Top.Mail.Ru

Премьер-Министр Асқар Мамин биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданатынын мәлім етті, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«2019 жылы шамамен 13 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 500 мың шаршы метрге артық. Сонымен қатар, тұрғын үй бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі әлеуметтік бағытқа негізделген. Жыл сайын 6 мың аз қамтылған отбасы мен 3 мың жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету міндеттемесін алдық. Мамырдан бастап оны іске асыруға кірістік. Барлық заңнамалық нормалар қабылданып, қажетті қаражат бөлінді», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Осы орайда Үкімет басшысы әлеуметтік бағыттағы тұрғын үй көлемін толығымен беру және сатып алу бойынша нақты шараларды қабылдау керектігін тапсырды.

Бұдан бөлек, Премьер-Министр тұрғын үйді салуға, инженерлік инфрақұрылымды жеткізуге уақтылы дайындалудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы барлық тұрғын үй бағдарламаларын біртұтас тұрғын үй саясатына біріктіруді тапсырды. Сондықтан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 миллионнан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», - деді Асқар Мамин.

Осы орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі меморгандармен және ұйымдармен бірлесіп, қыркүйекте тиісті қаулы жобасын Үкіметке енгізуді жүктеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылғанын атап өтті.

Бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5 пайызға жоғары. 1 теңге мемлекеттік қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестиция тартылды. Биылдың соңына дейін 118 мың баспана (13 млн шаршы метр) салуды жоспарладық. Жартыжылдық қорытынды бойынша 48 925 баспана (5,7 млн шаршы метр) пайдалануға берілді.

Хотите быть всегда в курсе всех брифингов?
Подписывайтесь на наш канал в Telegram!