Орталық коммуникациялар қызметі

Елімізде ЖРВИ мен тұмаудың таралуына қарсы кешенді шаралар қабылданды

Денсаулық сақтау жүйесінің сырқаттанушылықтың маусымдық өсуіне дайындығы - маңызды бағыттардың бірі.Өткен эпидемиологиялық маусымда сырқаттанушылықтың шарықтау шегі қараша айына сәйкес келді. Ол кезеңде республика бойынша инфекциялық стационарлардағы төсек орындарының қамтылуы 75%-ды, ал балаларға арналған төсек орындарының қамтылуы 84,9%-ды құрады. Бірқатар өңірде төсек қорының жүктемесі 100%-дан асты. Бұл жайында ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Бас санитарлық дәрігер өткен маусымның қорытындыларын ескере отырып, 2026 жылдың 26 тамызында ағымдағы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ, тұмау және COVID-19 аурушаңдығының өсуіне уақытылы ден қою, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және стационарларға шамадан тыс жүктеме түсуінің алдын алу мақсатында қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес тиісті кешенді шаралар көзделді.

«Эпидемия алдындағы кезеңде аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, инфекциялық төсек-орындарды қосымша ашу жоспарларын әзірледі. Төсек-орын қорының толымдылығы 85%-ға жеткен кезде бекітілген жоспарларға сәйкес қосымша орындар ашу көзделген. Күнделікті мониторинг ауруханаға жатқызу қажеттілігін уақытылы бағалауға және төсек-орындардың қажетті резервін сақтауға мүмкіндік береді», - деді спикер.

Мектептер мен балабақшаларда инфекциялардың таралуының алдын алуға да ерекше назар аударылады. Балалардың сабаққа қатысуын күнделікті бақылау, таңертеңгілік сүзгі жүргізу, ауру белгілері бар балаларды сабаққа жібермеу, сондай-ақ ауру белгілері пайда болған жағдайда ата-аналары келгенге дейін оларды уақытша оқшаулау көзделген.

Бүгінгі таңда республика бойынша жалпы білім беретін ұйымдарда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық деңгейі оқушылардың жалпы санының 20%-ынан асатын бірде-бір сынып немесе мектеп тіркелмеген. Осыған байланысты шектеу шараларын енгізуге, оның ішінде оқушыларды қашықтан оқыту форматына ауыстыруға және кабинеттік оқыту жүйесінен бас тартуға негіз жоқ.

Толық нұсқаны ашу