Ағымдағы жылы қажылыққа бару мезгілі 11 тамызға белгіленді, ол 20 тамызға дейін жалғасады.

«Қасиетті Рамазан айынан кейін 70 күннен кейін келетін, 5 парыздың бірі болған Үлкен Қажылық сапары дайын тұр. Биыл Құдай қаласа, Үлкен қажылық маусымы 11 тамызға белгіленіп отыр. Елімізден 3200 адам Сауд Арабиясына қажылық парыздарын өтеу мақсатында сапарға аттанады. Сол орайда 2006 жылдан бері Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы мен Сауд Арабиясы мемлекетінің Қажылық істері жөніндегі министрлігімен арадағы келісімшарттың негізінде елімізден баратын қажылар сол төңіректе көп тараған менингококк инфекциясына қарсы екпе егіліп баруы міндеттелген. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қажылыққа баратын азаматтарға мамыр айының 15-інен бастап еліміздің 8 қаласында екпе салу жұмыстары басталады», - деді ҚМДБ қажылық бөлімі меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов.

Менингококк инфекциясына қарсы вакцинация еліміздің 8 өңірінде, атап айтқанда, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жүргізіледі.

Сондай-ақ, маусымның бірінші жартысында менингококк инфекциясына қарсы тағы да вакцинаның 6000 дозасы қосымша жеткізіледі.

Айта кетсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін әлемде таяу шығыс респираторлық синдромының коронавирусымен сырқаттанудың 2103 зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде 730-ы өліммен аяқталып, оның 80%-дан астамы Сауд Арабиясында тіркелген.