ҚР Президентінің Жарлығымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің қызметіне арналған дөңгелек үстелде Ұлттық кеңестің нақты мақсаттары мен міндеттері айтылды.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысты көптеген талқылаулар бар. Қазіргі уақытта халықта Ұлттық кеңес туралы нақты түсінік жоқ. Менің пікірімше, ұлттық кеңесін бастамас бұрын ақпараттық жұмыстарды көбейту керек. Мақсатын көпшілікке түсіндіру керек», - деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина.

Халықтың Ұлттық кеңесті қоғамдық кеңестермен шатастыратынын айта келіп, мақсатына да тоқталып өтті.

«Ұлттық кеңестің мақсаты – жұртшылықтың, саяси партияның, азаматтық қоғамдардың барлығының пікірін жинақтап көрсету. Ал қоғамдық кеңестер саяси партиямен жұмыс істемейді, тек қана азаматтық сектормен жұмыс істейді. Яғни, билік пен азаматтық сектор арасында делдал болып жұмыс істейді»,- деді Алуа Жолдыбалина.

Сөз соңында екі кеңестің екеуі екі орган екенін, міндеттері мен қызметтері де бөлек екенін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтып өтті.