Есірткі сайттарының мекенжайлары жазылған 3,5 мың жазу өшірілді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Синтетикалық препараттар әлеуметтік желілер арқылы «үндемей» келіп кіретін індеттердің бірі болып отыр. 2017 жылы біздің тиісті қызметтер 400 есірткі сатушы сайтты анықтап, бұғаттаған болатын. Ал 2018 жылы бұл статистика барынша көтеріліп, 5 мыңға тарта сайт бұғатталды. Осы жылдың 4 айының өзінде ҚР ІІМ 3,5 мың сайтты бұғаттап отыр. Яғни, бұл сайт арқылы, әлеуметтік желі арқылы есірткі саудасының қызып тұрғанын дәлелдейді», - деді ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз.

Сонымен қатар, есірткі сатушылар сайттың мекенжайларын тұрғын үйлердің және әкімшілік ғимараттардың қабырғасына жазып кететінін де айтып өтті.

«Есірткі сайттарының мекенжайлары жазылған арнайы кескін-суреттер бірінші рет өткен жылдан бастап пайда болды. Содан бері полицейлер КСК және белсенді азаматтардың көмегімен 3,5 мың жазуды өшірді», - деді Нұрділдә Ораз.

Осындай жазулар қалдырып, абаттандыру тәртібін бұзғаны үшін және ұсақ бұзақылығына байланысты 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі уақытта Үкімет қаулысының жобасы жасалды. Бұл жоба бақылауға алынатын есірткі құралдарының Тізімін айтарлықтай кеңейтуді қарастырады. Яғни, осы Тізімге синтетикалық есірткі саналатын бірқатар препараттар енгізіліп, заңсыз айналымына қатысты қылмыстық жауапкершілік қолданылмақ.