2018 жылы 1,35 млрд кВтс «жасыл» энергия өндірілді, оның электр энергиясының жалпы көлеміндегі үлес салмағы - 1,27%.

«Жалпы сомасы 100 млрд теңгені немесе 283 млн АҚШ доллары құрайтын бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қою арқылы Жаңғырмалы энергия көздері секторына инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда жаңғырмалы энергетика секторында жыл басынан бері 7 Жаңғырмалы энергия көздері нысандары пайда болды, олардың жиынтық белгіленген қуаты 147,6 МВт-қа тең. Жалпы, республика аумағында бүгінгі таңда жалпы қуаты 678,6 МВт болатын 74 қолданыстағы ЖЭК нысандары бар», - деді ҚР Энергетика министрлігі Жаңғырмалы энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова.

Өз сөзінде 2018 жылы Жаңғырмалы энергия көздері жобалары үшін алғашқы халықаралық аукциондық сауда-саттықтың ұйымдастырылғанын, оның жергілікті және халықаралық қатысушылар арасында үлкен қызығушылық туғызғанын атап өтті.

«Аукциондық сауда-саттық тетігі елде ЖЭК секторын іске қосуға және электр энергиясына объективті нарықтық бағаны анықтауға, әлеуетті инвесторларды іріктеудің ашық процесін құруға мүмкіндік берді», - деді Айнұр Соспанова.

Сонымен қатар, 2019 жылы министрлік 250 МВт аукциондар дайындайды, оларды өткізу кестесі Министрліктің сайтында жарияланған.

Айта кетсек, Жаңғырмалы энергия көздері жобаларын іске асыру үрдісі Қазақстанда 2009 жылы «ЖЭК пайдалануды қолдау туралы» Заңды және оны іске асыруда қабылданған бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаудың арқасында пайда болды.