Арыс қаласында зардап шеккендерге көмек көрсету аясында көптеген алаяқтық жағдайлар көбейіп кетті. Соның алдын алу мақсатында ресми мәліметтерге ғана сүйену қажет. Бұл туралы «ҚСА» Республикалық студенттік қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ільяс Түстікбаев мәлімдеді.

«Бізде Қазақстан студенттер алянсының Түркістан облыстық және Шымкент қалалық штаттары бар. Бізде Арыс қаласында екі колледж орналасқан. Сол жерде 800-ден астам студент оқиды. Солардан түскен мәлімет бойынша біздің студенттер сол күні дереу тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарын бастап кетті. Сол күннен бастап қазіргі уақытта жергілікті басқару органдарымен бірлесе еріктілер тобы құрылды. Арыс қаласынан Шымкент қаласына және сол аумақтардағы ауылдық жерлерге көшірілді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы қолдаулар көрсетіліп жатыр. Өздерінің балаларынан, туған-туыстарынан ажырап қалғандарға көмектесті. Қазір тек сол жердегі штаттарымыз емес, республикалық деңгейде жастар қолдауларын көрсетіп жатыр», - деді Ільяс Түстікбаев.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің орынбасарымен шұғыл жиналыс өтіп, сол жерде елорда жастары арасында көмек ретінде акция басталғанын да айтып өтті.

«Акция аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы Республика 34 көшесінде орналасқан «Жастар сарайында» материалдық-гуманитарлық көмек жинау орны ашылды. Сол жерде қол ұшын созамын деуші кез келген адам көмектесе алады», - деді ол.

Сондай-ақ, елорда студенттері мен жастары қан тапсыру акциясын бастады. Ол жерде қан тапсырғаны үшін берілген қаржыны ресми шоттарға аударады.