Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумақтары Қазақстандағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары болып отыр. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

«2018 жылы республика халқы арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының 18 жағдайы тіркелді, оның ішінде 5 жағдай Түркістан облысында, 9-ы Жамбыл облысында және 4-уі Қызылорда облысында. 18 жағдайдың 4-уі өліммен аяқталды, оның ішінде 1-еуден Жамбыл, Қызылорда облыстарында және 2-уі Түркістан облысында. Өліммен аяқталған КҚГҚ ауру жағдайлары жыл сайын барлық эндемиялық өңірлерде тіркеледі», - деп мәлімдеді Жандарбек Бекшин.

Бұл ауруда инфекцияның негізгі көзі кене екенін де атап өтті. Сондай-ақ, республикадағы соңғы эпидемиологиялық зерттеу иттер мен үй құстарының да Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирусының тасымалдаушысы екендігін дәлелдеді.

«Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы таралуының алдын алу үшін кенеге қарсы өңдеуді уақтылы жүргізу қажет. Дезинсекциялық препараттармен тиімді өңдеу үшін аумақты алдын ала міндетті түрде тазалау қажет», - деді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.

Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарымен бір мезгілде ветеринариялық қызмет мамандары буферлік аймақтарға (бұталар, суаттар және тұрақты немесе уақытша елді мекендердің төңірегіндегі ауыл шаруашылығы жануарларының басқа да тұратын орындары), мал мен мал қораларына кенеге қарсы өңдеу жүргізеді.