ҚР Орталық сайлау комиссиясының ашық отырысы барысында президенттікке кандидаттарды тіркеу неліктен мерзімінен бұрын аяқталғаны белгілі болды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау туралы мәліметтерді екі күн ішінде уәкілетті мемлекеттік органдардың ұсынуы мерзімдерін қысқарту, қол қою парақтарын беру мерзімдерін екі күнге дейін, сондай-ақ аймақтық сайлау учаскелерінің қол қою парақтарын тексеру мерзімдерін 5 күнге дейін қысқарту туралы ОСК қабылдаған бірқатар шешімдері кандидаттарды тіркеу кезеңін мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік берді. Босатылған уақыт кандидаттарға штаб қызметін ұйымдастырумен айналысуға, сайлау қорларында қаражатты жинақтауға және үгіт кезеңіне неғұрлым сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. Осылайша Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді», - деді ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.

Сонымен Nur Otan "партиясы" қоғамдық бірлестігінен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, "Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан" Амангелді Сатыбалдыұлы Таспихов, "Ақ жол "Қазақстанның демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігінен Дания Мәдиқызы Еспаева, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" қоғамдық бірлестігінен Төлеутай Сатайұлы Рахымбеков, "Қазақстан коммунистік халық партиясы" қоғамдық бірлестігінен Жамбыл Әужанұлы Ахметбеков, "Ұлт тағдыры" ұлттық патриоттық қозғалысы қоғамдық бірлестігінен Әміржан Сағидрахманұлы Қосанов президенттікке кандидат ретінде тіркелген.

«Тіркеу кезеңінен кейінгі келесі сайлау алдындағы үгітті бастау кезеңі 2019 жылғы 11 мамырда жергілікті уақыт бойынша сағат 18-00-ден кейін басталады», - деді К.Петров.