Жамбыл және Ақмола облыстары қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуде ең төменгі көрсеткішті көрсетеді.

«2018 жылы ауылды жерлерді сумен жабдықтауға 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен Министрлік арқылы ауыл ішіндегі жүйелерге 282 жобаға 69,6 млрд. теңге берілді. Бұл 122 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтауға, қосымша 300 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге, 5,5 мың км астам желіні қайта салуға және реконструкциялауға мүмкіндік берді», - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетұлы.

2018 жылдың қорытындысына сәйкес ауылды жерлерді сумен жабдықтау бойынша 6 499 ауылдың 3 892-і немесе барлық ауылдың 59,9%-ы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта ауыл халқының 84,4%-ы немесе 6,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізді.

Ал қалалық жерлерде 10,0 млн адам немесе қала халқының 94,5% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.

«Жобаларды іске асырудың оң әсеріне және республика бойынша көрсеткіштердің артуына қарамастан жекелеген өңірлерде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша теңсіздік байқалып отыр. Ауылды жерлерді сумен жабдықтау бойынша рейтингте ең төменгі көрсеткіш Павлодар (29,7%), Қостанай (31,4%), Батыс Қазақстан (46%) облыстарына тиесілі», - деді ол.

Мархабат Жайымбетұлының айтуынша, Қазақстан халқының 90,2%-ы немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етіліп отыр.