Облыста көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 38 мың тонна жанар жағармай бөлінді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Агроқұрылымдарға жеткізіп беруді қоса алғанда литріне 165-167 теңгеден босатылуда. Бұл нарықтағы бағадан 22-24 теңгеге арзан. Операторлар әрбір ауыл округтеріндегі жанармай құю бекеттеріне дейін қажетті жанармайды жеткізіп беріп отыр. Наурыз айына бекітілген 10 мың тоннаның 1,8 мың тоннасы босатылған»,- деді ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов.

Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына сәйкес, 4,3 млрд.теңге қаржы қаралып, 96 мың тонна минералды тыңайтқыштарды субсидиялау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 33 мың тонна минералды тыңайтқыштар облысқа жеткізіліп, шаруаларға берілуде.

Техниканың дайындығы бойынша 16,4 мың бірлік- трактор, 1,7 мың бірлік - дәнсепкіш, 2,7 мың бірлік - жер қопсытқаш, 12,2 мың бірлік - топырақ өңдейтін агрегат дайын.

Тұқыммен қамтамасыз ету бойынша 13 тұқым (7 мақта, 4 бидай, 5 арпа, 3 жоңышқа, 2 мақсары) өндіретін шаруашылықтар ұйымдастырылған. Масақты дақыл, мақсары, мал азықтық дақылдар мен мақта тұқыммен толығымен қамтамасыз етілген.

Көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру бойынша 4,3 млрд.теңгеге 953 өтінім түсіп, 1,8 млрд.теңгесі мақұлданып отыр. Егістікті цифрландыру бойынша 717 мың га егістік алқаптың электрондық картасы әзірленіп, тапсырма 100 пайызға орындалған.