QAZCAR.KZ мобильді қосымшасы арқылы кез келген уақытта автокөліктерді жалға алуға болады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Тұтынушы мобильді қосымша арқылы автокөлікті жалға ала алады. Сонымен қоса, тұтынушы қосымшаны қолдана отырып, автомобильді аша алады, жабады және жалға алуды аяқтай алады. Автокөлікті жалға алу толық автоматтандырылған. Автомобильдерде әртүрлі параметрлерді үнемі қадағалайтын құрылғылар орнатылады: көліктің жағдайы, жанармайдың деңгейі, орталық құлып жағдайы және т.б. бұл құрылғы орталық құлыпты қашықтан ашуға және жабуға мүмкіндік береді, қажет болса қозғалтқышты өшіреді. Жалға алу аяқталғаннан кейін ақысы клиенттің картасынан автоматты түрде алынады», - деді жобаның жетекшісі Н.Пірімбетов.

Егер тапсырыс беруші жүйеге тіркелген болса, онда әрбір көлік құралындағы жанармай деңгейі, маркасы және моделі және басқа ақпараттар көрсетіледі.

«Көлікті жалға алу ақысының ішіне бензин, жуу, сақтандыру, автотұрақ және басқа да қызметтер кіреді. Егер бензин біткен болса, сіз әрбір автомобильде орналасқан отын картасын пайдалана аласыз», - депе атап өтті өз сөзінде.

Айтуынша, жалға алушылар ұялы телефонмен QAZCAR.KZ мобильді қосымшасы арқылы ең жақын жердегі автокөлікті ала алады.

Болашақта Астанада 300 арнайы машина пайда болады деп жоспарлап отыр. Осылайша, автокөлікті жалға алу уақыты 5-10 минуттан аспайтын болады деп күтілуде.

Айта кетсек, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің «Маңызды» жаңа сараптамалық алаңында жастарды жұмыспен қамту және стартаптарға назар аударуға байланысты «Жастар және Start up» тақырыбында сараптамалық пікірталас өтті.