Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, ІТ-компаниялар мен БАҚ өкілдерінң қатысуымен жергілікті атқарушы органдарының ашықтығы мәселелері бойынша республикалық семинар-кеңес өтті.

Семинар-кеңестің панельдік сессиясын Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ашты.

«Бүгінгі кездесу мемлекеттік органдардың ашықтығы мен билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға арналған. Өздеріңіз білетіндей, соңғы азаматтық форумда біздің еліміздің Тұңғыш Президенті жұртшылық тарапынан кері байланыс алудың жаңа форматтарын табуға тапсырма берді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаңа тетіктерді құрудың тиімділігі сарапшылардың, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының осы жұмысқа қатысуына тікелей пропорционалды», - деді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі уақыттағы негізгі 3 постулатын атап өтті. Олар - барынша қамту, ашықтық және шапшаңдық.

«Сонымен қатар, бүгінгі күні өңірлерде оң тәжірибе жинақталды. Бұл, ең алдымен, Open akimat, Ikomek, Халықтық бақылау және басқа да жобалар. Олардың барлығы халықтың жаппай Интернет желісіне енуімен және барлық салалардың цифрлануының арқасында қолжетімді болып отыр», - деді ол.

Министр кез келген облыстық әкімдіктің әлеуметтік желілерде тұрғындардың өз өтініштерін, шағымдары мен ұсыныстарын қалдыра алатын парақшалары бар екендігін де атап өтті.

Сонымен қатар, министр барлық жұмыстың тағы бір негізгі аспектісі ақпараттың қолжетімділігі туралы заңның орындалуы болып табылатынын айтып өтті.