1 шілдеден бастап тіркеу-емтихандар Ішкі істер министрлігінің қабылдау бөлінісін жойылып, ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүктеледі.

«Жақын арада Ішкі істер министрлігінде мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен үлкен жиын өтті. Сол жиында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен ведомствоға қарасты емтихан-тіркеу бөліністерінің қызметтерін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, сонымен қатар мемлекеттік нөмірлерді тіркеу бойынша арыздар қабылданып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ, полиция өз кезегінде тәжірибелік және теориялық емтихандарды қадағалап, қорытынды беріп отыратын. Біз бұл қызметті де «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беруді жөн деп шештік», - деді Нұрділда Ораз.

Оның айтуынша, мұндай шаралар қарапайым халыққа мемлекеттік қызметтерді алу барысында қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынған.

«Бұл, ең алдымен, қарапайым халықтың мемлекеттік қызметтерді жедел алуына септігін тигізеді. Екіншіден, ішкі істер органдарындағы жемқорлық сынды жағымсыз әрекеттерді жояды»,- деді ол.

Қазіргі уақытта мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көлікті тіркеу, құжаттар мен мемлекеттік нөмір белгілерін беру бойынша құжат қабылдауды Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері жүргізеді.