Биыл елімізде 95 мыңнан астам жасөспірім жергілікті шақыру учаскесіне барып, тіркелуі тиіс. Өйткені 17 жасқа толған ер жігіттерді әскери есепке алу басталды.

Қазіргі уақытта жергілікті атқару органдарының шешімімен азаматтарды медициналық куәландырудан өткізетін комиссия құрылған. Олар шақырылғандардың денсаулық жағдайы мен физикалық дайындығын және білім деңгейін анықтап, әскердің қай бөліміне сай келетінін тағайындайды. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, жыл сайын тіркелгендердің шамамен 30 проценті келер жылы әскерге шақырылады. Ал 10-15 пайызының денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз екені анықталды.

«Ал жалпы соңғы жылдары отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниеттілер саны артып келеді», – дейді мамандар.

"Астана қаласы бойынша 5 мыңға жуық ер азамат биылғы жылы 17 жасқа толатын заңға сәйкес тіркелуге тиісті. Алдын ала жергілікті басқару орындар медициналық мекемелерге, сот құқық қорғау орындарына сұраныстар жіберіледі. Және бұл азаматтар медициналық куәландырудан өткізіледі. Зерделенгеннен кейін ол азаматтарды алдын ала әскери командаларға дайындауымыз керек", - деді қалалық қорғаныс істері департаментінің бөлім бастығы Арман Қияқбаев.