Орталық коммуникациялар қызметінде “Қазақстан” РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин «Қазақстан» корпорациясының құрамына кіретін телеарналардың көктемгі маусымға арналған жаңа жобаларымен таныстырды.

«Биылғы көктемгі телемаусымда Ұлттық арна Наурыз мерекесіне арнайы бірнеше жобалар шығарады, оның ішінде «Наурыз-думан» атты мерекелік жобасы. Ол кешкі уақытта отбасымен тамашалайтын мерекелік бағдарлама. Одан басқа, бірініші рет біздің бастамамызбен Наурыз мерекесіне халықаралық телекөпір ұйымдастырылады. Корпорацияның шетелдік әріптестерімен байланыстарының арқасында Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің теелкорпорацияларымен бірлесе отырып, арнайы Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, әз Наурыз» бағдарламасының түсірілімін ұйымдастырамыз. Телекөпірде, тікелей эфир арқылы сол елдердің және еліміздің аймақтарында наурыз мерекесін тойлау дәстүрі жайлы сюжеттер мен арнайы сұхбаттар ұсынылады», - деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар, 21 наурыздан бастап «EQUUS. Жылқы тарихы» трилогиясы көрерменге жол тартады. «EQUUS» жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлін ашып, Орталық Азияда жылқының шығу тегі турасындағы жаңалықтарды баяндайды. Сонымен қатар, «Әлемдік діндер көшбасшыларын біріктірген Қазақстан», «Александр Колядиннің алтын соқпағы» атты деректі фильмдер эфирге жол тартады.

Ал, 13 наурыздан бастап, Ұлттық арна эфирінде «Топыраққа тамған тер» атты жаңа телехикая шығады. Телехикаяда еңбек, туған жер, алтын бесік – ауыл өмірі тереңдей көрініс тапқан.