Ұялы телефонға қауіпсіздік сертификатын орнатудың маңызы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтып берді.

«Қауіпсіздік сертификаты не үшін қажет деген сұраққа келсек. Себебі бүгінде интернетте түрлі құқыққа қарсы контенттер көп, одан бөлек бір күнде мыңдаған кибершабуыл жасалады. Интернет қауіптердің қатарына суицидке насихаттау, экстремистік, террористік қимылдарға насихаттау және басқа да ҚР заңнамасына кері әсерін тигізетін контенттер жатады», - деді Асқар Жұмағалиев.

Оның айтуынша, қауіпсіздік сертификаты интернеттегі түрлі кибервирустардан қорғайды.

«Мемлекеттік қызметкерлер қауіпсіздік сертификатын 1,5 жылдан бері қолданып келеді. Соңғы бір ай ішінде қауіпсіздік сертификаты 8 млннан астам вирус белсенділігін анықтап берді. Сонымен қатар 130 мыңнан астам мемлекеттік органдар мен мекемелерді кибершабуылдан қорғады», -деді ол.

Сондай-ақ, қауіпсіздік сертификатын өз ұялы телефоныңызға орнаттыңыз ба деген сұраққа жауап берді.

«Менің ұялы телефоныма SMS хабарлама келді, мен орнаттым»,- деді А. Жұмағалиев.