Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстанда ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 28%-ға төмендеді

Елімізде қыркүйек айының басынан бері ЖРВИ-дің 1,5 млн-ға жуық жағдайы тіркелді, бұл өткен эпидемиологиялық маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28%-ға төмен. Тек соңғы аптада 133 мыңнан астам жағдай анықталды. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 2,7 есе төмен. Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық көрсеткішінің төмендеуі профилактикалық шараларды елемеуге болады дегенді білдірмейді. ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі басты міндет - сырқаттанушылықтың өсуіне жауап беріп қана қоймай, инфекциялардың таралуына жол бермеу және олардан барынша қауіп төнетін адамдарды қорғау.

«Зертханалық зерттеулер әртүрлі респираторлық вирустардың айналымда жүргенін растайды. Анықталған қоздырғыштардың ішінде риновирустар 345, бокавирустар 195 және аденовирустар 189 жағдайдан тіркелді. Бұл ұқсас белгілердің әртүрлі вирустардан туындауы мүмкін екенін білдіреді. Сондықтан аурудың түрін өз бетінше анықтап, ем тағайындауға болмайды. Қажет болған жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгіну маңызды», - деді спикер.

Бас санитарлық дәрігер тұмаудың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды. Мәселен, тұмау ауыр өтіп, елеулі асқынуларға әкеп соқтыруы мүмкін. Қыркүйек айының басынан бері тұмаудың 297 жағдайы тіркелді, оның ішінде А(H1N1) типті тұмаудың 295 жағдайы және В типті тұмаудың 2 жағдайы анықталды. Асқынулардың туындау қаупі жүкті әйелдерде, ерте жастағы балаларда, егде жастағы адамдарда және созылмалы аурулары бар пациенттерде жоғары. Тұмау вирустары үнемі өзгеріп отырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы олардың таралуына халықаралық деңгейде мониторинг жүргізіп, осының негізінде вакциналардың құрамына қатысты ұсынымдарын жаңартып отырады.

Толық нұсқаны ашу