Денсаулық сақтау министрлігі медициналық анықтамалықтардың қажеттілігін жою мақсатында жұмыстар атқарып жатыр, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Көп жағдайда медициналық анықтамалардың қажеттілігі де болмайды. Біз ол мақсатта да жұмыс жасап жатырмыз. Мысалы, 086 жоғары оқу орындарына түсу үшін қажеті. Қазір біз өзіміздің жүйеде, медициналық университеттерге қажеттілігін жойдық. Ондай анықтама бізге қажеті жоқ», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында.

Сонымен қатар, көлік айдауға құқық алу үшін қажет 083 анықтамасының қажеттілігін жою мақсатында Ішкі істер министрлігімен де жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

«Біздің ойымызша бұл мәселені де шешуге мүмкіндік бар. Біздің ақпараттық жүйелерге тікелей қосылып, олар әр азаматтың денсаулық деңгейін білуіне мүмкіндігі болады. Сондай жағдайда медициналық анықтамалардың қажеттілігі болмайды», - деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, медициналық анықтамалық сатуға қатысты да тоқалып өтті.

«Ондай жағдай мемлекеттік және жеке меншік клиникаларда да кездеседі. Кейбір қызметкерлер өздерінің жұмысын асыра пайдаланып, анықтамаларды сатып жүрген. Ол мәселе бойынша сыбайлас жемқорлықпен күресу агенттігімен бірге жұмыс жасап, осындай мәселелерді жою жұмыстарын атқарып жатырмыз», - деді ол.

Өз сөзінде осы жылдың аяғына дейін барлық медициналық анықтамалар тек қана электронды түрге ауыстыру туралы шешім қабылданғанын да айтып өтті.