден «Қазконтент» АҚ «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігіне қосылуы мен Орталық коммуникациялар қызметінің жойылуы шешімінің неге қабылданғанын, біріктірілген медиахолдингтің қызметі қандай болатынын сұрады.

«Бұл қадам бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, идеяларды тудырудан контент таратуға дейінгі тұтас ақпаратпен жұмыс процесін бір холдингке топтастырамыз. Бүгінде мұндай ұстанымда Синьхуа, Reuters, Риа-Новости және өзге де агенттіктер жұмыс істейді. Сонымен бірге, жаңа агенттік медианарықта тарихы 100 жылға жететін танымал «ҚазАқпарат» брендімен жұмыс істейді», - деді Д. Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр Орталық коммуникациялар қызметін тарату туралы ақпаратты теріске шығарды.

«Мұнда оның (Орталық коммуникациялар қызметінің - ред.) заңды құрылым ретінде жойылуы жөнінде айтылған. Ал брифингтерді ұйымдастыру қызметі, алаңдар мен өңірлік бөлімшелер, қызметкерлер - бәрі сақталады. Және ең бастысы - Орталық коммуникациялар қызметі брендін сақтап қаламыз», - деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, әкімшілік бөлімдерді біріктіру арқылы активтерді басқару тиімділігі артады.

«Біз шығынды азайтамыз және контент сапасын көтеру үшін және өндірушілердің яғни журналистердің, техникалық қызметтің, сарапшылардың т.б. еңбекақыларын арттыру үшін маңызды ресурстарды үнемдейміз. Мұнда жаппай қысқартуға берілмейді», - деді министр.