Сауда орындарындағы өнімдерді зерттеу нәтижелері бойынша 19, 6 пайыз өнім техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеген, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«2019 жылдың бірінші жартыжылдығына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 32 мыңнан астам өнімдер сауда орындарынан сатып алынып, зерттелді. Зерттеу нәтижелері бойынша 19, 6 пайызы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеген. Олардың басым бөлігі импорттық өнімдерге тиесілі және ол 66 пайызды құрайды», - деп мәлімдеді ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басқарма басшысы Дана Қаскатаева .

Мониторинг бойынша, зерттелген 25 мың тағам өнімдерінің 17,7 пайызы талаптарға сай келмеген.

«Негізгі талап бұзушылықтар, яғни, 74 пайыз - өндірушілердің таңбалау ережелерін бұзғандығы, 12 пайызы- қауіпсіздік ережелеріне сай еместігі, 9,5 пайызы – физика-химиялық талаптарға сай келмегендігі анықталды», - деп атап өтті.

Айтуынша, қазіргі кезде Еуразиялық эконимикалық Одақтың 45 техникалық регламенті қолданыста. Комитет 20 техникалық регламенттің талаптарының сақталуын жүзеге асырады. Оның ішінде 11 техниклаық регламент өнімдердің қауіпсіздігіне арналған, 6 техникалық регламент ойыншықтар қауіпсіздігіне және жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігіне арналған.