Полицейлер дайындауды Алматы, Қарағанды және Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты мен Шымкент оқу орталығы жүзеге асырады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Жас қызметкерлерді қатаң іріктеуден өткізу, сондай-ақ тәжірибелі және адал кәсіби мамандарды сақтау бағытында кешенді шаралар қабылдап жатырмыз», - деді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Мемлекет басшысы кадр саясатын жетілдіру, кәсіби ядроны сақтау шараларын қабылдау қажеттігіне ерекше назар аударған болатын.

Осы бағытта ведомстволық білім беру жүйесін жаңғырту жүзеге асырылуда.

Саланы оңтайландыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. 12 оқу орнының 6 оқу орталығы, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы, Теміртау, Қостанай, Семей және Ақтау қалаларында қысқартылды.

«Енді полицейлер дайындауды Алматы, Қарағанды және Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты мен Шымкент оқу орталығы жүзеге асырады», - деді Ішкі істер министрі.

Ішкі істер министрлігі бакалавриат бағдарламасы бойынша Қарағанды академиясын қоспағанда кадр дайындаудан бас тартып отыр.

«Елімізде заңгерлік жоғары оқу орындары жеткілікті. Сондықтан заңгер білімі бар адамдарды қызметке үміткерлікке қабылдап, оларды мамандығына байланысты 3-6 айға полиция академияларындағы алғашқы даярлық курстарына жіберетін боламыз», - деді ол.