Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай «Белсенді ардагер» айлығы басталды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Акция 29 сәуірден 29 мамырға дейін жалғасады. Шара Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының және оларға теңестірілген тұлғалардың денсаулығына жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған.

Әкімдікте өткен брифингте қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов айлық барысында акцияның барлық қатысушылары үшін дәрігерлік тексерулер мен консультациялар, сондай-ақ қосымша функционалдық зерттеулер, консультациялық-диагностикалық көмек, стационарлық және санаториялық емге квота беру сияқты диагностикалық, аспаптық-зертханалық зерттеулер мен емдеу-сауықтыру іс-шаралары кешені қарастырылғанын мәлімдеді.

«Кешенді тексеру бағдарламасы терапевтің, гастроэнтерологтың, кардиологтың, урологтың қабылдауын, қанның, несептің жалпы талдауын, қандағы қант пен холестерин деңгейін анықтауды, ЭКГ, МРТ, КТ жүргізуді, құрсақ қуысын УДЗ-ді қамтиды. Біздің ардагерлер үнемі бақылауда. Бірақ жылына бір рет денсаулықтың кешенді тексерілуін мерекеге орайластырамыз.Акцияны осы ай ішінде өткіземіз», – деп атап өтті М.Шоранов.

Басқарма басшысының айтуынша, кешенді тексеруден ҰОС-ның барлық қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғалар тегін өтеді.

Қажет болған жағдайда ардагерлер үшін үйдегі стационарлар ұйымдастырылады, мультидисциплинарлық бригадалардың шығулары қамтамасыз етіледі.

«Учаскелік дәрігерлер ғана емес, қажет болған жағдайда мамандар әр ардагердің үйіне бара алады. Сондай-ақ ардагерлер тиісті медициналық ұйымдарға жеткізіледі», – деп түсіндірді ол.

Медицина мамандарынан өзге психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.